Соңғы жылдары Қазақстан Қарулы күштерінің қатары білікті мамандармен толықты. Әскери бөлімдердің соңғы үлгідегі техникамен жарақтандырылуы, әр түрлі қажетті құралдармен қамтамасыз етілуі жоғары деңгейде. ҚР Парламент Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева бастаған комитет мүшелері өңірімізге келген екі күндік жұмыс сапарында осыған көз жеткізді. Алдағы уақытта әскерилердің әлеуметтік жағдайы да жақсара бермек.

DSC 1780

Сенат депутаттары Дариға Назарбаева, Икрам Адырбеков, Мұхтар Алтынбаев, Серік Жақсыбеков, Ләззат Қиынов және Георгий Ким сапар барысында өңірдегі Әуе қорғанысы күштерінің әскери бөлімдері, Ұлттық ұлан және Шекара қызметі бөлімшелерінің жауынгерлік әзірлігі мәселелерін зерделеуді мақсат еткен. 

Алдымен, сенаторлар Қазақстан Қарулы Күштерінің Шымкент гарнизонында болып, жеке құрамның күнделікті тыныс-тіршілігімен танысты. Сонымен қатар, авиациялық базаның әскери бөлімдеріндегі жауынгерлік кезекшіліктің ұйымдастырылуын, Су-25, МиГ-29 ұшақтары мен Ми-17, Ми-171Ш және Ми-35М тікұшақтары тұрған әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерін көріп шықты. Радиотехникалық және зениттік зымыран бөлімшелері мен әскери авиация экипаждарының жауынгерлік мүмкіндіктерін де тамашалады. 

DSC 1863

Одан кейін делегаттар ҚР Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының Шымкент қаласындағы 6506 әскери бөлімінде болды. Онда «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, генерал-майор Қайрат Ақтанов депутаттарды әскери бөлімнің жауынгерлік қызметі мен әскердің жеке құрамына жүктелген құқық қорғау міндеттерін, қару-жарақ пен қорғаныс құралдарының жаңа үлгілерімен таныстырып, сондай-ақ, әскери құрылымды одан әрі дамытудағы келешекте атқарылатын істерден хабардар етті. 

Сондай-ақ, сенаторлар ішкі әскердің 1995 жылы тәжік-ауған шекарасында қаза тапқан жаужүрек 17 жауынгердің ескерткішіне гүл шоғын қойып, тағзым етті. «Жас бүркіт» әскери-патриоттық клубының жауынгерлік әдіс-тәсілдері де халық қалаулыларының көңілінен шықты. 

DSC 1726

– «Оңтүстік» бағыт – өте маңызды. Террористік қауіптің алдын алу, шекарамызды күшейту сынды жағдай баса назарда тұрғанын білесіздер. Сол себептен, бүгінгі әскери қорғанысымыздың, шекарашылардың, басқа да әскери құрылымдардың атқарып жатқан жұмыстарының деңгейін білуіміз керек. Әскерилердің қазіргі заман талабына сай қажетті құрал-жабдықтармен қамтылуына жоғары баға беруге болады. Әсіресе, кадрлар мәселесінің уақыт сәтімен шешімін табуы қуантады. Офицерлер өте тәжірибелі. Өздерінің мамандықтарын меңгерген, – деді Сенат депутаты Икрам Адырбеков. 

Бұл саладағы негізгі мәселелердің бірі – әскерлердің әлеуметтік жағдайы. Сенаторлар осы жағдайды терең зерттемек. 

DSC 2112

И.Адырбековтың айтуынша, Отан қорғаушылардың баспана, жалақы мәселесі, басқа да әлеуметтік қосымша төлемдеріне байланысты сауал болса, ол мәселе тиісті органдарға жеткізілмек. 

Жұмысшы топ екі күндік сапар барысында Сабыр Рахымов атындағы «Жас ұлан» республикалық әскери мектебі және Оңтүстік Қазақстан аумағындағы кедендік бекеттердің жұмысымен танысуды жоспарлап отыр. Сарыағаш ауданындағы әскери бөлімде комитеттің жылжымалы отырысы өтпек.

Опубликовано в Саясат
Пятница, 24 Февраль 2017 05:07

Полиция көмекшілері іске кірісті

Шымкентте 154 тұрғын полицейлердің көмекшілігіне қабылданды. Бірнеше іріктеуден өткен азаматтар енді қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге атсалысатын болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

police

Облыс прокуратурасының бастамасымен қолға алынған «Шымкент – қауіпсіз қала» жобасы аясында жұмыссыз жүрген азаматтар осылайша уақытша жұмыспен қамтылды. Жаңадан құрылған жасақ құзырлы орган қызметкерлерімен бірлесіп, қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу шараларын жүргізбек.

Көмекшілер қатарына 18-ден зейнет жасына дейінгі азаматтар тартылған. Оларға арнайы қызметтік киім беріліп, ай сайын 40 мың теңге көлемінде жалақы төленетін болады. 

– Бүгінгі таңда 154 азамат алты ай мерзімге жұмысқа тұрып, полицияға көмектесіп жатыр. Жалпы ақпан айының соңына дейін олардың қатарын 200 адамға жеткізу жоспарланған. Полиция көмекшілері тәртіп сақшыларымен бірге халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Қылмыстың алдын алуға атсалысады, – дейді облыстық прокуратураның басқарма прокуроры Талғат Монтаев.

Айта кетерлігі, жұмыс барысында өзін жақсы қырынан көрсеткен, заңгерлік жоғары білімі бар көмекшіні болашақта полиция қатарына жұмысқа алу жоспарланып отыр.

Опубликовано в Қоғам
Пятница, 17 Февраль 2017 05:11

Сіз де полицей бола аласыз!

Шымкентте Жергілікті полиция қызметінің басшысы қала тұрғындарын бірлесе жұмыс істеуге шақырды.

police 14

Данияр Мейірхан өзінің әлеуметтік желідегі жеке парақшасында қоғамдық қауіпсіздікті сақтауға ниет білдіргендерге арнайы тігілген бас киім мен сөмке, кеудешелер берілетінін мәлімдеді. Сондай-ақ, ол бұл киімдерді өзі киіп көрсетті. 

