ыңнан астам халық тұрады. Жалпы 18 елді мекен бар. Ауыз сумен қамту көрсеткіші 98 %-ға жетіп отыр. Өткен жылы Сайрам, Қызылсу және Бозарық елді мекенінің жаңа құрылыс аумағында ауыз су жүйесінің құрылысы басталған еді. Бұл жұмыстар биыл аяқталады. Сонда ауданда ауыз сумен қамту көрсеткіші 100 %-ға жетпек.
– Ауданда электр жарығымен қамту 98 %-ды, табиғи газбен қамту көрсеткіші 96 %-ды құрайды. Бозарық саяжайы мен Сайрам тұрғын алабының жаңа құрылыс аумақтары электр жарығымен қамтуды қажет етеді. Өткен жылы Бозарық саяжайының жаңа құрылыс аумағына электр желілерін тарту жұмыстары басталды. Қазіргі таңда аталған аумақта абоненттерді тіркеу жұмыстары атқарылуда.
2024 жылы «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 15 балалар ойын алаңы (көп қабатты үй аумағында 5 аула) мен 5 ашық спорт алаңшасын салуды жоспарлап отырмыз. 2025 жылдың соңына дейін көп қабатты үй аулаларын абаттандыруды толық аяқтаймыз, – деді аудан әкімі.
Қаратау ауданы аумағында 2 саябақ, 9 гүлзар бар. Аудан тұрғындарына қолайлы орта қалыптастыру мақсатында аудан аумағында 2023 жылы 6 гүлзар пайдалануға берілген болатын. Биыл 3 гүлзар салу жоспарланып отыр. Атап айтқанда, жаңа гүлзар құрылысы Нұрсәт шағынауданы, Нұрсәт тұрғын алабы және Бозарық саяжайында қолға алынады.