Кадрлық әлеуеттің маңызы зор Избранное

Пятница, 14 Апрель 2023 07:06 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 979 раз

kadrlyk-aleuet

Ұйымдардың мүмкіндігімен танысты

Тимур Сұлтанғазиев, ең әуелі, қалалық онкологиялық орталық жанына ашылған ядролық медицина орталығының жұмысымен танысты. Мұндағы заманауи технологиялық аппараттар қатерлі ісікті ерте кезеңде анықтап, науқастарға шұғыл әрі сапалы медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

Онкологиялық орталықта стационарлық емге арналған 260 төсек орын болса, емхана бір ауысымда 150 адам қабылдай алады. Медициналық ұйым ұжымында 85 дәрігер және 200-ден астам орта медицина қызметкері жұмыс істейді. Мұнда химиотерапия, радиология, радиогинекология, хирургия, маммология, онкогематология және паллиативтік бөлімше бар. Сондай-ақ, күндізгі стационар, клиникалық-диагностикалық емхана, оның ішінде сәулелік диагностика бөлімшесі, цито-гистологиялық және клиникалық-диагностикалық зертхана науқастарға медициналық көмек көрсетіп отыр.

Бірінші вице-министр қалалық онкология орталығының жұмысымен егжей-тегжейлі танысып, клиника басшылығымен түйткілді мәселелердің шешу жолдарын талқылады. Талқылау барысында пациенттерді емдеуде енгізілетін және қолданыстағы инновациялық әдістер де айтылды. Мысалы, қазіргі заманғы эндобейнехирургиялық кешендерді сатып алумен кеуде, іш және кіші жамбас ағзаларының ауруларына аз инвазивті операциялар жүргізу тәжірибесі белсенді қолданылып келеді. 2019 жылдан бастап мұнда аяқ-қол саркомалары кезінде ірі буындарды бір мезгілде протездеу әдістері енгізілді.

Мамандардың айтуынша, онкоорталықта сүт безі обырында науқастарды психологиялық және әлеуметтік оңалтуда үлкен рөл атқаратын күрделі тері-бұлшықет қиындыларын қолдана отырып, әртүрлі реконструктивтік-пластикалық операциялар жасалған. Төрт жыл ішінде орталықта 80-нен астам осындай реконструктивтік операциялар орындалыпты. Заманауи Phillips AZURION-7 биплан ангиографында онкология орталығының мамандары 2 мыңға жуық рентгенхирургиялық операция жасаған. Қатерлі ісікті емдеудегі инновациялық тың тәсілдер науқастардың өмір жасын ұзартып, сапалы ем алуына мүмкіндік беріп отыр.

 

Мегаполис медицинасын күшейту үшін...

ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі 400 төсек орындық қалалық №2 ауруханаға барып, ұйымның жұмысымен танысты. Күрделі жөндеуден өтіп, заман талабына сай жаңғыртылған ауруханада өткен жылы 21 мыңнан астам пациент ем алған. Тимур Сламжанұлы қабылдау бөлімі, сәулелі диагностика, ангиография кабинеті мен инсульт бөлімшесінің жұмысын қадағалап, соңғы үлгідегі құрылғылармен жабдықталған КТ кабинеттері мен жансақтау бөлімін аралады. Бірінші вице-министр мұнда медициналық көмек көрсету сапасының, әсіресе емхана мен ауылдық медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) объектілеріне пациенттерді диспансерлік есепке алу және емдеу, қан айналым жүйесінің аурулары кезінде инсульттік науқастарға медициналық көмек көрсету деңгейін арттыру бойынша өзара тиімді іс-қимыл жасау мәселелеріне назар аударды.

Вице-министр бастаған делегация қалалық №1 емханасындағы тіркеу орны, егу, күндізгі стационар мен процедуралық кабинеттерді аралап, дәрігерлермен пікір алмасты. Емхана жыл сайын 45 мыңға жуық тұрғынға қызмет көрсетеді. Мұнда Тимур Сұлтанғазиев аурулардың профилактикасы, скринингтік зерттеу жүргізудің тиімділігін арттыру, пациенттерді уақтылы диспансерлік есепке алу жұмысын күшейту қажет екенін атап өтті. Сондай-ақ, пациенттерді қолдау қызметінің рөлін бастапқы деңгейде жандандыруды ұсынды.

Т.Сұлтанғазиев жоғарыда аталған медициналық ұжымдармен кездесуден соң, онкологиялық ауруларды ерте сатысында анықтау бойынша жұмысты күшейтіп, МСАК-тың озық тәжірибелерін кеңінен қолданысқа енгізуді және әкімдікпен бірлесе отырып, медициналық мекемелерді білікті кадрлармен қамтамасыз ету мәселесінің шешімін табуды тапсырды. Сондай-ақ, ұйымдар менеджментінің тиімділігін арттыру, жаңа технологиялар мен жұмыс әдістерін енгізу қажет екенін тілге тиек етті.

