Оңалту орталығының орны бөлек Избранное

Среда, 05 Июнь 2024 05:24 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 388 раз

Оңалту орталығына кірген бетте көздің жауын алатын қолөнер бұйымдарына көз түседі. Мұншалықты сұлу дүниені кім жасады екен деп ойлайсыз. Нұсқаушы бұл заттардың орталықтан қызмет алушылар қолынан шыққанын айтты.

onaltu

 

Орталықтың қызметіне жүгінетіндердің бірі туабітті мүгедек, кейбірі өмірге аяқ-қолы сау келгенімен, жазым не бойына жабысқан кесел салдарынан жарымжан болғандар. Бірақ он екі мүшесі сау адамға қарағанда олардың ерік-жігері мықты. Тағдырдың қатал сынағына сынбаған, қиындыққа мойымайды. Мүмкіндіктері шектеулі болғанмен, мүмкін емес биіктікті бағындыра алатын күш-қайрат бар оларда. Бірі суда жүзуде қарсыластарына дес бермесе, тағы бірі сурет салып, сызу сызады.
Елімізде қазіргі уақытта мүгедек жандарға жасалатын қамқорлық аясы кеңіп, олардың әлеуметтік хал-жағдайын жақсартуға мән беріліп келеді. Осы мақсатта көптеген іс-шаралар қолға алынып, көпшілік сол қолдаудың шарапатын көре бастады. Күннен-күнге мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсетуші қайырымдылық қорлар, ұйымдар, орталықтар саны көбеюде. Әрине, бұл істердің барлығы құптарлық, дегенмен де мүгедектерге байланысты проблемалар өте көп. Жарымжан адамдардың арасында қазіргі кезеңде кеңінен тарап отырған мәселелердің бірі – жалғыздық, өзін өте төмен бағалау, кемістігіне байланысты қоғамнан шетке шығып қалғандай сезіну, психологиялық және физикалық тәуелділік. Осы орайда салауатты өмір салтын насихаттап, адам денсаулығына жіті көңіл бөлу, жарымжан жандарға қолжетімді жағдай жасай отырып, қоғамдық ортаға бейімдеу – бүгінгі таңдағы өзекті мәселенің біріне айналып отыр.