– Үйде немесе жылы кеңседе отырып: «Көшедегі тәртіпке өз деңгейінде қарамайды, жасөспірімдермен жұмыс істемейді немесе ұрыларды ұстамайды» деп полицейлердің жұмысын жамандау өте оңай. Енді әркімнің полицейлермен бір қатарда тұруына мүмкіндігі бар. Облыстық прокуратураның тапсырмасымен қалалық әкімдік пен Жергілікті полиция қызметі бірлесе қызмет атқаруға қоғамдық көмекшілерді шақырады. Оларға төлемақы Жұмыспен қамту орталығы арқылы жүргізіледі, – деп жазды Д. Мейірхан. 

Сонымен, көмекші болғысы келетіндерге төмендегі талаптар қойылмақ. Қоғамдық көмекші жоғары білімді әрі жасы 29-дан аспауы тиіс. Жалақысы 56 мың теңге көлемінде болады. Ал орта білімі бар азаматтарға 40 мың теңге төленеді. Қосымша ақпарат алу үшін Шымкент қаласы Қожанов көшесінде орналасқан Шымкент қаласының Жергілікті полиция қызметіне хабарласыңыздар. Жеке куәлікпен 209 қызмет бөлмесіне келу қажет. Байланыс телефондары: 8 707 145 31 45 және 8 702 840 26 17.

Опубликовано в Қала
Пятница, 17 Февраль 2017 04:50

Қылмыстың алдын алуға бағытталады

Елбасы Н. Назарбаевтың «5 институционалдық реформаны жүзеге асырудың 100 нақты қадамы» Ұлт жоспарының 32-қадамы  бойынша  «Қылмыстық құқық бұзушылықтар картасы» интернет-порталын құру жөнінде тапсырма берілген болатын. Президенттің осы тапсырмасын орындау аясында ҚР Прокуратурасы «Қылмыстық құқық бұзушылық картасы» интернет-порталын іске қосты.

DSC 7434

Кеше Шымкент қаласы әкімдігінің үлкен мәжіліс залында жаңа жобаның таныстырылымы өтті. Жиынға Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай, Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша басқармасының басшысы Асқар Сапарғалиев, орта білім беру мекемелерінің директорлары және құқық қорғау саласының қызметкерлері қатысты.

– Бұл жоба қолданыстағы «Қылмыстылық картасы» ақпараттық сервисінің негізінде жүзеге асырылады. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде тіркелген қылмыстық құқықбұзушылықтар туралы мәліметтер порталға тұрақты түрде енгізіліп тұрады. Қазіргі уақытта «Қылмыстылық картасы» сервисі барлық облыс орталықтарында, Астана, Алматы қалалары мен 19 моноқалада жұмыс істеп тұр. Әлі де жобаны толыққанды жүзеге асыру үшін 8 моноқала мен 250-ден астам аудан орталықтарында осындай жағрафиялық карта құру жоспарланған, – деді Асқар Сапарғалиев.

DSC 7371

Таныстырылым барысында ақпараттық сервисі арнайы LED-экран арқылы тәжірибе жүзінде көрсетілді. http://service.pravstat.kz электронды мекен жайына тіркелген кез келген азамат сервис қызметін пайдалана отырып, республиканың қай ауданында, қай көшесінде қашан, қандай оқиға орын алғанын анықтай алады. Тіпті, сервис қызметін ұялы телефонға жүктеп алуына да мүмкіндік бар. Аталмыш жоба қылмыс жағдайының ашықтығын қамтамасыз етіп, тұрғындарды болуы ықтимал қауіп-қатерлерден сақтандыруға мүмкіндік бермек.

Опубликовано в Қоғам
Пятница, 03 Февраль 2017 04:48

Шымкент – қауіпсіз қала

Ал жол ережесін сақтамағандарға жаза қатаң

Шымкентте «Қауіпсіз қала» акциясы аясында «Автобус» жедел алдын алу рейдтік шарасы өтті. Қаңтар айының 26-28 аралығын қамтыған үш күндік шара барысында құқық қорғау саласының мамандары қоғамдық және жолаушылар тасымалдау көліктерінің жүргізушілері тарапынан орын алған бірқатар жол қозғалысы ережесін бұзу деректерін тіркеуге алды.

DSC 7916

ТОҚТА! ЖОЛ ТӘРТІБІН САҚТА!

Шымкент ҚІІБ жергілікті полиция қызметі басшысының орынбасары, полиция майоры Бақдәулет Әуелбековтің айтуынша, аталмыш рейдтік шара қала аумағындағы жолдарда апаттық жағдайларды төмендету, жол қозғалысы ережелерін бұзу жағдайларын болдырмау, жүргізушілер арасында көліктік тәртіпті сақтау мақсатында қолға алынып отыр. Оған полиция қызметімен қатар, көліктік бақылау инспекциясы, мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйым қызметкерлері де жұмылдырылған.
– Көп болып жұмыла жасалған жұмыстар нәтижесін беріп те келеді. Мәселен, бұған дейін қыркүйек айында өткен үш күндік шара барысында қоғамдық және жолаушылар тасымалдау көліктері жүргізушілері тарапынан орын алған жол қозғалысы ережесін бұзудың 864 дерегін анықталған. Оның ішінде тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігі жөніндегі міндетті сақтандыруының болмауы бойынша 14, заңсыз қайта жабдықтаудың 18, техникалық байқаудан өтпеудің 105, жаяу жүргіншілерге жол бермеудің 50 дерегі тіркелді, – дейді Бақдәулет Артықбекұлы.

ФОТОРАДАР ҚАЙДА ДЕМЕҢІЗ...

