БАЛАЛЫ КІСІ ПАҚЫР БОЛМАС немесе бедеулік үкім емес
Пятница, 16 Октябрь 2020 04:21«Балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар» деген екен бұрынғылар. Халқымыз дүниеге ұрпақ әкелуді, үрім-бұтағын жалғастыруды ең үлкен бақытына балаған. Айтсақ ауыр, айтпасқа тағы болмайды. Елімізде бедеу әйел мен белсіз еркектің қарасы молайып, сәби күлкісі естілмейтін шаңырақтың көбеюі мемлекеттік мәселеге айналып отыр. Ал «Болашақ» стипендиясының түлегі, уролог-андролог дәрігері Бағдат Дәукенов бедеуліктің белең алуы бізде ғана емес, күллі дүние жүзіндегі тенденция дейді.
HR-Process: мұғалімдер жұмысқа ашық конкурспен қабылдануда
Среда, 14 Октябрь 2020 04:20Білім саласындағы өзгерістер өз нәтижесін беруде. Биыл шымкенттік педагогтер жаңа жүйемен жұмысқа қабылданып жатыр. 1 тамыздан бастап «HR-Process» білім саласының кадрларын іріктеудің автоматтандырылған ақпараттық-талдау жүйесі арқылы 313 маман жұмысқа орналасқан.
Компьютермен қамту жалғасуда
Пятница, 25 Сентябрь 2020 04:21
Шымкенттегі қашықтан дәріс алып жүрген оқушылар онлайн оқуға қажетті құрылғылармен қамтылуда.
Жаңа оқу жылында білім басқармасына қарасты мектептердегі 20 201 компьютер әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы отбасылардың балаларына уақытша пайдалануға үлестірілген еді. Осыншама компьютер мұқтаж деп танылған балалардың барлығына бірдей жетпейтіні белгілі. Білім басқармасы қалған оқушыларға су жаңа құрылғылар пайдалануға берілетінін мәлімдеді.
– Иә, пандемия біз үшін үлкен өзгеріс әкелді. Қандай жағдай болмасын әуелі оның қайырлысын көре білген абзал, – деді қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен баспасөз мәслихатында.
– Жаңа оқу жылында шымкенттік оқушылар саны 12320 балаға өскенін байқап отырмыз. Бүгінгі таңда 752 білім беру мекемесінде 330 мыңға жуық шәкірт тәрбиеленуде. Әуелі 904 кезекші сынып ұйымдастырылса, қазір оның саны 3344-ке жетіп отыр. Жалпы қаладағы оқушылардың 22 пайызы немесе 1-4 сыныпта оқитын 49640 бала кезекші сыныптарда білім алуда. Ал қалған оқушылар қашықтан оқуды жалғастыруда. Барлық мектепте «Bilim Land-тің» Onlinemektep.kz және Kundelik.kz онлайн оқу платформасы қарастырылған. Екі аптада педагогтер 4 млн 300 мыңға жуық дәріс өтсе, оқушылардың орындаған тапсырмалары 30 млн-нан асады. Орташа есеппен әр оқушы күніне 18 минут уақытын сабаққа арнаған, – деді Ж.Арысбекқызы.
Шаһардың бас ұстазы қашықтан білім беріп отырған мектептердің онлайн платформаға кіріп, оқушылардың сабаққа қатысуына бақылау жүргізіліп жатқанын атап өтті. Жанат Арысбекқызы онлайн сабаққа кірген үздік отыз мектеп пен аз көрсеткіш көрсеткен дәл осынша мектептің анықталғанын айтты. Оқушылардың сабаққа қатысуы төмен білім мекемелерінің өзінде көрсеткіш 58 пайызды құраған. Ал олқылықтың орнын басқарма басшылығы жаңа құрылғылар сатып алып толтырмақ. Яғни компьтерге мұқтаж балаларға онлайн оқуға қажетті техниканы уақытша пайдалануға беру жұмыстарын ұйымдастыруда.
– Қашықтан білім беру кезінде 80 780 оқушыда компьютер тапшылығы анықталды. Оның 37873-і компьютерге мұқтаж болса,
42 907-і әлеуметтік көмекті қажет ететін отбасылардың балалары. Шілде айында білім басқармасына қарасты мектептердегі 20 201 компьютерді аз қамтылған отбасылардың балаларына (35 798 балаға) пайдалануға бердік. Енді аталған жұмыстың екінші кезеңі жүріп жатыр. Яғни, мемлекеттік тапсырыс аясында сатып алынған қажет құрылғыларды қабылдануда. Барлығын қабылдап болған соң әр мектеп арнайы нөмірленіп, таратылады. Қосымша сатып алынатын компьютерлік құрылғылар саны – 36 355. Оның ішінде 7438 компьютер, 22 716 ноутбук және 4 201 планшет бар. Барлық техниканың хаттамасы білім басқармасының сайты мен
Шымкент қаласы әкімдігінің сайтында орналастырылады. Орташа есеппен айтқанда әр компьютердің бағасы 105 мың теңгеге жуық. Мемлекеттік сатып алу конкурсы нәтижесінде отандық компаниялармен жасалған келісім-шартқа сәйкес барлық техниканы зауыттардан тікелей алдырып жатырмыз. Ата-аналар арзан дүние деп сынауда. Бірақ олай емес, бұлардың барлығы – брендтер, – деді спикер.
