Шымкент қалалық «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасында экономика ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының профессоры Мырзагелді Кемелдің музей-кабинеті ашылды.

 DSC9187

Күлия Айдарбекова басшылық ететін кітапханада жергілікті қаламгерлерге арналған бұрыш пен мүйістер, кабинеттер баршылық. Бірақ, бұл бұрыштың ашылуы М.Кемелге де, қала берді бүкіл оқырман қауымға да тосын сый болды. Игі шара автордың 70 жылдық мерейтойына тарту ретінде өзгеше әсер қалдырды. «Әлемнің 20 мемлекетінде болдым, бірақ мынадай құрметті көрмедім», – деп ағамыз арнайы кабинетінің ашылу салтанатында толқынысын жасыра алмады.

Салтанатты рәсім ғалымның еркін форматтағы шығармашылық сұхбат-кешіне ұласты. Жақсылар мен жайсаңдар жиналған кездесуде алдымен жазушы-драматург Еркінбек Тұрысов інісіне ақ жарма пейілін білдірді. «Саналы ғұмырының 40 жылдан астамын туған еліне қызмет етуге арнады. Мемлекеттік қызмет атқара жүріп ғылыми еңбек жазып, әдебиетке де сүбелі үлес қосты. Соңғы 20 жылдың бедерінде десте-десте шығармалар жазды. Тек әдебиет емес, экономика саласында да қоғам үшін ұшан-теңіз еңбек етіп жүр», – деді Е.Тұрысов.

Қабырғалы қаламгер, ақын Нармахан Бегалиевтің әріптесі хақында «Жастайынан құл байлығы – күл байлығы, ой байлығы – шын байлық екенін ұғынып өскен жігіт. Ол сөйлемдерді суша сіміретіндердің емес, сөйлемдерді сүйекке сіңіретіндердің қатарынан.

Қазақта даналық кітабын ұсынған жазушылар санаулы-ақ. Мұзафар Әлімбаевтың «Маржан сөзі», Әдіһам Шілтерхановтың «Аталы сөздері», Бейсенбай Кенжебаевтың ұйқасқан ойлары, Төрегелді Байтасовтың «Ұйқы ашқан ойлары», міне, осылардан кейін қазақ оқырманына «Ақыл қалта» деген еңбекті тарту етті. Бұлардың арасынан маған Мырзагелдінің «Ақыл қалтасы» жақын» деген пікірі әсерлі естілді.

– Мырзагелді ағаның шеберлігінің бірі әлем ойшылдарының асыл қазынасын әдеби көркем тілмен өрнек сала аударғандығында. Ол – ғасырлар арасын жалғастырушы. Бүгінгі заманауи жас ақын-жазушылардың сөзі мен өткен дәуірде өмір сүрген ойшылдардың сөзінің арасына алтын көпір сала білген қабілетін өте қадірлеймін. Бұл кісінің қасында отырып үлкен бір академиядан өткендей әсер аласың, – деді мерейтой иесінің айрықша қасиеттеріне тоқталған драматург Сая Қасымбек.

Иә, Мырзагелді Кемел қазаққа құнды кітап «Ақыл қалта», «Бес бәйітті» жазды. Руханият саласында 10 кітап шығарған, олардың ішінде өзі жазған ізгілікке, имандылыққа, білім-білікке, ақыл-парасатқа үндейтін танымдық-көсемсөздік еңбектерге қоса, қытай ақылмандары Лао Цзы мен Конфуцийді, испан пәлсапашысы Бальтасар Грасиан, ежелгі үрім және грек ақылмандарының афоризмдерін, қазіргі ілімдерді насихаттаушы Луиза Хей, бүгінгі күннің ең атақты жазушыларының бірі Пауло Коэльолардың таңдаулы еңбектерін қазақ тіліне тәржімалаған. «Абзалдық әліппесі», «Өзіме сабақ» сияқты кітаптары оқырман қауымнан жоғары бағасын алған. 14 монографияның, 100-ге жуық ғылыми мақалалардың авторы.

Соңғы жылдары Мырзагелді аға қатты науқастанып қалғанына қарамастан бір жылдың көлемінде ақын апайы Фариза Оңғарсынова туралы «Мейірім» атты кітабын, «Жетілудің 7 жолы», «Өмірге көзқарас», «Жазбаша тренинг», т.б. еңбектерді жазып бітіріпті. Ол кісі сонымен бірге әлеуметтік желінің белсендісі. Қазіргі қоғамның келбетін көрсететін көптеген ойларын желіге де жиі жариялап тұрады. Сұхбат-кешінде Мырзаға сол көкейтесті ойларының бір парасымен бөлісті.

 DSC9317

– Еліміз халқының санының аздығы, жартысы ғана қазақ болғаны, сол жарты қазақтың жартысының қазақша білмейтіндігі – қасірет. Қазіргі кейбір жастардың қамсыздығы, ойсыздығы – қасірет. Мәселен, мемлекеттен көмек ретінде берілген 21 500 теңгені алып, гәп өткізіп, гөй-гөйлегенге мәз. Ал үкімет кейіннен сол ақшаны қысқартып, көпбалалыларға тағайындаса, жата қап патшаны жамандаймыз. Керек болса даттаймыз.

Ал өзіміз не істеп жатырмыз? Неге біз өкіметке қол жая береміз? Негізі біздің биліктің 21 500 теңгені барлығына бірдей бергені асығыстық болды. Осыдан бес жыл бұрын 78 мың адам әлеуметтік жәрдемақы алса, қазір оны 2 млн 750 мың адам алады екен.

Оның 750 мыңы шын мұқтаж болса, қалған 2 миллионы «анау алып жатқанда мен неге қаламын» деп қара басының қамы үшін қара аспанды төндіріп, мемлекетке қол жаюға құмарлар. Шын мәнінде біз өзіміздің кемшіліктерімізді білуіміз керек. Кедейлігіміздің басты себебі – мәдениетіміздің төмендігі, менталитет, ұсақтық, ескіге құмарлық. Қазақты құтқаратын – қазақтың өзі, – деді М.Кемел.

Расында, Күлия Айдарбекова басшылық ететін кітапхана ұжымының қаламының қадірі артқан Кемелдей қаламгерге ертеңді күтпей-ақ бүгін құрмет көрсетіп жатқаны, бұрыш табылмаған жерден бұрыш тапқаны көңіл сүйіндіреді. «Бұл құрметтеріңді мен аванс ретінде қабылдаймын, алдағы өмірімде де елге қызмет ете түсуге сөз беремін», – деді автордың өзі ағынан жарылып.

Ағамыз үшінші мегаполиске қоныс аударудың сәті түспей жүргенін де айтып қалды. Күлия Смайылханқызы айтпақшы, «енді осындай музей-кабинеті ашылған соң Мырзағамыз Шымқалаға көшіп келетін шығар, сөйтіп, осындағы оқырмандарына жаңа тың туындылар ұсынатын күн де жақындар деген үміттеміз».

ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы бойынша қалалық ақпараттық-насихаттық топ индустриялды-техникалық колледж ұстаздары мен студенттері, ардагерлермен кездесті. Жиында сөз алған қала әкімінің бірінші орынбасары Қайрат Нұртай Жолдаудың маңыздылығына тоқталды.

 DSC4735

- Жолдауда азаматтық қоғам туралы айтылды. Яғни, қоғамның әр мүшесі қоғамдық шараларға қатыса алады. Мәселен, биыл жастар жылында 29 адамнан тұратын Жастар мәслихаты құрылды, - деп Қайрат
Ырзақұлұлы жастарды белсенді болуға шақырды.

Ал заң ғылымдарының кандидаты, доцент Асхат Есенәлиев заман талабына сай тиімді мемлекет құру үшін қоғам мен мемлекеттің аражігін ажыратып алу керек деді.
«Күшті Президент - ықпалды Парламент - есеп беретін Үкімет». Біз осы мақсатқа жету бағытындағы жұмысқа бар күш-жігерімізді салуымыз қажет», - деді Асхат Ералыұлы.

Айта кетейік, ақпараттық-насихаттық топтың құрамында Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов, Шымкент қалалық білім басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Айгүл Текебаева, Абай ауданының әкімі Ғалымжан Төлепов те сөз сөйлеп, жиынға қатысушылармен пікір алмасты.

Шымкенттік кәсіби жетігенші Камила Есқараеваның арқасында жетіген аспабы жаңа түрге еніп отыр. Бұған дейін бұл көне аспап жетілдіруді қажет ететін еді. Жетігеннің басты проблемаларының бірі, ол – әуенге құлақ күйін келтіру болатын. Мәселен, белгілі бір шығарманың құлақ күйі C – dur болса, оны d – moll – ға модуляция жасау үшін D7 – ін қосқанда кемінде екі ішегін бұрауға тура келетін. Ал, бұл өз кезегінде музыканттардың көп уақытын алатын.

 DSC7116

Қазіргідей музыканың дамыған заманында біз көтеріп отырған мәселе үлкен кемшілік болып есептелетіні белгілі. Сол олқылықтың орнын толтыру мақсатында аспаптанушылар мен аспап жасаушы шеберлер осы күнге дейін зерттеу жұмыстарын жүргізіп, түрлі тәжірибе жасап келді.

– Біз жетіген аспабын жетілдіру барысында құлақ күйін бір ғана тетікпен ауыстыратын дәрежеге жеттік. Ол үшін әр ішектің астына екі тетікті орнатып шықтық. Біріншісі нотаны жарты тонға көтерсе, екіншісі оны бір тонға жоғарылатады. Демек, біз жетігеннің осындай мүмкіндіктері арқылы Сеs – C – Cis, Des – D – Dis-ге және тағы басқа да дыбыстарға ауыса аламыз. Ол дегеніміз әуеннің кез келген модуляциясын жасауға мүмкіндік бар деген сөз.

Ол үшін бізге тиекті жылжытудың немесе құлақты арнайы кілт арқылы бұраудың да қажеті болмайды. Және бір айта кетерлігі, жетігенді жетілдіру барысында өз дәстүрімізден алыстамадық деген ойдамыз, - дейді Камиланың өзі.

Кәсіби жетігеншінің «дәстүрден алыстамадық» деуінің сыры мынада. Қазақ даласының ұлы перзенті, әлемге әйгілі ойшыл, философ, социолог, математик, физик, астроном, лингвист, ботаник, логика және музыка зерттеушісі Әбу Насыр әл-Фарабидің жасап шығарған «канун» немесе әл Фарабидің кануны мағынасын беретін «әл-канун» аспабына, ғалымның музыкалық аспаптар жайлы жазған зерттеу трактаттарына сүйене отырып, жетіген аспабына арнайы тетіктің сызбасын лайықтап сызады.

