«Кітап – құдіретті қару» Избранное

Среда, 03 Апрель 2024 04:20 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 2306 раз

Күнтізбеге қарасаңыз, айтулы күндер мен мерекелердің көп екенін байқаймыз. Олар түрлі оқиғаларға негізделіп, біздің салт-дәстүрімізді, тарихи санамызды жаңартып, жаңғыртып отырады. Мәселен, адам өмірінде маңызды орын алатын, рухани дүниемізді байытатын айтулы күндер бар. Олар – дүние жүзі көлемінде аталып өтетін кітапқа арналған айтулы мерекелер: 2 сәуір – Халықаралық балалар кітабы күні мен 23 сәуір – Дүниежүзілік кітап күні.

Kitap

 

Халықаралық балаларға арналған кітап күні 1956 жылдан бастап Халықаралық кеңестің шешімімен жыл сайын атап өтіліп жүр. Бұл күн дат жазушысы Ганс Христиан Андерсеннің туған күні құрметіне белгіленген. Сондықтан бұл күні әлемнің түкпір-түкпірінде «Балалар мен жасөспірімдер кітабы апталығы» аясында әлем әдебиетінің озық туындыларын жарнамалау мақсатында түрлі байқаулар, көрмелер, конференциялар мен фестивальдер өткізіліп отырады.
Бұдан өзге де мерекелік шараларды өткізу барысында әртүрлі балалар аудиториясына арналып жазылған қызықты кітаптар жарнамаланады. Оларға мүлдем бейтаныс, жаңа кітаптар жайында айтылып, олардың санасын ояту, кітап оқуға баулу, қызығушылығын арттырып отыру үшін түрлі дәрістер өтеді. Бұл іс-шаралар балдырғандардың рухани мәдениетін байытып, ішкі иммунитетін нығайтуға, туған елі мен жерін сүюге, ата-анасын сыйлауға, үлкенге құрмет көрсетуге, имандылыққа тәрбиелеуге бағытталған. Сонымен қатар, мектеп жасына дейінгі бөбектен бастап, жасөспірім жасқа дейінгі мектеп оқушыларына әдеби тілде жазылған қызықты шығармалар ұсынуымен ерекшеленеді.
Шымкент қалалық жасөспірімдер кітапханасының сөрелерінде балаларға арналған әдебиеттің сан түрі «мен мұндалап» көз тартады. Құнды деректерге толы, балаларды қызықтыратындай түрлі-түсті бояумен безендірілген аңыз, ертегі, қызықты әңгімелер, жаңылтпаштар мен жұмбақтар жинағын кітапханадан еш қиындықсыз таба аласыз. Сонымен қатар, кітапханада әріп танымайтын бүлдіршін балалардың бояп, жазуына арналған, тіпті дыбыстық қосымшасы бар QR және 3D кітаптарды да таба аласыздар. Ана тілімізде жарық көретін «Балдырған», «Айгөлек», «Ақжелкен», «Ұлан», «Алтын сақа», «Алтын сандық», «Бала би», «Балбұлақ», «Балапан әлемі», «Ертегілер әлемінде», «Ақылдым», «Мөлдір бұлақ», «Жас ғалым» «Жыл – он екі ай» газет-журналдары мен орыс тілінде «Юный техник», «Лунтик» сынды мерзімді басылымдардың тігіндісі жинақталған.
Кітап – оқу және тәрбие құралы. «Оқымасаң ой тоқырайды» дегендей, өмір жолында адамзатты рухани биіктерге жетелеуде, адам баласын тәрбиелеуде кітаптың атқаратын қызметін, рөлін ешнәрсе алмастыра алмайды.

Жамиля НАЗИРОВА,
Шымкент қалалық жасөспірімдер кітапханасының
кітапханашысы 

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.