Брифингке Шымкент Темір жол ауруханасының бас дәрігері Жадыра Агишанова, қалалық №1 емханасының бас дәрігері Махамбет Бейсеуов, №6 емхананың бас дәрігері Айгүл Қылышбаева, қалалық №5 емхананың бас дәрігері Жібек Сейдалина қатысты.
– Ковид тұмау сияқты басталады. Бастапқы 14 күн өте қауіпті кезең. Осы уақытта инфекцияны өзгелерге жұқтыру қаупі өте жоғары. Егер дене қызуы көтеріліп, бас ауырып, әлсіздік болып, түшкіріп, тамақ жыбырлап бастаса, тез арада 103-ке, не жергілікті учаскелік дәрігерге хабарласу керек. Емханаға хабар берілгеннен кейін сізге мобильді топ жіберіледі. Мобильді топтың құрамында дәрігер, мейірбике не фельдшер болады. Олар сізді тексеріп, ПТР сынамасын алып, ауру сатысына қарай амбулаторлық деңгейде ем жазып береді. Науқас 14 күн үй оқшаулануында болады, - деді қалалық №1 емханасының бас дәрігері Махамбет Бейсеуов.
Ал қалалық №6 емхананың бас дәрігері А. Қылышбаеваның айтуынша, медициналық мекемеде амбулаториялық деңгейде 3424 науқас бақылауға алынған. Оның 2554-і симптоматикалық түрімен, қалғандары ковид инфекциясының симптомсыз түрімен ауырады. Өткен аптадағы демалыс күндері мобильді топ дәрігерлері 3 мыңға жуық шақыртуға барып, үй жағдайында ем тағайындаған. Сонымен қатар, ковидке күдікті және олармен байланыста болған 1500-дей адамнан үйден ПТР сынамасы алынған.
–Дәл қазіргі күні Шымкентте коронавирус індеті өршіп тұр. Тұрғындардың арасында үйде не дәріхананың егу бөлмесінде ем аламын деп өкпесін 90 %-ға дейін зақымдап, ажал аузына байланған адамдар көп.
Ауру белгілері пайда болған жағдайда тұрғылықты жері бойынша дәрігерге шұғыл жүгінуі керек. Көбінесе пациенттер ақылы емханаларға, дәріханалардағы емделу бөлмелеріне тікелей барады немесе өз бетінше үйде емделеді. Глюкоза қабылдап жатады. Бұдан өкпеге су жиналып, ахуалы одан сайын қиындайды. Ал қант диабеті бар науқастарға глюкоза алуға тыйым салынады.
Осы тұста қала тұрғындарына айтарымыз, бастапқы 14 күнде клиникалық протоколға сай ем қабылдаса, жазылып кетеді. Егер өкпеде сырыл болса, КТ-ға түсуге жолдама беріледі, - дейді Айгүл Орынбасарқызы. Қалалық №5 емхананың бас дәрігері Жібек Сейдалина коронавирусты емдеудің өз протоколы бар екенін айтады. Бірақ, түптің түбінде кәсіби мамандар ғана бұл ауруды емдеп жаза алады. Себебі, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде бекітілген емдеудің клиникалық ережелері мен қаулысы бар. «Біздің міндет – барша азаматтарды аурудың ықтимал салдары туралы ақпаратпен мүмкіндігінше қамту. Вакцина алғандар 100 пайыз ауру жұқтырмайды деу қате. Әркімнің иммунитеті әр түрлі. Сондықтан, әрқайсымыз көпшілік орынға бармай, санитарлық талаптарды барынша сақтап, өзімізді өзіміз қорғауымыз керек», - деді Жібек Маратқызы.
– Дұрысы мамандардан кеңес алып, мобильді бригадаларға дер кезінде көмек алу қажет. Балалар ауырса антибиотик не иммуномодулятор беруге болмайды. Жүкті әйелдерге де солай, - дейді Шымкент Темір жол ауруханасының бас дәрігері Жадыра Мұхамбетқызы.
Сала мамандарының сөзінен ұққанымыз, шаһар тұрғындарының арасында әлі де мобильді бригадалар жайлы ақпарат кемшіндеу. Сондықтан, үйінің жанындағы дәріханадан ем алып, ауруын асқындырып алуда. Ал мобильді топқа хабарласу үшін аймақтық емханаға хабар берсе болғаны. Ауру белгісі білініп бастағаннан 14 күн аралығында клиникалық протоколға сай тиісті ем қабылдау аса маңызды.