Өз заманында жерұйық іздеген Асан қайғы бабамыз желмаясына мініп желдіртіп, Сарыарқаны аралап жүргенде Есілдің бойын көріп, «Алты күнде ат семіртіп мінетін жер екен» деп бағасын беріпті. Одан беріректе Алаш арыстарының бірі Әлихан Бөкейхан «Қазақты автономия қылсақ, Қараөткел – Алаштың ортасы, сонда университет салып, қазақтың ұл-қызын оқытсақ, «Қозы Көрпеш – Баянды» шығарған, Шоқан, Абай, Ахмет, Міржақыпты тапқан қазақтың кім екенін Еуропа сонда білер еді-ау», деген екен.
Асыл бабалардың арманы ақиқатқа айналғаны осы шығар. Бұрын Қараөткел, Ақмола, Целиноград аталған қазіргі елорда заманауи сәулеттің мүмкіндіктері толық көрініс тапқан һәм көз жанарын алған көрікті шаһарға айналды. Әрине, әлемдегі кез келген қаланың келбеті дегенде, ең алдымен, сәулет көрінісі көзге түседі. Осы орайда назарларыңызға елордамыздың ең танымал 10 ғимараты туралы маңызды мәліметтермен бөлісуді жөн көріп отырмыз.
1. БӘЙТЕРЕК – БЕЙБІТШІЛІК ҰЯСЫ
Бәйтерек – Нұр-Сұлтан қаласындағы сәулет құрылыс кешені, сәулет өнерінің бірегей туындысы. Елорданың ең көрнекті ғимараттарының бірі. Негізгі идеясы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың эскиз-нобайы негізінде өмірге келді. Елбасы қасиетті «Самұрық» құсы туралы ежелгі қазақ аңызына сүйеніп, осы алып ескерткіштің нобайын сызып берді.
Есіл өзенінің сол жағалауында 2002 жылы бой көтерген зәулім «Бәйтеректің» биіктігі – 97 м. Бұл сан кездейсоқ емес, 1997 жыл – ел астанасының Алматыдан Нұр-Сұлтан қаласына ауысқан жылы.
«Бәйтерек» қазақ халқының қайта өрлеуі мен түлеуінің, мемлекеттілігінің, биіктік пен тереңдіктің, кеңдіктің белгісі, дархандықтың көрінісі іспетті. Ол бейбіт өмір мен келісімге ұмтылған барлық қазақстандықтардың ғұмырлық мұратын білдіреді.
2. АҚОРДА – ЕЛІМІЗДІҢ БАСТЫ ОРДАСЫ
Ақорда – ҚР Президентінің Резиденциясы. Есілдің сол жағалауында орналасқан. Ақорданың құрылысы 2001 жылдың қыркүйегінде басталып, ресми тұсаукесері 2004 жылдың желтоқсанында өтті.
Ғимарат жер бетіндегі 5 және жер астындағы 2 қабаттан тұрады. Мемлекет басшысы резиденциясының атауында терең мағына бар. «Ақ» сөзі түркілік мәдениет семантикасында ең алдымен қасиеттілікті (киелілікті) білдіреді. Бұл ұғым шаттық пен сәттіліктің, шынайылық пен мәрттіктің, ар-ұят пен жақсылықтың нышаны.
3. «ХАН ШАТЫР» - НОРМАН ФОСТЕРДІҢ СӘУЛЕТ ҒАЖАЙЫБЫ
«Хан Шатыр» сауда және ойын-сауық кешені елорданың 12 жылдық мерейтойына орай 2010 жылы ашылды. Биіктігі - 200 метр. Бұл сауда және ойын-сауық орталығында ең үлкен қалалық бақ, ірі сауда орталықтары, кинотеатр, концерт залдары бар. Орталықтың ішінде тропикалық бақтар, гүлзарлар, субұрқақтар орналасқан.
Әйгілі сәулетші Норман Фостердің қиялынан туған сәулет ғажайыбы – «Хан Шатыр» Орталық Азиядағы баламасыз әрі ең ірі архитектуралық жоба. Тағы бір атап өтетін жайт, «Хан Шатыр» «Forbes Style» журналының нұсқасы бойынша әлемнің ең үздік 10 экоғимараттарының тізіміне енген.
4. «ПИРАМИДА» ПАРИЖДЕГІ ЭЙФЕЛ МҰНАРАСЫНДАЙ КӨЗ ТАРТАДЫ
Пирамида іспетті етіп тұрғызылған сарай 2006 жылы 2 қыркүйекте салтанатты түрде ашылды. Ғимарат ағылшын архитекторы Н.Фостердің жобасымен салынған. Бейбітшілік пен келісім сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясының халықаралық және дінаралық келісім орталығы, мұражай, 1,500 орынды опера залы, қысқы бақ орналасқан.
Сарай ғимаратының құрылысы құбылмалы ауа райын ескере отырып салынған. 60 градус бұрышта қиғаш қозғалатын лифттер де сарайдың бірегейлігі саналады.
Бейбітшілік пен келісім сарайы – сәулет өнерінің бірегей туындысы. Болат пен тастан тұрғызылған сарай өзара рухани түсінушіліктің жаһандық орталығына айналды.
5. ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ ЕҢ ЗӘУЛІМ ҺӘМ ЕҢ ӘДЕМІ МЕШІТ
Елорда жамағатының иықтаса Аллаға сыйынар имандылық ордасы - Әзірет сұлтан мешіті. 12 мың адам сыятын мешіттің жалпы құрылыс аумағы 18 мың шаршы метрді құрайды. Ғибадат үйі үш қабаттан тұрады. 2012 жылы 6 шілдеде Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен салтанатты түрде ашылды.