Шымкент – қазіргі таңда Қазақстанның өзге ірі қалаларымен салыстыра алғанда «Қауіпсіз қала» ретінде танылып отыр. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2016 жылы Шымкентте 20 892 қылмыстық құқықбұзушылық орын алса, бұл көрсеткіш Астана қаласында 39 727-ні құраған. Ал Алматы қаласында 66 913 қылмыстық іс тіркелген. Шымкенттегі қылмыстық құқық бұзушылықтың 60 пайызы ұрлық дерегіне тиесілі. Облыс орталығында ұялы телефондар ұрлығы осы қылмыс түрінің жартысына жуығын құраған.
Бұл ретте, бейнебақылау құрылғыларының көмегімен қала аумағындағы қылмыс деңгейі төмендеп, түрлі қылмыстық іс-әрекеттердің ашылу деңгейі жоғарылаған. Мәселен, 2015 жылмен салыстырғанда қала аумағында қылмыстық құқықбұзушылық саны 7,4 пайызға, өте ауыр қылмыстар 21,4 пайызға азайған. Сондай-ақ, өткен жылмен салыстырғанда аса ауыр қылмыстар 6,1 пайызға, ал ауыр қылмыстар саны 26,9 пайызға төмендеген.

DSC 7970

Шымкент қалалық жергілікті полиция қызметі биыл арнайы пилоттық жоба ретінде жылжымалы «КРИС-П» фоторадар кешенін іске қосты. Сала мамандарының берген мәліметінше, бұл құрылғы бірінші кезекте мобильдігімен ерекшеленеді. Яғни, «КРИС-П» жылжымалы фоторадар кешенін пайдалану апат деңгейі жоғары жол учаскелерін автоматты тәртіпте бақылап, жолдағы жалпы ахуалды жақсартуға септігін тигізеді. Қазіргі кезде қала аумағында 3 бірдей жылжымалы фоторадарлық жиынтығы жұмыс істеуде. Ерекшелігі сол, жылжымалы фоторадардың қай жерге қойылатынын алдын ала ешкім білмейді. Өйткені полицейлер оның орнын жиі-жиі ауыстырып отырады. Тіпті қондырғы жанында тәртіп сақшысы мен арнайы белгі де болмайды.
Жалпы, қала мен елдімекен аумағында негізгі жылдамдық мөлшері 60-тан аспауы тиіс. Алайда көлік жүргізушілер бұл заңдылықты ұдайы сақтай бермейді. «Бұл тұрғыда, жаңадан алынған қондырғы осындай заң бұзушылықтың алдын алуға мүмкіндік береді», – дейді тәртіп сақшылары. Қазірдің өзінде орталық көшеде қозғалыс реттеліп қалған. Жолдағы құқық бұзушылықты түгелдей түсіріп алатын жылжымалы фоторадар жеңіл әрі тез құрастырылады. Сондықтан алып жүруге оңай. Оған қоса оны 1,5 шақырымда отырып ноутбуктың көмегімен бақылауға болады. Қондырғы қолайсыз ауа райын да талғамайды. Әрі тәулік бойы жұмыс істейді.

КӨЛІКТІ МАС КҮЙІНДЕ БАСҚАРСА, 483 800 ТЕҢГЕ ТӨЛЕЙДІ

Жергілікті полиция қызметінің материалдық-базасын нығайту мақсатында өткен жылы 35 дана отандық «КІА» автокөлігі, 5 эвакуатор пайдалануға беріліпті. Саланың қажеттілігі бойынша енді 40 дана GPS-қондырғы, 30 дана бейнеқондырғы, 10 дана «Бинар» бейнежазба қондырғысы, 20 дана «Элект» радио және 100 жеңіл автокөлікке ұсыныс жіберілген.

DSC 8958

Сондай-ақ, қала әкімінің тапсырмасына орай, «Шымкент – қауіпсіз қала» жобасы аясында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында Шымкент ҚІІБ-ның Жергілікті полиция қызметі 280 жасты қоғамдық жұмысқа қабылдауға өтінім жолдаған. Яғни, ақпан айынан бастап Шымкент қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы тарапынан 280 жұмыссыз азамат көмекші ретінде жолданбақ.
Жалпы, жол-көлік қызметінде өткен жылы Шымкентте 121 620 жол қозғалысы ережесін бұзу дерегі тіркеліп, нәтижесінде, мемлекет қазынасына 853 миллион 366 мың теңге өндірілген. Жаңа жылдан бастап айлық есепкіш көрсеткіш (АЕК) мөлшері 148 теңгеге ұлғайып, 1 АЕК мөлшері 2 269 теңгені құрады. Осыған байланысты жолда жүру ережесін бұзғаны үшін салынатын айыппұл мөлшері де артып отыр.
Жолда жүру ережесін бұзып, көлікті мас күйінде басқарғаны үшін салынатын ең жоғарғы айыппұл мөлшері жарты миллион теңгеге жуық. Ол 200 АЕК-ті құрайды, яғни 453 800 теңге. Сондай-ақ, аяғы ауыр келіншектер мен зейнеткерлер сынды әкімшілік арест қолданылмайтын тұлғалардан өзге азаматтар 3 жылдан 5 жылға дейін жүргізуші куәлігінен айырылады.
Одан кейінгі ірі айыппұл көлемі – 50 АЕК, яғни 113 450 теңге. Ол көлікті тоқтатқан кездегі ережелерді бұзғаны үшін және мүгедектерге арналған көлік тұрақтарына көлігін қойған азаматтарға салынады. Былтырғы жылы аталған айыппұл мөлшері биылғыдан 7,5 мың теңгеге төмен еді.
Көлемділігі жағынан үшінші орында жылдамдықты 40 км/сағаттан асырған жолаушыларға салынатын айыппұл тұр. Мөлшері – 30 АЕК (68 070 теңге).

 

Айыппұл мөлшері қандай?

