ЕЛДІК ЕЛ БАСЫНА КҮН ТУҒАНДА БІЛІНЕДІ Избранное

Пятница, 03 Май 2024 05:35 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 127 раз

Қарғын су көптеген аймақтарды қапияда басып қалды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев он облысқа төтенше жағдай жариялады. Жөңкіліп құлаған нөпір су үй-жай, дүние мүлікті харап қылды. Төрт түлік судан шыға алмай, көбі қорада тұрып-ақ қарғынға жұтылды.

GumanKo

 

Қолындағы барынан айырылған ел Мемлекеттің бар күшті жұмылдыруының арқасында эвакуацияланды. Бір күнде барынан айырылып, аңырап қалған ағайынға көмек, өте үлкен көмек керек еді.
Тас түскен жеріне ауыр. Тығырықтан шығаруды тек мемлекеттің мойнына салу әділетсіздік әрі дәрменсіздік болар еді. Президент Қазақстан Халқына Үндеу жасады. Халық бір үйдің баласы, бір қолдың саласындай бірігіп, көмекке кірісіп кетті. Бұл – үлт пен ұлысты бөлетін емес, біріктіретін, нағыз патриотизмді көрсететін кезең еді. Осындай кезеңде су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясы қатты қайрат көрсетті. Қарғынның беті қайтқанша бұл көмек жалғаса беретіндігі сөзсіз. Нақтылап айтайық. Бүгінде ҚХА-ның «Жүректен жүрекке» атты арнайы жобасы ұйымдастырылып, оның шеңберінде гуманитарлық жүктерді жөнелту жүріп жатыр. Барлық өңірлердегі «Достық» үйлерінде еріктілер орталықтары мен гуманитарлық көмек қабылдау пункттері ұйымдастырылған.
Осынау игілікті істен Қазақстан халқы Ассамблеясының Шымкенттегі этномәдени бірлестіктері де шет қалған жоқ. Бауырлас ағайындар алғашқылардың бірі болып су басқан аймақтарға гуманитарлық көмектерді дүркін-дүркін жіберіп келеді. Ассамблея құрамындағы этномәдени бірлестіктердің бастамасымен Батыс Қазақстан облысына 300 млн. теңгенің 190 тонна жүгі жөнелтілген. Осындай көмектер су басқан Солтүстік Қазақстан облысы, Атырау, Қостанай облысына да көрсетіліп жатыр.
ҚХА этномәдени бірлестіктері мен құрылымдарының өкілдері зардап шеккендерді, полиция, ТЖД қызметкерлерін, құтқарушыларды азық-түлікпен, ыстық тамақпен, киіммен, қажетті тауарлармен (дәрі-дәрмектер, санитарлық-гигиеналық тауарлар, шаруашылық тауарлары, матрацтар, жастықтар т.б.) қамтамасыз етуде.
Олар материалдық-қаржылай көмек, сондай-ақ қажетті техника ұсынып, өңірлердегі «Ассамблея жастары» мүшелері және волонтерлік орталықтар мемлекеттік органдар мен ТЖМ қызметкерлеріне белсенді түрде жәрдем беріп келеді. Сондай-ақ, эвакуациялық пункттерде, штабтарда қолдан келгенінің бәрін жасап, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді, тұрғындарға іс-әрекеттер алгоритмі көрсетілген парақшаларды таратады.
Осы іске республика бойынша 12 мыңнан астам ҚХА еріктілері жұмылдырылды.
Өңірлік этномәдени бірлестіктері өкілдері 1500 тоннаға жуық азық-түлік және алғашқы уақытта қажет болатын заттар жіберді. Сондай-ақ, 81 жүк көлігімен гуманитарлық көмек аттандырды.
Көрсетілген гуманитарлық көмек сомасы – 770 млн теңгеден астам.
Қазіргі уақытта басқа өңірлерге қолдау көрсету мақсатында гуманитарлық көмек белсенді түрде жиналып жатыр.
Жақында Президенттің төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясы өтті. Жиынға Парламент Сенатына ҚХА қатарынан сайланған депутаттар, республикалық этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен мүшелері, Ассамблеяның еріктілері, сондай-ақ бейнебайланыс арқылы ұйымның өңірлердегі делегаттары қатысты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ең алдымен, еліміздің бірнеше аймағындағы табиғат апаты салдарын еңсеру үшін жүргізіліп жатқан ауқымды жұмыстарға тоқталып, су тасқыны басталғаннан бері Қазақстан халқы Ассамблеясы да ортақ істен шет қалмай, белсенді әрі үйлесімді жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Мұның бәрі өзара жанашыр және тілеулес болудың айқын көрінісі екенін айтты.
Халқымызда «Бақтың барар жері – ынтымақ» деген аталы сөз бар. Халықтың басындағы қиын кезең еліміздегі барша ұлттар мен ұлыстардың басын біріктіріп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруға жеткізді. Қиын күндер де өтер-кетер. Бастысы еліміз аман, жеріміз бүтін болсын!