«САҚ ЖҮРСЕҢ, САУ ЖҮРЕСІҢ»: Қызылшаға қарсы иммундау — инфекцияның таралуын тоқтатудың жалғыз жолы Избранное

Пятница, 01 Декабрь 2023 05:17 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1122 раз

«Қазақстанда қызылшамен ауырған 14,4 мың баланың 80 пайыздан астамы екпе алмаған, оның жартысынан көбі ерікті түрде бас тартқандар есебінен болып отыр». Бұл туралы Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәлімдеді. Ресми деректерге сүйенсек, қызылшамен ауырғандардың басым бөлігі еліміздің оңтүстік аймағынан анықталған. Яғни, 28 қарашадағы мәлімет бойынша Шымкент қаласында – 3016, Алматыда – 2653, Жамбыл облысында 2370 жағдай тіркелген. Қазіргі таңда республиканың барлық аумағында қызылшаның өршуіне байланысты вирусқа қарсы қосымша иммундау жұмысы қолға алынып отыр.

865

 

Қызылшадан келетін қауіп қандай?

Эпидемиологтар 2023 жылы әлемде қызылшаға тән кезекті циклдік өршудің орын алғанын айтып отыр. Мамандардың айтуынша, халықтың қызылшаға қарсы иммунитет қалыптаспаған тобының артуы инфекция толқынын күшейтеді екен. БҰҰ деректеріне сүйенсек, әлемде 67 миллионнан астам бала пандемия мен вакциналарға деген сенімнің төмендеуінен және өзге де факторларға байланысты жоспарлы иммундауды өткізіп алған. Осыған байланысты әлемнің 167 елінде қызылша бойынша жағдайдың күрделенуі байқалған.
Ауа тамшысы арқылы таралып, бүгінде әлем жұртшылығын алаңдатып отырған вирус жайлы мамандардың сұраған едік. Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Тұрымбетованың айтуынша, қызылша – адамдарға тез жұғатын жұқпалы аурудың бірі.
– Ертеректе қызылшаға қарсы екпе табылып, вакциналар қолжетімді препаратқа айналғанға дейін оның таралуын тежеу мүмкін болмаған. Керісінше, вирустық инфекция бұрын ауырмаған адамдарға да жұғып, салдарынан науқастардың көпшілігі соқырлық, ларингит (көмейдің қабынуы), круп (көмейдің стенозы), отит (құлақтың қабынуы), кереңдік, пневмония (өкпенің қабынуы), қызылша энцефалиті (мидың қабынуы) сияқты және т.б. ауыр асқынуларға душар болған. Сондықтан қызылшаға қарсы екпе осындай асқынулардың алдын алып, вирустық кезеңді жеңіл өткізуге мүмкіндік береді, – дейді Айгүл Мелесқызы.

85 пайызға жуығы жасөспірімдер

Шымкенттегі медициналық және мектепке дейінгі ұйымдарда 16 қарашадан бастап қосымша жаппай иммундау жұмыстары жүріп жатыр.
– Республикада қызылшаның өршуіне байланысты Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2023 жылғы 1 қарашадағы «Қызылшаға қарсы санитариялық-эпидемияға қарсы және санитарлық-профилактикалық іс-шараларды жүргізу туралы» № 7 қаулысы шықты. Қаулы негізінде республикада қызылшаға, қызамыққа және эпидемиялық паротитке қарсы қосымша жаппай иммундау (ҚЖИ) шарасы басталды. Шымкентте қызылша инфекциясының таралуына байланысты эпидемиологиялық ахуал қолайсыз болып тұр. Жыл басынан 29 қарашаға дейін қызылша бойынша 6465 жағдай тіркеліп, оның ішінде 3021 адамның диагнозы зертханалық талдаулар негізінде расталды. Жұқпалы дертке шалдыққандардың 80-85 пайызы – 14 жасқа дейінгі жасөспірімдер. Оның басым көпшілігін 6 жасқа дейінгі балалар құрап отыр, - дейді Шымкент қаласының СЭБД басшысының орынбасары Айгүл Тұрымбетова.