Жанат Тәжиева интернет желісінің жылдамдығы төмен 33 елдімекеннің 7-інде интернет сапасы жақсарғанын да атап өтті. Жалпы 18 461 отбасының 31 798 баласы интернетке мұқтаж екенін анықталған. Басқарма тарапынан 17 701 отбасыға «Bilim al» интернет-тарифіне қосылған сим-карталар таратылған. Сондай-ақ, 760 шаңыраққа кабельді интернет желісі тартылды.
Шаһардың бас ұстазы бөліскен жаңалықтың ерекшесі – шахмат сабағы. Алдағы уақытта шымкенттік оқушылардың барлығы шахмат ойынын меңгереді деп жоспарлануда. Бұл мектеп бағдарламасына қосылып жүргізілетін арнайы дәріс болмақ. «Ал мектепте сабақ өткен мұғалімдерге қосымша ақы төленуі қаралған», - деді басқарма басшысы.
Құмайды «құрығына» салуға құмарлар көп
Среда, 26 Август 2020 04:37Шымкентте дәстүр сабақтастығын жалғап, көнекөз қариялардан аңшылық, саятшылық сырын үйренген Қажымұрат Күлпешов есімді азамат бар. Ол иттің төресі тазы ұстап, қазақтың саятшылық өнерін қайта жаңғыртсам деген ниетте. Кейіпкерімізбен қыз-қыз қайнаған қала тіршілігінен тысқарыға, жазық адырға шығып, жойылу қаупі төнген, үш ғасырлық тарихы бар тазы иттер хақында әңгіме өрбіттік.
Атасының бау-бақшасын фотоаймаққа айналдырған келін
Среда, 05 Август 2020 04:21
Елді үнемі таң қалдырудан шаршамайтын Шымкент бұл жолы да көпті елең еткізіп отыр. Үшінші мегаполис тұрғыны өзінің бау-бақшасында «домик в деревне» тұрғызып, кәсібін дөңгелетуде. Жаздың әдемі бір күнінде ерекше кәсіпті игерген іскер әйелдің баламасы жоқ бастамасымен танысып, сұхбаттасқан болатынбыз.
Бүгінде Жансәуле Айнабаева (суретте) әулеттің қара шаңырағын ұршықша иіріп отырған сыйлы келін. Ата-енесін күтіп, күйеуі мен төрт перзентінің жағдайын жасайды. Үлкен шаңырақтың бар шаруасын тындырып, үзілмейтін қонақтарын да жадырай қарсы алып, барын алдарына қойып күтіп алады. Көпбалалы ана өз кәсібінің осы үйдің айналасынан алыстамағанын қалайды. Қандай іс бастаса да нәтижесін көрмейінше жаны жай таппайтын ол бау-бақшасын безендіру арқылы өз бизнесін қолға алды.
– Негізінде бұл менің атамның бағы. Келін болып түскен күннен бастап бұл бау маған ыстық көрінді. Бірақ жыл сайын жеміс ағаштарының өнімін алып, басқа уақыттарда қараусыз жатты. Осы жерді жарамды іске пайдалануды жиі ойлайтынбыз. Бірақ жайқалып өсіп тұрған ағаштарды кесуге қимайтын едік. Ұл-қыздарымның әр қуанышында осы бауға келіп суретке түсетінбіз. Өзім қиыннан қиыстырып үйдегі декорацияларды безендіріп жүремін. Алматыға қыдырып барғанымда дүкеннен әдемі үйшікті бір көргеннен ұнатып, үйге алдырдым. Әкелген кезде кішкентай қызымды соның алдына суретке түсірдім. Ол фонға тек қызым емес, үйімізге келген барлық туыстарым да суретке түсуге қызығатын. Содан осы бауды сурет түсіруге арналған аймаққа айналдыруды жөн көрдім, – дейді ол.
Кәсіпкердің талпынысы мен табандылығының арқасында бастаған ісі халықтың сұранысына ие болды. Адамның бойына қуат, көңіліне шабыт, сезіміне ләззат шапағын шашатын сұлулық пен әсем көріністі өз бақшасынан көре алған ол шалғайда орналасқан үйіне арнайы келетін отбасылар көп екенін айтады. Кәсіпкердің табиғат аясындағы ерекше көрінісін көруге келген шетелдіктер де оң бағасын берген екен.
– Бұл елімізде ғана емес, алыс-жақын мемлекеттерде жоқ кәсіп. Жобаның авторлық құқығы қорғалған. Паттентеп алғанмын. Ал фото аймаққа алты фон жасалған. Мұндағы әрбір заттың өз оқиғасы бар. Шетелден арнайы тапсырыспен алдырып безендірілген дүниелер де бар. Барлығы қолдан жасалған бұйымдар. Фотосессия жасауға келетін адамдар саны шектеулі. 6 адамға дейін кіреді. Фотозонаны бір сағат жалға алып, өздерінің фотографтарымен қалауынша сурет немесе видеороликке түсуіне болады. Мектеп бітірушілер, отбасылар және жас жұбайлар жиі келеді. Тіпті, жігіттер осы жерге келіп қыздарға ұсынысын жасап жатады, – дейді Ж.Мұратқызы.
