Қазақтың тойы: талғам мен тағылым

Пятница, 14 Октябрь 2016 08:18 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 19517 раз

Қазақ жиған-тергенін тойға жұмсағанды жақсы көреді. Той – халықтың қазынасы. Той – қуаныш пен шаттықтың ордасы. «Күнде болмаса да, күнара тойдамыз, Құдай тойдан кенде қылмасын» дейтін жағдайдамыз. Шүкіршілік. Қазақтың белгілі ғалымы Мырзатай Жолдасбеков қаламызда өткен бір жиында сөйлеген сөзінде «Шымкентте күн сайын 30 мың адам тойда жүреді екен» дегенді айтып еді. Өзіміз де соңғы бір аптаның ішінде үш рет тойға бардық. Ағайынның қуанышына ортақтасқанға не жетсін. Орайы келгенде осы күнгі тойдағы куә болған жағдайларды айтсақ дейміз.

toi

Тілек айту түзеліп келеді

Той дегенде айтар сөз көп-ау. «Қонақ аз отырып, көп сынайды» деген сөз бар. Расында, тойдағы мәселелер аз айтылып жүрген жоқ. Түзелсе деген ниет қой бәрінікі.
Ең әуелі айта кететіні, тойға кешігіп келу үрдісі әлі сол қалпында. Өзгертуге деген талпыныс бар. Бірақ, әлі де ескі «сүрлеумен» келеміз. Мәселен, өзіміз барған үш тойда да соған көзіміз жетті. Әуелгі екі жастың үйлену тойы 1 сағат кешіксе, екінші той да сол шамада басталды. Ал үшіншісі – сүндет тойға сағат 20.00-ге деп шақырған. Мұнда да жиырма минут өтіп барып, қонақтар дастархан басына жайғасты.
Бүгінгі асабаларда аздап ізденіс бар секілді. Дегенмен, әлі де болса кемшілік-кілтипандар жоқ емес. Сөздік қоры жұтаң, ойы таяз асабалар да кездеспей тұрмайды.
Соңғы сүндет тойды жүргізген асабаның ғана өнері есте қалыпты. Талғат Махановтың асабалық тізгінді ұстағанына 6-7 жылға таяған. Өзі жалындаған жиырма бес жаста.Еркін көсіліп тұр. Ә дегеннен тізгінді алып, қазақы мәнерде сөйлей жөнелген жігітке ішіміз жылып сала бергені рас. «Бір Алласы бар, екі дүниесі, үш жүзі, төрт құбыласы бар, бес парызы бар, алты алашы, жеті қазынасы, сегіз серісі, тоғыз құмалағы бар, оншақты ұлы мен моншақты қызы бар ағайын» деп бастады ол әуелгі сөзін.
Одан әрмен сөз ұстаған жігіт үлкендерді тойды ашып беруге шақырғанда «Төле бидің төрелігін, Қазыбек бидің қазылығын, Әйтеке бидің әділдігін білдіріп, бүгінгі қуанышымызды ашып беретін әулеттің үлкендерін шақырайық» деді.
Соңғы кездегі тойларда ортаға шығып, тілек айту дәстүрі түзеле бастағандай. Ұзын-сонар тілек айту саябырсыған секілді. Бұл жолы да жиналғандардың ішіндегі жасы үлкендері ғана тілегін айтып, қалғандары соған қосылды.

300-ге жуық асаба бар

Шүкір делік. Шымкентте хан сарайынан кем емес тойханалар, мейрамханалар көбейіп тұр. Бүгінде 400-ге жуық тойхана, 70-тен аса продюсерлік орталық, 300-ге жуық асаба бар. Дастарханға қойылатын тағамның түр-түрі, тойдың ерекше сценарийі де көбейген.
Дағдарыста да той. Тіпті, қарызданып, қауғаланса да қазақтың тойы тарқамайды. Бір жағынан, қазақтың тойы мәдениетімізді дамытып қана қомай, азық-түлік өнімдері өндірісінің қозғаушы күші де. Ет, көкөніс бизнесін дамытып отырғаны рас.
Жуырда мынадай дерекке көзіміз түсті. Қазақ сайттарының бірінде «Қазақтың тойы қанша тұрады?» деген тақырыпта мақала жарияланыпты. Қазақстанның шағын қаласында 100-120 кісілік той жасау үшін 1 млн теңге керектігін есептеп шығарған.