Елбасы мешіттің ашылу салтанатында салмағы 40 келі болатын көне Құран Кәрімді сыйға тартты. Болжам бойынша XII ғасырда жазылған, Қазақстанға шамамен XIV ғасырда әкелінген Құран Кәрім кітабы қазіргі Түркістан облысынан табылған еді.
Ғибадат үйінің аумағында 745 көлікке арналған ашық автотұрақ тұр. Үлкен намаз залындағы биіктігі 51, ені 28 метрлік күмбезді Орталық Азиядағы ең үлкені екенін айта кету керек. Әйнегі таза хрустальдан, негізгі бөлігі жезден жасалған салмағы 3 тонналық люстра арнайы осы мешіт үшін дайындалған.
6. «НҰР ӘЛЕМ» – «МҰНАЙДЫҢ СОҢҒЫ ТАМШЫСЫ»
«Нұр Әлем» сферасы туралы бүгінде әрбір қазақстандық пен көптеген шетелдіктер біледі. Себебі, ол «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің ең танымал нысаны болды. «Нұр Әлемді» елорданың ғана емес, тұтас Қазақстанның жаңа символы деп атауға болады.
Сфера ЭКСПО-2017 кешенінің дәл ортасында орналасқан. Шар тәрізді шыны ғимараттың диаметрі 80 метрді құраса, биіктігі 100 метрге жетеді. Жоба авторы, неміс сәулетшісі кіші Альберт Шпер «Нұр Әлемнің» «мұнайдың соңғы тамшысы» және барша адамзаттың болашақтың энергиясына өтетін дәуірі ретінде ойластырғанын айтқан еді. «Нұр Әлемге» саяхатты сегізінші қабаттан бастаған жөн.
Бұл қабатта туристердің сүйікті орнына айналған шолу алаңы бар, ол жақтан қаланың таңғажайып көрінісін тамашалауға болады. Сондай-ақ, қонақтар мұнда шыныдан жасалған көпірмен жүре алады. Бұл мөлдір көпір бір уақытта 7 тоннаға дейінгі салмақты көтере алады.
7. ЕЛІМІЗДЕГІ ЕҢ БИІК АНСАМБЛЬ
Қазақстан теміржолы ғимараты – елордадағы ең биік ғимараттардың бірі. Заманауи үлгіде жасалған зәулім үй астананың мақтанышына айналды.
2010 жылы пайдалануға берілген. Әр мұнараның биіктігін ескере отырып, екі нысанның арасындағы дәліздер арнайы шарнирлерге орнатылған. Жобаға сәйкес, қатты жел соққанда ғимараттың үстіңгі жағы қозғалып тұрады.
8. МИНИСТРЛІКТЕР ҮЙІ – ЕЛОРДАНЫҢ ЕҢ ҰЗЫН ҒИМАРАТЫ
Елорданың ең ұзын ғимараты саналатын Министрліктер үйі қаланың ажырамас бөлшегіне айналды. Ұзындығы 1,5 шақырым, жалпы аумағы 228 мың шаршы метрді құрайтын бұл ғимаратсыз Нұр-Сұлтан қаласын елестету мүмкін емес. 20 блоктан тұратын ғимарат 8 қабатты, 10 қабатты биіктіктен тұрады.
2006 жылы ашылған. Бұл ауқымды нысан Үкімет, Сенат, Мәжіліс, Ақорда және алаң айналасындағы өзге де ғимараттармен бір кешенде ойластырылған және Бас жоспарға әкімшілік-тұрғын үй кешені ретінде енгізілген.
9. «НАЗАРБАЕВ ОРТАЛЫҒЫ» ЖАСТАРДЫ ОТАНСҮЙГІШТІККЕ ТӘРБИЕЛЕЙДІ
Аспанмен таласқан ғимараттар арасында «Назарбаев орталығының» алар орны ерек. Бұл жерге жыл сайын алыс-жақын елдерден 200 мыңнан астам адам келеді. Келушілер ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке кітапханасымен танысып, Елбасыға табысталған түрлі сыйлықтарды көріп, әр кезде түскен естелік фотосуреттермен таныса алады.
Ғимаратқа кіру тегін. «Назарбаев орталығы» демалыс күндері де жұмыс істейді. Кешеннің жалпы аумағы 30 мың шаршы метрді алып жатыр. Бұл ғимараттың бірегейлігі – шатырының шыныдан жасалғанында. Әйнектен күннің жарығы мен жылуы түсіп тұрады.
10. АСТАНА ОПЕРАДА – ЕҢ САПАЛЫ АКУСТИКА
Бас қаланың сол жағалауында орналасқан «Астана Опера» театры келушілерді өзінің асқан әсемдігімен таңдандырады. Елбасы барша көрермендерді Орталық Азиядағы ең үлкен опера және балет театрының ашылуымен құттықтап, 2013 жылы елорданың 15 жылдығына арналған баға жетпес сыйлық болғанын атап өткен еді.
Жалпы аумағы 64 мың шаршы метрді құрайтын жаңа театр әу баста Миландағы «Ла Скала», Мадридтағы Корольдік опера, Мәскеудегі Үлкен немесе Нью-Йорктегі «Метрополитен-опера» сияқты әлемдік театрларының қатарына кіруге толық құқылы өнер шаңырағы ретінде ойластырылды. Оны тұрғызуда отандық мамандардан басқа Швейцария, Италия, Албания, Марокко, Ресей сынды 33 елдің шеберлері қатысты.