Осы жағдайға байланысты жауапты мекеме қала тұрғындарына смс арқылы алдын ала ескерту хабарламасын жолдап жатыр. Себебі Шымкентте ауа температурасы +43 градусқа, тіпті +45 дейін көтерілуі мүмкін деп болжануда. Метеорология саласында +40 градустан жоғары температура климаты ыстық жерлер үшін аса қауіпті құбылыс болып саналмайды. Дегенмен температура +45 градусқа жетіп немесе одан асып жатса ғана метеорологиялық қызмет апатты белгі береді. Себебі нормадан тыс ауа райы бәрібір адамның, жалпы жан-жануардың қалыпты тіршілігіне өзінің кері әсерін тигізуі мүмкін.
Жалпы «Қазгидромет» РМК Түркістан облысы бойынша филиалында 14 метеорологиялық станция мен 6 автоматты станция бар. Оның екеуі Шымкент қаласында орналасқан. Ауа райын болжаушылар күн сайын сол станциялардың мәліметін алып отырады.
–Жаздың күндері Шымкент қаласы үшін ыстық шілде аномальді құбылыс емес. Жыл сайын шіліңгір шілдеде күннің ыстықтығы 40 градустан жоғары көтеріледі. Бұған күннің көзін сүйетін шымкентіктер үйреніп те қалған. Тек жайсыз ыстық егде жастағы кісілерге, түрлі ішкі ағза аурулары, әсіресе жүрегі нашар, қан қысымымен зардап шегетін адамдарға қиындық әкелуі мүмкін. Бір айта кетерлігі, шілденің басы керісінше салқын болып басталды. Мәселен, шілденің 7-9 күндері ауа райы қалада +29 градусқа дейін төмендеп кетті. Түнде термометр бағамы +14 градусты көрсетті.
Алда тағы да аптап ыстық бар деп болжануда. Яғни 27 шілдеде күн ысиды. Қалған күндер біздің болжамымыз бойынша қалыпты күйде өтеді, - деді «Қазгидромет» маманы Ә.Кыдырбаева.