onaltu-1


Шымкент қаласы бойынша қазіргі таңда әлеуметтік қызмет көрсететін 10 арнаулы орталықта балалар мен 18 жастан асқан 3000-ға жуық мүгедектігі бар азамат қызмет алуда. Солардың бірі — Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының №4 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы. Бұл бұрынғы «Шапағат» оңалту орталығы. Төрт қабаттан тұратын, бас-аяғы 70 орынға лайықталған №4 әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы жыл он екі ай психоневрологиялық аурулары бар он сегіз жастан асқан 1-ші және 2-ші топтағы мүгедектерге жартылай стационарлық жағдайда жұмыс істейді. Онда келушілерге барлық жағдай жасалған. Нұсқаушының көмегімен дене шынықтыру кабинетінің қызметін пайдалана алады. Арнайы кабинеттерде мүгедектер дәрігер нұсқауы бойынша түрлі ем-дом қабылдайды.
Мамандар қызмет алушылардың жеке қажеттіліктерін ескере отырып, олардың жеке даму деңгейін арттыру, әлеуметке бейімдеу, қоғамға кіріктіру мақсатында 7 арнаулы қызмет түрін көрсетеді.
Қызмет алушылар үшін жүріп-тұруға қолайлы, қажетті жиһаздармен, мамандандырылған құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген арнайы бөлмелер бөлінеді. Қызмет алушыларды үйінен мекемеге, мекемеден үйіне және мәдени іс-шараларға жеткізу үшін «Тең қоғам» орталығымен келісілген автокөліктер бар. Қызмет алушыларға өзін-өзі қызмет ету дағдыларына, тұрмыстық бағдар негіздеріне үйрету үшін қажетті тұрмыстық техникамен және жиһазбен жабдықталған әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлау бөлмесі бар.
Қызмет алушылардың денсаулығын ескере отырып, емдеу-сауықтыру іс-шаралары ұйымдастырылады. Күнделікті қан қысымын өлшеу, дәрігерлердің тағайындауы бойынша уақытылы дәрі тамызу сияқты рәсімдерді аса ұқыптылықпен жүзеге асырады. Орталыққа жаңа түскендерге психологиялық диагностика жасалынады. Қызмет алушының жеке ерекшелігіне байланысты психологиялық қолдау, тиісті көмек көрсетіледі. Арнайы нұсқаушы мамандар қызмет алушыларды ортаға бейімдеп, жоспар құрылып, олардың физиологиялық мүмкіндіктері мен қабілеттерін ескере отырып, оқытуды ұйымдастырады. Жоспар бойынша орталықта мәдени-тынығу іс-шаралары өткізіліп отырады. Жаңадан келген әрбір қызмет алушымен танысу сағаттары, туған күн иелерін құттықтау, мерекелік концерттер өткізіледі. Алдын-ала бекітілген жоспарға сәйкес, мәдени ошақтарға, көрмелерге, мұражайларға саяхаттар ұйымдастырылады. Бұл олардың қарым-қатынас аясын кеңейтуге бағытталған. Сондай-ақ, қызмет алушыларға тиісті жеңілдіктерді, жәрдемақыларды, басқа төлемдерді алуға жәрдем беріліп, әлеуметтік-құқықтық мәселелер жөнінде кеңес беріледі, осы мәселелерді шешу үшін қажетті құжаттарды дайындап, тиісті мекенжайларға жіберуге көмек көрсетіледі. Құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін адвокаттың тегін жәрдемі беріледі.
– Орталықтың 43 қызметкері жұмыс барысында қызмет алушы жандардың мәдени-тынығу іс-шараларын ұйымдастырып, қамқорлықтағы азаматтардың бір сәт көңілдерін көтеріп, ортаға бейімдеуде көмегін аямайды. Орталықта қызмет алатын мүмкіндігі шектеулі жандармен домбыра, гитара тартып, бірге ән айтамыз. Кітап, газет-журналдар оқып, шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ секілді ойындар ойнаймыз. Мақсатымыз – олардың қабілеттерін ашу, өмірге деген құштарлықтарын ояту. Сонымен қатар, әрдайым би кештері өткiзiлiп, көптеген іс-шаралар, караоке сайысы ұйымдастырылып тұрады, – дейді орталықтың директоры Ақмарал Ақылбекқызы.
Орталықты аралап жүрміз. Келушілердің жүзі шат. Ыстық ықылас, дер кезіндегі көңіл оларға медет бергендей. Жаттығу бөлмесінде мүмкіндігі шектеулі жандар нұсқаушының көрсеткен жаттығуларын зор ынтамен қайталауда. Қамкөңіл жандар үшін барлық кешенді жаттығулардың берер пайдасы мол. Сонымен қатар, орталықта еңбекке де баулиды.
– Келушілердің көңілін тапқымыз келеді. Әрқайсымен жеке сөйлесіп, қандай қабілеттері бар екенін байқаймыз. Сол бойынша жұмыс істейміз. Қол моторикасымен көп айналыстырамыз. Жібек Сихымбаева зағип жан, көзі мүлдем көрмейді. Жібек апай келген кезде ұяң еді. Көзі көрмесе де, әдемі сумка жасауға құлшынды. Жөн-жобасын көрсетіп отырдым, лезде қағып алып, моншақтармен әрлеп, сумка тоқып шықты. Бір сумканы бітіріп, қызына сыйлық жасап та үлгерді. Қызмет алушы Гүлжан Үсіпбекова қол арбада отырған еңбекқор жан. Тоқыма тоқып, кесте тігеді. Кішкентай қыздарға түрлі көйлектер тоқиды. Осындай еңбек терапиясының, әлеуметтік еңбек бағытының пайдасы өте жоғары. Бұл мүмкіндігі шектеулі жандарға сенімділік, күш, қайрат береді, – дейді орталықтың еңбек терапиясы нұсқаушысы Гауһар Садықова.
Оңалту орталығының жұмысымен кеңінен таныстық. Орталық келушілерге шын мәнінде шапағат сыйлап жүргенін көрдік. Асхана, спорт, демалу, ем алу бөлмелердің барлығы заманауи құралдармен жабдықталған, әрқайсысында келушілердің қауіпсіздігі үшін бейнебақылау орнатылған. Мұнда келуге ем алушылар да асық. Өйткені осында өз ортасы, араласатын достары, шұғылданатын істері бар. Мұның бәрі көңілге қуаныш сыйлайды. Ақмарал Ақылбекқызы бастаған ұжым мүшелері тынбай, шын махаббатпен жарымжан жандар үшін қиындығы көп, шарапаты мол жұмыс істеуде. Сауапты іс жасап жатқан қызметкерлерге төзім мен сабыр, күш-қуат берсін дейміз!

Салтанат ЖАМАЛДИНОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.