Сөйтіп, Армения елінен шебер шақыртып тетіктер жасап шығарады. Алғашқы тәжірибені Алматы қаласындағы «Шертер» ЖШС-інің аспап жасау шеберханасында сәтті түрде жүзеге асырыпты.

– Біз жетігеннің осы уақытқа дейін жеткен қалыбына тиіскен жоқпыз. Яғни, көлеміне, түріне, ішектеріне ешқандай да өзгеріс енгізілмеді. Тек қана тетік орнату арқылы аталған музыкалық аспаптың басты мәселесін шешіп қана қоймай, дыбыс көлемінің өзгеруіне де қол жеткіздік. Яғни, жетігеннің дыбысы әлдеқайда ашық шыға бастағанын аңғардық. Біздің алға қойған мақсатымыз – осы ұлттық аспапқа орнатылатын тетіктер өз Отанымызда өндірілсе, - дейді жаңалыққа жанықұмар музыкант.

WhatsApp Image 2019-10-03 at 15.33

Расында, жетігенге қажет тетіктерді Армениядан, сонау Мысырдан, Жапониядан, Түркиядан, Франциядан, Америкадан алдыртуға әбден болады. Алайда, сол тетіктер өзімізде өндірілсе, жетіген аспабы республикамыздың барлық өңіріне тиімді бағамен тарайтын еді. Бұл ең алдымен қарапайым халыққа тиімді. Қазір ең арзан жетігеннің бағасы – 200 мың теңге.

Ал орташасы – 500 мың теңгеге бағаланады. Шикізат шет мемлекеттерден әкелінсе құны жоғары болады. Ал шикізат пен «Камиланың тетігі» өзімізде өндірілсе, сөйтіп, «Қазақ ұлт аспаптар» оркестрінде он шақты жетігенші қаз-қатар тізіліп отырып өнер көрсетсе, қандай ғанибет десеңізші!.. Шынтуайтында, қазақ оркестрлерінде жетіген аспабы мүлде ойналмайтыны шымбайға батады.

Әсілі, жігерлі жас бұл өзгеріске бір күнде келген жоқ. Алматыдағы Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық мектеп қабырғасында оқып жүргенінде ұстазы Айтжан Тоқтағанға сабақ барысында «Жетіген неге дамымай жатыр?» деген сауалдар қойып, мазасын «алады» екен. Сол кезде Айтжан ағайының «жетігенді сен жетілдіресің» деген бір ауыз сөзі жас өренді қамшылаған болуы керек.

Қазақтың сыбызғы, сазсырнай, жетіген, үскірік, шертер, шаңқобыз, дабыл, даңғыра сынды 250-ден астам көне музыкалық аспаптарын өткен ғасырдың орта тұсында Ахмет Жұбанов, кейіннен Болат Сарыбаев жинап, жетілдірген. Олардан кейін, міне, Камила замандасымыз жетігенге жаңаша түр беріп отыр. Айтқандай, ол аталған жаңалығы үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Ұлттық зияткерлік меншік институты» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнынан өнертабысы үшін арнайы патент алыпты. Ал арнайы тетіктер орнатылып, жетілдірілген алғашқы жетігенін кейіпкеріміз өзі оқыған музыка мектебіне сыйға тартқан.

Камила жас та болса, бас болып жүрген жігерлі қыз. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында «Бизнес бастау» арнайы курсынан өтіп, Шымкентте баламасы жоқ жаңа кәсіп – «Zhetigen» мектебін ашқан. Енді «Даму» қорынан грант ұтып алса, көптен армандаған жетіген цехын ашу жоспарында бар. Жалпы Камиланың арманында шекара жоқ дер едік. «Осы уақытқа дейін әлемдік Гиннес рекордтар кітабына жаппай жетігеншілер енбеген.

Бір миллион мықты жетігенші шықса бізге бәсекелес табылады деп ойламаймын. Мәселен, әр жылы 100 мектептен 10 жетігеншіден шығар десе, мен дайындап шығарамын. Сөйтіп, жақын арада рекорд жасай аламыз. «Жетіген күнін» белгілеп, «Zhetigen party» шарасын ұйымдастырсақ керемет болар еді», - дейді.

Енді мақаламыздың ең қызық жерін айтайық. Камила Есқараева – екінші дәрежелі «Еңбек даңқы» орденінің иегері. Өзімізбен қатарлас Камилаға мұндай мәртебелі марапат оның тынымсыз ізденісі мен жанқиярлық еңбегі үшін берілген. Нақтылап айтар болсақ, осыдан екі жыл алдын 40-қа жуық шәкірті республикалық байқауда бас жүлде жеңіп алды. Ал шәкірттерінің барлығы да бірінші сыныптың қыздары. «Бар-жоғы бір-ақ жылда бірінші сынып оқушылары бас жүлдені қалай жеңіп алды?» деген сұрақтың туындайтыны заңдылық. Оның үстіне ол додаға домбырашылар да қатысқан-ды.

– Қазақтың бас аспабы – домбырамен бәсекеге түсу оңай емес. Әр туындыны 4-5 дауыспен оркестр ретінде шығарғаным қазылар алқасының қызығушылығын тудырды, - деді де, көзіндегі мөлдір тамшыларын ірке алмады. Сөйтсек, Камила ол кезде жүктілігінің сегізінші айында үлкен тәуекелмен бас жүлдеге қол жеткізген екен. Сол сапардан қайтып оралған соң бірден декреттік демалысқа шығыпты. Расында, ерен еңбек.

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы халыққа Жолдауында: «Ендігі жылы бәріміз Әл-Фарабидің 1150 жылдық, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойларын атап өтеміз. Мерейтой барысында ысырапшылдыққа жол бермей, ғұлама тұлғаларымыздың еңбектерін халық арасында дәріптеуіміз керек» деп атап өткені есімізде. Әл-Фарабидей ғұламаның еңбегін дәріптеу керек болса, алыстан арбаламай-ақ, Камила Әбдіраманқызының тың жаңалығын жүзеге асыру керек қой...

Оңтүстіктің абызы

Среда, 02 Октябрь 2019 05:57

Әдіһамның аталы сөздері

DSC 4677

Намыстың қозғаны жақсы,
Жүйріктің озғаны жақсы.

Жастық бөгетті біле ме?
Мастық сөкетті біле ме?

Қуанып күлетіндер де бар,
Қуланып күлетіндер де бар.

Есті адамдар кең келер,
Өзгені де өзіменен тең көрер.

Малы жоқтан
Қанағаты жоқтың күні ауыр.

Жақсы «тәйт» десе ойланарсың,
Жаман «тәйт» десе қорланарсың.

Атдорбадағы жем
Атқа жүк болмайды.

Көңілің кең болса
Өміріңнің көкжиегі де
шексіз кеңейе береді.

Қашан да адамдардың дәрменінен
Арманы озып тұрады.

Емделуге де еңбек керек.

Ерді ер бағалайды,
Езді ез жағалайды.

Таяқтан өлгеннен
Ұяттан өлгеннің азабы ауыр.

Ұнағанға қол жете бере ме?
Ұмтылғанға бой жете бере ме?
Жұмбақты затқа ой жете бере ме?
Ойы саяз адамның ісі ауқымсыз.

Шындық деген адамды,
Жаралар да тазалар.
Өтірікке әйтеуір,
Ертелі-кеш жаза бар.
Тұлпар туған биенің,
Шабысына мін тақпа.
Жарлысың деп жігіттің
Табысына мін тақпа.

Тар кезде ақыл берген
Жаяуға ат бергендей.

Тарығу да бір сабақ,
Зарығу да бір сабақ,
Торығу да бір сабақ.

Тірінің үміті үзілмейді.

Өзің еккен өріктің,
Өзге өріктен дәмі артық.

Өзің тіккен бөріктің
Басқалардан сәні артық.

Арман ада бола ма,
Арманға да қанағат керек.

Аш бөріден аш адам жаман,
Есуастан мас адам жаман.

Дос қатесін кешкеннің
Жүрегінен жүк түсер.

Жақсының өнегесін айтасың,
Жаманның неменесін айтасың?

Бай жомарттық қылам десе,
Малдан табысы бар.
Кедей жомарттық қылам десе,
Оның да қолғабысы бар.

Бұл өмірдің жүгі көп,
Ауыр ғой деп мұңайма,
Жеңіл ғой деп қуанба,
Жіңішкеге шіреніп,
Иілмегін жуанға.

Жігіт жүдеу бола ма,
Ауру емес, қарт емес.
Еңбексүйгіш адамның
Несібесі жарты емес.

Алдағаннан алданған тәуір –
Арың кірленбейді.

Күрсінбе.
Күрсінгеннен қасірет
Жеңілдер деп жүрсің бе?

Ақымақтық та арам шөптей өсімтал.

Жаман жермен жүрсең,
«Аяққа қайдан боқ тиді?» деме,
Жаман адаммен жүрсең,
«Арыма қайдан дақ тиді?» деме.

Көл тартылса, тұнбасы қалады,
Өзен тартылса, жылғасы қалады,
Бағы бар қарттың құрдасы қалады.

Мінез жаман жеңілтек,
Уақытпенен ойнаса,
Көз де жаман жақсыға,
Қанағат қып тоймаса,
Көңіл жаман бәрінен
Кәрілікті кеп тұрған
Тез мойындай қоймаса.

Жерге қылған жақсылық –
Қайың болып көгеріп,
Райхан боп гүл ашар.
Аңыз болып айтылып,
Ұрпақтарға ұласар.

Тәуекелдің көбісі
Жастықпенен еншілес.
Абайланың ауылы,
Қарттықпенен еншілес.

Алыптан күшті болсаң да
Халықтан күшті болмассың.

Ақыл адастырмайды,
Адастырса да шоқ бастырмайды.

Бақ қонған ердің
Аты жүрісті,
Жары келісті,
Жайлауы өрісті,
Жұмысы жемісті.

Ат тәуірі ойыңды ұғады,
Дос тәуірі жайыңды ұғады.

Қарттық құрсау салғанда,
Қатыныңды іздейсің.

Жау жағадан алғанда,
Жақыныңды іздейсің.

Жел қайықтың желкені бар,
Жеңілтектің селтеңі бар,
Өтірікшінің ертеңі бар.

