Самсасы тәттінің – саудасы сәтті Избранное

Пятница, 11 Февраль 2022 04:09 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1401 раз

Шағын және орта бизнес азаматтардың өз идеясын іске асыруына көп мүмкіндіктер сыйлайды. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар еліміздегі экономикалық белсенді топтың ауқымды үлесін құрайтыны рас. Нарықтық экономика адамдарды өз бетінше күн көруге, заман талабына сай бейімделіп өмір сүруге үйретті.

225

 

Ешкімге алақан жаймай, өз арбасын өзі сүйреген жандардың бірі — Күләнда Бәкірова. Ол Шымкенттің бренді саналатын, оңтүстік өңіріндегі көше тағамдарының ең танымалы, кәдімгі самса пісірумен айналысады. Және осы кәсібінен әжептеуір пайда тауып, самсаның арқасында жалғыз өзі бір отбасын асырап отыр.
Күләнда Бәкірова самса пісіріп сатуды 2011 жылы жұмыссыз қалғандықтан амалсыз бастаған. Екі жағдай оның өмірін күрт өзгертіпті. Балаларының қызықшылығын енді көремін бе деген шақта қапыда күйеуінен айырылады. Одан жан бағып жалақыға күн көріп жүрген уақытта әкесінің денсаулығы күрт нашарлап, дүниеден өтеді. Осының барлығы әйелдің нәзік жүрегіне әсер етпей қоймады. Әкесін емдетуге уақыт табу үшін отбасының жалғыз табысы жұмыс орнынан кетуге мәжбүр болады. Бірақ, К.Бәкірова оған еш өкінбей, тәуекелмен жаңа кәсіп бастайды. Шиеттей бала-шағаны жалғыз сүйреу көп әйелді аздырып-тоздырып, әйел табиғатына тән нәзіктігінен айыратыны рас. Бірақ кейіпкеріміз тағдырдың қиындығын еш мойымастан көтере білді, сонымен бірге әйел дейтін асыл қасиетін де сақтап қалды.

226


— Бәрі оңай болды дей алмаймын. Бірінші кезде көше-көшені аралап, адамдардан «менің самсамды жеп көріңізші, дәмі тіл үйіреді» деп алдыруға тырыстым. Келе-келе алушылар тауарыма көңілі толып, мені өздері іздей бастады. Осылай клиенттер саны көбейді. Бір күні тапсырыс алдым. Жұртқа менің пісіргенім қатты ұнаған болса керек, соның арқасында тапсырыстар саны арта түсті. Үлкен тойларға да пісіретін болдым. Одан бөлек үйімнің айналасындағы дүкендерге де өткізетінмін. Кәсібім өрге домалаған шақта күн сайын мың дана самса пісіретінмін. Балаларымды да осы кәсіпке ерте жастан үйреттім. Алғашқы кезде бұл жұмыстарды өзім атқарып жүрдім. Кейін балаларым еңбекке жараған соң дүкендерге тарату, ақшасын жинап алу сияқты шаруаларды өздері тындыратын болды, - дейді кейіпкеріміз.
Бұл дүниеде уақыттың құнынан асқан не бар екен. Осыны ерекше түсінген К.Бәкірова өтіп жатқан әрбір күнді бағалап, табыстың есепсіз жұмсалмауын ойлады. Сөйтіп, балаларының ертеңгі болашағы үшін «Отбасы банкінен» депозит ашып, қаражат жинауға кірісті. Банкпен арадағы келісімге сәйкес 3 жылда 3 млн. теңге жинауы тиіс еді. Алайда, табысты кәсібінің арқасында есепшотты 7 млн. теңгеге толтырады. Осылайша үйдің жарты құнын жинап, арзан пайызбен ипотекалық несие рәсімдеп, армандаған үйіне қол жеткізеді. Бүгінгі таңда ай сайын банкке 170 мың теңге аударады. Ал, тиісті қаражатты самса бизнесінен түскен табыстан тауып беріп отыр. Расында осы күнде самса пісіретіндер көп. Екі аттасаң болды қаланың әр бұрышынан иісі мұрныңды жаратын самсаханаларды кезіктіресің. Оған дөнеркебаб, KFC, чикен, пицца, гамбургер басқа да жылдам тамақтану желілерін қосыңыз. Бірақ неге К.Бәкірова жалғыз өзі самса кәсібінен осындай жетістікке жетті? Өзінің айтуынша, оған екі себеп әсер етті. Біріншісі, дәмді күлшесінің арнайы рецептпен дайындалуы. Екіншіден, қанша уақыт өтсе де, клиенттің қамын ойлап, ең алғашқы пісірген кездегі самсаның пішінін, ішіндегі ет, картобының көлемін сол күйінде бұзбай сақтауы.
— Менің самсамды жұрт өте тойымды деп мақтайды. Осы күнге дейін өткізетін дүкендердің ешқайсысынан тауарым кері қайтқан емес. Мен жұрттың мақтау сөзінен де ләззат алам. Қанша шаршасам да адамдардың пейілін, ыстық ықыласын көргенде, жұмысқа деген шабытым оянып, ісіме құлшына кірісіп кетемін. Өзім сатып алған тағамды қалай сүйсіне жегенді ұнатсам, адамдардың да менің самсамды рахмет айтып жегенін қалаймын. Бұл менің бизнестегі өмірлік қағидам, бұлжымас ережем, - дейді К.Бәкірова.
Кейіпкеріміздің ойында жүрген бір арманы балаларына ертең отбасын асырауға жететіндей дәрежеде қазіргі кәсібін кеңейтіп, дамыту. Сол үшін алдағы уақытта мемлекеттің шағын және орта кәсіп иелеріне ұсынып отырған түрлі қаржылай жеңілдіктерін пайдаланып, тәтті күлше, бәліш пісіретін шағын цех ашуды жоспарлап жүргенін жасырмады.