 

«Резидентураға 2500 грант беріледі»

Іс-сапар барысында бірінші вице-министр Оңтүстік Қазақстан медицина академиясына барып, оқу үдерісімен және мұражай жұмысымен танысты. Мұражайында Академия құрылған 1979 жылы бергі тарихи деректер мен естеліктер жинақталып, сақталған. Сонымен қатар, Т.Сұлтанғазиев анатомия дәрісхана-мұражайына барып, медициналық білім берудің негізі саналатын заманауи үлгідегі муляждармен танысты. Сондай-ақ, ол академияның тест орталығында болып, қорытынды емтихандар жүйесінің әдістемелік және технологиялық мүмкіндіктерін бағамдады.

Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының базасында мегаполис тұрғындарымен кездесіп, азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Іссапар қорытындысы ретінде жергілікті өңірлік коммуникациялар алаңында брифинг өткізді.

Қала жұртшылығымен кездесуде Т.Сұлтанғазиев медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін күшейтуге, пациенттердің құқықтарын қорғауға, қоғамдағы дәрігерлер мәртебесін нығайтуға бағытталған заңнамалық жаңалықтар туралы хабардар етті. Сондай-ақ, ведомствоның амбулаториялық деңгейде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді жақсарту, кадр саясаты, «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасын іске асыру нәтижелері туралы баяндады.

Тимур Сламжанұлының айтуынша, «Аңасаған сәби» бағдарламасы шеңберінде 2026 жылға дейін ЭКҰ-ға жыл сайын 7000 квота бөлу көзделген. Осы бағдарламаның қолданылуына байланысты 2022 жылы Шымкентте 413 квота бөлініп, 214 әйел жүктілікке қол жеткізген. Нәтижесінде 90 отбасы бала сүю бақытына ие болған.

Кездесуге қатысушылар емханаларда тіркелу, амбулаториялық-емханалық деңгейде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелерін көтерді. Сонымен қатар, қала тұрғындары оңалту емін алу үшін стационарға орналасу, емдеуге жатқызу бюросының порталы арқылы бейінді бөлімше қызметін ұзақ күту, ересек тұрғындарға стоматологиялық көмектің қолжетімді ету мәселелері қозғалды.

Ал, жеке қабылдау барысында азаматтар диспансерлік есептегі науқастарды дәрілік препараттармен уақтылы қамтамасыз ету, диагностика жасау және диспансерлік есепке алу тәртібіне қатысты көкейтесті сауалдарын жолдады. Әсіресе, шымкенттіктер республикалық клиникалар деңгейінде мамандандырылған медициналық көмек алу, санаторийлік-курорттық емделуге жолдама алу, онкологиялық диагнозбен стационарлық ем алу мәселелерін көтерді. Тұрғындардың өтініштері мен сұрақтарына бірінші вице-министр толық түсініктеме беріп, бейінді департаменттерге жүгінген азаматтарға тиісті көмек көрсетуді тапсырды.

Брифинг барысында Шымкент қаласындағы медициналық мекемелерге 100-ге тарта маман жетіспейтіні айтылды. Мегаполисте акушер-гинеколог, анестезиолог-реаниматолог, балалар дәрігеріне сұраныс жоғары. Сонымен қатар, онкологиялық орталықтар цитолог, морфолог сынды сирек мамандарға зәру.

Ресми деректерге сүйенсек, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі маман тапшылығы мәселесін шешу үшін былтыр бюджет есебінен 4 700 білім грантын бөлуге ықпал еткен. Оның 74 гранты Шымкент қаласына беріліп отыр. Ал, жергілікті бюджет есебінен биыл 2,5 мыңға жуық дәрігер мен 9 мыңнан астам медбикені оқытып, біліктілігін арттыру жоспарланған.

— Кадр мәселесі бойынша дәрігерлерді дайындауға бағытталған квота көлемі ұлғайтылды. Мәселен, Мемлекет басшысы 3 жылдың ішінде резидентураға қосымша 70 пайыз грант беріп отыр. Ал, биыл резидентураға 2500 грант беріледі, - деді Т.Сұлтанғазиев.

Сапар соңында Тимур Сұлтанғазиев жергілікті және республикалық БАҚ өкілдерінің жалпы тәжірибелік дәрігердің жолдамасынсыз бейінді мамандарды қабылдауын ұйымдастыру, кадр тапшылығын шешу жолдары мен емханаларды медициналық техникамен жарақтандыруға қатысты сұрақтарына жауап берді.

Дайындаған З.АЛДАБЕРГЕНОВА