Тандырмаса есіңнен
Ұйықтатпаса түнімен
Ғашықтықтың құны кем.

Тағдырыңды көбіне
Тағдырдың қыспағына
Түскенде ойлайсың.

Тұзағың – торға айналмасын,
Шұқанақ – орға айналмасын,
Әзізің – қорға айналмасын,
Бейнетің – сорға айналмасын,
Қасірет – зарға айналмасын,
Сау басың – шарға айналмасын,
Жанжалың – дауға айналмасын,
Жан жарың – жауға айналмасын.

Кеңессең, естімен кеңес,
Егессең, күштімен егес.

Аяғыңнан сүрінсең,
Тұрып кетерсің.

Тіліңнен сүрінсең,
Құрып кетерсің.

Дұшпанына әділ бола алмағанның
әділеттілігі күмәнді.

Қоспақты нарға санама,
Жаманды барға санама.

Жақсы болса алғаның
Ынтымақ бар да, кейіс жоқ,
Үйіңнен артық пейіш жоқ.

Көз жетпей,
Күдік кетпес.

(жалғасы бар...)

Мәдениетке ғашық жан

Среда, 02 Октябрь 2019 05:52

Күлия Айдарбекованы былайғы жұрт іскер адам, талапшыл басшы, ұдайы қарбалас пен жанталастың ортасында жүретін қайраткер жан деп біледі ғой. Сырт тұрпаты сүйекті, ірі болғандықтан, көз алдымызда адуынды, тік мінезді әйелдің образы көлбеңдегенін несіне жасырайық. Сұхбат барысында Күлия Смайылханқызымен жақын тілдескен адам оның жанының тым нәзік иірімдерін, мейірімінің теңіздей шексіздігін, көңілінің даладай дархандығын, мінезінің тым қарапайымдылығын сезініп һәм сезері анық. Негізі, Күлия апай туралы айтқанда нәзікжандылардың нәзігі дер едік. Жұмысында өз ісіне қалай берілсе, отбасында да қырық шырағын бірдей жаққан кемеңгер әйелді таныдық. Ерінен ерте айырылса да отбасылық бақытты бірінші орынға шығарған апай нағыз қазақ әйелінің бүгінгі қалпын көз алдымызға әкелді.

DSC 3283

Енеге ізет

– Бәріне қалай үлгердіңіз? Әлде отағасы сізді үнемі қолдаушы ма еді?! - дейміз ғой.

– Үйленгеннен кейін бірнеше жыл пәтерден пәтерге көшіп-қонып жүрдік. Ақырындап үй салдық. Жолдасым екеуміз еркек-әйелдің жұмысы деп бөлген жоқпыз. Не істесек те, күліп-ойнап, шын көңілмен істейтінбіз, - деді кейіпкеріміз ағынан жарылып.

– Апай, сіз өміріңізде үш кітап жаздыңыз: «Анаға тағзым», «Әкеге құрмет», «Аманат». Бұл кітаптарды оқып, рухани ләззат алғандардың бірі ретінде менің көкейімде бір сұрақ қалып қойды. Сіз әсіретөркіншіл болдым деп ойламайсыз ба? Екі қанатты тең ұстадым деп айта аласыз ба?

– Біз жас болдық. Шабаданымызды арқалап, үй болудың қамымен жүріп, қайынжұртқа тиісті көңіл бөлдім бе, бөлмедім бе, бір Аллаға мәлім. Бірақ, таяуда ғана үшінші рет қажылыққа барғанымда бәдәл қажылықты апам Мейрамкүл Әбдірқызына арнадым. Себебі, 6 ұлы да өмірден ерте өтіп кетті. Бейсен деген қайынағам 65 жасында, былтыр мәңгілік сапарына аттанды. Жолдасым да қырыққа келмей, дүние салды. Қажылықтың қағидасы бойынша тәуәп, сағид жасап, шашымның ұшын қидырып, зәм-зәм суын ішіп отырған кезде алыстан енеммен сырласудың мүмкіндігі туды.

«Өз перзенттеріңіз тірі болғанда қажылық жасар ма еді, бірақ, мен де сіздің перзентіңіздің бірімін ғой. Разы болыңыз, апа! Арғы дүниеде де Фердаус жәннатында бәрімізге бірге болуды, Кәусар бұлағынан су ішуді нәсіп етсін. Енді сіз қияметте қажы болғаныңызды білгейсіз. Бүгін өзіңіз үшін зәм-зәм суын ішіп отырмын, енді мәңгілікке дейін шөлдемейтін боласыз. Осының бәрін қабыл алыңыз» деп рухымен сырласып отырғанымда апамның кемсеңдеп жылағанын, мөлтек жасының ыршып түскенін байқадым.

Меккедегі мешіттің ең жоғарғы қабатында шаршағанымды басып отыр едім. Апам жанымда жүргендей күй кештім. Ол енді бір тылсым дүние. Енеме арналған қажылық болғаннан кейін ол кісі туралы естеліктер ойыма орала берді.

Жалпы, енем туралы таңды таңға ұрып айта беруге болады. Жетім жігітке тұрмысқа шыққан. Кепе тамда бейнетпен ғұмыр кешкен. Бірде «Өзімнің аяғым ауыр. Ай-күнім жақындап қалған. Сонда да күйбең тірліктің қамы үшін тезек теруге бардым. Бір қабын теріп болғаным сол еді, толғағым басталды да кетті.

Айдалада нәрестемді босанып, кіндігін де өзім кесуіме тура келді. Отынды тастап кетуге обалсынам. Содан бір Аллаға сыйынып, қансырап тұрсам да арқама бір қап тезекті, етегіме баланы салып үйге қайттым. Жол-жөнекей «әкем сорлы мені аямай, мына жетімді несіне аяп жіберді?!» деп іштей торығып келем. Сонда әкемнің «Айналайын, мына Құдай деп жүрген баланы теңелтіп, ортасына қос, үрім-бұтағын көбейт! Сол елдің Домалақ анасы бол!» деген батасы есіме түсіп, бойымды лезде жинап алдым» деп айтқаны бар еді.

...Мен келін боп түскенде барған үйімде 30 шақты адам тұрады екен. Ол уақытта заман солай еді ғой. Үлкен абысынымдарымның әрқайсысында кемі 5-6 баладан. Бәрін қосқанда 15 шақты бала шапқылап жүреді. Ас бөлмесінде үлкен қазан қайнайды. Алғашқысында балаларды тамақтандырады. Енем «біздің шаңырақ – күнәсіз шаңырақ» деп отыратын. Бізсіз де олар үйелменді-сүйелменді боп, бір шаңырақта әрең сыйып күн кешіп жатқан. Бір жағы менің қызметім болды да, бөлек шығып кеттік.

Енем сол елге танымал сынықшы кісі болатын. Дәрігерлер отаға дейін және кейін апамды апарып, сынығын қалпына келтіретін. Атамыз ҰОС ардагері еді. Соғыста мина жарығына түсіп қалып, елге сүйектері сынып, мүгедек болып оралған. Сонда енем атамның сынған сүйектерін қайтадан сындырып, күн сайын жылқының майымен сылап, қалпына келтірген екен. Жол апатынан аяқ-қолына зақым келгендерді үйінде айлап емдеп, аяққа тұрғызып жіберетін. Күн-түн демей келген науқастың бәрін қабылдайтын.

Апам бала күнінде шымшықты, қозы-лақтарды ұстап алып, сүйектерін буыннан шығарып, қайта салып ойнайды екен. Әсілі, апамның арғы тегіне сынықшылық қасиет дарыған сияқты. Көп нәрсені алдын ала сезіп отыратын көріпкелдігі тағы бар еді. Қайсы адам қандай сынықпен келе жатқанын біліп, айтып отыратын. Соңғы жылдары көзі көрмей қалғанның өзінде сынықтарды қолмен сипалап сала беретін. Аса ауыр науқастың келе жатқанын сезіп, қақпаны ашқызып, үйдің алдына шығып күтіп отыратын.

...Ата-енем өмірден өткен кезде біз жастау едік. Бәлкім, содан да олардың қадіріне жете алмаған болармыз. Сіздердің газеттің оқырмандарына енем жайлы көбірек айтуға тырысып, сол бос кеңістікті толтырдым деп ойлаймын. Жолдасым көп балалы отбасынан. Сол алып әулеттің ең кенже келіні мен болдым. Енем «Мына келіндер бір төбе де, сен бір төбесің» деп көтермелеп отыратын. «Сен – елдің адамысың, сәлем салмай-ақ қой» дейтін. Бірақ, мен солай айтты екен деп, келіндік сәлемімді қалайша салмай кетемін?!

Абысындарым болса «Үлкен қызметте жүргеннен кейін, қаражаты көп, сөмкесі қашан көрсең толып келеді» деп әзілмен қағытып отыратын. «Күлшелі бала – сүйкімді» дей ме?! Апам екеуміздің қарым-қатынасымыз өте жылы әрі ерекше болды. Мені барынша еркелетті. Жалпы, қызметім болғаны үшін емес, біздің рухани байланысымыз мықты еді. Біз бөлек тұрдық деп айттым ғой. Ал абысындарымның үйі қара шаңырақтың айналасында болатын. Бір келінінің үйіне барып түскі тамағын ішсе, екіншісінің үйіне барса, кешкі асы дайын тұрады.

Біз болсақ, қол босағанда айында бір келіп кетеміз. Сонда апам құшағына қысып, «Сені құшақтаған кезде көкірегім еріп кетеді. Сені қалай жақсы көретінімді білмеймін. Жеткізіп айта алмаймын», дейтін, жарықтық. «Мына келіндерімнің біреуі маған ұқсайтын қыз тумады, саған рақмет» дейтін. Өйткені, менің екі қызым да әжелерінің «көшірмесі».

Сол кезде «Ене деген келінін елжіреп жақсы көре ме?» деп ойлайтынмын. Қазір өзім де енемін. Енемді енді түсініп жатырмын. Себебі, мен де келінімді солай жақсы көремін. Мен де келініме елжіреп, езіліп тұрамын. Ол кісілердей 5-6 келінім жоқ. Жалғыз ұлдан бір-ақ келін. Он жыл бірге тұрып келеміз. Кейде келініне зәбір көрсетіп, күн бермейтін енелерді ұқпаймын...

