Республикалық дода Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы және Жастар жылы аясында «Qazaq epos» қоғамдық қорының бастамасымен ұйымдастырылуда.
Қалалық ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы Жанар Бектаеваның мәлімдеуінше, жоба өскелең ұрпақты патриоттық рухқа тәрбиелейді. Халық поэзиясына, рухани асыл мұрамызға деген сүйіспеншілігін арттырады. Елдік пен ерлік рухын сіңіріп, намысшылдық пен қайсарлыққа баулиды.
Аталмыш жобаға 116 мектептен 1094 оқушы, 610 мұғалім қатысады. Үміткерлер 5206 жолдан тұратын «Қобыланды батыр» жырының Марабай жырау нұсқасын жатқа айтады. Байқаудың аудандық кезеңі 28-31 қазан аралығында өтеді. Ал жүзден жүйрік шыққандар 6 қарашада бақ сынайды.
– Қатысушылар жырды толық жаттап, көнерген сөздердің мағынасын түсіндіруі тиіс. Сондай-ақ, қазақ тілі мен әдебиеті оқулығынан әзірленген сұрақтарға жауап береді. Ақтық сында 12 үміткер бақ сынайды, - деді «Qazaq Epos» қоғамдық қорының Шымкент қаласы бойынша ұйымдастыру комитетінің жетекшісі Кенжебай Нұрдәулет.
Айта кетейік, жеңімпаздарға берілетін сыйақы қомақты. Аудандық кезеңде 1,2 және 3-орын иелеріне 50-150 мың теңге аралығында сыйақы беріледі.
Ал ақтық сында жеңімпаз 1 миллион теңге жүлдеге ие болады. Сонымен қатар, 2-орынға – 600 мың, ал 3-орын иегеріне 300 мың теңге табысталады. Жыр жаттауға дайындаған жетекшілерге де жүлде қоры жоғары.