Іс-шарада қала мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов, қалалық денешынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Ермек Дәрменов әлем чемпионын құттықтап, сайыстың маңызын атап өтті.
– Шымкент қаласы спортында тағы бір үлкен жетістік. Руфина бүкіл әлемге Қазақ елін, одан қала берді Шымкенттің атын әйгіледі. Спорт – қазіргі таңда маңызды салалардың бірі. Спорттық жетістіктер елдің әлеуетін паш етеді. Осындай чемпионды тәрбиелеген ата-анасына, бапкерлеріне алғыс айтамыз. Алда әлем чемпионаты, Азия ойындары келе жатыр. Басты мақсат – Олимпиада ойындарына жолдама алу. Сол бәсекелерде сәттілік тілейміз, – деді Б.Нарымбетов.
Шымкент қаласының спортшысы Р.Искакова 23 жасқа дейінгілер арасында С-1 санатында 5000 метрлік сайыста 30:18.59 секунд көрсеткішпен үздік атанды. Сонымен қатар, 1000 метрлік сайыста күміс жүлде жеңіп алды. Әлемнің үздіктері жиналған додаға 65 елден 938 спортшы қатысты. Осы сында еліміздің спортшылары жалпы 5 медальға ие болды.
Іс-шарада жастар арасында әлем чемпионы қолдау көрсеткен баршаға рақметін айтып, келесі лицензиялық жарыстарға, әлем чемпионатына дайындыққа кірісетінін жеткізді.