...Апам 73 жасында өмірден өтті. Қан қысымы көтеріліп, ес-түсін білмей ауруханада жатқанында аузына су тамыздым. Сол кезде менің қолымнан қысты. Көзінен жас ыршыды. Бірақ, көз жасым тамағыма тығылып әрі толқып «Разы болыңыз!» деген сөзді айта алмадым. Жалпы, ата-енем маған разы болды деп ойлаймын.

Бір сөзбен айтқанда енем дана да дара жан еді. Атамыз атадан жалғыз тұяқ болса, бүгінде сол жалғыз тамыр жапырағы жайқалған алып бәйтерекке айналып отыр.
Сондықтан тек төркіншіл болдым деп айта алмаймын.

Күлияның кезеңі

«Күлияның кезеңі келмеске кетті». Мәдениет саласының басы-қасында жүргендердің арасында осы сөздің жиі айтылатынын естиміз. Бір басшы бар, құт боп келеді, бір басшы жұт боп келеді. Ал Күлия Айдарбекова Оңтүстіктің мәдениет саласына құт боп келген басшының бірі. Жалпы, бізде мәдениет басқармасын дәл Күлия апайдай ешкім ұзақ мерзім басқармаған. Төлеби аудандық мәдениет бөлімінде – 8 жыл, Оңтүстік Қазақстан облыстық мәдениет басқармасында – 7 жыл. Негізі, мәдениет саласы өте нәзік те қиын сала. Содан да болар, бұл салаға басшылыққа келгендер көп тұрақтамайды.

Бір шетелдік Президент «Егер ауыл шаруашылығы министрін дұрыс таңдамасам, елім бір жыл ашығар, ал мәдениет министрімді дұрыс таңдамасам, халқым өркениеттен көш қалып кетеді» деген екен. Сол сияқты мәдениетті сүйіп, сонымен ауырып, онымен толғатпаған адам бұл салаға қадам баспауы керек. Мәдениет телевизия сияқты, не істесең де елдің алдына шығып кетесің, сосын оны қайтара алмайсың.
«Он бес жыл мәдениетті басқарып жүрген кезеңде ұстараның үстінде жүргендей едім. Бір іс-шараға мың адам келсе, екі мың көз қадалып отыр деңіз.

Әр шарада бір Аллама сыйынып, алақандарым терлеп тұратын. Ондайда неше уақыт дайындалғаныңа алғыс алуың да, нәлет алуың да мүмкін. Қаншама ұйқысыз түндеріңе ризашылық алсаң, шаршағаның лезде басыла қояды. Он бес жыл бойына Құдай маған «Мынауың дұрыс емес» деген сөзді бірде-бір рет естіртпеді. Барлық басшылар да, келген көрермен де жиын соңында қолымды алып кететін. Егер менің тарапыма «Мына жерің дұрыс болмады» деген сын айтылса, сол күні жұмысымды тастап кеткен болар едім.

Мен мәдениетке ғашық болдым, әлі де ғашықпын. Әлі күнге мәдениет басқармасының іс-шараларына пікірімді айтып тұрамын. Менен кейін пікір айтқызбайтын, араластырмайтын басшылар келді. Бірақ, ақылымды тыңдай ма, тыңдамай ма, қымсынбай ойымды айтамын.

...Қайбір жылы Тәуелсіздік мерекесіне барып, жылап қайттым. Ұйымдастырушылар әнші Мәдина Сәдуақасованың сезім жайлы әнімен ең қастерлі мерекелік кештің шырайын қашырды. Егемендік – біздің ғасырлар бойы армандаған аяулымыз. Одан артық мереке жоқ. әз-Наурызға, Ата заңға, Тәуелсіздікке қызмет етпеген адам мүлде қызмет істемеуі керек.

Мәдени іс-шараға келген әр адам қазақ болып туғанына мақтанып кетуі тиіс. Себебі, біздің мәдениетіміздің тамыры кім не деп айтса да тереңге бойлаған. Бұл үлкен жауапкершілік. Қателесуге хақың жоқ».
Осы сөздерінің өзі-ақ Күлия Смайылханқызының қаншалықты ұлтын сүйетін ұлтжанды, рухсыздыққа қарсы күрестің бел ортасында, тіпті, алдыңғы шебінде жүретін қайраткер екенін әйгілеп тұрған жоқ па!?

Әлқисса, мәдениет саласындағы қызметі, атқарған істері өз алдына бөлек әңгіме. 2011 жылы 700 адам республикада бірінші болып Қара жорға биін билегені естеріңізден шықпаған болар?! Облыстағы 215 би ұжымы шақырылып, бәріне бірдей алқызыл түсте киім тіктіргені ше? Қазіргі тілмен айтқанда флешмобтың ең ауқымдысын сол кезеңде Айдарбекова ұйымдастырған еді. 2015 жылы Тәуелсіздік күні мерекесінде «Бабалар рухы» атты әнге 62 кейіпкер қойылым қойғаны ше? Үш биден бастап Алаш арыстары, берісі Әлия, Мәншүкке дейін қатыстырылған-ды. Сол кезде бүкіл залдың рухы дүр сілкінді. Бір сөзбен, Күлия Смайылханқызы мәдениетті басқарған кезде қазақты танытқысы келді.

Мәдени ошақтарға жылына бір қазақ классикасын қоюды міндеттеп, өзбек театры «Мұхаммед Хайдар Дулатиді», орыс театры «Абылай ханның арманын» сахналады. Театрлардың тіл білмейміз деп сылтауратқаны анық. Бірақ, тапсырма дұрыс берілді, театрлар алып шықты.

9 мамыр – Ұлы Жеңіс күнінде Леңгірден 200 оқушы әкелінді. Әскери оқу орындарының студенттері мен кішкентай баладан еңкейген қарияға дейін қатыстырылып, іс-шараны ойдағыдай өткізгені бар. Қазақ хандығының 550 жылдығында Шәмші Қалдаяқовтың «Отан» деген әнін 550 мәдениет қызметкерінің хормен айтқанын ел біразға дейін аузынан тастамап еді.

Кейіпкеріміздің өмір жолында көптеген қиындық пен кедергілер де кездесті. Бірақ, рухының мықтылығының арқасында сағы сынбады. Мәселен, Тәуелсіздік мерекесінде Ш.Қалдаяқов атындағы Халық ансамблі симфонияны, симфониялық оркестр қазақ классикасын орындады. Былай қарағанда мүмкін еместей көрінеді. Бірақ, Күлия апай соны істеткізді. Соңында музыканттар апайға алғыс айтып, тәжірибе жасағанына өкінбейтіндерін білдірген.

Тәжірибе жасағанда батылдық танытуды қарамағындағыларға осылай үйретті. Сол жаңалықтарымен бүкіл облыстарды аралады. Шетелдерге шығып, жүлделі орындарға ие болды. Облыстық орыс драма театрымен Мәскеуге дейін барып қайтты.

Қайбір жылы Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры «Көшкінді» қойды. К.Айдарбекова әлгі спектакльге «қарны ашып», сапасыз туынды қойғаны үшін режиссері мен сол кездегі басқарма басшысының мойнына сол қойылымға кеткен шығынды «арқалатып» қойды. Әрине, одан кейін Айдарбекованың сыртынан жақсы сөз айтылмайды. «Маған олардың қаңқу сөзі керек емес.

Әділ шешім қабылдау үшін сол спектакльге бірнеше рет бардым. Мейлі мені жынды десін. Сіз бен бізге Тәуелсіздікте өмір сүру бақыты бұйырды. Ендеше неге бір-бірімізді алдауымыз керек?» - дейді Смайылханқызы. Бетің бар, жүзің бар демейтін турашылдығы үшін «апайды шақырмай-ақ қояйық» дейтіндер де табылды. Бәлкім, бұл салаға сондай «жындылар» керек шығар. Өйткені, сахна деген киелі, ол жасандылықты қабылдамайды.

Мысалы, қазір өзі басшылық ететін Отырар кітапханасында қызметкерлеріне түгелдей «Жыл кітабы» ретінде таңдалған Әбіш Кекілбаевтың «Аңыздың ақырын» оқытуда.

– Қазіргі таңда барлық салада да кітап оқымайтындар бар ғой. Мамандығы кітапханашы болған соң оқытып жатырмын. Ал кітапханашының өзіндік ойы болуы керек. Кітапханалардың арасында Абайдың шығармаларын жатқа оқу эстафетасы бірінші біздің кітапханадан бастау алды. Менің сыртымнан «талапшыл, өз міндеттеріне кірмейтін жұмыстарды істетеді» деген сыңайдағы әңгімелер айтылатынын білемін. Мұның бәрі менің жеке басыма қажет емес. Мен өз-өзімді аямайтын еңбектің адамымын. Әйел жөнделмей – қоғам жөнделмейді, - дейді өзі.

Біз мұның барлығын не үшін жазып отыр дейсіздер ғой. Басшылыққа кім келіп, кім кетпеген. Соңынан айтылар сөз емес, төккен тері мен жүрген ізі-ақ сол адам туралы сайрап тұрады. Сол кезеңде көрермен әр іс-шараға «енді қандай жаңалық болар екен?» деп баратын. «Күлияның кезеңі» деп ерекшелеп жазуымызға түрткі болған да сол ерен еңбек. Жүрген жерінде жанқиярлықпен патриот жасау – оның стихиясы.

Таудың биіктігін төбе аңғартады

Күнгейде Күлия апайдай мәдениет саласын ұзақ басқарған адам жоқ деп айттық қой. Апайдың жеке мұрағатын ақтарып отырып, сол 15 жылдың күреске толы отты жылдар болғанын аңғарғандаймыз. Смайылханқызын қаралап, күйе жаққысы келгендер қаншама!.. Олардың арасында «Жаңғызтөбе» деп кекетіп, мұқатып, газеттің бір бетіне көлдей ғып мақала жазғандары да бар. Тіпті, онкологиялық ауруханада ота жасатып, ауыр жағдайда жатқанында да соңынан шырақ алып түскендері де кездескен.

Төлеби ауданындағы қызметінде арыз дегеннің не екенін білмей, «елдің қызы» деген құрмет-қошаметке ие болып жүрген апайымыз Шымкент атты үлкен қалаға келгенде жаңағыдай жамандықтарды көріп, жылап қалады екен.

– Жамандыққа жамандықпен қайтарғым келмейді. Елге танымал, көкірегіне нан пісіп тұратын аға-апаларымыз бата берудің орнына астыртын жамандық жасағандары да рас. Бірақ, Құдай мені төмендетпеді. Ешқайсысының алдына барып «Мынауың не?» деген емеспін. Жүзім жарық. Маған кесірін тигізген адамдардың бетіне тік қарап сәлемдесе аламын.