Санаты

АЕК

теңге

Жылдамдықты 10-20 км/сағатқа арттыру          

 10

22 690

Жылдамдықты 20-40 км/сағатқа арттыру

15

34 035

Жылдамдықты 40 км/сағаттан арттыру

30

68 070

 

Бағдаршамның қызыл түсіне тоқтамау

10

22 690

Көлік кептелісі кезінде жаяу жүргінші жолағына түсу, қиылысқа тұру

10

22 690

Жаяу жүргіншіге жол бермеу

10

22 690

Қиылыстан өтерде басым құқығы бар көлікке жол бермеу

15

34 035

Теміржол шлагбаумы жабық тұрғанда, шлагбаум жабылайын деп қалғанда ескерту белгісіне қарамастан өту

10

22 690

 

Жүрейін деп тұрғанда, тоқтағанда, бұрылғанда белгі бермеу

5

11 345

Тыйым салынғанжолдарда бұрылу, артқа жүру

10

22 690

Басым құқығы бар көлікке жол бермеу

15

34 035

Жүргінші жолағындағы қозғалыс

Жаяу жүргінші жолағындағы, тротуарлардағы, жол жиегіндегі қозғалыс

15

34 035

Қарсы бағытқа шығу

1 жылға жүргізуші
куәлігінен айыру

 

Тротурарда, балалардың ойын алаңында, арнайы көліктердің орнына көлікті қою

15

34 035

Көлікті жол қозғалысына кедергі келтіретін жерге қою

20

45 380

Мүгедектерге арналған көлік тұрағына көлік қою

50

113 450

Ішкі істер органы қызметкерлерінің бұйрығын орындамау

Көлікті тоқтатуға байланысты

1 жылға жүргізуші
куәлігінен айыру

Ішімдік, есірткі қабылдамағаны жөнінде тексерістен өтуге байланысты

2 жылға жүргізуші
куәлігінен айыру

 

Көлікті мас күйінде басқару немесе оны ішімдік ішкен адамға басқаруға беру

3 жылға жүргізуші
куәлігінен айыру

Мас күйінде апаттық жағдай туғыза жаздау

4 жылға жүргізуші
куәлігінен айыру

Мас күйінде жол-көлік оқиғасына, жол апатына себепкер болу

5 жылға жүргізуші
куәлігінен айыру

Жүргізуші куәлігі жоқ азаматтардың көлікті басқаруы

20 тәулікке әкімшілік арест

Жоғарыдағы ережелерді аяғы ауыр келіншектер мен зейнеткерлер сынды әкімшілік арест қолданылмайтын азаматтар бұзған кезде

200

453 800

 

Жүргізуші куәлігі немесе жүргізуші куәлігінің орнына берілген уақытша куәліктің жүргізушімен болмауы

5

11 345

Міндетті сақтандыру келісім-шартына қол қоюдан бұлтару

20

45 380

Көлік категориясын басқаруға рұқсат беретін жүргізуші куәлігінің болмау

15

34 035

Жүргізуші куәлігінен айырылған адамның көлік жүргізуі

10

22 690

 

Мемлекеттік немесе міндетті техникалық бақылаудан өтпеу

5

11 345

Көлік құралындағы ластану деңгейі немесе дауысы бекітілген нормадан асып кетуі

2

4 538

Мемлекеттік ережеде бекітілген нөмірлерге сәйкес келмейтін нөмірлі көлікті басқару

5

11 345

Мемлекеттік нөмірсіз немесе тіркелмеген нөмірсіз көлікті басқару

10

22 690

Көлікке жалған нөмір орнату

20

1 жылға жүргізуші куәлігінен айыру

45 380

Тежеуіші істен шыққан немесе рөлі басқарылмайтын көлікпен жүру

15

34 035

Арнайы рұқсатсыз жинақталған көлік

15

34 035

Көліктің алдыңғы жағына қызыл түсті жарық орнату, жарықты қайтаратын қызыл түсті құралдар орнату

15

34 035

Көлікке арнайы рұқсатсыз жарықтық белгілер мен дыбыстық белгілер қою (қауіпсіздіктің дыбыстық белгісі кірмейді)

25

56 725

Көліктің түсін арнайы қызметтік көліктермен бірдей қылып бояу

25

56 725

 

Басқа көліктердің жылдамдығын, бағытын күрт өзгертуіне әкеліп, жол-көлік оқиғасына себепкер болу

10

22 690

Жол ережесін бұзу салдарынан өзге көліктерге, жолға, жол белгілеріне өзге де мүліктерге материалдық зиян тигізу

10

9 айға жүргізуші куәлігінен айыру

22 690

Адамның денсаулығына жеңіл түрдегі зиян келтіру

15

1 жылға жүргізуші куәлігінен айыру

34 035

Жүргізуші куәлігінсіз адамның жол-көлік оқиғасына себепкер болуы

20

45 380

Опубликовано в Қала

Cирия елінде қалыптасып отырған бүгінгі ахуал – халықаралық деңгейдегі ең өзекті мәселелердің бірі. Оның салдары күллі әлем елдеріне кері әсерін тигізуде. Экстремизм мен терроризмнің кеңінен таралуы, заңсыз миграцияның көбеюі аталмыш мәселенің өзектілігін көрсетеді. Сондықтан, дүниежүзі елдері бұл жағдайды бейбіт шешуге мүдделі.

astana 4

Апта басында Сирия дағдарысын шешу бағытында келіссөздер жүргізу үшін мүдделі тараптар Астанада бас қосты. Яғни, Сирия Араб Республикасы үкіметі мен Сирия оппозициясы өкілдері, Ресей Федерациясы, Түркия, Иран Ислам Республикасы мен АҚШ елінің өкілдері «Астана процесі» аталған «диалог алаңында» гуманитарлық көмек, соғысты тоқтату және тұтқындарды босату мәселелерін талқыға салды.
Айта кетсек, Сирия шиеленісіне қатысты келіссөздерді Астанада өткізу жөнінде Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин мен Түркия басшысы Режеп Тайып Ердоған ұсынған болатын. Осылайша, Астана процесі 6 жылға созылған жанжалды тоқтатуға бағытталған кезекті бастамаға айналды. 
Айта кетсек, Сирия шиеленісіне қатысты келіссөздерді Астанада өткізу жөнінде Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин мен Түркия басшысы Режеп Тайып Ердоған ұсынған болатын. Осылайша, Астана процесі 6 жылға созылған жанжалды тоқтатуға бағытталған кезекті бастамаға айналды. Осы орайда, бұған дейінгі өткен Женева, Лозанна, Вена мен Мәскеуде өткен келіссөздер айтарлықтай нәтиже бермегенін айта кеткеніміз жөн. Астана процесіне 7 тараптың өкілі қатысты. Атап айтқанда, Сирияның үкіметтік делегациясын БҰҰ жанындағы осы елдің тұрақты өкілі Басар аль-Джафари басқарды. Сириялық оппозиция делегациясында шамамен 15 оппозициялық топтың өкілі бар.
Ресей делегациясына РФ Президентінің сириялық реттеу мәселелері жөніндегі арнаулы өкілі Александр Лаврентьев басшылық жасауда. Түрік және Иран делегацияларын аталған мемлекеттердің Сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары – Седат Онал мен Садек Хусейн Джабери Ансари бастап келді.

