Ұлт денсаулығы – мемлекеттің күші

Пятница, 17 Ноябрь 2023 06:14 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1058 раз

қазіргі заманғы медицина онкологиялық аурулардың басым бөлігін емдей алады

Жыл сайын 40 мыңға жуық қазақстандықта қатерлі ісік диагнозы расталады, 13 мың пациент қайтыс болады. Біздің елімізде ғана емес, бүкіл әлемде, өкінішке қарай, онкологиялық аурулардың түрі де, оларға шалдыққан науқастардың саны да көбеюде.
Көптеген адамдардың бұл диагнозды үкім ретінде қабылдайтыны рас. Бірақ, қазіргі заманғы медицина мен ғылым онкологиялық аурулардың басым бөлігін емдеуге мүмкіндік береді. Оларды емдеуге мемлекет тарапынан жыл сайын миллиардтаған қаражат бөлінеді.
Осы орайда біз Шымкент қалалық онкологиялық орталығының бас дәрігері Жақсылық МӘУЛЕНОВ мырзамен сұхбаттасқан болатынбыз.

563

 

–Жақсылық Оразбайұлы, республиканың өзге өңірлерімен салыстырғанда Шымкент қаласындағы халықтың онкологиялық аурулармен аурушаңдығы көрсеткіші қандай?

–Шымкент қаласында онкологиялық аурулармен аурушаңдық көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 127 науқасты құрайды. Егер республика бойынша орташа көрсеткіш 100 мың адамға шаққан кезде 208 адамды құрайтынын ескерсек, біздің қаламызда аурушаңдық көрсеткіші төмен. Дегенмен, аурушаңдықтың төмен болуын жұмыстың нәтижесі, жақсы көрсеткіш деп айтуға болмайды. Себебі, халықтың арасында іс жүзінде онкологиялық аурулармен ауыратын, бірақ, дерті уақтылы анықталмаған, нақты диагнозы қойылмаған адамдардың болуы әбден ықтимал. Ондай адамдар өз ағзасында қатерлі ісіктің бар екенін білмей, ешқандай ем қабылдамай жүре береді. Содан ауруы әбден асқынған кезде барып дәрігердің қабылдауына келеді. Мұндай жағдайда пациентті емдеу өте қиын болмақ. Демек, қазір ауруы анықталмай, диагнозы қойылмай жүрген науқастар күні ертең онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітім көрсеткішінің арта түсуіне ықпал етеді. Сондықтан мейлінше көбірек азаматтарды профилактикалық тексеруден өткізіп, аурушаңдық көрсеткішін арттырып, дертті ерте сатысында анықтап, емдеуіміз керек.

564


Айтайын дегенім, аурушаңдық – біздің жұмыстың басты көрсеткіші емес, біз үшін жұмыстың түпкі нәтижесі — онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітімді азайту. Мәселен, 2018 жылы Шымкент қаласында онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітім көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 59 адамды құраған болса, бүгінде бұл көрсеткіш 47 адамға дейін төмендеді. Міне, мұны мемлекеттің жалпы медицина саласын, соның ішінде онкологиялық қызметті дамытуға бағытталған саясатының жемісі және біздің онколог-дәрігерлеріміздің қажырлы еңбегінің нәтижесі деп айта аламыз.

–Осындай оң нәтижеге қол жеткізу үшін Шымкент қалалық онкологиялық орталығында қандай жұмыс істелгені жөнінде әңгімелеп беріңізші...

