×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 26

Діни сауаттылықты арттыру – дәстүрлі дініміздің берік негізі

Среда, 24 Май 2017 06:02 Автор  Опубликовано в Дін Прочитано 7133 раз

Қазіргі таңда ел аумағында Ақпарат және мәдениет министрлігіне тіркеліп, ресми түрде жұмыс істейтін 44 діни басылым бар. Ендігі жерде, аталмыш ақпарат құралдарының қызметін тиімді үйлестіру, қолына қалам ұстаған дін қызметкерлерін де публицистика жазуға үйрету, мақаланы оқырманға ұсынуда ақпараттың нақтылығына, оның безендіруіне және тақырыбына ерекше мән беру Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының негізгі ұстаным-міндетіне айналуы тиіс.

10-dfyujrtiyk

Осы орайда, басқарманың ОҚО бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен Отырар ауданының орталығы Шәуілдірде «Игілік бастауы – рухани жаңғыру» тақырыбымен діни журналистердің ІІ республикалық форумы өтті. Елдің бірқатар аймақтарынан жиналған форумға қатысушылар алдымен ондағы «Арыстан баб» және Түркістан қаласындағы Қ. А. Ясауи кесенесіне зиярат етіп, бабалар рухына арнап құран бағыштады. Сондай-ақ, Шәуілдір ауылында жаңадан бой көтеретін мешіттің іргетасын қалау шарасына қатысты.

Форумды ашып берген ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкіл имамы Ахметжан Керімбек Басқарма төрағасы, Бас мүфти Ержан Малғажыұлы Маямеровтың жолдаған ізгі лебізін жеткізді. Сондай-ақ, осы салада еселі қызмет етіп жүрген бірқатар азаматтарды Басқарма төрағасының «Алғыс хатымен» марапаттады. 

– ҚМДБ өкілдігінің баспасөз хатшылары мен БАҚ өкілдерінің өзара ақпарат алмасуы, асыл дінді насихаттауда бірізділікке келуі, діни журналистиканы жетілдіруге нақты қадамның жасалуы – шараның басты нәтижесі, міне осы болмақ. Бұл тұрғыда, діни басқарма мен осы салада жүрген тілшілер қауымының жиі бас қосып, «ортақ диалог» құруы – жамағаттың діни тұрғыдан сауатты болуына алғышарт болатыны сөзсіз, – деді Ахметжан Пірәліұлы.

Форум жұмысына қатысқан Отырар ауданының әкімі Ерлан Айтаханов ҚМДБ-ның уағыз-насихат, идеологиялық бағыттағы фунцияларын жүзеге асыруда ақпарат құралдарының мүмкіндігін мейлінше тиімді пайдалануды ұсынды. Бұл бағытта өкілдіктің баспасөз хатшыларын оқыту, біліктілік семинарларынан өткізу, білімін жетілдіру, олардың қызметіне қолайлы жағдайларды қарастыруды, осы арқылы олардың міндеті мен жауапкершілігін арттырудың қажеттігін жеткізді. Ал «Бұқаралық ақпарат құралдарымен жұмыс жүргізудің тәсілдерін» күн тәртібіне ұсынған ҚМДБ-ның баспасөз бөлімінің меңгерушісі Ағабек Сыдықов діни тақырыпта жазу барысында әсіресе, журналистер қауымының ерекше есте ұстайтын этикалық жауапкершіліктерін атап көрсетті.

– Бүгінде діни насихат адамды имани тәрбиелеудің ошағына айналып отыр. Осы тұрғыдан алғанда, ұлттық құндылықтарды ұлықтау, адамгершілік асыл қасиеттерді насихаттауға айрықша ден қойылуда. Себебі, біз зайырлы, яғни, діні мемлекеттен бөлек елміз десек те, бұл имансыз мемлекет дегенді білдірмесе керек. Иман болмаған жерде береке де жоқ. Сондықтан, өскелең ұрпақ санасына ұлттық-діни құндылықтарымызды сіңіре отырып, діни сана қалыптастыруға ден қоюымыз керек, – деді Ағабек Қонарбайұлы.

Діни тақырыптарды жариялаудың мәселелері және конфессиялық саладағы тұрақтылықты қамтамасыз етуде БАҚ-тың рөлі жөнінде жиынға қатысушылар өз ойларымен бөлісіп, пікірлерін білдірді. Айтылған ұсыныстардың ішінде дін тақырыбын жазатын тілшілерді арнайы даярлау мәселесі көпшіліктің қызығушылығын туғызды. 

Биылғы наурыз айында Өскемен қаласында бастау алған республикалық форумның жалғасы іспетті бұл шара тақырыбының ауқымдылығымен, айтылған пікірлердің құндылығымен айшықталды. Ендігі жиын алдағы қыркүйек айында Павлодар қаласында өтетін болып бекітілді.

Жиын соңында талқыға түскен тақырып аясында форумның арнайы қарары қабылданды. Форумға қатысушыларға сертификат, естелік сыйлықтар табыс етілді.

Последнее изменение Среда, 24 Май 2017 06:26