ОҚО Кәсіпкерлер палатасының «Ontustik onimderi» атты жаңа ақпараттық каталогы жарыққа шықты. Аталмыш кітаптың өткен жылғы таралымына өңірдің 250 компаниясы туралы мәліметтер жарияланған болса, биылғы саны 500 компанияны қамтыған. Онда облыстағы тамақ, фармацевтика, машина жасау, химия, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс индустриясы және басқа да көптеген сала бойынша қызмет көрсететін кәсіпорындар бар.
Брифингте «Ontustik onimderi» каталогын ОҚО КП директоры Асқар Әбубәкіров таныстырды.
– Мұнда өңірдегі компаниялардың салалық бағыты, мекенжайы мен байланыс телефондары, өнімдері жайлы ақпараттар енгізілген. Каталог бюджеттің қаражатына емес, «Telecom-trade» компаниясы мен «Halyk Bank»-тің Оңтүстіктегі филиалының демеушілігімен жарық көрді. Бас демеушілерден бөлек, «Centercredit», «RBK Bank», «KassaNova» банктерінің жергілікті бөлімдері де өңірдегі кәсіпкерлікті танытуға жұмыс істейтін каталогтың жарық көруіне үлес қосты, – дейді ол.
А.Әбубәкіровтың айтуынша, каталогтың таралымы 5000 дана. Сондай-ақ, 3,5 млн халқы бар Оңтүстік жұртшылығы каталогтың «Infomob» мобильді нұсқасын смартфонына да орнатып ала алады.
– «Ontustik onimderi» каталогының «Infomob» мобильді нұсқасында мәліметтерді үнемі жаңартып отырамыз. Егер тұтынушылардан қандай да бір сұрақ туындаса (компанияның телефон нөмірі өзгерген жағдайда, т.б.), біздің 59-79-60 нөміріне хабарласуына болады, – дейді мобильді қосымшаға жауапты Ержан Жұмағұлов.
«Ontustik onimderi» өзге аймақтардан келген қазақстандықтар мен шетелдік қонақтарға да анықтамалық құрал ретінде қызмет етеді. Сонымен бірге «Rixos Khadisha Shymkent», «Shymkent Grand Hotel», «Megapolis Hotel Shymkent» қонақүйлерінің басшылары бұл каталогты қонақ бөлмелеріне қоюға келісім беріп отыр. Мұның кәсіпкерлікті танытуға, Оңтүстік өнімдерін ұсынуға және іскерлік байланыс орнатуға сеп болуы мүмкін дейді ОҚО КП басшысы А.Әбубәкіров.