Адал еңбекпен нәпақа тауып, жеке бизнесін ашып, шағын кәсібін дөңгелетіп жүрген кейіпкеріміз байлықты қол жайып көктен ғана емес, еткен еңбектен тілеу керек екенін айтады. Көпті қуантып, жұрттың қуанышына ортақтасып жүрген Жансәуле Айнабаева жазғы демалыспен қатар келген карантинде ұл-қыздары қарап отырмай, қолғабыс етіп жүргенін де тілге тиек етті.
– Қайткенде де қарекет қылсаң, маңдай теріңді төгіп еңбек етсең, бақыт басын иеді. Менің ата-енем мен өмірлік жолдасым жақсы жандар. Қандай істі қолға алсам да үнемі қолдау білдіріп отырады. Бұл – бизнесте маңызды. Қазір сұраныс бар, бастаған бизнесімнің бағыты жаман емес, – дейді іскер әйел.
– Қазақта «қимылдаған қыр асады» деген аталы сөз бар. Қазіргідей нарық қыспаққа алған заманда артық қаржы көзі болмаса да қиын, – дейді кейіпкеріміз сөз арасында. Кәсіпкердің шағын үйшіктерінің жанына жақын келіп, көздің жауын алатын сұлулыққа ұзақ қарап «ебін тапқан, екі асайды» деген тұжырым жасадық. Үйдің шаруасынан қол үзбей, осындай кәсіпті жүргізудің өзі қазақ келіндері үшін үлгі аларлық іс емес пе?
Табысқа жетелейтін төте жол немесе «Бастау бизнес» жобасы қалай өтіп жатыр?
Пятница, 24 Июль 2020 03:07
Шымшаһарда өз кәсібін бастауға ниеттілердің қатары жыл санап көбейіп келеді. Биылдың өзінде кәсіпкерлік негіздерін оқуға 2500 адам өтінім берген. Оның мыңнан астамы жобаны сәтті аяқтап, сертификатқа ие бола бастаған. Шымкент қаласының Кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырып отырған «Бастау бизнес» жобасы карантиндік режим енгізілгелі онлайн форматқа көшіпті. Сала мамандарының қашықтан қызмет етуі қалай жүзеге асып жатыр? Онлайн оқудың орайын таба алды ма? Осыны сіз бен біз бірге білейік…
Қазір ел ішінде «жұмысты үйде отырып та атқаруға болады. Кеңседе кешке дейін отырудың қажеті шамалы» деген пікір қалыптасты. Көздерін жеткізіп барып айтып отырған пайымдары – бұл. Енді біреулері болса «жұмыс орныңда жауапкершілікті жақсы сезінесің» деген ұстанымда. Бұл әлеуметтік желідегі пікірлердің легі. Ал өңірлік кәсіпкерлер палатасының бөлім меңгерушісі Әділжан
Датқаев пандемия кезінде әрбір азаматтың денсаулығы маңызды деп біледі. Ол азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және коронавирустың таралуына жол бермеу мақсатында Шымкент қаласының Кәсіпкерлер палатасы қызметкерлерінің бір бөлігі қашықтан жұмыс істеу режиміне ауыстырылып, кеңес беру қызметі онлайн форматқа көшірілгенін айтады.
– Шымкент қаласының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің Қаулысына сәйкес, бүгінде 80 пайыз қызметкерлер қашықтан жұмыс істеп жатыр. Тиісінше, біздің жобаларымыз да онлайн форматқа ауысты. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының екінші бағыты бойынша биыл 1850 адамды кәсіпкерлік негіздеріне оқыту көзделген болатын. Жоба түлектерінің 30 пайызына қаржылық қолдау немесе грант бөлінеді деп меже қойғанбыз. Алайда «Бастау бизнес» жобасына сұраныстың өсуіне және халықтың ынтасына сәйкес, қатысушылардың санын 4000-ға дейін көбейттік. Бүгінгі таңда оқыту жүйесін жүзеге асыратын atameken.co платформасына 2500 шымкенттік жобаның бірінші ағымына қатысуға өтінім берген. Ал былтырғы Жастар жылына орай «Жас кәсіпкер» аталымы бойынша 1400 жас, «Бастау бизнесті» 2955 адам оқыды, - дейді Әділжан Әбдіқайырұлы.
Әділжан Датқаев аталған жобада екі түрлі сертификат қарастырылғанын айтады. Бірі бизнес негіздерін оқығаны үшін берілсе, екіншісі тесттен жақсы нәтиже алып, өз бизнес- жобасын ұсынғандарға жобаны сәтті аяқтағаны туралы сертификат табысталады екен. Екінші жағдайдағы түлектер мемлекеттік гранттар мен микроқаржы ұйымдарының 6 пайыздық жеңілдетілген несиелерін алуға үміткер бола алады. Биылғы жылдың бір ерекшелігі көпшілік «стипендия» деп келген қаражат төленбеген. Ә. Датқаев бұл ақшаны жобаға қатысушылардың оқуға келіп-кетуіне қарастырылғанын айтады. Оқыту онлайн өткендіктен, тиісінше жолақысы да қысқартылған.