Ешқандай өкпе-ренішім жоқ. Ал олардың жүзі төмендеп тұрады. Қазірге дейін бастарына іс түссе «сол қызға айтыңдаршы» деп іздейді. Өмір деген – бумеранг. Қайта сол оқиғалар мен үшін үлкен өмірлік сабақ болды. Анам «ит қапты деп сен де үрсең, одан не айырмашылығың бар» деп айтып отыратын.

Сол қиындықтарды сабырлықпен жеңдім. Кезінде күйе де жағылды. Мен одан қараланып қалған жоқпын. Аллаға шүкір, жалғыз емеспін. Өніп-өскен үлкен әулеттің ұрпағымын. Балаларым – үйлі-жайлы, немерелерім бар. Қай жерге барсам да түсетін үйім, күтіп алатын адамдарым бар. Сонысымен де менің өмірім – мәнді де сәнді.

Сол кісілер маған жамандық жасаймын деп табалдырықтан аттатқызып, төбеге шығарды. Төбеден ары қарай тауға шықтым. Алла сол биіктен түсірмесін деймін, - деді Күлия апай жан-дүниесінен шуағы төгіліп отырып.

Арман деген – көп белес, біріне шықсаң, бірі бар

Кейіпкеріміздің болашаққа жоспарын, арман-мақсатын білгіміз келді. Айдарбекованың арманы асқақ екен. Біз секілді күнделікті тірлікке, жеке басқа қажет дүниелерді емес, туған жеріне, балалық шағы өткен ауылына септігін тигізуді ойлайдыі.

«Мен өсіп-өнген Төлеби ауданы, Аққұм ауылында кітапхана жабылып қалған. Сол жерден кітапхана ашқым келеді. Әрине, оған қомақты қаржы қажет. Ата-анамыздан қалған кітап қоры бар, өзім жинақтаған қорымды ауылдың игілігіне жаратсам деймін. Қиялымдағы шағын ғана ауыл кітапханасы ауыл балалары білім қаузайтын жер болса деп армандаймын.

Ауылды жерде екі қабатты үйлер өте сирек. Екінші қабатында терезелері көп болса, сол жерде ауыл балалары отырып, қиялдары биікке самғап, әлемді араласа деген арманым бар. Кітапхананың алдында орындықтар болса, ауыл адамдары отырып тынықса... Сөйтіп соңғы жаңалықтарымен бөліссе...

Мешіт салу әр әулеттің арманы ғой. Мүмкіндік болып жатса, бала-шағаммен, бауырларыммен, бәріміз бірігіп, ауыл жақтан киіз үй формасындағы мешіт салсақ деп армандаймын. Ауласында керемет бауы болса...

Жағдайым келіп жатса, қажылықты армандайтын, бірақ, мүмкіндігі болмай жүрген бір адамға болса да септігімді тигізсем деймін. Ислам әлемі – екінің бірі еркін жүзе алмайтын алып мұхит. Мен де сол мұхитқа сүңгіп, уағыз тыңдап, електен өткізіп, қажылық туралы кітап шығарсам деп армандаймын. Жалпы, бізде қажылық туралы кітап көп емес.

Меккеге барғанда басқа бір есік, білім бұлақтары ашылады. Соның барлығын қарапайым тілмен жеткізуге Алла тағала шығармашылық шабыт берсе деп тілеймін. Тірі адамның арманы көп қой. Жастарға «армандаңдар, сол арманға еңбектеп болса да жетіңдер, өз армандарыңды өздерің сатып жібермеңдер» деймін», - деді арманы адастырмайтын ақкөңіл Айдарбекова.

Эпилог орнына

Жалпы, біздің мақсатымыз Күлия Айдарбекованың қалпынан періште жасау емес еді. Қазақта «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген бар. Соны ұстандық. Оның қоғамға келтірген пайдасы мен өмір жолындағы өнегелі істерін көпшілікке үлгі еткіміз келді. Мәселен, көптің аузында талқыға түскен «Анаға тағзым» кітабын алайық.

Смайылханқызы ана туралы жазған бірінші және соңғы адам емес. XX ғасырда аналардың жиынтық образын жасаған Ғ.Мүсіреповтен бастап әйелдер бейнесін Ж.Аймауытовтың «Ақбілегінен», Б.Майлиннің «Шұғаның белгісі» мен «Күлпашынан», М.Әуезовтің «Абай жолы», «Қорғансыздың күнінен», М.Мағауиннің «Аласапыранынан», Ш.Мұртазаның «Ай мен Айшасынан» да айқын байқап, аңғара түскенбіз.

Ал К.Айдарбекова өзінің «Анаға тағзым» кітабында ХХІ ғасырдағы сіз бен біздің аналарымыздың жалпылама образын жасады. Бұл аналар дәл қазір арамызда жүр. Шығарма сонысымен де ұтымды. Жазушы Серік Жанәбілдің аталған еңбек турасында «Бір ғана кітап жазып, бүкіл аналарға ескерткіш орнатты» деп айтқаны сондықтан деп ойлаймыз.

Әсілі, Күлия Смайылханқызы өзі туралы жоғарғы пікірдегі өзімшіл адам емес. Қатты бір көзге түсіп, белсенді боп кетуден де аулақ. Үш миллион тұрғыны бар Түркістан облысында ұдайы үлкен қызмет жасау екінің біріне бұйырмаған бақ деп есептейміз. Алла тағала бақ беріп, басшылық қызметте жүргеннен кейін ел таниды, біледі.

Ал негізі оның бойында кәдімгі қазақ қызының, аяулы ананың, мейірімді ененің, тату абысынның, ағайын-бауыр арасында жақсы әпкенің, кемеңгер әженің, ақ маңдайы жарқыраған көркем кейіпті әйелдің болмысы тұнып тұр. Алладан ғана қорқып, Жаратқанға жалбарынып жүрген өзге қазақ әйелдерінен еш айырмашылығы жоқ.

Біздің періште мінезді, кең пейілді, зиялылық пен парасат биігіндегі кейіпкерімізді қаншалықты ашып, аша алмағанымыз өздеріңізге аян. Бір білеріміз, Күлия апай хақында айту үшін газеттің тұтас бір нөмірін арнаса да аздық етуі мүмкін. Ал біз мақаламыздың соңында апайға толағай шығармашылық табыс тілегіміз келеді. Қазақтың Күлиядай қыздары көп болса екен!..

Баталы ел арымас

Пятница, 27 Сентябрь 2019 03:33

«Қазіргі қариялар бата беруді білмейді» дейтіндер батагөйлер сайысына барса болады. Шымкент қалалық ішкі саясат және дін істері басқармасы «Рухани жаңғыру» кеңсесінің және ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен өткен «Батаменен ел көгерер» батагөйлер сайысына жиналғандар батаның түр-түрін тыңдады.

 DSC1616

Ас қайыру батасынан бастап сәлем бата, қалжа бата, соғым бата, ат қою батасы, беташар баталары самай шашы бурыл тартқан ақсақалдарымыздың аузымен айтылғанда өте әсерлі естілді. Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Исамуддин Рысбай осындай ұлттық салт-дәстүрді ардақтап, бата беруді дәріптейтін шараның жастарға берер өнегесі мен тәлімдік мәні өте жоғары екендігіне тоқталды.

– Бата беру дәстүрі арқылы ұрпақты адамгершілікке, имандылыққа тәрбиелеген. Қазіргі кезде батаның қадір-қасиетін жете бағаламай жүргендер бар. Сол дәстүрді қайта жаңғыртып, қолға алсақ. Өйткені, бата сөзінің мән-мағынасы, қадір қасиеті айрықша бағалы. Біз ұрпақты бата сөздерге мән берумен бірге бата алуға тырысуға үйретуіміз керек, – деді.

Жалпы саны төрт ауданнан сегіз батагөй қария қатысқан дода тартысты өтті. Жарыс нәтижесі бойынша 1-орын (300 мың теңге) Қолдасбек Төлегеновке (Қаратау ауданы), 2-орын (250 мың теңге) Исенбек Битаевқа (Абай ауданы), 3-орын (300 мың теңге) Жұрынтай Әбілдаевқа (Еңбекші ауданы) бұйырды. Қалған бес үміткерге ынталандыру сыйлығы мен алғыс хат табысталды.

Оңтүстіктің абызы

Среда, 25 Сентябрь 2019 04:02

– ...Татып көр, барың жетеңде,
Таңдайдан дәмі кетер ме.
Әдекең әзиз айтқан сөз,
Айналды мақал-мәтелге. 
Бөрімін деген бөрі емес,
Шерімін деген шері емес.
Базардан қайтқан ажарлы,
Ақылман сіздей көп емес... - деп Қазақстанның халық ақыны Әселхан Қалыбекова жазушы, қазақтың өткені мен бүгінінің білгірі, әдебиет зерттеушісі Әдіһам Шілтерхановқа сексеннің сеңгіріне шыққанда өлең арнаған екен. Өкінішке орай, абыз ақсақал тоқсанның ауылын толтырды, бірақ жүзге жете алмады. Енді Әдіһам ата туралы тек өткен шақта айтуға мәжбүрміз.

DSC 4674

... 2017 жылы 9-мамыр Жеңіс мерекесінің қарсаңында редакцияның тапсырмасымен ҰОС ардагері Шілтерхановтың шаңырағында болдым. Газет бетінде «Момышұлымен бір майданда болған» атты мақаламыз жарық көрген-ді. Бұл фәниде атаммен бар-жоғы үш-ақ рет кездескен екенмін. Біріншісі сұхбатта, екінші жолы қарымды қаламгер Асхан апай Майлыбаева екеуміз қарияның көңілін сұрап бардық.

Соңғысында «Оңтүстік Қазақстан» газеті ұйытқы болған батырлар жырын жатқа айтудан «Жақсылар, дастан айтайын» байқауында сахнада керемет тәлімі зор батасын бергенінде жанында болдық. Бар-жоғы осы үш жүздесудің өзі маған өмірлік азық болды. Содан бері абыздың «Аталы сөздерін» жата-жастанып оқимын десем, өтірік айтпаймын.

