Сессияның күн тәртібінде қалалық аумақтық және аудандық аумақтық сайлау комиссияларының шығып қалған мүшелерінің орнына ұсынылған үміткерлерді бекіту мәселесі қаралды. Сонымен қатар жаңадан құрылған Тұран ауданының аумақтық сайлау комиссиясының құрамын бекіту мәселесі де талқыға салынды.
Мұнан бөлек еліміздің сайлау заңнамасына енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес, Шымкент қаласы бойынша алдағы сайлауда Мәжіліс депутаттарын сайлау жөнінде 2 округтік сайлау комиссиясы және мәслихат депутаттарын сайлау жөнінде 16 округтік сайлау комиссиясы құрылатын болды. Сесссияда депутаттар аталған мәселелердің барлығы бойынша тиісті шешімдерді қабылдады.
Сессиядан соң «Қазақстан мәслихат депутаттарының бірлестігі» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Төлеубек Мұқашевтің қатысуымен арнайы мәжіліс өтті. Бұл мәжілісті Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы Бахадыр Нарымбетов ашып, жүргізіп отырды.
ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасын қолдау және жүзеге асыру жөніндегі 2022 жылғы 24 желтоқсан күні Ақтөбе қаласында барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының бірлескен үндеуі қабылданған болатын. Бүгінгі мәжілістің мақсаты – аталған үндеуге қолдау көрсету.
Басқосуға Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов, Шымкент қалалық мәслихатының депутаттары мен қалалық Қоғамдық кеңестің мүшелері қатысты.
–Өткен 2022 жылы еліміздің тарихында ерекше орын алатын саяси оқиғаларға толы жыл болды. Еліміздің Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі республикалық референдум мен Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы сынды аса жауапты саяси науқандар сәтті ұйымдастырылып, өткізілді. Еліміздің жарқын болашағын қамтамасыз ету мақсатында атқарылған осы және өзге де шараларға «Қазақстан мәслихат депутаттарының бірлестігі» республикалық қоғамдық бірлестігі де белсенді түрде атсалысып, оның жоғары деңгейде өтуіне үлкен үлес қосты. Оған қоса, былтыр Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, барлық деңгейдегі әкімдер халықпен кері байланысты күшейтіп, тұрғындармен тұрақты түрде кездесіп, тоқсан сайын есеп бере бастады. Шымкент қаласында 2022 жылы 473 кездесу өткізіліп, оған 300 мыңнан астам тұрғын қатысты. Мәслихат депутаттарымен бірлесе отырып атқарылған жұмыстың нәтижесінде аталған кездесулерде қозғалған тұрғындардың ең өзекті мәселелері жүйелі түрде шешімін тауып келеді, - деді Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов.
Мәжілісте Төлеубек Төлеуұлы республикалық қоғамдық бірлестік қызметінің мақсаты мен мән-маңызы және бүгінде атқарып жатқан жұмыстары туралы баяндады.
Шымкент қалалық мәслихатының депутаттары қоғамдық бірлестіктің ҚР Президентінің сайлауалды бағдарламасын қолдау және жүзеге асыру жөніндегі үндеуін бірауыздан қолдады.
Айта кетейік, жиын соңында бірқатар азаматтар «Қазақстанның құрметті депутаты» атағы және төсбелгісімен, сондай-ақ, «Қазақстан мәслихат депутаттарының бірлестігі» республикалық қоғамдық бірлестігінің Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен марапатталды.