–Біздің орталығымыз Шымкент қаласы бойынша онкологиялық қызмет көрсетеді. Орталықта барлығы 261 төсек орын бар. Оның ішінде жағдайы біршама жақсы, өз аяғымен келіп ем қабылдай алатын науқастарға арналған 30 төсек орынды күндізгі бөлімше бар. Қалған 231 төсек орын тәулік бойы осында қалатын науқастарға арналған. Атап айтар болсақ, 30 төсек орынды хирургиялық бөлімше, 35 төсек орынды радиогинекологиялық бөлімше, сәулелі ем қабылдайтын 46 төсек орынды радиологиялық бөлімше, 50 төсек орынды химиятерапия бөлімшесі жұмыс істейді. Сондай-ақ, ауруы асқынып кеткен, емдеуге жарамайтын науқастарға күтім жасайтын 30 төсек орынды паллиативті көмек бөлімшесі бар. Мұнда ауыр хәлдегі науқастарға тек медициналық қана емес, сонымен бірге психологиялық және әлеуметтік қолдау да көрсетіледі. Өткен жылы орталықта 20 төсек орынды онкогематология бөлімшесі ашылғанын да айта кеткен жөн. Мұнда лейкоз, қазақша айтқанда ақ қан ауруымен ауыратын науқастар ем қабылдайды.
Мұнан бөлек бірқатар қосалқы бөлімшелеріміз де бар. Мәселен, функционалды-диагностикалық бөлімшеміз жұмыс істеп тұр. Ол рентген, компьютерлік томограф аппараты, эндоскапиялық кабинеттер және өзге де қондырғылармен жабдықталған. Науқасқа онкологиялық диагноз қою үшін алдымен биопсиялық талдау жасалады. Яғни, ісіктің кішкентай бөлігі алынып, микроскоп арқылы морфологиялық тексеру жүргізіледі. Сол арқылы ісіктің қандай түрі екені, қатерлі ме, әлде қатерсіз ісік екені анықталады. Біздің орталықта, міне, осындай тексеру жүргізумен айналысатын цитоморфологиялық зертхана бөлімшесі де бар.
Оған қоса өткен жылы Шымкент қалалық онкологиялық орталығының жанынан ядролық медицина орталығы ашылды. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің аясында ашылған бұл орталықта позитронды-эмисионды компьютерлік томография (ПЭТ-КТ) қондырғысы орнатылған. Бұрын мұндай қондырғы тек қана Астана мен Алматы қаласында ғана бар еді. Оған түсу үшін науқастар 2-3 апта, тіпті, 1 айға дейін кезек күтуге мәжбүр болатын. Осындай орталықтың өзімізде ашылуының арқасында науқастардың кезегі 3-4 күннен аспайды, Оған қосымша АҚШ-тың Varian атты компаниясы жасаған науқастарға ауыр технологиялық сәулелік ем жүргізетін желілік жеделдеткіш қондырғысы да орнатылды.
Қорыта айтқанда, мұның барлығы адам ағзасында қатерлі ісіктің бар екенін ерте сатыда анықтау және заманауи, жаңа технологиялардың негізінде тіліксіз ота жасауға мүмкіндік беріп отыр. Бұл өз кезегінде онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітім көрсеткішін, жоғарыда айтқанымыздай, 100 мың тұрғынға шаққанда 59-дан 47-ге дейін азайтуға ықпал етті.

–Сіз басқарып отырған орталықта, жалпы, Қазақстанда онкологиялық қызметті одан әрі дамыту үшін қандай шаралар қолға алынып жатыр?

–Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаев өзінің «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасында онкологиялық көмекті жаңғырту, онкологиялық көмек көрсетуде және қатерлі ісіктерді емдеуде жоғары нәтижелерге қол жеткізген елдерге ұқсас онкологиялық науқастарды диагностикалау, емдеу және оңалту үшін жағдай жасау қажеттігін атап өткен болатын. Осыған орай Қазақстан Республикасында онкологиялық ауруларға қарсы күрес жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған кешенді жоспар әзірленіп, ол Үкіметтің қаулысымен бекітіліп, жүзеге асырылды. Біздің жоғарыда айтылған жетістіктеріміздің барлығы аталған кешенді жоспардың аясында атқарылған жұмыстардың нәтижесі.