– Бастауды оқып бітіргесін қорытынды тест тапсырады, сосын бизнес жоба жазатын конструктор ашылады. Бизнес жобасын осында толтырады. Толтырған жобаны Нұр-Сұлтан қаласында арнайы эксперт-маркетологтар бағалайды. Қатысушылар жобаны аяқтады деген сертификат алу үшін эксперттер тексерген жобадан мүмкін болатын 30 баллдан 18 балл жинауы керек. Жинай алмаса, қатысты деген сертификат береді. Жобаны аяқтады деген сертификат алған кез-келген адам грантқа қатысу үшін Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығына өтініш білдіреді. Арнайы комиссия алдында өз жобасын осы жерде қорғайды. Халықты жұмыспен қамту орталығында комиссияға жобаны онлайн /оффлайн қорғайды. Ал комиссия құрамына қоғам белсенділері, кәсіпкерлер мен БАҚ өкілдері кіреді. Сабақтар 21 күнге жоспарланады. Бұл деген сөз 21 күн бойы оқу дегенді білдірмейді. Сабақты тез игеретіндер ары кетсе, 8-9 күнде бітіруіне болады. Ол енді қабілетіне байланысты. Бұл жерде жоба қатысушыларына кәсіпкерліктің негіздерін, басты қағидаларын үйретеді. 12 модуль, 52 сабақ, - дейді Ә.Датқаев.
Ал 8 жылдан бері кәсіпті енді бастағандар мен бизнесмендерге маркетингтік зерттеу, қаржылай есептеу, болжам жасау, сату, өнімдерін өткізу, сынды кәсіпкерлік негіздерін үйретіп жүрген бизнес-тренер әрі жеке кәсіпкер Анар Мұхамедқалиева аталған жоба халыққа балық емес, қармақ ұсынатын бағдарламаның бірі деп біледі.
– Біздің жобаға қатысатын көпбалалы, жұмыссыз, еңбекке қабілетті мүмкіндігі шектеулі азаматтар, елге оралған қандастардың арасында цифрлық сауаттылығы төмен азаматтарымыз бар. Оларға онлайн оқыту кезінде алдымен платформаны қолдануды, содан соң бизнес бастаудың негізгі қағидаларын оқыттық. Онлайн форматта оқыту әдісі бірінші жыл болған соң, әрине бастапқыда кемшіліктер кездеседі. Бірақ қазіргі таңда, онлайн платформасы қажетті деңгейде жұмыс жасап, тыңдаушылырымызға үйлерінде отырып-ақ, кәсіпкерлік негіздерін үйренуге қолайлы мүмкіндік туғызуда. Оқуды аяқтаған соң, қатысушылар жеңілдетілген несие немесе қайтарымсыз грант ала алады. Ең бастысы оларды бизнес-тренерлер 12 ай бойы сүйемелдейді, - дейді ол.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында төртінші жыл қатарынан, бизнес-тренер болып жұмыс атқарып, жұмыссыздарды кәсіпке баулып жүрген Ерболат Әмірханов та жобаның тиімділігін тілге тиек етті.
– Қазіргі таңда оқу Atameken.co және Open Study.kz cайттары арқылы жүзеге асырылуда. Бастау бизнес жобасына қатысып, кәсіпкерліктің қыр-сырын үйренемін деген адамдар өте көп. Мұны бізге оқуға тіркеліп жатқандардың санына қарап байқауға болады. Атап айтсам, қазір 2-ші топты оқыту кезеңі жүріп жатыр. Жалпы екі топты қоса алғанда 230 адам тіркелген. Осындай үдеріспен 20 бизнес жаттықтырушы дәріс өткізіп келеді. Барлығы өз жұмыстарын жетік меңгерген бизнес-тренерлер деп айтуға болады. Оқу 10-маусымда басталды. Курсты аяқтау мерзімі - 21 күн деп белгіленген. Оқу курсы 52 видеосабақ пен тесттерден құралған. Бір күнде қатысушыларымыз 11 сабақты оқып, меңгеруіне болады (лимит). Әр қатысушы, оқу процесі кезінде бизнес-тренермен тікелей жұмыс жасап, консультациялар алады. Жалпы, оқу курсы, қандай кәсіп ашып, кәсіпті дұрыс жүргізу дағдыларына үйретіп, болашақ кәсіпкерлерді дайындап шығарады. Мына індет барша адамзатқа өз зардабын тигізіп жатқанын және әлі біраз уақытқа созылатынын ескере отыра, барша қазақстандықтарға сабырлы болып, бірлесе отырып, барлық қиындықтарды жеңеміз деп сенемін, - дейді Е. Әмірханов.
Жобаны сәтті аяқтап шыққан жас кәсіпкерлердің пікірін білу мақсатында түлектермен тілдескен едік. Анар Абдурашитқызы аталған жоба жайлы туыстарынан естіп, бірден жолдама алуға асыққанын айтады.
– Жұмыспен қамту орталығынан жолдама алуға екі күндей уақытым кетті. Онлайн оқу уақыт жағынан өте тиімді болды. Видеосабақтар түсінікті етіп әзірленген. Ауыл шаруашылығын жүргізіп, егіншілікпен айналыссам деймін. Үлкен көлемде анар, құрма, жаңғақ (фисташки) ексем деген жоспарым бар.