Мұнан бөлек, сириялық дағдарысты реттеу процесіне БҰҰ бас хатшысының Сирия жөніндегі арнаулы өкілі Стаффан де Мистура мен Қазақстандағы АҚШ Елшісі Джорд Крол де қатысты.
Келіссөздердің ашылу рәсімі БАҚ өкілдеріне тікелей көрсетілді. Жиыннан хабар тарату үшін 25 елден 380-ге жуық тілші реми тіркелген. Одан кейінгі келіссөздер барысы «жабық есік» жағдайында өтті.

СИРИЯДАҒЫ ТЕКЕТІРЕС АЛДАҒЫ ЖАРТЫ ЖЫЛДА РЕТТЕЛУІ МҮМКІН

Бұл жиынға күні бұрын келген БҰҰ-ның Сирия мәселелері бойынша арнайы елшісі Стаффан де Мистура Ақордада ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауында болды.
– Мен Ресей, Түркия және Иран Президенттерінің Астанада келіссөздер өткізу жөніндегі ұсынысын қабыл алдым. Біз кездесудің жемісті өткенін қалаймыз. Қазақстан кездесуге қатысатын тараптардың бәрімен тең әрі сенімді қарым-қатынаста болғандықтан, келіссөздер қалыпты өту үшін барлық жағдай жасалады деп ойлаймын, – деді екіжақты кездесуде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

astana 4-1

Өз кезегінде, Халықаралық ұйымның өкілі Астана процесі бейбіт өмірдің бастауы боларына сенім білдіріп, бастамашыл істердің ұйытқысы болып отырған Қазақ еліне алғыс сезімін білдірді. 
– Сіздің еліңіз халықаралық аренадағы ең күрделі ахуалды реттеу ісінде зор тәжірибесін көрсетіп, үлгі болып келеді. Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүшелігі Сирия қақтығысын шешудің қосымша мүмкіндігіне айналып отыр, – деді БҰҰ-ның Сирия мәселелері бойынша арнайы елшісі Стаффан Де Мистура.
Астана процесі қатысушыларына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үндеу жолдады. Оны қызметіне жуырда ғана кіріскен еліміздің Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов оқыды. 
– Шамамен 6 жыл бойы жалғасып жатқан қантөгіс түрлі өркениет пен мәдениет тоғысқан өлкеге қайғы-қасіреттен басқа ештеңе әкелмеді. Бейбітшілікті насихаттайтын Қазақ елі БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде Таяу Шығыс өңіріндегі қауіпсіздік пен тұрақтылықтың орнап, беки түсуіне мүдделілік танытады, – делінген Елбасы Үндеуінде. 
6 жылға созылған Сирия қақтығысының жайын зерделеген әлемдік БАҚ құралдары да мұндай келіссөздердің өз нәтижесін береріне үлкен сенім артуда. 
– Бұл жиынға оппозициялық топ өкілдерінің қатысқаны қызығушылықты арттырып отыр. Себебі Сирия оппозициясы деген түсінік біркелкі емес. Ондаған саяси күштің әрқайсысы өзін «сириялық оппозиция» деп атайды. Мен геосаяси бағдарламаның авторы ретінде делегаттардың пікірін білгім келеді. Астана процесін бүкіл әлем бақылады. Тілшілер нәтижесін күтіп, соңғы мәлімдемелер «Қазмедиа орталығынан» тікелей эфирде таратылды. Үстел басында кім, қалай және кімге қарсы отырғандығын да қалт жібермеді. Көптен күткен диалогқа бақылаушы ретінде қатысқан АҚШ елшісі БҰҰ-ның өкілі мен сириялық оппозицияның дәл ортасында отырғаны да назардан тыс қалмады, – дейді шетелдік журналист Андрей Афанасьев. 
Астана процесінен хабар таратуға келген сириялық тілші Алла Ибрагим елдегі жағдайды айтып, ой бөлісті. 
– 6 жылға созылған соғыс халықты әбден шаршатты. Мысалы, Дамаскіде 22 күн ауызсу болған жоқ. Оқтын-оқтын жарық өшіп тұрады. Халық бейбіт күнді аңсайды. Атылған оқтың дауысынан әбден жалықты. Сондықтан біз осы келіссөздерге үлкен үміт артып отырмыз, – дейді ол. 
«Дөңгелек үстел» аясында Сирия билігі мен оппозиция өкілдері келелі келіссөз жүргізді. Екі күндік алқалы жиын соңында бітімгерлік бастамаға қол жетеді деген сенім зор. Осы арқылы төрткүл дүниені алаңдатқан түйткіл реттеледі деп күтілуде. Халықаралық қауымдастық Сириядағы соғыстың аяқталуынан үміт үзбей, қолдағы бар мүмкіндікті қолдануға ниетті. 
Айта кетсек, Астанада сириялық оппозиция топтарының бұған дейін де екі кездесуі өткен болатын. 2015 жылдың мамыр айында өткен алғашқы кездесуде астаналық декларация қабылданған. Бұл құжат лаңкестіктің барлық түрлерін айыптап, бүкіл шетел жасақтарын елден шығаруға шақырған. Келіссөздердің екінші кезеңі қазан айында өтті. Оған қатысқан сириялық оппозиционерлер бұл кездесуді ұйымдастырған Қазақстанға алғысын білдіріп, бейбіт мемлекет Сириядағы жанжалды реттеуге өз үлесін қосатынына сенім білдірген болатын. Дегенмен, Халықаралық қауымдастық тарапынан ұйымдастырылған бұған дейінгі басқосулар бүгінгідей үлкен құрамда өтпегенін де айта кеткеніміз жөн.

