Шаһарда қазір жұмыссыздық деңгейі 5 пайызды құрап отыр. Басқарма мамандарының дерегінше, «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту Ұлттық жобасы» шеңберінде биыл 33 500 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланып, 9 айдың қорытындысы бойынша 29 277 адам қамтылған.
Азаматтарды жұмысқа орналастыруда кәсіби маман болуы құпталады. Осы мақсатта жұмыспен қамту орталығы кәсіби білім алуға 2 392 адамды жолдау көзделіп, бүгінде 3 354 адам қысқа мерзімді оқуға жіберілген. Нәтижесінде межеленген жостар 140,2 пайыз орындалды. Жұмыс берушілердің сұранысына сәйкес 1 632 адам білім алса, 760 тұрғын жұмыс берушілердің жұмыс орнында практикалық тұрғыдан білім алған. 1 976 азаматқа кәсіп дағды үйрену үшін онлайн білім беру жоспарланып, бүгінде 962 адам осы бағытта білімін жетілдірген.
Сонымен қатар, биыл 3050 адамға кәсіпкерлікті қолдау бағыты бойынша қызмет көрсету жоспарланған. Соның аясыда «Бастау бизнес» жобасы бойынша 1 900 адамға кәсіпкерліктің негіздерін оқыту көзделсе, азаматтардың кәсіпкерлігін қолдау мақсатында осы жылы 1 150 адамға қайтарымсыз негізде мемлекеттік грант беру жоспарланған. Қазірге дейін 610 шымкенттікке 400 АЕК көлміндегі грант қаржысы аударылған.
Ал субсидияланатын жұмыс орындарына 4 819 адамды орналастыру жоспарланған. Осы бағыт бойынша 1 қазанға дейін жоспар артығымен орындалып, 5 044 адам жұмыспен қамтылған. Атап айтсақ, әлеуметтік жұмыс орындарына – 125 адам, «Жастар практикасы» жобасына – 2 236 жас, ақылы қоғамдық жұмыстарға – 2 357, «Алғашқы жұмыс орны» жобасымен – 291, жаңадан қосылған «Ұрпақтар келісім шарты» жобасы арқылы 17 адам және «Күміс жас» жобасына 18 адам жолданған.