ДӨП СОҒАТЫН ОЙЫНШЫНЫ ДОП ӨЗІ ТАБАДЫ Избранное

Пятница, 09 Июнь 2023 04:53 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 2410 раз

Шымкент спортшылары елімізде, әлемдік додаларда талай биіктерді бағындырып, қаламыздың абыройын асқақтатып жүр. Мұның өзі жастарға жігер мен шабыт беріп келеді. Оның дәлелі, күні кеше қорытындыланған «Шымкент жастар лигасы» додасы. Жобада футболдан мыңнан жүйрік шыққан команда – Т.Тәжібаев атындағы №47 мектеп-гимназияның жас спортшылары. Оқушылар мектебінің намысын қорғап қана қойған жоқ, спорт саласының дамуына да үлес қосты. Жеңімпаз командамен арнайы кездесіп, жеңіс күнінің қуанышымен бөлістік.

33

 

Жас футболшылар мен жаттықтырушылар «Металлург» спорт кешеніне көлікпен жүйіткіп келеді. Дүбірлі доданың басталуына санаулы уақыт қалған еді. Шешуші сәттер жақындаған сайын спортшы жастардың жүрегі дүрсілдей бастады. Барлығының ойында «Жеңіске жетеміз!» деген сенім бар. Өйткені, әрқайсысының үміт артқан мектеп ұжымы мен ата-аналары бар. Үлкендер спортсүйер жастарға ақ батасын беріп, сәттілік тіледі.

332


–Таң атып келеді. Далаға шығып, ауаны сіміре жұттым. Ойын көрсетер шақ та жетті. Көкейде бір ғана арман: «Үміт артып отырған жандарды жеңісімізбен қуантсақ». Көлікке отырып, «Металлург» спорт кешеніне жол тарттық. Ол жерде спортшылар ойын көрсетіп, жобаның жабылу салтанаты өтеді. Жеңіске жеткен командаларды қала әкімінің өзі марапаттайды екен. Көптен күткен спорт кешеніне де келіп түстік-ау! Жасыл алаңға шыққанда қатты қобалжу болғанын жасыра алмаймын. Онда төрт команда бірінші орынға таласты. Алғаш болып №35 пен №90-ыншы мектеп ойын көрсетіп, екінші болып біз және қарсылас №80 мектеп командасы шықты. Нәтижесінде 2:0 есебімен жеңіс бізге бұйырды, – деді №47 мектеп-гимназиядан құралған команданың қақпашысы Жасұлан Убайдулла.

331


Т.Тәжібаев атындағы №47 мектеп-гимназия командасының бапкері Олжас Байтүгелов спорт саласына 2001 жылы келген. Табиғатынан табанды, намысқой азамат ең әуелі құрамадағы тәртіпке баса назар аударды. Ол кісі шәкірттеріне тек спортшы деп қана қарамай, футболшылардың ішкі жан-дүниесіне үңіле білді. Бапкердің жетекшілігімен жас спортшылар 2022 жылы Шымкент қаласында өткен «Ұлттық мектеп лигасы» жобасында Республика чемпионы атанды. Дәл осы жылы «Шымкент жастар лигасы» жобасында да үшінші орынға табан тіреген еді. Биыл бас жүлдені қанжығасына байлады.
–Шәкірттерімді 2016 жылдан бастап футболға икемдедім. Түрлі жарыстарға қатыстырдым. Жеңіспен оралмаса да, еңсесін көтеріп, еңбектене берді. 2022 жылдан бері шәкірттерім дүркін-дүркін жеңістерімен қуантып, рухтанып, болашаққа сеніммен қарады. Футболға дайындаған жас қырындарым десе де болады. Шымкенттің төрінде өткен «Шымкент жастар лигасының» бас жүлдесін жеңіп алды. Финалда қарсылас командамен тартысты ойын көрсеттік.Бірінші таймда шәкірттерім өз әлеуеттерін толық көрсете алған жоқ. Десе де, екінші кезеңде оқушыларым ойын техникасын дұрыс тауып, қарсылас команданың қақпасына екі гол салып чемпион атанды, – дейді бапкер Олжас Байтүгелов.
Қай ойын болмасын, жеңіс оңайлықпен келмейді. №47 білім ордасының жаттықтырушысы жасыл алаңға шыққалы тұрған футболшыларына «Трибунада ата-ана, дос-жарандарың отыр. Жеңілуге жол жоқ! Үмітті ақтап, чемпион болуға лайық екендеріңді көрсетіңдер» деп жігерлендіріпті. Әрине, мына сөзден кейін әр жас бойындағы намысын қайрап, жеңіске жететіні анық. Сол күнгі ойын барысын команда капитаны Нұран Балжан былай еске алды:

333


–Ойыншылардың алаңда бір-бірінің ойын техникасына бақылау жасап, саралай білуі өте маңызды. Ойын басталды. Жауапты сәтте босаңсуға болмайды. Ең қиыны, сол күні ауа райы ыстық болды. Екінші жағынан, қарсыласымыздың жанкүйері көп болғаны да аздап қиындық тудырды.Десе де, барлық қиындыққа қарамай, қарсылас команданы жеңдік, – деді №47 мектеп-гимназия командасының капитаны Нұран Балжан.
Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының бұқаралық спорт және инфрақұрылым бөлімінің басшысы Мақсат Орынбаевтың айтуынша, жыл сайын жобаға қызығушылық танытып жатқан жастардың қатары артып келеді.

330


–Жобаның мақсаты – мектепте оқитын оқушылардың бос уақытын тиімді өткізіп, салауатты өмір салтын ұстанып, өзара достықты насихаттау. Биыл Абай ауданынан – 41 мектеп, Әл-Фараби ауданынан – 29 мектеп, Еңбекші ауданынан – 40 мектеп, Қаратау ауданынан – 41 мектеп қатысып, сынға түсті. Жыл сайын спортқұмар жастардың көбейіп жатқаны қуантады, – деді жауапты маман.

Түйін.

Бапкер білім-білігі мен маңдай терін аямай жұмсаса, Шымкент қаласының кәсіпкерлері жас спортшыларға қаржылай қолдау көрсетті. Жанүйерлер епті де еңбекқор жеңімпаз командаға тік тұрып қол соғып, ризашылығын білдірді. Шымкент қаласының әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы: «Сіздер жеңіс тұғырына көтерілу үшін қаншама уақыт жаттығу жасап, табанды түрде еңбек етіп, тер төктіңіздер. Бұл жеңіс – сол табандылық пен еселі еңбектің жемісі. Тек жарыс жолында ғана емес, үлкен өмірде де әрқашан жеңімпаз атанып, еліміздің үмітін ақтайтын азамат болып өсе беріңіздер» деген ізгі тілегін жеткізді.
Биылғы додаға қалада жалпы 6 мыңнан аса оқушы қатысты.