Қалам мен қаруды қатар ұстаған майдангер қаламгерлер Бауыржан Момышұлы, Баубек Бұлқышев, Жұбан Молдағалиев, Әзілхан Нұршайықов, Қасым Аманжоловтардың аты аспандап, қазақ даласына кең жайылған кезеңдерде Әдіһам Шілтерханов есім-сойының естілмеуінің өзіндік сыры бар. Атамыз соғыстан оралған соң Бәйдібек ауданында қарапайым мұғалімдіктен кеңшардың бас агрономы, ұжымшар төрағасы қызметтеріне дейін өскен.

Он екі жыл ұжымшарға төрағалық еткен соң, аудандық тұрмыс қажетін өтеу комбинатының директоры қызметін атқарып, 40 жылдық лайықты еңбек өтілінен кейін абыроймен зейнетке шыққан. Міне, кейіпкеріміздің шығармашылықпен, зерттеумен айналысқан кезі – осы тұс. 40 жастан кейін жазуға белсене кіріскен ұлы Абайдай Әдіһам Шілтерханов та 60-тан кейін шығармашылық жұмысқа ден қойған. Әдетте көпшілік қариялар зейнеткерлікке шыққан соң жан тыныштығын ойлап, жанына салмақ салмайды.

Ал Әдіһам атамыз кемелденген қарттық кезеңінде қолына қалам алып, жазуды жанына серік етті. «Аталы сөздерін» жарыққа шығарды. «Үш бәйтерек», «Ақжалдың ақыры», «Саттар Ерубаев», «Дала мен дана» кітаптары және «Ордабасы» баспасынан шығармаларының үш томдығы жарық көрді. Ұзын саны 15 кітаптың авторы атанды.

Өлке тарихы мен әдебиетіндегі көптеген тың деректерді тапты. Сөйтіп, аз ғана уақыттың ішінде ол кісінің зердесінен шыққан дүниелер халқы сүйіп оқитын кітапқа айналды. Көпшілік жаттап алып, кәдесіне жаратып жүрген аталы сөздері ел аралап кеткені қашан!.. Әдебиет сүйер, сөз қадірін білер қауым оған жақсы пікірін әлдеқашан беріп қойған. Ойшыл қария өзінің шығармашылығы мен зерттеулері жайында таңды таңға ұрып айта берер еді-ау, бірақ, оған уақыт һәм сол кездегі ахуалы мұрсат бермеді.

Қабырғалы қаламгердің әдеби айналымға қосқан еңбектері көп. «Ақтабан шұбырынды алқакөл сұламадан» туған «Елім-ай» дейтін әннің тарихын, «Алпамыс батыр» жырының тек қазаққа ғана тиесілі төлтумасы екенін тарихи тың деректермен дәлелдеді. Жазушының «Мұңлық-Зарлық», «Қамбар батыр», «Мәделі қожа» этнографиялық зерттеулерінде де қазаққа тиесіліні Мұқағали айтқандай, «шекпен жауып, өзіне қайтарды».

Бүгінгі өскелең ұрпақ Әдіһам Шілтерханов хақында, оның майдандағы жанқиярлық қайталанбас ерлігі, әдебиет пен тарихқа қосқан сүбелі еңбегі жайында білуі тиіс. Құмның қойнауында халқымыздың өткеніне қатысты талай дүние жатқанын меңзеп, «Құмға ғашық қария» деп жазды журналист Бейсенкүл Нарымбетова апайымыз.

Ал ақын Нармахан Бегалиев бір сұхбатында Әдіһам Шілтерханов туралы: «Шаруашылықта көп өмірін өткізіп алды әрі өзін-өзі көрсетуге көп ұмтылмайтын адам. ӘдіҺам өте қарапайым жазады, қарапайым жаза отырып көп нәрсені аңғартады», – деген екен.

Ал белгілі журналист Нұртөре Жүсіпке осындағы бір жігіттер «Оқитын бірдеңе табыла ма?» дегенінде жазушының үш томдығын апарып беріпті. Сонда Нұртөре: «Мен мынандай жазушыны осы кезге дейін неге білмегенмін? Туындылары керемет екен ғой», – деген көрінеді. Қысқасы, әр қазақтың үйінде, үнінде, жүрегінде Әдіһам Шілтерханов есімі еленіп, туындылары кітап сөресінде тұрса, одан әркім өзіне жаңа бір әлем ашып, соның кеңістігінен кемел дүниелер табары анық.

... Содан бері «Әдіһам әлемі» еріксіз баурап алды. Белгілі журналист ағамыз Жанболат Аупбаевша айтқанда, менің көз алдымда «Ашылмаған арал» ашылды. Оның «Аталы сөздерінің» өзі не тұрады?! Әрбір сөзін оқисың да, ойға шомып кетесің. Бір өкініштісі, осы құнды кітаптың таралымы бар-жоғы 1000 данамен шыққан. Әдебиетсүйер қауымның көпшілігі әлі бұл туындыға қол жеткізе алмай жүр.

Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы осы олқылықтың орнын толтырар деген үмітіміз зор.
Ендеше сіздерге де «Әдіһам әлеміне» қош келдіңіздер дейміз. Абыз атаның «Аталы сөздерінен» сусындай отырыңыздар.

Он ақылдыдан,
Бір мейірімді артық.
***

Әкім есірсе,
Елін жау санайды.
Қатын есірсе,
Ерін жау санайды.
***

Жер – жомарт,
Бермейтіні жоқ.
Көп – қырағы,
Көрмейтіні жоқ.
***

Аға сағынуға бар,
Жағынуға жоқ.
Іні жағынуға бар,
Сағынуға жоқ.
***

Жақсылық кешіксе,
Өңін береді.
Жамандық кешіксе,
Жеңілденеді.
***

Жүйрік қашса – жанатпас,
Ұйқы қашса – таң атпас.
***

Күш-қайраты қайтарда
Жасқанбастан жасқанар.
Бақ-дәулеті қайтарда
Мастанбасқа мастанар.
***

Табанының бүрі жоқ,
Тап бергенін қайтейін.
Қасиеттің бірі жоқ,
Бақ келгенін қайтейін.
***

Көздің жасы тамған жер,
Оңайлықпен көктемейді.
***

Білімі жетіктің
Сөзі де тетік.

(жалғасы бар...)

Кіл өсек естіп жүрмін

Пятница, 20 Сентябрь 2019 03:49

Шаншар» әзіл-сықақ театры десе, Уәлибек Әбдірайымов, Уәлибек десе, Жүсіп Ақшораев көз алдымызға келеді. Сол «Шаншарда» биыл мерейтой. Өнер айдынында 25 жыл жанашыр көрерменімен бірге жүзіп келеді. Осы ширек ғасырдың ішінде қаншама театр ашылып, жабылып үлгерді. Басқа-басқа «Шаншар» өзгерген жоқ. Оның басы-қасында жүрген Уәлибек пен Жүсіп көкелеріміз де сол баяғы сергек қалпында. Уақыт шіркіннің бұл екеуіне әмірі жүрмейтін сияқты. Уәкеңді қазіргі қазақ әзілінің генералы деп айтуға болады. Сөйткен Әбдірайымовтың бүгінгі қазақ сатирасына, жастарына айтар базынасы бар. Бұдан бөлек, көкеміздің көкейтесті ойларын өздеріңізге ұсынғанды жөн көрдік.

WhatsApp Image 2019-09-16 at 11.33.29

– «Шаншардың» құрылуына әдебиет зерттеушісі, жазушы, марқұм Әдіһам Шілтерханов себепкер болған деседі. Осынау іргелі өнер ошағының құрылғанына биыл 25 жыл толып отыр. Мерейтой құтты болсын, аға! Дайындық қалай? Он бес жылдықтарыңыз эстрада әншілерінің қатысуымен қызықты да тартымды болып өтіп еді...

– Бұйыртса, желтоқсан айында Астана, Алматы және Шымкент қалаларында 25 жылдық мерейтойымызды дүркіретіп өткізсек деп жоспарлап отырмыз. Негізгі концерт Алматыда өтеді. Бұл жолы бізден түлеп ұшқан әнші, әртістердің басын қосамыз. Үлкен сахнадағы тұсауы біздің театрда кесілген Нұржан Төлендиев, Айман Өтебаева, Индира, Алма, Аманғали, Дәркен сияқты әртістер мен Сәкен Майғазиев, Өмірқұл Айниязов, Жұбаныш Жексенұлы, Меруерт Түсіпбаева сынды әншілермен бірге өнер көрсететін боламыз.

Мұның өзі – бір тарих. «Шаншардың» сахнасына қалай келгеніне жеке-жеке тоқталып, өткенге көз жүгіртеміз. «Өнер қырандары», «Алдараспан», «Шымкент шоу» театрлары да кезінде кәсіби сахнаға бізден бата алып шыққан. Бүгінде үлкен сахнада дәуірлеп тұрған Тұрсынбек те монолог айтуды сырттай менен үйренгенін сол концертімізде жеткізбек. Осылайша 25 жылдық тарихты еске алсақ па деген жоспарымыз бар.

Көрерменнің қошеметі ютуб қаралымымен өлшенбейді

– Бүгінге дейін «Шаншардың» неше альбомы жарық көрді?
– Жалпы саны 13 альбом жарық көрді. Ал соңғы 5-6 жылдың көлемінде альбом деген мүлде шықпайтын болды. Өйткені, интернет қатты дамыды. Бірақ, мен интернет қаралымының көрсеткішін бізге берілген баға деп есептемеймін. Сахнада көрерменім риясыз көңілмен қошемет көрсетсе, шын баға сол.

– Зейнеп Ахметова апамыз «Шаншар» театрындағы «Өгізбайдың отбасы» атты қойылымның мағыналық сипатын, оның жастарға берер өнегесін сөз етіп, сынға алғаны бар. Жалпы сол сын айтылған сахналық қойылым түзелді ме?
– Иә, «Өгізбайдың отбасы» атты интермедиямызды Зейнеп апамыздың сынағаны бар-тын. Онда жігіттердің бәрі келін образында ойнайды. «Жап-жас келін атасының мойнына мініп алыпты. Оның үстіне еркектердің әйелдің рөлін сомдағаны – сұмдық қой» деген сыңайда пікір айтқан болатын. Бұл театрдан хабары жоқ адамның сыны деп есептеймін. Егер театрды бүге-шігесіне дейін білетін театр сыншысы болса, біз ол сынды қабылдар едік. Бірақ, біз апамыздың сынын дұрыс сын деп қабылдамадық.

