СПОРТ ДЕГЕН БІР СИҚЫР Избранное

Пятница, 15 Сентябрь 2023 04:41 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 937 раз

«Аула клубтары» арасында турнир басталды

Шымкент қаласында жасөспірімдер арасында кіші футбол және баскетболдан турнир басталды. Қаланың бес ауданында ұйымдастырылған іс-шараға ұйытқы болған – Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы. Қаламызда алғаш рет өтіп жатқан «Аула клубтары» арасындағы спорттық жарысқа 50 мектептен оқушылар қатысып, бақ сынауда.

370

 

Турнирдің мақсаты – жастарды дене шынықтыру және спортқа баулу арқылы салауатты өмір салтын қалыптастырып, нашақорлық пен есірткіге қарсы күресуге үйрету. Осындай жобалардың нәтижесінде спортқа қызығушы жастардың қатары артып келеді, дейді ұйымдастырушылар.
Сайыстың салтанатты ашылу рәсімі Абай ауданына қарасты №55 жалпы орта білім беретін мектепте өтті. Іс-шараға қатысқан Абай ауданы әкімінің орынбасары Гүлнұр Асылбекова жасөспірімдерге сәттілік тіледі.
–Мемлекет басшысы өз Жолдауында бұқаралық спортты дамыту бойынша тапсырма берген болатын. Осыған орай, қаламызда «Аула клубтары» спорттық жарысы ұйымдастырылып, мектеп оқушылары өзара сайысады. Жасөспірімдердің спортпен шұғылдануына барлық жағдай жасалған. Іс-шараға қатысушы жастарға сәттілік тілеймін!, – деді Гүлнұр Асылбекова.
Кіші футболдан ойын көрсеткен спортшылар алдымен жасыл алаңда бойларын сергітіп, ойынды бастап кетті.
– Бес жасымнан бастап спортпен айналысып келемін. Оның ішінде футболға қатты қызықтым. Соңғы 5 жылда түрлі жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып келеміз. Бүгінгі ойынға тыңғылықты дайындықпен келдік, – дейді қалалық №87 жалпы білім беретін орта мектебінің жас спортшысы Сержан Дүйсенбек.
Аталған ойын түрінен әр ауданнан 5 команда жасақталған.
–Бүгінгі ойын қызықты өтті. Бірінші кезең басталғаннан жақсы нәтиже көрсеттік. Біз құрған команданың мақсаты – тек жеңіс тұғырынан көріну, – деді №55 жалпы орта білім беретін мектебінің баскетболдан команда капитаны Арсен Жайлымысов.
Айта кетейік, жеңімпаз командалар бағалы сыйлықтармен марапатталып, қалалық кезеңге жолдама алады.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.