ДҮЙІМ ЕЛДІҢ НАЗАРЫ – ҚАЗАҚСТАНДА

Сириядағы жағдайды реттеуге бағытталған келіссөздер туралы шетелдік БАҚ жарыса жазуда. Мәселен, Ресейдің «Коммерсант» газеті: «Алты жылда алғаш рет Сирияның қарулы оппозициясы келіссөзге келді» деп жазады. «Және оған саяси өкілі емес, «Джейш аль-Ислам», «Мұхаммед Аллюш», «Сирияның азат әскері» сынды ұйымдардың жетекшілері басшылық еткен. 15 оппозициялық топ өкілінің кездесуге келуі бұрын-соңды болмаған жағдай», – деп жазады мерзімді басылым. Сондай-ақ мақалада бұл халықаралық қақтығысты реттеуге бағытталған маңызды қадам екендігіне басымдық берілген. «Коммерсант» газетіне берген сұхбатында Түркия Президентінің бас кеңесшісі Ялчын Топчу: «Астана процесі – тарихи оқиға. Бұл кездесу Сирия, Иран, Таяу Шығыстағы бейбітшілік пен тұрақтылықты қалпына келтіруге серпін береді. Мұндай форматтағы кездесу бұған дейін ұйымдастырылмаған, мұның өзі үлкен жетістік», – дейді.

20170124093144

Ал «Би-би-си» арнасы Сирияның ресми билігі мен ондағы қарулы оппозияция алғаш рет Астана алаңында келіссөз жүргізіп жатқандығы туралы ақпарат таратты.
Оппозиция Сирия Президенті Башар Асадтың отставкаға кетуін талап етіп отырғандығы белгілі. Ал Асад ол үшін елдің Конституциясын өзгертуге тура келеді. «Бұл тек рефедендум арқылы жасалады», – дейді.

БЕЛСЕНДІ ЫНТЫМАҚТАСУҒА ШЕШІМ ҚАБЫЛДАНДЫ

Астана процесіне қатысушылар келіссөздер өткізуге мүмкіндік жасаған Қазақстан Президентіне ризашылықтарын білдірді. Бұл жөнінде әлемдік БАҚ өкілдері үшін баспасөз баяндамасын өткізген ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов мәлім етті.
– Біз Астанадағы Сирия жөніндегі халықаралық кездесу үкімет пен опппозиция арасындағы тікелей диалог үшін форма саналатындығын атап өтеміз. Мұны БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2254 қарары талап етеді. Біз қарулы оппозициялық топтардың келіссөздердің келесі раундына қатысуға ниет танытып отырғандығын қолдаймыз. Ол 2017 жылдың 8 ақпанында Женевада БҰҰ құзіретімен өтеді, – деді министр өз мәлімдемесінде. 
Сондай-ақ, құжатта тараптар халықаралық қоғамдастықтың барлық мүшелерін БҰҰ ҚК қарарымен келісілген барлық іс-шараларды жүзеге асырудағы саяси процеске қолдау көрсетуге шақырған. 
– Біз сириялық саяси процесті қамтамасыз ету, жаһандық процестерге және 2254 қарарын жүзеге асыруға үлес қосу үшін БҰҰ көмегімен Астана платформасында белсенді ынтымақтасуға шешім қабылдадық. Біз Қазақстан Республикасының Президенті, Ұлы мәртебелі Нұрсұлтан Назарбаевқа және Қазақстанға өз аумағында, астанада Сирия бойынша халықаралық кездесуді қабылдағаны үшін алғысымызды білдіреміз, – делінген құжатта.

Суреттер kazinform.kz
сайтынан алынды

Опубликовано в Саясат
Среда, 21 Декабрь 2016 05:12

Еліміздегі ең жайлы шаһар

Бұл – қазақстандықтардың қалауы. Тәуелсіз сарапшылар жүргізген сауалнамада қазақстандықтардың басым бөлігі Шымқаланы жайлы шаһар деп тапқан.

IMG 20161215 150606

Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов өзінің жылдық қорытынды есебін осы жағымды жаңалықпен бастады. 

– Ол рейтингті біз жасаған жоқпыз. Ешкімге тапсырыс та берген жоқпыз, өтініш те жасаған жоқпыз. Үлкен тосын сый болды. Сондықтан барлығымыз «ең ыңғайлы қалада тұрып жатырмыз» деп мақтанып қойсақ болады, – деді. 

Ұлы Жібек жолы бойында жатқан көне қаланың 25 жылда ауқымы кеңейіп, экономикасы өсті. Жасыл қаланың бас жоспары бекітіліп, аумағы 117 мың гектарға жетті. Іргелес жатқан үш ауданнан 40 елді мекен қаланың қарауына өтті. Сөйтіп халық саны да миллионға жуықтады. Шаһар бюджеті 1994 жылы 1 миллиард теңге болса, бүгінде 110 миллиард теңгеге жеткен. Инвестиция 200 миллиард теңгеге өскен. 75 мыңға жуық кәсіпкерлік субъект бар. Ширек ғасырда 4 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй салынды. Ел экономикасының өсуі мен еңбекқор халықтың атқарған жұмысының арқасында қала еліміздегі алып мегаполистер қатарына кірді. 

Қалада 1991 жылы 72 білім ұясы бар болса, қазір 169 мың оқушысы бар 129 мектеп жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруде. Ал балабақша саны 129-дан 383-ке артып отыр.

