Оңтүстік журналистикасында өзіндік орны бар Айгүл Ерданқұлқызы бүгінде асқаралы 60 жасқа толып отыр. Жиында Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасы директорының міндетін атқарушы Г.Алпысбаева, фантаст-жазушы С.Исақ, «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Б.Тайжан, еңбек ардагері П.Алшабаева, «Дөңгеленген дүние» газеті редакторының орынбасары А.Әбуов, Шымкент қалалық саяси қуғын-сүргін музейінің қызметкері Ғ.Байсейітова, Мәдениет саласының ардагері М.Жұмалиева, «Шұғыла» газетінің редакторы Б.Қалбырова замандас-қаламгерге ізгі тілектерін айтып, естеліктермен бөлісті.
Кездесу барысында Айгүл Мамытқа жастар тарапынан «Өзіңіз жас, өзіңізді қалай жақсы ұстағансыз?» деген сауал қойылды. «Мен өз кәсібіме адал болдым. Ешкімнің соңынан шам алып түсіп, ар-намысына тимедім. Жақсылықтың жаршысы болуға тырыстым. Көңілінде кірбіңі жоқ адам қартаймайды деп ойлаймын» деп жауап берді қаламгер.
Сөз алғандардың барлығы дерлік Айгүл Мамытқа жүрегі таза журналист деп баға берді. Бұл өз кәсібін ардақтаған жанға берілген жоғары баға.
Замира АЛДАБЕРГЕНОВА