562


Енді биыл қазан айында Үкімет онкологиялық ауруларға қарсы күрес жөніндегі 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспарды бекітті. Бұл кешенді жоспар аясында скринингтік тексеру жұмыстары жандандырылады. Бұған дейін Қазақстанда қатерлі ісіктің 3 түрі, атап айтқанда, сүт безінің қатерлі ісігі, жатыр мойнының қатерлі ісігі және тік ішек пен тоқ ішектің қатерлі ісігі бойынша скринингтік тексеру жүргізіліп келген болатын. Ендігі жерде жаңадан бекітілген кешенді жоспардың аясында скринингтің жаңа түрлері енгізілгелі отыр. Атап айтқанда, тік ішектің қатерлі ісігін анықтау үшін эндоскопиялық әдістен бөлек, виртуалды колоноскопия әдісі арқылы да тексеру жүргізіледі. Мұның өзі тиімділігі жоғары әдіс болып саналады. Бұл – бір.
Екіншіден, өкпенің қатерлі ісігі ауруын ісікалды кезеңде немесе аурудың ерте сатысында анықтау үшін төмен дозалы компьютерлік томографияны қолдану арқылы скринингтік тексеру жүргізу жоспарланып отыр.
Үшіншіден, адамдағы папиллома вирусы атты инфекция бар. Бұл вирус жатыр мойны қатерлі ісігін тудыруы мүмкін. Сол себепті келесі жылдан бастап Қазақстанда белгілі бір жастағы әйел азаматтар адамдағы папиллома вирусына тест тапсыру мүмкіндігіне ие болады. Бұл да – онкологиялық ауруды ерте сатысында анықтауға мүмкіндік беретін әдіс.
Сондай-ақ, 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспардың аясында 11 жастан бастап қыз балаларға адамдағы папиллома вирусына қарсы ерікті түрде екпе салына бастайды. Тағы да қайталап айтамын, бұл екпе ерікті түрде салынады. Бірақ, өз перзентінің болашағын, денсаулығын ойлаған ата-ана бұл екпені салдырғаны дұрыс. Өйткені, екпе толықтай клиникалық зерттеуден өткен, одан ешқандай қауіп-қатер жоқ. Есесіне, адамдағы папиллома вирусына қарсы екпені қабылдаған әйел адам өмір бойына жатыр мойнының қатерлі ісігі ауруына шалдықпайды.
Біздің елімізде мәселенің байыбына бармай жатып, кез келген екпеге қарсы шығып, дау туғызатын антиваксерлер бар ғой. Ата-аналар олардың сөзіне еріп кетпеуі керек. Өйткені, шет елдердің тәжірибесіне сүйенсек, адамдағы папиллома вирусына қарсы екпені қабылдаған 100 мың әйелді тексерген кезде олардың бірде-біреуінен жатыр мойнының қатерлі ісігі анықталмаған. Мұндай вакцина Қазақстанда да осыдан шамамен 10 жылдай уақыт бұрын біраз адамға салынған. Өз елімізде де екпе қабылдағандардың ешқайсысынан жатыр мойнының қатерлі ісігі анықталған жоқ. Біле білсек, бұл екпе шет елдерден сатып алынады және ол өте қымбат тұрады. Соған қарамастан мемлекет халықтың денсаулығына қамқорлық жасау және онкологиялық аурудың кең тараған түрінің алдын алу үшін осындай қадамға барып отыр.
Мұнан бөлек, 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспардың аясында Шымкент қалалық онкологиялық орталығы толығымен қайта құрудан өтіп, ғимаратымыз жаңыртылады деп жоспарланып отыр. Материалдық-техникалық базаны одан әрі жетілдіру мен паллиативті көмек көрсетуді жетілдіруге де алдағы жылдары баса назар аударылмақ.

–Шымкент қаласындағы 1 миллион 200 мың халықтың барлығын онкологиялық орталық қамти алмайды ғой. Менің ойымша, онкологиялық ауруларды ерте сатысында анықтауда жергілікті емханалар маңызды рөл атқаратын болса керек. Сіздерде қаладағы емханалармен байланысып, бірлесіп жұмыс істеу жағы жолға қойылған ба?

–Иә, дұрыс айтасыз, онкологиялық аурулар алғашқы сатыларында көбіне симптомсыз жүреді. Сондықтан адам ағзасында қатерлі ісік бар екенін ерте анықтау үшін емханадағы мамандар білікті болуі тиіс.
Бүгінде Шымкент қаласында 53 емхана болса, соның ішінде 14-і мемлекеттік емханалар, қалғандарпы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жұмыс істейтіндер. Шымкент қалалық онкологиялық орталығы қала бойынша онкологиялық қызметті үйлестіруші мекеме болып саналғандықтан, бізде осы емханалармен бірлесіп жұмыс істейтін ситуациялық орталық – ұйымдастыру-әдістемелік бөлім жұмыс істейді. Бұл орталық арқылы емханада дәрігердің қабылдауында болып, бізге тексеруге жолданған науқастардың жағдайы бақыланып отырады. Оған қоса емханадағы дәрігердің қабылдауында болған науқастың диагнозы уақтылы қойылмай, ауруы асқынып кеткен жағдайда ситуациялық орталықта бұл мәселе толық талданып, емхананың бас дәрігері мен оның орынбасарларына және науқасты қабылдаған дәрігерге алдағы уақытта мұндай жағдайға жол бермеу үшін әдістемелік көмек беріледі.

–Қаладағы 53 емхананың барлығында онколог-дәрігерлер бар ма?

–Тіркеуде тұратын халық саны 20 мыңнан асатын емханалардың барлығында онколог-дәрігерлер жұмыс істейді. Әзірге мұндай мамандары жоқ шағын емханалар өзге мекемелермен келісімшартқа отырған, қажет болған жағдайда пациентті жолдама арқылы онкологқа жіберу мүмкіндігіне ие. Алдағы уақытта барлық емханаларды онкологтармен қамту бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.

–Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Айдар ҚҰЛЖАНОВ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.