Біздің мемлекетімізде көп мөлшерде тонналап саудалайтын анар баулары жоқ. Ол шет елдерден келеді. Осы кәсіпті отбасымызбен қолға алып, дамытсақ деген ой келді. Қазіргі кезде мемлекет тарапынан каржылай әлеуметтік қолдаулар бар. Соның ішінде өте жақсы нәтиже көрсетіп келе жатқан «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қарапайым халықты бизнес бастауға бейімдеп, тиісті білім беріп, нақты шаруаны игеруге қол ұшын беруде. Бизнеске қолдау, шағын бизнесті дамыту - бүгінгі күннің өзекті мәселесі. «Бастау бизнес» сияқты жобалардың берері көп. Жұмысты неден бастау қажеттігін ұғындыратын оқу курсының берері көп. Бизнес-жоспар жасау, оны дамыту, шағын кәсіпкерлікке бет бұру - тыңғылықты еңбек пен терең білімді қажет етеді.
Қазіргі оқу курстары арқылы және мемлекеттік бағдарламалар арқылы көпбалалы ата-аналарға, аз қамтылған отбасыларға, жастарға өте жақсы көмек болып жатыр, - дейді жас кәсіпкер.
P.S. Берілген мүмкіндікті қалт жібермей, уақыт пен ресурстарды тиімді пайдалана білген әрбір азамат қашанда қоғамда көш ілгері жүретіні ақиқат. Ал өз кәсібін дамытып, еліміздің экономикасына үлес қосуға ынталы жандардың қатары артқаны қуанышты еселей бермек.
ТЫНЫСЫ ТАРЫЛҒАНДАРҒА ӨМІР СЫЙЛАҒАНДАР өз денсаулығын қатерге тігіп жүр
Пятница, 17 Июль 2020 05:15«Тынысы таралып жатыр». Иә, осылай басталатын хабарламаларды әлеуметтік желілер мен месенджерлерде жиі оқып жүрміз.
Жақындары хәл үстінде жатқанын айтып көмек сұраған, дәрі-дәрмек, оттегі баллонын іздеп сабылғандар саябырсығандай бүгінде. Өмірмен арпалысып жатқандар да аз емес. Бұл жолы тіршілікке тыныс сыйлаған жандардың ерлігі хақында қалам тербегім келіп отыр. «Оңтүстік» индустриалды аймағына жолымыз түсіп, «AirGaz» ЖШС зауытының қара жұмыстың қазанында қайнаған майталмандарымен жүздесіп, әңгімелескен едік.
Қаладағы саусақпен санарлық оттегі шығаратын орынның бірі саналатын зауыттың директоры Асқар Батырханов соңғы айда оттегі баллондарына сұраныс бес есе артқанын айтады. Күндіз-түні тынымсыз еңбектеніп жатқан өндіріс орнына бұл үдеден шығу оларға үлкен жауапкершілік жүктейтінін жеткізді.
– Біздің негізгі тұтынушыларымыз металлургия, нефтехимия, нефтегаз саласы. Елде төтенше жағдай жарияланып, блокпосттар қойылып, көп орынның жұмысы тоқтады ғой. Сәйкесінше сұраныс та азайды. Сол кезде біз мықты деген мамандарымызды жұмыстан шығаруға мәжбүр болдық. Өйткені оларға жалақы төлеуге мүмкіндік болмады. Бұл бір. Екінші, бұған дейін тек бір ауысымда қызмет еттік. Қазір жағдай басқа. Сондықтан маман тапшылығы қатты сезіліп отыр. Екі-үш ай болды осында қона жатып жұмыс істеп жүрміз. Сағатына 100 баллон толтырамыз. Таңертең жұмысқа кіріскеннен түнгі 1-2-ге дейін тоқтамаймыз. Өзімнен бастап бәріміз зауыттың ішіндеміз. Барлығымыз да баллондарды толтырумен айналысудамыз, - дейді «AirGaz» ЖШС директоры.
Кәсіпкер зауыттың қауіпті кәсіпорындар қатарына жататынын көпшілікке тағы бір мәрте ескертеді. Мұндағы жұмысшылар алдымен қауіпсіздік ережесімен танысып, кейін арнайы оқудан өтеді. Егер жоғары қысымда жұмыс істеуге рұқсат алмаса, жұмысқа қабылданбайды. Маман тапшылығын сол сынақтан мүлт кететіндердің көптігімен байланыстырады. Ал қалғаны жұмыстың ауыртпалығына шыдас бермейді екен.
– Шыны керек мына жағдайға ешкім дайын болған жоқ. Біріншіден, қазір қызметкерлер өте қатты шаршап жұмыс істеп жүр. Ал жаңадан келгендер тек бір күн ғана жұмыс істеп, бұл тегеурінге шыдамаймыз деп кетіп жатыр. Екінші проблемамыз, қазір мына зауытта пайдаланылатын бөлшектер істен шықса, сонда қиын болайын деп тұр. Себебі зауыттың мұндай режимде жұмыс істеуіне қажетті қосалқы құрылғылар жетіспейді.