Өйткені, Зейнеп апамыз бүгінгі кейбір келіншектердің болмысын білмейді-ау деймін. Оның ойынша, қазақтың бүткіл келіндері инабатты, ибалы сияқты. Бүгінгі күнде атасының ғана емес, бүткіл әулеттің мойнына мініп алғандары бар. Сәлемін салып, иіліп тұрғандары некен-саяқ кездесетіні ащы да болса ақиқат. Кейіннен осы қойылымды Дулат Исабековке көрсетіп: «Драмадан гөрі интермедияға жақын» деп едім, «Басы, ортасы, аяғы бар. Арсың-гүрсің, үлкен-кіші демей, бетке «былш» еткізетін келіндер жоқ емес.

Өмірден алынған драма ғой бұл», - деді Дулат ағамыз. Уәлибекке сәл сын айтса, көтере алмайды екен деп ойлап қалмаңыздар. Мәселен, «О дүниенің оқиғасы» деген қойылымымызда Құдайдың дауысын салатынымыз бар. Пайғамбар туралы фильм бар, бірақ пайғамбардың бейнесі жоқ. Осыны ақын жігіттер жүзбе-жүз келіп, «Құдайдың дауысын салу дұрыс емес» деп айтты. Сол кезде өзімнің діни сауатсыздығымды мойындадым.

– Сіздер театрға актерді қалай қабылдайсыздар? Сіздің шекпеніңізден талай таланттар шықты ғой. Белгілі бір талаптарыңыз бар ма?

– Бірінші талап, Алладан берілген таланты болуы керек. «Мен Мәскеудегі ВГИК-ті бітірдім» деп кеуде қағатындардың бізге қажеті жоқ. Мәселен, драма театрларының қатып қалған әдістері бар. Ал комедиялық сатира театрына қабылдағанда «күлдіре алу» дейтін дарынына қараймыз. Атты өмір бойы баптаған адам қай аттың жарау, қай аттың бәйгеге шабатынын бірден біледі ғой.

Сол сияқты біз де әзіл саласында 35 жыл істегеннен кейін оның ойынының рас-өтірігін біле қоямыз. Сырты жылтырап тұратын жігіттер болады, бірақ ішкі дүниесінде «комедиясы» жоқ. Біз ондай балаларды ала бермейміз. Екінші талабымыз, билей алатын пластикасы, ән айта алатын дауысы болуы тиіс.

– Ұлы Гете «1 пайыз талант пен 99 пайыз төгілген тер» шынайы талантты жасайтынын айтқан. Өзіңіз бір сұхбатыңызда «Мен әртіс боламын деп ойлаған жоқпын, қу тіршіліктен әртіс болып кеттік» дейсіз. Бала кезіңізде қандай бала болдыңыз? Әртіс боламын деп армандамай қалай актер болып кеттіңіз?

– Бала кезімде ұшқыш болсам ба деп армандадым. Бірақ, мен актер боламын деп ойламадым. Әртістерге қатты қызықтым. Вокалды-инструменталды ансамбльге ғашық болғандардың бірімін. Үйдегілер қолымдағы гитарамды қанша мәрте тартып алса да, тығылып ойнайтынмын. Сол сүйікті аспабымды оқуға түскенде де, бітіргеннен кейін де тастамадым. Үлкен сахнаға да сол музыкалық аспаппен шықтым.

Шағын ортада, дос-жарандардың, ағайын-туыстың арасында әзіл айтатыным бар еді. КазГУ-дің филология факультетінде 3-курс оқып жүрген кезімде «Тамашаның» талантты авторларымен кездесу» кеші болды. «Тамашаның» сатиригі, автор-режиссері Марат Сақатов көп студенттің ішінен менің әзілдерімді тыңдады. Автобуста қысылып келгенімізді әжуалап айтқан болатынмын. Марат Сақатовтың «сенен сахна сатиригі шығады» деген бір ауыз сөзі мені қамшылады.

Жоғарғы оқу орнын бітіріп, туған жерге барғанымда ауыл клубында шаруашылық меңгерушісі боп істейтін анамның жұмысына қолғабыс етіп жүрдім. Сол кезде студент кездегі интермедияларымды орындайтынмын. Содан бір күні жергілікті тұрғындарға шағын концерт қойдық. Ол концертіміз аудан басшыларына ұнап, мені жаңадан салынған Мәдениет үйінің директоры етіп тағайындады. Жалпы мен сахна сатиригі болу үшін көптеген сындардан өткенмін.

Ауылда ең алғаш әдебиет зерттеушісі, жазушы Әдіһам Шілтерхановтың сынына іліктік. Шәуілдірде жүргенде қойылымдардың арасына «атаңа нәлет» деген сияқты бейәдеп сөздер араласып кететін. Қоғам жанашырының сынынан кейін сөз саптауымыз түзелді. Біз өнер әлеміне өзімізден өзіміз аспаннан салбырап түспедік. Үлкен сахнадан табылу үшін қаншама өмір белестерінен өттік. Ал қазіргі жастар бірден театр ашып, қарық болғысы келеді.

– Біздің білуімізше, сіздің жастық шағыңыз ару Алматыда, КазГУ-дың көркем қалашығында өтті. Негізгі мамандығыңыз диплом бойынша араб тілінің маманы, ал өмірде юмориссіз. Тағдырыңыздағы маңызды бетбұрыс қалай жасалды? Студент кезіңіздегі бастан өткерген қызықтарыңызды еске алсаңыз...

– Иә, менің негізгі мамандығым – араб тілінің маманы. Біздің факультетте білімді қыздар көп еді. Солардың сөмкесінен конспектіні ала салатынмын. Жігіттер санаулы болған соң ба, сыйлы болатынбыз. Бір күні есіріп кеткенім соншалықты, бір қыздан КПСС тарихына қатысты дайын реферат алдым.

Смағұлов деген мұғалімнің сабағы екені әлі күнге дейін есімде. Сөйтсем, тура сол тақырыпты қазақ бөлімінде оқитын Ләззат Төлендиева деген қыз жазып, бір апта бұрын қорғап қойған екен. Ал мен оның бір әрпін өзгертпей алып алғам. Соны ең болмаса көшіріп жазып, алдын ала оқып алсамшы. Мұғалім бір-екі сұрақ қойды. Мыңқ-мыңқ етіп жауап бердім. Қандай әдебиеттер қолдандың? – деді қамшылап әрі көңілі толмай. Карл Маркс пен Лениннен бастап бәрін тізіп оқып шықтым. – Тағы? - деді.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімінің соңындағы Л. Төлендиева деген жазуды оқи салдым. Бүкіл зал ду күлді. Сөйтсем рефератты жазған қыздың аты-жөні екен ғой. Ағай естімей қалды-ау, «не дейді?» деді. – Қазақ бөлімінде Ләззат Төлендиева деген бір қыз бар, сол екеуміз зорға дегенде жазып шықтық, - деп құтылдым ғой.

Зиялының тілі бөлек, күлкісі басқа

– «Хабар», «Қазақстан» телеарналарындағы біршама жобаларға қатысып, тележүргізуші болғаныңыз рас. «Дударай» ойын-сауықтық көңілашар бағдарламасында қазылар құрамында отырдыңыз. Қазір тура мағынасында көк жәшікпен, яғни телеарналармен байланысыңыз қалай?

– Кезінде телеарнада көп жұмыс істедім. Қазір көгілдір экранға түр-тұрпаты әсемдеу адамдарды алады. Біз секілді егде тартқандарды жолата бермейді. Байқауларға да көбіне жастарды қатыстырады. Бұны жақсы үрдіс деп айта алмаймын. Алдыңғы буынды да түрлі байқауларға тарту керек. Өткенде Сәкен Майғазиевтің «Беу» деген бағдарламасын көзім шалып қалды. Соның бірінде қазылықта отырғандардың арасында Исраил Сапарбайдың ғана дұрыс сыни пікір айтқанын естідім.

Көбісінің біліктілігі төмен, дұрыс сын, бағыт-бағдар бере алмайтындығы байқалды. Сондықтан айтары бар, көргені көп Исраил, Дулат ағаларымызға миллион доллар берсе де, қазылар алқасына шақыру керек. Себебі, үлкен кісілер әділ бағасын береді. Сонда қарапайым көрермен адаспайды, мәдениетіміз дами түседі. «Исраил ағаның «Беуде» айтқанын естідіңдер ме?» деп жүрген жерімізде тілге тиек қайтіп айту керек.

Бірінші курста оқыған кезімізде Ғабит Мүсірепов «Қазақ әдебиеті» газетіне «Қайратты» көруге барып қайратымыз кеміп қайтады» деген сыңайда сыни материал жазған. «Ұлттық құрамада неге қазақтың жігіттері доп теппейді?» деп сынаған ғой. Сабақ үстінде біздің ұстаздарымыз: «Біздің зиялы қауым, жазушылар ешнәрсе байқамайды деп ойламаңыздар, тіпті, кеше футбол көретіндіктерін білдіріп қойды» деп сол мақаланы талдағаны есімізде қалыпты. Тіпті, ол мақала Орталық комитетке дейін жеткен. Қазір дұрыс сын жоқ. Зиялының тілі бөлек, күлкісі басқа.

Театрдың методикасы, ойын, фактурасы, бәрі-бәрін орыстардан үйренгенбіз. Сондықтан, біздің табиғатымызға келіңкіремейді. Ұлттық театрлар әлі қазақи қалпына түсе алмай жатыр. Қазіргі жастар орысшадан аударылған әзілдерге күліп жүр. Ынты-шынтысымен емес, күлкі деген осы екен ғой деп күледі. Жүсіп айтпақшы, күлмей бара жатса, артынан музыка беріп, бірнәрсе қып қол соқтырады. КВН деген күлкінің тұрпайы түріне мән беріп кеттік.

10

Ол да керек шығар, бірақ, жеңіл әзіл бірінші орынға шығып кетпеуі тиіс еді. Әлі де болса жастарды театрға шақырып, әдеби кітап оқыту қажет. Көркем шығарманы оқу үшін олардың білім дәрежесі, санасы соған сәйкес болса қанеки?! Бүгінгі жас буынның сана-сезімі ютубтың деңгейімен шамалас боп қалды ғой.

– Аға, сіз қоғамға қапалысыз ғой. Көп нәрсеге көңіліңіз толмайтынын аңғардық. Дәл қазіргі қазақ әзілінің серкесі ретінде сатирамызға қандай баға бересіз? Арзанқол қалжыңдарға қайтсек жол бермейміз?

