«Бозарыққа» көгілдір отын келетін күн таяу Избранное

Пятница, 04 Август 2017 05:39 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 3651 раз

Қалаға іргелес Бозарық елдімекені жыл өткен сайын жаңарып, түлеп келеді. Өткен ғасырдың 30-жылдарынан бастау алатын Бозарық ауылының тарихы тереңде. «Оңтүстік Қазақстан ауыл анықтамалығында» «боз» деген сөздің мағынасы – сұр топырақ» деп келтіріледі.

DSC 0666

900 орындық мектеп салынуда

Қазірде елдімекен Бозарық ауылы және 1,2,3-саяжай болып бөлінеді. Бозарық ауылында 4160, үш саяжайды қоса есептегенде 7021 тұрғын бар. Яғни бозарықтық ағайынның саны 11 мыңның үстінде. Бұл көрсеткіш күн санап елдімекенде адам санының көбейіп келе жатқанын білдірсе керек. Халық санының тығыздығын ескерген жергілікті тиісті органдар былтыр Бозарық ауылынан 1200 орындық екіқабатты мектеп салынып, пайдалануға берілген болатын. Алайда саяжайдағы оқушыларға аталған мектеп алыс болғандықтан, ол жаққа қатынап оқи алмады. Ал саяжайдың өзіндегі 600 орындық мектепте балалар үш ауысымда оқуға мәжбүр. 

Жергілікті ауыл ақсақалдары әбден толғағы жеткен осы мәселені бірнеше жылдан бері қала және аудан әкімінің, білім және құрылыс бөлімдерінің назарына қойып келді. «Көш жүре түзеледі» дегендей, осыдан екі ай бұрын «Бозарық» саяжайының өзінен 900 орындық үш қабатты мектептің құрылысы басталып та кетті.

 

Ауылдың ажарын ашқан аялдамалар

DSC 0624

– Бозарықтың тұсынан өтетін Шаян тас жолы толықтай күрделі жөндеуден өтуде. «Отау Строй» ЖШС мердігерлік ететін жолдың құрылыс жұмыстарына Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімі ұсыныс беріп, құрылыс қазан айында аяқталып, тапсырылады, – дейді Қаратау ауданының «Бозарық» елдімекені бойынша жетекшісі Берік Жанаев. 

– Бозарықтың тұсынан өтетін негізгі асфальт жолдың құрылысы сапалы жүргізілуде. «Алайда саяжайдың ішкі жағындағы жолдар істелмеген. Былтыр ішкі орамдық жылыту жүйелерінің жер астынан тартылуына байланысты жолдар қазылды да, кейіннен жауапты мамандар үстін жауып қоя салды. Ол күз бен қыста біздерге көптеген қиындықтар туғызды. Жер лай, батпақтан көз ашпай қалдық. Сөйтіп көше тұрғындары бірігіп, өз қалтамыздан көшемізге шағал тас төседік. Ішкі көшелердегі жолдарға да асфальт төселсе», – дейді Дархан көшесінің тұрғыны Төлеген Тұрлыбеков. 

DSC 0602

Тұрғынның шағымына байланысты біз Түрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісінің міндетін атқарушы Игілік Тұрғынбековке қоңырау шалдық. «2018 жылға қарай ішкі орамдық жылыту жүйелерінен бөлек көшелерге кәріз жүйесі де тартылады. Былтыр біз екі жұмыс болмасын деп асфальт төсемедік. Кәріз жүйесі толықтай тартылып біткен соң ішкі көшелерге де асфальт төселетін болады», – дейді И. Тұрғынбеков. 

Бүгінде Бозарық саяжайының өзекті мәселесі кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді. Мәселен сайжайға кіреберісте «Шайхана» аялдамасы орнатылды. Бір ғана кіреберіс емес, саяжайдың тағы үш жерінде тура осындай жинақы аялдамалар қойылған. Бұрын аялдама деген атымен болмайтын аумақтың қазіргі ажары ашылып, реңі кіріп қалғандай.

 

Газдандыру жұмыстары қызу жүргізілуде

DSC 0597

Табиғи газ бозарықтықтарға қол жетпестей көрінетін. Қысымен ағаш пен көмірді отын қылып, оның күлін шығарып, көктемге ілінетін. Енді биылдан бастап, нақтырақ айтсақ, қараша айында ол қиындықтың бәрі артта қалмақ.

Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімі «Әсель А» мердігер компаниясына былтыр шілде айында тапсырыс берген. Сол уақыттан бастап халыққа құрылыс жөніндегі түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді. Көптеген үйлерге газ құбырлары кіргізіліп те қойды. Егер құрылыс және техникалық жұмыстар ойдағыдай аяқталса, алдағы қараша айында саяжайға газ келеді.

DSC 0717

 

Емхана қашан салынбақ?

Бозарықта атқарылып жатқан, жоғарыда тілге тиек еткен игілікті істер баршылық. Алайда өзекті бір мәселе әлі де шешімін таппай келеді. Ол – №10 емханаға қарайтын медбөлімше мәселесі. Елдімекенде 11 мыңнан астам адамның тұратынын ескерсек, сол 11 мың тұрғынға аядай ғана екі бөлмеден тұратын шағын медбөлімше жұмыс істейді. Оның өзінің әбден тозығы жеткен, санитарлық талаптарға сай келмейді. Ал онда бар болғаны екі-ақ дәрігер мен бірнеше медбике қызмет көрсетеді. Әсіресе қыс мезгілінде бөлімшеге келген тұрғындар ұзын-сонар кезек күтуге мәжбүр. 

DSC 0697

– Екі дәрігер мен бірнеше медбике халыққа қызмет көрсетіп үлгере алмауда. Тиісті маманның қабылдауына немесе сараптама тапсыруға 5-6 шақырым алыс жердегі «Қайтпас» шағынауданындағы №10 емханаға баруға тура келеді, – дейді ауылдың ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сәбит Атамбаев. 

Аталған мәселе бойынша №10 емхананың мамандар бөлімінің басшысы Әсия Досқалиевамен сөйлескенімізде, ол облыстық Денсаулық сақтау басқармасына хабарласуымызды сұрады. Біз осы ретте 11 мың тұрғынның атынан Бозарыққа бір емхананың қашан салынатыны туралы қызметтік хатты облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаевқа жолдадық. Алдағы уақытта құзырлы мекеменің тиісті жауабын күтетін боламыз.

 

Суретті түсірген
Б. СЕЙІТЖАППАР

Последнее изменение Пятница, 04 Август 2017 06:39
Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.