Мемлекеттік қызмет көрсету саласында «Бір терезе» қағидасы бойынша жұмыстар қолға алынып, қала әкімі аппараты мен бөлімдерде «Ашық әкімдік» бағдарламасы енгізілді. Бағдарламаны іске асыру үшін «фронт офис» (бірыңғай кеңсе) құрылды. Енді тұрғындар ешқашан ешкім көтермейтін телефондарға қоңырау шалып әуреленбейді. Не мәселесі болса да, бірден «фронт-офиске» барады. 

2000 жылдардың басында қалада жұмыссыздық деңгейі 17,2 пайыз болса, халық саны екі есеге өскеніне қарамастан жұмыссыздық деңгейі 5,2 пайызды құрап, аталған көрсеткіш жыл сайын төмендеп келеді.

Суретті түсірген
М. ШАҒЫРБАЕВ

Опубликовано в Қала

Қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін облыс прокуратурасы «Шымкент – қауіпсіз қала» жобасын іске асыруда. Осы жоба аясында атқарылып жатқан іс-шараларды талқылау мақсатында жиын өтті. Жиында сөз алған Әл-Фараби ауданы прокуроры орынбасарының әділет кеңесшісі А.Меңлібаев баяндама жасады.

IMG 6795

«ҰРЛЫҚ-ҚОРЛЫҚ» ДЕСЕК ТЕ...

«Қазіргі кезде қоғамдық орында және автокөліктерде қалта ұрлығы оқиғасы көп кездеседі. Жоба негізінде қалта ұрлығынан бөлек жасөспірімдер арасындағы қылмысты болдырмау, жезөкшелік қызметін жою, аялдамада автобус жүргізушісіне уақыт айтып тұратын «секундомерлерді» құрту, кондуктордың қоғамдық көліктің барар бағытын бар даусымен айғайлап, жолаушы жинауы сынды құқық бұзушылықтар мен қылмысқа тосқауыл қою мәселесіне талдау жасалған.
Облыс бойынша 2016 жылдың 10 айында 31 829 қылмыс тіркелсе, оның 19 886-сы, яғни, 65 % Шымкент қаласында орын алған. Осы қылмыстың 10 999-ы (2015 ж.-9111) бөтеннің мүлкін ұрлау қылмысы, яғни ол 55%-ды құрайды. Қала бойынша бөтеннің мүлкін ұрлау қылмысы өткен жылмен салыстырғанда 21% немесе 1888 қылмысқа өскен.
Ал Әл-Фараби ауданында 2016 жылдың 10 айында 6561 (2015 жылы 7104) ұрлық тіркеліп, өткен жылмен салыстырғанда 7,6 %-ға төмендеген. Алайда, аудан көлемінде ұрлық көрсеткіші өсуде. Яғни, былтыр осындай 3045 қылмыс тіркелсе, биыл ол көрсеткіш 3444-ке жетіп, 13%-ға өскен.
Аудан көлемінде тіркелген бұл қылмыс түрінің 1115-і немесе 32,3 %-ы қалта ұрлығы, 412-сі немесе 12%-ы пәтер ұрлығы, 364-і немесе 10,5%-ы ауладағы және көшеде тұрған автокөліктердегі ұрлықтар.
Талдау барысында анықталғандай, қоғамдық көлікте орын алған қалта ұрлығы – 449 немесе 40%. Төлеби көшесінде орналасқан «Жоғарғы» базарда және ірі сауда орталықтарында 343 ұрлық тіркелген. Қалта ұрлығы қоғамдық автобустың барлық бағытында орын алады, оның ішінде №12,102,125,69,84,121,135 және 17 бағыттағы автобустарда жиі кездеседі, – деді А.Меңлібаев өз баяндамасында. Сонымен қатар автор қала көлемінде қылмыстың алдын алу бағытында көптеген жұмыстар атқарылып жатқанын айтып, бірлесіп күресуге, жұмыла жұмыс істеуге шақырды. Қоғамдық көлікте қалта ұрлығын болдырмау үшін автобус иелеріне бейнекамера қоюды ұсынды. Себебі, қылмыс орын алған жағдайда полиция қызметкерлері қылмыс жасаған тұлғаларды оңай анықтай алатынын жеткізді. Қалта ұрлығын кәсіп еткен тұлғаларды танып, полиция қызметкерлеріне тапсырған кондукторға қаржылай сыйлық беру мәселесін де көтерді.

ЖАСӨСПІРІМДЕР АРАСЫНДАҒЫ ҚЫЛМЫС ӨРШІП ТҰР

Жиында сөз алған Әл-Фараби ауданының жергілікті полиция бөлімінің басшысы Ерғали Кенжебаев ауданда жасөспірімдер арасындағы қылмыстың өршіп тұрғанына тоқталды.
– Әл-Фараби ауданының полиция қызметкерлері түнгі сағат 23.00-ге дейін жұмыс істейді. Себебі, жасөспірімдер қылмысы көбінесе түнгі уақытта орын алады. Аудандағы жасөспірімдердің 60-70 пайызы кафе, түнгі клуб, ойынхана, компьютер орталығын жағалап жүреді. Мысалы, кафеге барған соң сыра ішеді, оның арты төбелес, атыс-шабысқа ұласады. Ал ол балалардың ата-анасын бөлімшеге шақырсаң, олар: «Менің баламды көріп қалдың ба, жұрттың баласы да тайраңдап жүр ғой» деп дауласа кетуге дайын. Бізді, полиция қызметкерлерін қарғап-сілейді. Жеме-жемге келгенде осындай жағдайлардың бүкіл қоғамға кесірін тигізіп жатқанын ұғынбайды, – деп ата-аналарды бала тәрбиесіне мұқият қарауға шақырды.
Қалта қағуды кәсіпке айналдырған «Таяуда күнделікті қалта ұрлығымен айналысатын бір орыс азаматшасын құрықтадық. Еңбекші ауданының тұрғыны, екі баласы, күйеуі бар. Күн сайын балабақшадан қайтып келе жатқандай сөмкесіне балаларының киімін толтырып алып автобустарға ұрлыққа шығады. Түріне қарап, «осы әйел ұрлық жасайды-ау» деп ойламайсың. Тергеу барысында ол азаматша қалта ұрлығымен күнделікті 30-40 мың теңге тапқанын айтып салды. Ол – мұны кәсіпке айналдырған. Осындай азаматтардан сақ болайық!» – деп Ерғали Кенжебаев тұрғындарды сақтыққа, әмиян мен қолсөмкеге, ұялы телефонды сыртқы қалтаға салып жүруге абай болуға шақырды.

