Баба Түкті Шашты Әзіз, Ысқақ бап, Қарабура кесенелері бар киелі мекен, кезінде мәдениеттер өркениеті тоғысқан, облыстың үштен бір бөлігін алып жатқан шежірелі Созақтың тарихы тереңде жатыр. Оған Теріскейлі қарт Қаратау куә. Талай ақын-жазушылардың, ғалым-зерттеушілердің еңбектеріне арқау болған қазыналы өңірдің бүгінгі келбетімен таяуда облыс журналистері танысып қайтты.
«Дархан-ас» тұз шығаратын зауыты
Мемлекет басшысы жыл сайынғы Жолдауында орта және шағын кәсіпкерлікке кеңінен тоқталып, әсіресе аграрлық өнеркәсіпті дамытуға мейілінше баса назар аудару керектігін айтып келеді. Сондай-ақ осы бағытта кәсіп ашып, жұмыс істеймін деген азаматтарға барынша мол мүмкіндік беруді тапсырған болатын. Елбасының тапсырмасына сәйкес бүгінгі таңда Созақ ауданының тұрғындары 47 мемлекеттік бағдарламаның игілігін көріп отыр.
Тоқтар Тәжібеков – мемлекеттік бағдарлама бойынша несие алып, мал шаруашылығымен айналысып жүрген кәсіпкерлердің бірі. Оның «Құрманәлі» шаруа қожалығында 1530 қой бар. Қазір қойдың қазақы және қылшық жүнді түрлерін будандастырып, бір қойдан 80 келі ет алып отыр. Алдағы уақытта ұсақ малды шетелге экспорттауды мақсат еткен. 2016 жылы ауданнан 2688 ұсақ мал Біріккен Араб Әмірліктеріне экспортқа шығарылған болатын. Биылғы жылы нарыққа 10 мыңнан аса мал сату жоспарланған.
– Созақ жері мал асырауға өте қолайлы. Ал табиғи, құнарлы шөптерді жеп өскен малдардың еті де жақсы болады. Сондықтан да шетелге экспорттауға тиімді. Осыны ескеріп алғашқыда «Созақ несиеден» 3 миллион алып, жүз шақты қой асырай бастадық. Кейіннен басқа да малдарға біртіндеп көштік. Қазір мемлекет кәсіп бастаймын деген азаматтарға көп мүмкіндік беріп отыр. Жалпы өкіметтен 10 миллион теңге көлемінде субсидия алдым, – дейді «Құрманәлі» шаруа қожалығының басшысы Тоқтар Тәжібеков.
«Аруана» қымыран цехы
Үш отбасы жұмысқа тартылған шаруа қожалықта қойдан бөлек 61 сиыр, 121 бас жылқы және 345 түйе бар. Сүт пен қымызды қоспағанның өзінде кооперативке күніне 30 литрден 100 литрға дейін қымыран тапсырады. Ал бұл өткізілген түйе сүтін қабылдап, оны өңдейтін «Аруана» өндірістік кооперативі Созақ ауданының орталығы Шолаққорған ауыл округінде орналасқан.
– Цехтың ғимаратын жөндеп, түйе сүтін өңдеп шығаратын құрылғыны алу үшін «Ырыс» несиеден 12 миллион теңге несие алдық, – дейді «Аруана» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің төрағасы Жанболат Әдишов.
Күніне 1 тонна сүт өндіретін кәсіпорында 15 адам жұмыс істейді. Келешекте бұл көрсеткішті 5 тоннаға дейін жеткізуді мақсат етіп отыр. Қазір мұнда қымыраннан бөлек, айран, иогурт, кілегей секілді өнімдер де шығарылуда.
– Қазіргі дәрігер-ғалымдар уран өндірілетін аумақтағы тұрғындарға күніне жарты литр қымыран ішіп тұруға кеңес береді. Өйткені, мұндай жерлердегі адамдар туберкулез және түрлі ісік ауруларына шалдығуы мүмкін. Ал қымыранның осы дерттерге қарсы емдік қасиеті бар, – дейді «Аруана» кооперативінің инженер-технологы Көшбаев Сәрсен.
Созақ – уран мен алтыннан бөлек тұз өндіруге де қолайлы аймақ. Мәселен, аудандағы «Бақыт таңы» тұз кені қазірде бүкіл өңірді ас тұзымен қамтамасыз етіп отыр. «Дархан-Ас» деп аталатын өндіріс кәсіпорны сағатына 5 тоннаға дейін иодталған ас тұзын өңдеуге қауқарлы. Қазір онда бас-аяғы 30 адам қызмет етуде. Дайын өнімнің аудан дүкендеріндегі 1 келі бағасы 20 теңге.
– «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша несие алып, осы өндіріс орнын аштық. Зауыт толықтай автоматтандырылған. Алдымен бізге келген тұз жуылып, кептіріледі. Сосын иодталып, қорапқа салынып, сатылымға жіберіледі, – дейді кәсіпорын басшысы Мұрат Сапаров.
Айта кетейік, елімізде былтырғы жылдың өзінде «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 740 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Алғашқы жартыжылдықта оған 9500-ден аса адам қатысып, 15 мың жұмыс орны ашылған.
Сапар барысында Созақ ауданының орталығы Шолаққорғанның орталық кітапханасында да болдық. Шолаққорғанның Оңтүстік Қазақстан облысындағы аудан, қалалар арасында кітап қоры жағынан көш бастап тұрғанын да айта кеткен жөн.
– Кітапханада 385 мыңнан астам кітап бар. Олардың 8500-і сирек кездесетін құнды кітаптар. Сондай-ақ, бізде әлемдік әдебиеттің 280 томдығы және көне кітаптардан «Манас», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырлары өте жақсы сақталған,–дейді орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Зылиха Мыңжасарова.
Кітапханада бұдан бөлек соңғы 32 жылдан бері «Егемен Қазақстан» («Социалистік Қазақстан»), «Оңтүстік Қазақстан», «Казахстанская правда», «Жас Алаш», «Молшылық үшін», «Теріскей», «Созақ үні» секілді газеттердің мұрағаты сақталған.
Кезінде «Оңтүстікте Созақ деген ел бар. Бұл шалғай жатқан, өзіне Қыдыр қонған ел» деп Шерхан Мұртаза айтып өткен Созақ ауданы Оңтүстік Қазақстан облысының 7 ауданында құрылған индустриалды аймақтың бірі.
– Созақ ауданы облыс орталығынан шалғай орналасқан. Бізде теміржол жоқ. Сондықтан кәсіпкерлікті дамытып, «ҚазАтомПром» мекемелеріне қатысты өнімдер шығаруға басымдық берілген. Сосын ауылшаруашылық саласына да ерекше көңіл бөлінуде. Жылына 10 млрд теңгенің өнімін өндіреді. 830-дан астам шаруа қожалық бар. Ал аудан бойынша 250 мың ұсақ мал, 9000-нан астам түйе, 25 мыңнан астам мүйізді ірі қара, 11 мыңнан астам жылқы бар, – деді аудан әкімі
Мақсат Исаев облыс журналистерінің Созақ өңіріне жасаған сапары кезінде.
Сапарғали ҚАНАТ,
Шымкент – Шолаққорған – Шымкент