БАЛАНЫҢ ҮЙІРМЕГЕ БАРАТЫН-БАРМАЙТЫНЫН ТЕЛЕФОН АРҚЫЛЫ АНЫҚТАЙДЫ Избранное

Пятница, 23 Февраль 2024 08:41 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 388 раз

2024 жылдың қаңтар айынан бастап үйірмеге қатыспайтын балаларды анықтау мақсатында ваучерлерді телефон арқылы анықтау жұмыстары жүргізілуде. Өткен жылы Шымкентте жан басына шаққанда қаржыландыру бағдарламасына 149 өнім беруші қатысып, 24 194 ваучер қамтылған. Бұл – шығармашылық үйірмелерге қаланың 25 мыңға жуық баласы барып жүр деген сөз. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында Шымкент қаласы Мәдениет, тілдерді дамыту және мұрағаттар басқармасының басшысы Бауыржан Орынтаев айтты.

Мәдениет-брифинг

 

Ал, 2024 жылға 20 000 баланы қамтуға жергілікті бюджеттен 3 млрд 941 млн. теңге қаралып, қазіргі таңда 121 өнім беруші, 18 451 ваучермен (37 үйірме түрімен) қамтылды. 2024 жылға жан басына шаққандағы шығармашылық үйірмелерді қаржыландыру бағдарламасы іске асатын ақпараттық жүйеге мемлекеттік сатып алу порталында хабарлама жарияланып қорытындысы күтілуде.
Биыл қаңтар айынан бастап үйірмеге қатыспайтын балаларды анықтау мақсатында оператор тарапынан белсенді ваучерлердің ата-аналарына хабарласып, телефон арқылы анықтау жұмыстарын жүргізуде.
– Наурыз мерекесін атап өту бойынша дайындық жұмыстары басталды. Жақсылықтың жаршысы жаңа жылдың бастауы, Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамының онкүндігі аясында, қаланың көрікті жерлерінде (алаң, гүлзар, саябақ), мәдени мекемелерінде тақырыптық, тарихи-танымдық, оқу-ағарту, семинарлар, кітап, робототехника көрмелері, түрлі форматтағы жәрмеңкелер мен іс-шаралар ұйымдастырылады, - деді басқарма басшысы.
Мемлекет басшысы «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында атаулы даталарды атап өтуге мән беруді тапсырған болатын. Осыған орай, басқарма тарапынан биыл Жошы ұлысы іргесінің қаланғанына 800 жыл, қазақтың әйгілі халық ақыны, жырау, композитор Кенен Әзірбаевтың 140 жылдығы, көрнекті ақын Бейімбет Майлиннің 130 жылдығы, әйгілі ғалым Қаныш Сәтпаевтың 125 жылдығы, қазақ бейнелеу өнерінің негізін қалаушылардың бірі суретші Әбілхан Қастеевтің 120 жылдығы, қазақ ақыны сықақшы Шона Смаханұлының, халық қаһарманы Рахымжан Қошқарбаевтың және қазақ балалар жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың туғанына 100 жыл сияқты көптеген атаулы даталарға орай іс-шаралар жоспарланған.
Сондай-ақ, басқарма басшысы тілдерді оқыту-әдістемелік орталығының жұмысымен және қаладағы көше атауларына келіп түскен арыз-шағымдар бойынша да жұмыс істелініп жатқандығын мәлімдеді.
Б.Орынтаевтың айтуынша, Шымкент қаласында орналасқан 4 білім беру ұйымына тарихи тұлғалардың есімдері берілген. Атап айтқанда, №3 мектеп Нұрғиса Тілендиевтің, №28 мектеп Фариза Оңғарсынованың, №80 мектеп Ақселеу Сейдімбектің, №85 мектепке Тәуке хан есімдерімен аталады.
2023 жылы қаладағы 20 өнер мекемесінде 7 мыңға жуық іс-шара өткізілген. Басты жаңалық - республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші болып саналатын Ибрагим ата кесенесі мен Қарашаш ана кесенесіне ғылыми реставрация жұмыстары жүргізілді.

«Шымкент келбеті»

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.