ХАЛЫҚ САНЫ 20 МИЛЛИОНҒА ЖЕТТІ Избранное

Пятница, 17 Ноябрь 2023 06:21 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1281 раз

Биыл 14 қарашада Қазақстан Республикасының халық саны 20 миллион адамға жетті. Осынау қуанышты жаңалықты ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы халыққа жеткізді.

566

 

Қазақстан Республикасы стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросы таратқан мәліметтерге сүйенсек, 20 миллионыншы азаматтың туған күні барлық қолда бар демографиялық деректерді ескере отырып айқындалған. Бұрын халық саны туралы мәліметтер қолмен өңделетін және бұл көп уақытты қажет ететін болса, қазір мемлекеттік ақпараттық жүйелердің интеграциялануы бұл процесті жеделдетуге және 20 миллионыншы азаматтың туған күнін жоғары дәлдікпен және қысқа мерзімде анықтауға мүмкіндік берген.
Халықтың деректер базасының көрсеткіштеріне сәйкес, 2023 жылғы 14 қарашада таңғы сағат 8.10-да туған 5 бала еліміздің 20 миллионыншы тұрғыны атанды.
Айта кетейік, 1991 жылы Қазақстан Республикасының халық саны 16,4 млн адамды құрады. Тәуелсіздік жылдарында ел халқы 22,3 пайызға өсті. Мәселен, 1991 жылы елімізде 353,2 мың сәби туылған болса, 2022 жылы 403,9 мың бала дүние есігін ашқан. Яғни, туу көрсеткіші 14,7 пайызға өскен.
Ұлттық статистика бюросы бала туудың ең жоғары көрсеткіші 2021 жылы тіркелгенін атап көтсеткен. Сол жылы елімізде 446 мың бала туылған екен.
Халық санының көбеюіне негізінен табиғи өсімнің артуы, оның ішінде нәресте өлімінің азаюы ықпал еткен. Статистикалық деректер 1000 тұрғынға шаққандағы өлім-жітім саны 1991 жылғы 8,2 болса, 2022 жылы бұл көрсеткіш 6,8 адамға дейін төмендегенін көрсетіп отыр. Сәбилер өлімінің коэффициенті де 3,5 есе төмендепті. Нақтырақ айтсақ, 1991 жылы 1000 сәбиге шаққанда 27,3 жағдай тіркелсе, 2022 жылы 7,7 жағдайға дейін азайған.
Халықтың жалпы туу коэффициенті 1991 жылы 1 000 адамға шаққанда 21,6-ны құраған болса, 2021 жылы бұл көрсеткіш 23,6-ға дейін өсіпті. 2022 жылы бұл көрсеткіш 20,7 болды.
Сонымен қатар қазақстандықтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 1991 жылмен салыстырғанда 6,8 жылға өсіп, 74,4 жасты құрағанын да айта кеткен жөн.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.