Жұмыс тоқтаған заматта жабдықтар мен агрегаттар, детальдары ауысады. Майының деңгейі, оның сапасы тексеріліп тұрады. Машиналарды келесі күнге дайындап, басқа жерін ауыстырамыз. Ал бұзылған кезде тиісті құрылғыларды алдыра салатын шекаралар жабық. Шетелдердегі ахуал да оңай емес. Қазір осында жүрген қызметкерлердің барлығын да мен батыр деп айта аламын. Себебі олар ештеңеге қарамай, өз денсаулықтары мен бастарын бәйгеге тігіп, жұмыс істеуде. Олар да шаршап, титықтап кетеді. Мен де ет пен сүйектен жаралған адаммын. Бірақ басшы ретінде қарамағымдағыларға үнемі қолдау көрсетуім керек. «Сендер майданның алдыңғы шебіндесіңдер. Көрінбейтін жаумен күресіп жатырсыңдар», - деп демеу білдіріп жүрмін, - дейді ол.
Әке жолын қуған ол бүгінгі ел игілігі үшін атқарып жатқан жұмысын өмірінің соңына дейін Оңтүстік өңірінің денсаулық сақтау саласына қызмет сіңірген алтын қолды дәрігер Тілеулес Тіленұлы Батырхановтың еңбегінің жалғасы деп біледі. «Ал үй іші мен жақындарының жүзін көрмей, қызмет етіп жүрген жұмысшылардың жігерінің жасымауына халық себепші. Олардың ақ батасы мен қолдаулары әрбіріміз үшін ауадай қымбат» дейді, зауыт басшысы.
– Қарапайым халықтан көмек те келіп жатыр. Сайрамдықтарды ерекше атап өткім келеді. Жұмысымыздың ауыр екенін естіп, біліп дереу көмекке ағылды. Айтар алғысым шексіз. Қай күні бір келіншек келіпті. – Не көмек керек? – деп. Тамақ жағынан көмектессе болатынын айттым. Сонымен күнде тамақ беріп жіберіп жүр. Осында қызмет етіп жүрген балаларға соның өзі үлкен медеу. Себебі олар қатты титықтап кеткенде «сендер халық үшін жүрсіңдер» деп еңселерін көтеремін. Сол елден қолдау болғанда жігіттер кәдімгідей қанаттанып қалады. Бір жағынан әкімдік тарапынан тасымалдау жағына көңіл бөлінді. Шаһар басшысына өз жағдайымызды жеткіздік. Зауыттың шығыны да еселеп өсіп жатыр. Мынандай дүрбелеңде экономикалық жоспарымыз өзгерді. Керекті құрал-жабдықтарды АҚШ доллары және еуромен сатып алуға тура келеді. Валюта бағамы да құбылмалы. Осы жағы кәсіпкер ретінде мені алаңдатып отыр, - дейді ол.
Қанша сақтанғанымен бүгінде зауыт қызметкерлерінің денсаулықтары сыр бере бастаған. Дене қызуы көтеріліп, тұмауратып қалғандар да бар. Зауыт басшысы дәрі-дәрмек медициналық құрылғылар қажеттігін жасырмады. Тұрғындарға айтары – қатаң тәртіп індетке тоқсауыл екенін ұмытпаса дейді. Өйткені көзбен көргені мен естіген жағдайлары есті шығарады.
– Адамдарға нағыз ес жинайтын кез келді. Жасыратыны жоқ, таныстарымыз келеді «жақыным қатты қиналып жатыр, тез баллон толтырып беріңізші» деп. Қайдан жұқтырды деп сұрасаң, тойға барған еді. Құдалыққа барып еді. Құдайыда болған дейді. Бәрінің сценарийі бір... Әрбір машинаны жіберген сайын ішіндегі баллон азайып келсе екен деп тілеп отырамыз. Егер азайса, онда адам тірі қалды деген сөз. Ал баллон көбейіп қайтып келсе, ар жаққа аттанғандардың да саны өсті деген сөз, - дейді кәсіпкер.
Асқар Тілеулесұлы оттегінің бағасы тұрақты екенін мәлімдеді. Дегенмен қиын қыстау кезде қой терісін жамылған қасқырлар да кездескенін айтады. Олар негізсіз ақша қосып сатқанын естіген. Ендігі жерде осындай жағдай қайталанса, ондай адамдарды зауыттан аттап бастырмайтынын айтты.
Ал жасы алпысты алқымдаған аға зертханашы Мадина Сүлейменқызы да осы зауыттың қызметкері. Ол аталған өндіріс орнындағы медициналық және техникалық мақсатта пайдаланылатын оттегінің сапасын бақылайды. Мынадай қиын шақта Мадина ханым да әріптестеріне барынша қолдау білдіріп жүр. Негізгі қызметін зауыттағы аппараттарды іске қосқанда атқарғаннан кейінгі бос уақытында ұлғайған жасына қарамастан баллон тасиды. Ал кешкілік жиырма шақты қызметкерге күнделікті тамақ даярлайды. Алайда онысын өзі мақтан көрмейді. Керісінше, қысылтаяң шақта халыққа қызмет ету азаматтық борышым деп санайды.
– Қазір бізде ешкім жұмыс таңдап жатқан жоқ. Дәл бүгінгі күрделі кезеңде жұмыс істеп жүрген әріптестерімнің барлығы да ерекше құрметке лайық дер едім, - дейді зауыт майталманы.
Иә, зауыт жұмысшылары қазір мынау мен істейтін жұмыс, мынау сен істейтін жұмыс деп бөлмейді. Оған көзіміз кәсіпорын ішінде өткізген бірнеше сағат ішінде жетті. Қарбалас жұмыс. Дамылдап жатқан жан жоқ. Дәрігерлер аурухана ішінде науқасты құтқару үшін қалай барын салса, мұндағылар да уақытында жеткізілген бір баллон бір адамды ажал тырнағынан арашалап қалатынын сезіп, жанталасады.
