Версия для печати

Ұлағаты мол ұстаздар әулеті Избранное

Пятница, 02 Декабрь 2022 05:56 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 727 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Ұстаз болу – адам бойындағы ұлы қасиет. Ендеше, ұстаздық қасиетке барынша адалдық танытып, бар саналы ғұмырын осы салаға арнаған ұстаздарға қандай мақтау-мадақтау айтсақ та артықтық етпейді. Шәкірт санасына білім нәрін сеуіп, ел болашағының нағыз өрендерін тәрбиелеп шығару – екінің бірінің қолынан келмейтіні анық.

29

 

Шымкентте қала әкімдігінің қолдауымен өткен дәстүрлі «Еңбек жолы» дәстүрлі байқауында «Үздік әулет» номинациясы бойынша жүлделі үшінші орынды иемденген ұстаздар әулеті де осынау игі мамандықтың үдесінен шыққандар. «Еңбек адамы» айдарының кезекті кейіпкері ұстаздардың династиясы – Аманқұл әулеті.
Бұл шаңырақта мұғалімдік қызмет ұрпақтан-ұрпаққа лайықты жалғасып келе жатыр. Үлкен отбасында білім саласында еңбек етіп жүрген жанның ең жасы – Назым. Аманқұл Назым Берікқызы – ұстаздық мамандықты таңдап, ата жолын қуып, бүгінде қаладағы №124 жалпы орта білім беретін мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі қызметін абыроймен атқарып келеді.
Назымның әжесі Мейізкүл Ошаева білім саласында 35 жылдан астам еңбек етіп, оқу ісінің үздігі атанған. Қаншама шәкірттерімен мақтана алатын құрметті ұстаз. Кейіпкеріміздің әкесі Берік Жүрсінов қаладағы №100 «Жұлдыз» орта мектебінде 32 жыл ұстаздық еткен. Сол әулеттің келіні Қарлығаш Жүрсінова да аталған білім шаңырағында еңбек жолын кәсіптік білім беру пәнінің мұғалімі болып бастап, бүгінде оқу ісінің меңгерушісі, ұлағатты ұстаз.
Өнегелі отбасының тағы бір мүшесі Бақыт Жүрсінов те білім саласында 23 жылдан бері еңбек етіп, білім саласының дамуына өз үлесін қосып жүр. Қазір білікті ұстаз №105 жалпы орта мектебінде оқу-тәрбие ісінің меңгерушісі. Оның жары Дария Тұрлыбаева – №100 «Жұлдыз» жалпы мектебінде биология пәнінің мұғалімі. Құрметті де, парасатты Мейізкүл әженінің тәрбиелеген ұл-қыздары, немерелері де ел арасында үлкен абыройға ие. Шәкірттерімен бай, шәкірттерімен мақтанады.
Ал Назым еңбекқорлығы, ізденімпаздығы және ізеттілігімен дараланады. Оның білім берудегі жаңашылдыққа жаны құмарлығы оның кәсіби деңгейін шыңдауда. Білім берудің тың әдістерін пайдаланып, оны балаларға ұғынықты жеткізуде қатарластарынан озық алда. Жас маман республикалық инновациялық білім мен педагогикалық әдістеме орталығы, республикалық «OZAT.KZ» ғылыми-педагогикалық, әдістемелік журналының ұйымдастыруымен балалар мен жасөспірімдер арасында өткен байқауда оқушылары дара шықты. «Поэзия, менімен егіз бе едің?!» тақырыбында өткен байқауда білім алушылардың қабілеттерін дамыту, дарынды балаларды анықтау және оларға қолдау көрсетуге қосқан үлесі үшін «Алғыс хатпен» марапатталған.
Нағыз ұстаз болу – бақыт әрі абырой. Құт қонып, бақ дарыған ұстаздар әулеттің ғана емес, қаламыздың ардақтысы атанып отыр.

С.ЖАМАЛДИНОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.