«АМАНАТҚА» АМАНАТ Избранное

Среда, 06 Декабрь 2023 04:37 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 655 раз

балалар әдебиетінің ешкімге керегі жоқ па?!

«Аманат» партиясы жақсы жоба қолға алды. Партияның Шымкенттегі бас ғимаратында кітап дүкені ашылған. Бүгінде жастар кітап оқымайды деген пікір белең алып тұр ғой. Өтірік. Саяси кеңестің мүшесі болған соң, жолымыз жиі түседі. Шұқшиып кітап оқып отырған жастарды байқаймыз да, іштей разы болып қаламыз.

bala

 

Мұндағы кітапханадан оқудан бөлек, кітаптар сатылады. Баспа нарқымен. Кітап сататын дүкендегідей қоспа қаржы жоқ.
«Аманаттың» амалы.
Жақында «Кітап-AMANAT» жобасының жаңа кітаптарының таныстырылымы өтті. Партия филиалының атқарушы хатшысы Жанар Бектаева толымды ойларын айтты. «Мирас» аймақтың кеңесінің төрағасы Момбек Әбдіәкімұлы бірқатар азаматтарға сөз берді.
Пақырыңызға да сөз тиді. Айттық. Балалар әдебиеті туралы. Көкейде жүрген кеп еді.
Басқа басқа, бұл «Аманат» партиясы қолға алса, жетеріне жеткізетін мемлекеттік іс, болашағымыз – балалар үшін игілік.
Бүгінде балалар әдебиеті дегенімізбен осы сала атала көже болып кетті. Үлкен жазушылардың қатарына қосыла алмағандар тіске жұмсақ көріп, түйесін осында шөгеретін болды. Жазушысы да, ақыны да.
Қазақ мектептеріндегі оқулық біткенді тізіп қойыңыз. Бастауыш класқа енді барған балаға арналған оқулықта «Ақ киімді, денелі, ақ сақалды, Соқыр мылқау танымас тірі жанды» деп келетін хәкім Абайдың, өзге де барлық классиктердің шығармашылығынан үзінділер беруге тырысады. Ой дұрыс. Бірақ, Бейімбет Майлиннің «Түйебайы» сияқты мейілінше жұмсақ шығармалар болмаса, Мұхтар Әуезов сияқты жазушылардың кейбір сөйлемдері жарты бетті алатын шығармаларын түсініп оқи алмағаны үшін осы балалар кінәлі ме?..