Марат Сапақ осы зауытта цех шебері әрі көлік жүргізушісі. Қалада тұрса да, балаларын күнде көре алмайды. Тек арасында жарты сағат қана көріп, мауқын басып жүргенін айтады. Ал ұзақ аялдауға уақыт жоқ.
– Алғашқыда біз бір ауруханаға 30-50-ін апарсақ, қазір бір ауруханның өзі 200 баллон алып жатыр. Жағдай сол – жеткізуге үлгеру боп тұр. Балонның босағанын күтіп ауруханада түнеп қалып жүрген кездеріміз бар. Ал кейде тоқтаусыз тасып кетеміз. Алып келген балондарымыз жарты сағат ішінде таусылып қалған да кездер болды. Негізі жұмыс уақыты тоғыздан алтыға дейін еді. Енді қазіргі жағдайға байланысты тәулік бойы жұмыс істеуге мәжбүрміз. Сондықтан да шығар, шыны керек, бәрі шаршаңқы. Сырттан адамдар көмектесуге келіп жатыр. Сонда да жұмыс көп. Қазір тек машинаны жүргізбейміз. Балондарды саламыз, тасимыз. Жұмыс таңдап жатқанымыз жоқ. Ауруханадан «оттегі бітті» деген хабар жеткен кезде қатты асығамыз. Сондайда жол бергісі келмейтін жүргізушілер де бар. «Кислородтың» не үшін керек екенін білмейтіндер шығар олар. Жайлап бәрі дұрысталса деп тілейміз. Көлікте асығып келе жатқанда, кейде жол бермей тұрып қалатындар бар, солар жұмысымызға түсіністік танытса деймін. Жедел жәрдем секілді біздің де қазіргі жұмысымыз адамның өмірін аман алып қалуға бағытталған, - дейді көлік жүргізушісі.
Марат мырза бізбен осылай қысқа сөйлесті де жолға аттанды. Келесі көлікке қарай аяңдадық. Толтырылған баллондарды көлікке тиеп жүрген шағын денелі ер-азамат. Көтергені өз салмағынан әлдеқайда ауыр. Жүзінен шаршағаны да білінеді. Бірақ оның ешбіріне қарайтын емес. Жүк тасушы һәм оператор Николай Кольнов те әріптесінің сөзін қоштады.
– Таңғы 4-ке дейін де жұмыс істейтін кезіміз болады. Адам өмірін құтқару үшін жанымызды салып жүрміз. Әр баллон 85-90 келі тартады. Менің салмағым 63 келі. Бірақ оған қарап отыратын, шаршадым дейтін жағдай емес. Ауырып жатқандардың барлығының тез сауыққанын қалаймын, - дейді ол.
Байқағаныңыздай қаламыз бен облысты оттегімен қамтамасыз етіп отырған зауытқа жұмыс күші «ауадай» қажет. Жалақысы да төленеді. Тек кейінгі кезде келген мамандар бір күннен артық шыдамай кетіп қалып жатыр деп қынжылады зауыт басшысы. Бәрі де жұмыстың ауырлығын алға тартады екен. Ал тынымсыз еңбек етіп жүрген жұмысшылар «әр алған демі үшін күресіп жатқан адам сезетін қиындықпен салыстырғанда бізге түскен қиындық түк те емес» дейді.
P.S:
Жұмыла көтерген жүк жеңіл! Біз осылай ойлап тұрғанда тағы бір көліктің баллонға толтырып, жүріп кеткені анық. Әр көлік асығып барады. Біреудің әкесін, біреудің анасын, біреудің бауырын құтқаруға...
ҚОРҒАНУ КИІМІ, 15 КЕЛІ МОТОР, АУЫР ЕРІТІНДІ арқалаған жігіттер тұрғындар қауіпсіздігі үшін еңбек етуде
Вторник, 14 Июль 2020 18:57
Елімізде төтенше жағдай жарияланып, карантиндік шектеулер енгізілгеннен бері қала көшелерінде арнайы киімде тұрғын үйлерді, қоғамдық көліктер мен аялдамаларды залалсыздандырып жүрген қызметкерлерді жиі көреміз.
Бет-аузы тұмшаланған, арқасына арнайы ерітінді құйылған үлкен «сөмке» арқалағандардың кім екенін көрмегенімізбен жасаған жұмыстары көзге түсіп тұрады. Содан-ақ тұрғындардың қауіпсіздігі үшін еңбек етіп жүргенін сезесің. Абай ауданы әкімдігінің бір топ қызметкерімен санитарлық тазалық жұмыстарының қалай жүргізіліп жатқанының куәсі болдық.
Жұмыс уақытының басталуына ыңғайлап Абай ауданы әкімдігінің ғимаратына жақындадық. Бізді халықпен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы Бауыржан Данайұлы бастаған жауапты мамандар қарсы алды. Бөлім басшысы қаладағы залалсыздандыру жұмыстары туралы жан-жақты әңгімелеп тұрғанда ғимарат алдына екі арнайы техника тоқтады. Кейін бекітілген көп қабатты тұрғын үйдің ауласына жол тарттық. Келген бойда уақыт жоғалтпай бірден іске кірісіп кетті. Бірі дезинфекциялық сұйықтықты арнайы аппаратқа құйып дайындаса, арнайы қорғаныш киімін киген екіншісі ерітінді құйылған ыдыстан дихлормен үйлердің кіреберістерін залалсыздандыруға кірісті.