«СЕКУНДОМЕР» ЖҰМЫСЫНА, КОНДУКТОРДЫҢ «АЙҒАЙЫНА» ТЫЙЫМ САЛЫНҒАН

Аялдамада автобус жүргізушісіне уақыт айтып тұратын «секундомерге» де тыйым салынған. Полиция қызметкерлері осылай дейді. Егер де қоғамдық көлік жүргізушісі оларға ақша бермесе, онда өз-өзінен бұл жұмысты тастап кететіні сөзсіз. Сала мамандары жуырда ғана бір «секундомерді» аңдып жүріп, ұстап, әкімшілік жазамен 15 күнге қамапты.
– Қазіргі кондукторды – кондуктор деп айта алмаймыз. Бейне бір жаршы сияқты. Бар дауысымен айғайлап, жолаушының да, төңіректегінің де мазасын алады. Бұл – дұрыс емес. «Айғайлаған кондуктор» әкімшілік жазаға тартылуы тиіс. Егер сіз сондай кондукторды көрсеңіз, полиция қызметкеріне хабар беріңіз, – деді
Е.Кенжебаев.

АҚИЫҚ АҚЫННЫҢ КӨШЕСІНЕ КІР КЕЛТІРІП ЖҮР

«Қаламыздағы Т.Айбергенов көшесінде жезөкшелер тұратыны жасырын емес. Олар, біріншіден – Қазақстан Республикасының азаматы. Салық комитеті олар жалдайтын пәтерлерге патент берген. Сондықтан біз бас салып оларды құрықтай алмаймыз. Пәтеріне патент берілмеген жезөкшелерді құрықтап, ҚР «Әкімшілік құқық бұзу» кодексінің 449-бабына сәйкес 15 тәулік қамауда ұстадық. Бірі кетсе, екіншісі келіп алады. Әнеугүні бір ақсақалымыз: «Айбергеновтей абыз ақынның атына берілген көшеде лас әрекеттер орын алуда» деп шағым айтты», – дейді полиция бөлімінің басшысы.
Біздің әрқайсымыз – қоғамның мүшесіміз. Егер де жасөспірім түнгі уақытта клуб жағалап жүрсе, қоғамдық көлікте қалта ұрлығы көбейіп кетсе, кондуктор «айғайлап», тұрғындардың тыныштығын бұзса, аты дардай ақынның көшесінде жезөкшелер «тайраңдап» жүрсе, онда оған әрбіріміз жауаптымыз. Себебі, қылмыс немесе құқықбұзушылық орын алса, ол қоғамға қауіп төндірумен қатар әрбіріміздің тұрмыс-тіршілігімізге, өмірімізге көлеңке түсіреді.

Опубликовано в Қала
Пятница, 12 Август 2016 08:35

Skype арқылы сұрақ жолдаңыз

Қалалық жергілікті полиция қызметі мен қала әкімдігі 5 қыркүйектен бастап халықпен Skype желісі арқылы байланысқа шығатын болады. Бұл туралы қалалық жергілікті полиция қызметінің бастығы Данияр Мейірхан өзінің фэйсбук парақшасында мәлім етті. Бейнеконференцияда қала тұрғындары өздерін мазалаған мәселелер туралы айтып, сауалдарын қоя алады.

1433359087 skayp 2Жергілікті полиция қызметінің тәртіп сақшылары әр дүйсенбі сайын шымкенттіктердің бейнеқоңырауларына жауап бермек. Оған қоса, апта бойы «Shymkent mps-ке» қоңырау шалып, бейнесұрақтарды қалдыруға болады. Данияр Мейірханның айтуынша, хабарласқан азаматтардың сауалдары жауапсыз қалмайды.
– Бұл – полиция қызмектерлерінің азаматтар үшін қолжетімді жəне ашық болудың бір қадамы. Қалалықтардың сенімі арқасында тәртіп сақшыларының жұмысы бұдан да нəтижелі болмақ, – дейді қалалық жергілікті полиция қызметінің бастығы.

Skype байланысы арқылы учаскелік полиция инспекторлары мен кəмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлардың қызметіне қатысты шағым не ұсыныстар жайлы айтуға мүмкіндік бар. Д.Мейірхан қалалықтар тарапынан келіп түсетін сауалдардың басым көпшілігі жол қозғалысы қауіпсіздігіне байланысты болатынын алдын ала топшылап отыр. Сондай-ақ, алдағы уақытта бейнеконференция арқылы байланыс жасау дәстүрге айналатынын да атап өтті.

Опубликовано в Заң

Шымкент қаласы әкімі аппаратының басшысы Рашид Аюповтың төрағалығымен «Терроризмге қарсы күрес» тақырыбында жиын өтті.

terror

Онда облыстық ІІД жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Мұсабек Зұлпыхаров қаладағы жұртшылық көп шоғырланған орындардағы қауіпсіздік шаралары бойынша баяндама жасады. Баяндамашы көпшілікті қандай да бір террористік іс-қимыл болған жағдайда дер кезінде полиция қызметіне хабарлауға шақырды.

Бүгінгі таңда Шымкент қаласы аумағында 701 қоғамдық-әлеуметтік нысан бар. Осы аумақтардағы тұрғындардың қауіпсіздік мәселесін тиісті құқық қорғау органдары өз қорғауына алған. Сонымен қатар, экстремизм мен терроризмнің алдын алу туралы арнайы бағдарлама шеңберінде осы орындарда терроризмге қарсы күрес жайлы бейне түсірілімдер көрсетіліп, түсіндірме мәтіндері ілінген.

Опубликовано в Саясат