Мұны неге айттық?
Ертеректе «Қазақстан мектебі» журналының бір бөлігі «Бастауыш мектепте» қызмет еттік. Бөлім редакторы болғаннан кейін оқулықтар да, балалар әдебиеті туралы шығармалар да қолыңнан өтеді.
Өзім жақсы танитын, сыйлас екі ғалым бастауыш класқа еңбек және дене шынықтырудан жазған оқулық жобаларын басуға ұсынды. Ғалымдығына шәк жоқ, бірақ ондағы кей сөздерді түсіндіру үшін көп ойлану керек болатын. Бастауыш кластың баласы түгілі, ересектердің өзі жағын айырып ала жаздайды.
Екі мұғалім-жазушы келетін. Шағын әңгімелер әкеледі. Бейімбет Майлиннің стилінде мысал жазғысы келгенімен, сөйлемдері – орашолақ, ойы – бұлдырлау.
Бұрын балалар басылымы «Қазақстан пионері» газетінде корректор, тілші болғанымыз бар. «Балдырғанға» шағын әңгімелер жазып тұрдық. «Ақжелкенге» мақалаларымыз шығып жүрді. Мамандығымыз – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.
Қай кластың баласының қандай шығармаларды түйсініп оқи алатынын бір кісідей білеміз. Ал, бірақ ана жабысқақ «балалар жазушыларынан» құтылу мүмкін емес еді. Күн құрғатпай телефон шалып, аптасына екі мәрте келіп кетеді. Амал жоқ, бар өнеріңді салып қырнайсың, жонасың. Өзіңнің білгеніңді қосасың. Сөйлемдерін бала ұғымына сай жұмсартасың.
Бес-алты жылдан кейін «Балалар әдебиеті жайлы құрастырылған таңдамалыны көріп, шалқамыздан түсе жаздадық. Біздің толыспаған Толстой, шекесінен шеруен атқан қос классигіміз таңдамалыдан ойып тұрып орын алыпты.
Бұл жағдай бүгін де бар. Өлермендер есіктен кіргізбесең, терезеден кіреді. Терезені жапсаң, тесік тауып алады.
Кезінде Құлбек Ергөбек сыншы бұларды наркескенмен тураушы еді. Шаруа көп, балалар әдебиетіне қолы тимей кетті, білем. «Бастауыш мектепте» балаларға бала тілімен жазатын Өтепберген Ақынбеков, Байбота Серікбаев (Байбота Қошым-Ноғай) сияқты мықты ақындардың шығармаларын көп пайдаланатын едім. Балалар әдебиеті ешқандай ілтипатқа ілінбегеннен кейін бе, қазір жақсы өлеңдер азайып кетті.
«Аманатқа» күнім түсіп тұрғаным сондықтан. Ерлан Қошанов бастаған, кешегі қазақтың алтын жағасы болған Ақаң, Жақаңдардың сарқыты Аманжол Әлтаев, Жанарбек Әшімжан қостаған мықтылар «Аманатты» халыққа сүйкімді етіп, пайдалы іс істеп жүр.
Енді тағы бір ширығатын кез келді. Ол – балалар әдебиеті. Әлемде жапон, неміс, еврей сияқты халықтардың балалар педагогикасын үлгі етеді. Өйткені, олар ұрпағын ұлт қайнарына салып, жасына қарай білім беріп, деңгейіне қарай көтеріп отырады. Атақты академик Асқар Жұмаділдаевтың «бізге технократтар көп керек» дейтіні сондықтан.
«Аманат» қолға алатын іс мынау: балалар мен жасөспірімдерді жасына қарай бөліп, соған сай шығармаларды іріктеу керек. Бұған мұғалім, психологтар да қатысса болады.
Біріншіден, үш-төрт жасар балалар мен бастауыш класс оқушыларының сөздік қоры зерттеліп, оларға ұсынылатын әдебиет сол шеңберден шықпауы керек.
Екіншіден, бесінші сынып пен жетінші сынып аралығында балалардың сөздік қорына сай шығармалар іріктелгені жөн еді. Бұған, классик Бердібек Соқпақбаевтың «Он жасар чемпион» сияқты тағлымды әңгімесі әбден келеді. «Менің атым Қожа» да осы сынып оқушыларына шабыт береді. Ұлттық менталитет, мәдениет, салт-дәстүрге негізделген осындай шығармалар қазақ әдебиетінде бар.
Әрі қарай белгілі. Жасөспірімдерге тағы бір классигіміз Сайын Мұратбековтің «Жабайы алма» сияқты шедеврін ұсына беріңіз.
Біреулер «орыстың бүлдіршіндері пысық, тақпақ айтқанда тақылдап тұрады» дейді. Әрине, Маршак, Барто, Михалков сияқты балалар әдебиетінің алыптары оларға көр-жер ұсынбайды. Жасына, сөздік қорына лайықтап, іс-әрекетпен береді. Біздің де сақал сипайтындай жағдайымыз жоқ...
«Аманат» қолға алар болса, қазақта балаларға арнап жаза алатын ақын, жазушылар жетерлік. Мәселен, Сәбит Дүйсенбиев Мәскеуде өткен балалар жазушыларының форумында мойындалды. Әттең-айы, мойны жар бермей, жазбай қойды. Бағана біз айтқан Өтепберген Ақынбеков, Байбота Қошым-Ноғай, оған Дүйсенбек Қанатбаев, Серік Қалиев сияқты ақындарды қосыңыз.
Жазушыларда да балалар дүниесін жақсы білетін, солардың тілінде жаза алатындар көп. Мәселен, Нұрғали Оразов, Көсемәлі Сәттібайұлы сияқты қаламгерлер бүгінгі күнмен үндестіріп жаза алады.
Сөз реті келгенде айта кетейік, мен де жазғам. Бір күні қызық әрі тосын оқиға болды.
Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының аяғы. Көк базардың қарсы алдындағы тоғыз қабатты Журналистер үйіне кіріп келе жаттым. Балтабай Әділов ағам қарсы ұшырасты. Қазақстан және Өзбекстан Жазушылар одағының мүшесі. Балалардың мықты жазушысы.
- Бақтияр, сен балалар әдебиетінің алдында қылмыскерсің!, - деді ағам. Тіксініп қаласың ғой.
- Спорттың саған өкпесі жоқ. Оны жазатын журналист көп. Сен балалар жазушысың ғой, орныңа орал, - деді көкем.
Орала алмадым. Сейдағаң, қазақ спорт журналистикасының негізін қалаған Сейдахмет Бердіқұлов, қазақтың маңдайалды спорт ұстазының соңынан қосарға қос ат алып, спорттың айдауында кеттік. Әрине, көмек керек болып жатса жаман шобырымызбен шоқалақтатып бір кезегіне жарармыз.
Бұл ой көптен көкейде жүр еді. Кейінге шегере беруге болмайтын мемлекеттік ісіңіздің үлкені – осы. «Аманаттың» қолынан көп дүние келетінін ел ұғып болды.
Балаларды жас ерекшеліктеріне қарай топқа бөліп, ақын, жазушылар арасында конкурс өткізсеңіздер, тасада қалып жүрген әдебиетіміз молығып қалар еді.
Бердібек Соқпақбаевтай талантты дүниеге әкелген қазақта дарындар жетеді. Ал, «Аманат», балалар әдебиеті өздеріңізге аманат!

Бақтияр ТАЙЖАН

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Нұрбол ОРЫМБАЕВ. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.