– Тіл дамыған жерде сатираның да бағы жанып, тасы өрге домалайды. «Балық басынан шіриді» демекші, жастар қазақша сөйлеуі үшін жоғарғы оқу орындарының басшылары қазақ тілінде сөйлесін. Жиналыстарын ана тілімізде өткізсін. Бұл аудан, қала, облыс басшыларына да тікелей қатысты. Барлық билік тармақтарындағы азаматтар туған тілімізге құрметпен қараса, біздің қойылымдарымызға ақша төлеудің де қажеті болмайды. Сонда сатира өзінен өзі дамиды. Кірме әзілдер шеттеп қалады. Өмірден түйгенім осы.

Әңгімеден әңгіме шығады ғой. 2012 жылы Жапониядан Ипо Иччи деген зерттеуші ғалым менімен сұхбаттасуға келіпті. Қазақтың ұлттық әзілі туралы аудармашы арқылы сөйлестік. Жеңге мен қайыніні, балдыз бен жезде, құрдастар қалжыңы, нағашы мен жиен, қазақы қалжыңның барлық түрін қал-қадірімше түсіндірген болдым. «Бұл қалжыңдар қазір сол күйінде қолданыла ма?» деді.

– Менің жасымдағыларда ғана қолданылады, – деп едім.

– Бізде де солай, – деп ұнжырғасы түсіп қалды. Бірақ, бізге қарағанда олардың тілі жақсы сақталыпты. Тек, ұлттық әзілдерін қайтара алмай жүр.

...Анда-санда тойға шығатыным бар. Сондай бір ұзату тойында қыздың әкесі «қызымды көтеріп шығарып салам, күйеубала да көтеріп алып кетсін және өмірінің соңына дейін алақанында аяласын, ауыр жұмыс істетпесін, үйіне қызметшілер жалдасын» деді. «Бір елдің түтінін түтетесің, барған жерде ибалы бол, сәлеміңді сал, ізетіңді көрсет, шырағыңды жақ» дейтін тәрбие жоқ. Үлкендердің өзі ойына не келсе, соны істейді. Осындайлардың кесірінен тіліміз бұдан да төмен бейшаралыққа түсіп барады.

Жүсіп – менің күйеубалам

WhatsApp Image 2019-09-16 at 11.33.29 2

– Өмірде де, өнерде де үзеңгілес досыңыз Жүсіп Ақшораевпен сахнада үнемі бақталас образын сомдайсыздар. Өмірде, шығармашылыққа келгенде келіспей қалатын жерлеріңіз бола ма? Жалпы ширек ғасыр шынайы достыққа сызат түсірмей, қалай сақтап келдіңіздер?

– Жүсіп екеуміз әу бастан бір терінің пұшпағын илеп келе жатқандықтан мұңымыз да, сырымыз да бір. Ал сахнадағы бақталастығымыз – жәй ғана образ ғой. Екеуміздің келіспей қалатын тұстарымыз өте сирек. Сатиралық шығармаларымызды өмір ағымына қарай дамытып отырамыз. Мысалы, қайбір концертте Жүкең Майкл Джексонды билеп шықты.

Біз де өмір ағымына ілесе аламыз дегенді бір бимен көрсеттік. Ой-өрісімізді күлкі қуалап, арзандатып жібермейік деп кейде келіспей қаламыз. Әзілмен айтсам да, басқалай айтсам да, мен оның бастығымын. Жұмыстан тыс уақытта да «үстінен қараймын». Өйткені, ол – менің күйеубалам. Былайғы өмірде де менен кеңес сұрап отырады. Арамызда өзара түсіністік бар.

– Бір сұхбатыңызда Эстрадалық театрлар одағын құрамыз деген екенсіз. Сол сөздің аяғы не болды?

– 2013 жылы «Эстрадалық театрлар одағы» құрылған-ды. Бауыржан Ибрагимов Одаққа төраға болды. Бірақ, ғұмыры көпке созылмады. Тағы да ашсақ па деп жүрміз. Оны құрудағы себебіміз, концертті екінің бірі өткізе бермесін, өнер аяқасты болмасын деген ой. Одақ ашылса, кез келген өнерпаз өзінің талантын дәлелдеп, бағдарламасын көрсетіп, бір жылға лицензия алуы керек. Оның ішінде концерттің билет бағасы да белгіленбек. Фонограммаға жол берілмеуі тиіс. Егер оркестрсіз бір-ақ адам орындаса, онда оның бағасы 1000 теңгеден аспасын.

Оркестрмен жанды дауыста айтса, 5000 теңгеге дейін белгілеуге болады. Сонда Театрлар одағының комиссиясы сахнаға «аспанға қарап, жұлдыз санайтын» әндерді жібермейтін болады. Мәселен, Әбдіжаппар Әлқожаға қарасаң, әжептәуір әнші. Бірақ, әндерінің басым көпшілігі – тойдың әндері. Сахнада көрерменнің жүрегіне жететін әсерлі әндер айтылуы керек. Сонда өнер өлмейді.

– Аға, сөзіңіз аузыңызда, «Шаншарға» қатысатын әншілер тірі дауыспен айта ма?

– Бәрі жанды дауыста айтпайды, арасында екі-үшеуіне шырқатамыз. Жүсіп бір-екі рет жанды дауыста айтып шықты. Көрермен жақсы қабылдады.

– Сахнаға бір көріністі алып шығу үшін қанша уақыт дайындаласыз?

– Бір монологтарға дайындалу үшін 2-3 күн кетеді. Кейбіріне 1-2 жыл уақыт жұмсаймын. Жеке авторлардың монологын өзіме сәйкестендіріп өзгертемін. Мысалы, сатирик Жарылқасын Дәулеттің «Футбол матчынан репортаж» монологын алты ай ойланып, толғанып, өңін айналдырып өзгертіп шығардым.

– Бізде пародия саласы ақсап тұр. Бірді-екілі пародистеріміз айналып Бекболатты, Жүрсінді салады. Олжас Сыдықбеков Иманғали Тасмағамбетовты бір-екі рет салды да қойды. Саясаткерлерді мүлде салмайды. Негізі пародия арқылы да біраз дүниені айтуға болады ғой.

– Пародия – біздің елімізге 80-жылдардың соңында келіп, кенже дамыған жанр. Жалпы, бұл әлем бойынша өте қиын өнер түрі саналады. Кез келген пародистің өнердегі ғұмыры ұзаққа бармайды. Өміршең болғаны өте сирек. Олжастың Иманғали Тасмағамбетовті салған себебі, Премьер-министр болып тұрғанында халықтың алдында ұдайы қазақша сөйлеген осы кісі ғана. Сондықтан, халық оны жақсы көрді, сөздері ел жадында жатталып қалды, құлағында даусы қалып қойды. Жүрсін мен Бекболат та солай. Басқаларын онша тани бермейді.

Солардың айтқан сөзін келтіре бастаса болды, қол шапалақтай жөнеледі. Қоғам қайраткерлерінің қоғамға танымал болғандары аз, содан да пародистер жоқтың қасы. Қазіргілерден Серікжан Біләшті салуға болады. Қалған шенеуніктерді тек басын изеп қана салса жеткілікті.

Үйде жексұрын болғым келмейді

– «Жақсылар, дастан айтайын», «Тұлпар мініп, ту алған» ұлттық жобаларын бір кісідей қолдап жүресіз. Өзіңіз үйдегі немерелеріңізге жыр-дастан оқып бересіз бе? Жалпы, бүгінгінің баласына батырлар жырын оқыту үшін не істеу керек деп ойлайсыз?

- Шынымды айтсам, бүгінгі балаға «Батырлар жыры» мен ертегі айтып беру үшін оның әкесі мен шешесінің санасы дұрыс болуы керек. Өйткені, сіздің ата ретінде айтқан әрбір сөзіңіздің маңыздылығын баланың санасына сіңірмесе бәрі бекер. Ал олар сенің көз алдыңда баласын жаңа көргендей бетінен сүйіп, мойнына мінгізіп жүргенде, жармасып баланы ала алмайды екенсің. «Қойыңдар!» дейсің де қоясың. Түсінген болады, бірақ, құлаққа ілмейді. Ал, баланың қолында – гаджет, компьютер.

Әке-шешесі қолынан сол телефонды тартып алып, қасыңа отырғызып қойса, басқа әңгіме. Ал өзің тартып алайын десең, үйдегі ең жексұрын адам сен боласың. Балаға тыйым салып, «отыр да атаңның ертегісін тыңда, балам!» дейтін әке мен шеше болмағаннан кейін, Абай айтпақшы, «баяғы жартас сол жартас, қаңқ етер, түкті байқамас». Бұл менің ғана шаңырағымдағы жағдай емес, көп қазақтың үйіндегі хәл осы. Абай атамыз осындайларды көріп, күйінгеннен айтқан екен ғой.

– Белгілі сыншы, марқұм Сағат Әшімбаев сырласқан адамдарынан «Не естіп, не оқып, не көріп жүрсің?» деп сұрайды екен. Сіз ше?

– Кітап оқымағаныма көп болды. Соңғы рет кітапханаға барып Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу білік» атты кітабын алып көз жүгірттім. Көне түрік әдебиетін жаным сүйеді. Өйткені, оның ішінде әлі күнге мән-мағынасын жоймаған сөздер көп. Сол афоризмдерді жаттап алғым келеді. Ахмет Иүгінекидің «Ақиқат сыйы» атты кітабы қолыма түспей жүр. Қолыма тисе, балаларыма да оқытамын, бұйыртса.

Естіп жүргенім – өсек. Өсектен басқа ешнәрсе естімеймін. Тек саясатты, Парламентті жыр ғып айтамыз. Жүсіп онымен де айналыспайды. «Неғыласың, бала-шағаңды ойла да, қойсай» деген соң қоя саламыз. Өмір осылай сырғи береді екен. Өзгерген ешнәрсе жоқ.

Бірақ, өзгергенін қалаймыз. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында көптен қордаланған мәселелердің шешілу түйінін айтты. Үмітсіз шайтан деген. Алдағы күндерден күтер жақсылығымыз көп. Халықтың бірлік тұрғысында бір қолдың саласындай бола алатынын Арыс оқиғасы көрсетті. Алла мемлекетімізді қуатты етіп, ынтымағымызды арттыра бергей.

– Аға, тығыз жұмыс кестеңізге қарамай, арасында уақыт тауып, бізбен сұхбаттасқаныңызға алғысымызды білдіреміз. Аман болыңыз!

Страница 20 из 41