ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Парламент Сенатына сайлау биылғы жылдың 12 тамызына белгіленгені мәлім. Осыған орай Шымкент қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Қайырбек Құнанбаевқа жолығып, саяси науқанға дайындық барысы туралы сұраған болатынбыз.
– Биыл 12 маусым күні Президент Жарлығы жарияланған соң Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы осы саяси науқанды ұйымдастыру мен өткізудің күнтізбелік жоспарын бекітті. Біз сол 12 маусым күні Шымкент қалалық аумақтық сайлау комиссиясының отырысын өткізіп, аталған күнтізбелік жоспарды бұлжатпай орындау туралы хаттама қабылдадық.
Өзіңізге белгілі, Сенатқа әр өңір мен республикалық маңызға ие қаладан 2 депутаттан сайланады. Биыл 2014 жылғы сайлауда сайланған депутаттардың 6 жылдық мерзімі аяқталды. Ал, 2017 жылы сайланған депутаттардың өкілеттілік мерзімі 2023 жылға дейін жалғасады. Яғни, биыл әр өңірде 1 мандат бойынша сайлау өтеді.
Қазір 13 маусым мен 12 шілде аралығында үміткерлерді ұсыну мен тіркеу жүріп жатыр. Бүгінгі күнге дейін Шымкент қаласында 4 азамат кандидат ретінде ұсынылды. Атап айтар болсақ, қаладағы №77 лицейдің директоры Толқын Аюбаева, Парламент Сенатының депутаты Айгүл Қапбарова, «Нұр Әлем» қоғамдық ұйымының төрағасы Бектай Орманрв және «Медикер ЮК» ЖШС-інің бас директоры Бақытжан Позилов. Барлығының өтініштері қаралды және олардың ҚР Сайлау туралы конституциялық заңының талаптарына сәйкестігі анықталған соң, олар кандидат ретінде тіркелді.
– Кандидаттарға қойылатын талаптар жөнінде айтып өтсеңіз.
– Сайлау заңына сәйкес Сенат депутатына кандидаттарды мәслихат депутаттары ұсынады, сонымен қатар, азаматтардың өзін-өзі ұсынуға да құқығы бар. Азамат Парламент Сенаты депутаттығына үміткер болуы үшін ҚР Конституциясы мен «ҚР Сайлау туралы» Конституциялық заңында көрсетілген барлық талаптарға сай болуы тиіс. Атап айтар болсақ, 30 жасқа толған, жоғары білімді, Қазақстанда соңғы 10 жылда тұрақты тұрған, кем дегенде 5 жыл еңбек өтілі бар, өзінің қаласында, аймағында, яғни Шымкент қаласында соңғы 3 жылда тұрақты тұрып келе жатқан кез келген азамат кандидат бола алады.
– Сенат сайлауының өзге саяси додалардан өзіндік ерекшеліктері бар ғой. Оқырман қауымға осы сайлаудағы дауыс берудің ерекшеліктері туралы айтып беріңізші.
– Сенат депутаттығына сайлау азаматтардың жанама дауыс беру құқығы арқылы жүргізіледі. Яғни, ұсынылған кандидаттарға сайлаушы ретінде тек қана әр өлкенің мәслихат депутаттары дауыс береді. Бір қарағанда, бұл сайлауға ел тұрғындары ешқандай дауыс бермейтіндей және ықпал ете алмайтындай көрінеді. Бірақ бұл ой тек сырттай қарағанда ғана. Өйткені, Сенат депутатын сайлайтын мәслихат депутаттары кезінде өздерін сайлаған өз өлкелерінің азаматтарының көзқарасын есепке алып, солардың мүдделерін көздеуге міндетті.
– Сайлауалды үгіт-насихат науқаны қай уақытта жүргізіледі.
– Орталық сайлау комиссиясы бекіткен күнтізбелік жоспарға сәйкес, кандидаттар үгіт-насихат жұмыстарын 23 шілде мен 10 тамыз аралығында жүргізуге құқылы. Бұл үшін кандидаттар арнайы есепшот ашып, сол есепшот арқылы заңда белгіленген мөлшерде қаражат жұмсай алады. 11 тамыз сайлау алдындағы тыныштық күні болып есептеледі. Ал, 12 тамызда Шымкент қалалық мәслихаты мен аумақтық сайлау комиссиясының бірлескен отырысы өтеді. Онда маслихат депутаттары өздері қалаған кандидатқа жасырын дауыс береді.
– Болашақ сенатордың бойында қандай қасиеттер болуы керек деп ойлайсыз?
– Біздің елімізде Парламенттің құрылымы, сонымен қатар, оның палаталарын қалыптастыру тәртібі жалпыәлемдік тәжірибеге сай. Депутаттық корпустың жоғары кәсіби деңгейі қабылданатын заңдардың сапасын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, Сенат заң шығарушы органында өңірлік мүдделердің тиімді білдірілуін де қамтамасыз етеді. Дегенмен, Сенат депутаты жұмысының ерекшелігі сонда, ол тек белгілі бір өңірдің атынан өкілдік етіп қана қоймай, бұл мүдделерді жалпы мемлекеттік мүдделермен және міндеттермен үйлестіре білуі тиіс. Егер депутаттар осы талаптың үдесінен шыға білсе, Сенат мемлекеттіліктің сенімді тірегі болары сөзсіз.
– Әңгімеңізге рахмет!