Бір қызығы арнайы қорғану киімін киіп, 15 келі моторды арқалаған жігіттің бірі заңгер болып шықты. Таңғалдық, таңырқадық. Кім екенін білгіміз келіп, тезірек танысуға асықтық. Өзін Нұрсұлтан Қыдырмын деп таныстырған жігіт «Жастар практикасы» бағдарламасы арқылы жолдамамен аудан әкімдігіне тап болыпты. Ол наурыз айынан бері коронавирусқа қарсы дезинфекциялау жұмыстарына атсалысып келеді.
– Былтыр қолыма диплом алып, маман атандым. Бірақ өз салам бойынша жұмысқа орналасудың реті келмеді. Бір жылдай Сайрам ауданындағы бір фирмада жұмыс істедім. Ақпан айында қалалық Жұмыспен қамту орталығына жұмыссыздар қатарына тіркеліп, араға екі апта салып жолдама арқылы Абай ауданына келдім. Айлық жалақым – 66 мың теңге. Барға қанағат етемін, – дейді жас маман.
Нұрсұлтанның айтуынша, басында қала тұрғындары олардың жұмысын дұрыс түсінбеген. Түсінбегеннен бұрын қабылдай алмаған. Көбісінде үрей, қорқыныш басым болыпты. «Бізді улап жатыр» деп қорыққан көрінеді. Түрлерін көріп, «Не үшін мұндай киім киіп алған?» деп шошыпты. Сонда олар ерінбей бәріне жағдайды түсіндірген. Кейін келе халықтың көздері үйрене бастаған. Ал бүгінде аула мен тұрғын үйдің алдын залалсыздандырып кетерде алғыс естіп жатады екен. Заңгер жігіт өзінің әсерімен де бөлісті.
– Арнайы қорғаныш киімдерін киіп, барынша сақтық шараларын ұстанамыз. Залалсыздандыру жұмыстарын жүргізіп болған соң, үнемі айран ішеміз. Ал қорғаныш киіміне тоқталып өтсем, ыңғайсыз. Ішіне мүлдем ауа кірмейді. Екі өкпеңді қысып, қара терге түсіреді. Өзіңді қораптың ішіндегі балық секілді сезінесің. Аквариум болса, бір жөн. Мынау ауа өткізбейтін, артық қимыл жасауға келмейтін қорап сияқты. Дегенмен күнделікті киген соң етіміз үйреніп кеткендей. Ал мынау сөмке етіп арқалаған аппараттың салмағы ауыр. Мотордың өзі 15 кг болса, сұйықтық дәрісі тағы осынша келі шығады. Осылайша, бүкіл әлемді алаңдатқан қауіпті індетпен күрес бір минутқа толастамайды. Коронавирустан ертерек құтылып, бұрынғы өмірге оралсақ деп жүрміз. Замандастарымыздың денінің саулығын тілеймін, - дейді ол.
Халықпен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы Бауыржан Данайұлы ауданда жалпы 453 көпқабатты тұрғын үй мен 258 аула бар екенін айтты. Екі-екіден бөлінген он бригада аудан аумағына дезинфекция жасайды екен.
– Біз наурыз айында бастадық. Алғашында әскери қызметкерлер мен жасұландықтар жұмылдырылды. Олар аудан аумағына төрт рет дезинфекция жасады. Ал «Шымкент жасыл қала» тарапынан екі рет санитарлық тазалық жүргізілсе, аудан әкімдігінің қызметкерлерімен бесінші рет залалсыздандыру жұмыстарына шығып отырмыз. Қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы дезинфекциялық сұйықтықты күнделікті беріп отырады. Күніне шамамен 2,5 тонна дайын дәрі алып себеміз, - дейді Бауыржан Қалмұратов.
Ал Абай ауданы әкімідігінің Халықпен жұмыс жүргізу бөлімінің бас маманы Қанат Керімбеков дезинфекциялық тазалау жұмыстарына кіріспес бұрын үш күн қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасында арнайы мамандардан аппараттардың қалай жұмыс істеуін, дәрілерді өз мөлшерінде қосуды үйренгенін айтады. Оның айтуынша дезинфекция құрылғысын бұрын-соңды қолына алып көрген емес.
– Сұйық дәрі адамдардың бет-жүзіне түспеуі керек. Ауладағы ойын алаңшалары мен қоқыс жәшіктеріне, орындықтарға себіледі. Тұрғындарға кепкен соң ғана отыруға кеңес беріледі, - дейді Қанат Шалдарбекұлы.
Біз күнде көріп, кейбіріміз елемей жүрген залалсыздандырушылардың жұмысы ауыр екенін осыдан-ақ түсінуге болады. Олар да дәрігерлер секілді күні-түні коронавирустық инфекциямен күрестің алдыңғы шебінде жүр. Қауіпті індеттің алдын алып, тіпті, дерт анықталған ошақты қорықпай залалсыздандырып жүрген мамандардың еңбегін де бағалап, мақтан тұтуымыз керек.