863


Қызылшаға қарсы иммундау — инфекцияның таралуын тоқтатудың жалғыз жолы. Денсаулық сақтау саласының мамандары жаппай вакцина алудың маңыздылығын айтып, ата-аналарды балаларына екпе салдыруға шақырып отыр.
– Екпе үшін қаладағы медициналық және мектепке дейінгі ұйымдарда 187 егу бекеті ұйымдастырылып, 49 көшпелі егу бригадасы жасақталды. Қаладағы мемлекеттік емханалардағы егу бекеттері күнделікті таңғы сағат 08:00-ден мен 20:00 аралығында үзіліссіз және демалыссыз жұмыс істейді. ҚЖИ жергілікті емханаларда тегін жүргізіледі. Ескеретін жәйт, қызылшамен ауырған адамға екпе салынбайды, - дейді А.Мелесқызы.

ҚЖИ: вакцина кімдерге салынады?

Шымкентте қызылша ауруы таралуының алдын алу бойынша іс-шаралар жоспары түзіліп, арнайы штаб құрылған. Бүгінге дейін штабтың 9 отырысы өтіп, қаладағы ахуалға байланысты жұқпалы аурулар ауруханасының төсек қоры 120-дан 260 төсекке дейін ұлғайтылып отыр. Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы мамандарының айтуынша, қажет болған жағдайда, гипербариялық оттегімен қанықтыру орталығының базасында карантиндік емес инфекциялармен ауыратын науқастарды қабылдау үшін 60 төсек қосу мәселесі қосымша пысықталған.
– Қосымша иммундау жұмысын жүргізу мақсатында Шымкентке 34 050 доза вакцина әкелінді. Жыл басынан бері қалада жұқпалы дертке шалдыққандардың 2565-і балалар екені анықталып отыр. Қазіргі таңда диагнозы анықталмаған 1147 пациенттің талдау нәтижелері нақтылануда. Қызылшаға жаппай иммундау шарасында 2-5 жас аралығында балаларға және медицина саласының қызметкерлері қамтылады. Сонымен қатар, профилактикалық егуді өткізіп алған 18 жасқа толмаған жасөспірімдер өзі тіркелген жергілікті емханаларға жүгініп, екпе ала алады. Ал, 6 айдан 11 айға дейінгі бөбектер қызылшаға қарсы жоспарлы екпені салдыруы қажет, -дейді Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімінің басшысы Инна Глазебная.

864


Мамандардың айтуынша, бүгінгі таңда қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында 185 науқас (19 ересек, 166 бала) стационарлық ем алуда және жағдайы – тұрақты динамикада. Ал, төсек толымдылығы 71 пайызды құрап отыр.
– Шымкенттегі қызылша анықталған науқастардың арасында балалардың 88,8 пайызы екпе алмағаны анықталып отыр. Оның 43 пайызы вакцинациядан бас тартса, 10,2 пайызы медициналық шегерімге байланысты алмаған. Ал, 14,9 пайызы – жоспарлы екпе алу жасына жетпегендер. Қазіргі таңда қалада қызылша ауруының эпидемиологиялық жағдайы тұрақты бақылауға алынды. Емханаларда мобильді бригадалардың жұмысы күшейтіліп, үй аралау жұмысы күшейтілген. Сондай-ақ, үйдегі стационарлар ұйымдастырылып отыр. 29 қарашадағы мәліметке сәйкес, 18 073 адам вакцина алды. Бұл – жалпы жоспардың 15,3 пайызы. ҚЖИ үшін 15 желтоқсанда қосымша 83 950 доза жеткізіледі деп күтілуде, -дейді Инна Глазебная.

P.S.

Қызылшамен күресте елдегі эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандырып, ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін қаланың әрбір азаматы жауапкершілік таныту тиіс. Бұл – дәрігерлердің үндеуі. Әрине, арнайы дәрігерлік тексеруден өткен соң, баланың денсаулығында вакцинаға қарсы медициналық көрсетілім болмаса, жоспарлы екпені алып, жұқпалы ауруға қарсы иммунитет қалыптастырған абзал. Ал, профилактикалық егуді өткізіп алғандар республика көлемінде жүргізіліп жатқан қызылшаға жаппай иммундау (ҚЖИ) шарасына қатысып, тегін екпе ала алады. Қазақтың «Сақ жүрсең, сау жүресің» деген мәтелін ұранға айналдырар тұс осы болар.