— Құрылыс басында болған қайғылы жағдайларды комиссия жіті тексеретінін жеткізгім келеді. Егер кінә жұмыс беруші тарапынан кеткені анықталса, онда заңды тұлғаға ірі көлемде айыппұл салынып, сот үкімімен 8 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін. Қайғылы оқиғалар еңбек орындарында болып тұратын жағдай. Құрылыс ауыр еңбек түріне жататындықтан, жұмысшылардың өмір қауіпсіздігі маңызды. Сондықтан осы құрылыс алаңына еңбек қауіпсіздігін түсіндіру мақсатында арнайы келіп отырмыз, – деді Шымкент қалалық еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бауыржан Қалжанов.
Басқарма басшысының айтуынша, жыл басынан бері 25 компанияға еңбек заңнамасын сақтамағаны үшін тиісті шаралар көрілген. Еңбек тәртібін бұзған жұмыс берушілерге 980 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Ал өткен жылғы айыппұл мөлшері 9,8 млн теңгені құраған. Еңбек қауіпсіздігі бұзылған 30 жағдай тіркелген.
— Құрылысшылар жұмысқа келген соң алдымен еңбек қауіпсіздігі түсіндіріледі. Содан кейін құрылысшылар бригадирі жеке өзі жұмыс орнындағы қауіпсіздік шараларының барысымен таныстырып өтеді. Сосын барып жұмысшылар іске кіріседі. Құрылыс жұмыстары еңбек түрлерінің ішінде қауіптілігі жоғары кәсіптің қатарына жатады. Биікте жұмыс істейтін құрылысшылар барынша сақтық шараларын сақтамаса, соңы қайғылы жағдайға ұласуы әбден мүмкін, – деді «Отау строй» компаниясының еңбекті қорғау жөніндегі маманы
Сәбит Аханбаев.
Б.Қалжанов бүгінге дейін инспекцияға еңбек құқығының бұзылғаны және осыған қатысты басқа да мәселелер бойынша жұмысшылар тарапынан жүзден астам шағым түскенін айтты. Дегенмен, қаланың бас еңбек инспекторы шағымданушылар саны жылдан-жылға азайып жатқанын жеткізді. Оның негізгі себептерінің бірі – жұмыс берушілер бүгінде еңбек шарты мен қауіпсіздігі мәселесіне ерекше көңіл бөле бастаған. Сонымен бірге инспекция тарапынан да қоғаммен байланысты жақсарту мақсатында түрлі әлеуметтік желілер арқылы парақша ашып, халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуде. Мәселен, цифрлы технологияның нәтижесінде қазіргі таңда кез келген өтінішті инспекцияға электронды түрде қалдыруға болады.