Тойдағы әдепсіздік ақтап алуға келмейтін әрекет

Тойдың әуелгі мақсаты не еді? Әулеттің бас қосатын жиыны, рухани азық алатын жер емес пе? Бұл орайда философия ғылымдарының докторы, профессор Жақан Молдабековтың мына бір пікірі еске түседі: «Тойдағы бас қосу, сұхбаттасу – адам тану мектебі, тұлғаның қабілет-қасиетін танытатын және оны қастерлей білуге үйрететін қауымдастық үлгісі. Тойдың думанды, сәнді де мәнді өтуі той иесінің ғана емес, тойға келген үлкен-кішінің әрқайсысына тікелей қатысты екенін ұмытып кететін, ескере бермейтін жайымыз да бар. Тойды өнеге үлгісі, өнер сахнасы, тәрбие мектебі ретінде өткізу үшін не жетіспейді, нені қалаймыз? Кесіп айта алмасақ та, ойланатын мәселелер қордалануда».
Жас ұрпақты тәрбиелеуде де тойдың әсері мол. «Саналы ел салтын сақтар» дейді. Осы күні қазақтың тойынан мән кетті деп шырылдауымыз бекер емес. Тойдағы әдепсіздік ақтап алуға келмейтін әрекет. Интернет беттерінде небір сорақылықтардың өріп жүргені аян.Бұл туралы БАҚ беттерінде айтылып та, жазылып та жүр. Енді содан қорытынды шығар болса...
Уақыт сәтімен асабалардың да сөзі түзелер. Облыстық ардагерлер кеңесі өңір тұрғындары үшін той туралы Жарғы дайындағанын да көпшілік біледі.

 

14686295 536126733250944 2081826525 nБекзат СӘКЕНҰЛЫ, 
«Асыл мұра» өнер орталығының асабасы:

– «Бар десең оңаласың, жоқ десең жоғаласың» деген сөз бар. Бірінші мәселе – той тойлауды өзіміздің отбасылық кішігірім қуаныштарымыздан бастау керек. Сол қуаныштарды дұрыс өткізе білсек, үйдегі балалардың бойына сол құндылықтарды сіңдіре алсақ, ұтқанымыз. Үлкеннің батасын алу, су құю, сөз тыңдау сынды дәстүрлерімізді балаларымыздың бойына сіңдіре білейік.

Негізінен, күн өткен сайын тойлардың сапасы артып келе жатыр деп айтуға болады.
Жалпы, өзім Оңтүстіктің тойларында арсыз ойындарға, оғаш қылықтарға куә болған емеспін. Одан кейін аса бір ойын ойнатуға құмарлығым жоқ. Қазақтың салт-дәстүрінен сұрақтар қойып немесе халықпен бірге ән айтамын. Немесе екі жасқа арнап, бір екі-ауыз сұрақ қоюуым мүмкін. Асабаларды тәрбиелеу де өзімізге байланысты. Оларды дер кезінде тыйып отырса, асаба ендігіде ескеретін болады. Біздің тойға дейін рухани тұрғыдан дайындығымыз қандай болса, той да сондай дәрежеде өтеді. Ұлт ретінде мәдени құндылықтарымыз дамығанда ғана, тойдың да деңгейі көтеріледі деп ойлаймын.

Көпшіліктің артық кететін тұсы – әдеттегідей ысырапшылдық. Талай жылдан бері асаба болып жүрген бір жақын досымыз «Әлеуметтік деңгейі орташа деңгейдегі отбасының тойында болдым. Әлгі той иелері тойдан түскен қаражаттың бәрін шақыртқан әртіске беріп жіберді. Көз алдымда» дейді. Рас, мұндай жағдайды айта берсек көп-ақ.
Бұдан бөлек, қазіргі тойларға қалыңдықтың гүл шоғын лақтыруы, торттың бетіндегі шырақтарды үрлеуі сияқты өзге жұрттың салттары еніп кетті. Қазақтың тойға байланысты салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы аз ба еді?

«Өз бақытына кешігетін ұлттың келешегі бола ма?!»

«Жақсы асаба – жарты той» дейді. Асабаларда да терең білім көрініп тұрғаны абзал. Кейбір асабалар елді күлдірем деп, бүлдіріп жүргендері өкінішті жағдай.
Ауызды қу шөппен де сүртуге болмас. Соңғы кездері арақ-шарапсыз тойлар да көбейді. Соған қуанамыз. Шымкентте қазақы нақышта, ұлттық салт-дәстүрімізді қайта жаңғыртқан өнер орталықтары көбейгені қуантады. Сондай өнер орталығының бірі Абзал Тұрсынбайұлы басқаратын – «Асыл мұра» өнер орталығы. Өнерпаз жігіттер 2011 жылдан бері тойдың көрігін қыздырып келеді. Орталықтың мақсаты – халыққа рухани тұрғыдан үлгі-өнеге көрсету. Тойдан бөлек, өнерлі жігіттер облыстағы діни мерекелерді де жүргізіп, елдің ықыласына бөленіп жүр.
Енді міне, олардың қатарына «Шамшырақ» руханият орталығы қосылды. Оған ұйытқы болған белгілі айтыскер ақын Біржан Байтуов. Жұмысын бастағанына екі ай болған. Олардың да бар мақсаты – қазақ тойының шамшырағы болу, той мәдениетін ұлттық нақышқа сай дамыту.
Тойды бірізділікке түсіруде облыста бірталай іс тындырылып жүргенін айта кеткен жөн. Бұл әсіресе, облыс әкімі жанындағы «Ырыс алды – ынтымақ» қоғамдық форумы мен облыстық ардагерлер кеңесінің жиындарында дүркін-дүркін мәселелер көтеріліп жүр.
Мәселен, биылғы Төлеби ауданының «Алма-тау» демалыс аймағында өткен қоғамдық форумда «Салт-дәстүрлік іс-шаралардың деңгейін көтерудегі ардагерлердің және жастардың рөлі» тақырыбы сөз болды. Салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты жас ұрпақтың бойына сіңіру, той мәдениетін жетілдіру сынды мәселелерді талқыға салды.
– Бүгінде тойдан демалып емес, шаршап қайтатынымыз шындық. Кейде менталитетімізге жат көріністерге де куә боламыз. Ең бірінші кемшілігіміз – тойға кешігіп келетініміз. Сөйтіп, той өз уақытынан 1,5-2 сағат кеш басталады. Музыканың құлақ тұнардай қатты қойылуы, абыз қарияларымыз бен ақ жаулықты аналарымыздың орнына жасанды бейнелердегі әртістердің бата беруі, шаңырақ көтерген екі жас той үстінде тортты кесіп, ата-анасының аузына тықпалауы, жас даяшы қыздардың қонақтарға ішімдік құйып жүруі, биші қыздардың жалаңаш кейіпте өнер көрсетуі, тағы басқа өрескел көріністер мен қылықтар біздің салт-дәстүрімізге жат деп санаймын. Той түптеп келгенде ұлт мәдениетінің, салт-дәстүрінің көрінісі. Сондықтан олқылықтарымызды таразылап, тойдың тәрбиелік маңызын арттыратын жолдарын қарастыруымыз қажет, – деген еді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов.
Сөзіміздің соңын белгілі қаламгер Нұртөре Жүсіптің «Өз бақытына кешігетін ұлттың келешегі бола ма?!» деген пікірімен аяқтасақ.
«Осы қазақтың тойы кешігіп басталғасын ойы да кешіге ме деймін. Шекспир жарықтық айтқан екен: «2 минут кешіккеннен 2 сағат бұрын барған жақсы» деп. Сіз ұшаққа немесе пойызға кешігіп қалсаңыз не болар еді? Өкінесіз. Саныңызды соғасыз. Әттеген-ай дейсіз. Ал қазақ қазақтың тойына, кездесуге, бір жерге баруға үнемі кешігеді. Өз бақытына кешігетін ұлттың келешегі бола ма?!»
Тойға кешікпейік, ағайын!

Последнее изменение Среда, 19 Октябрь 2016 10:03
Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.