Бесінші, яки алтыншы сынып оқушы болу керек, медициналық лапароскоп құрылғысымен жасанды дене мүшесіне ота жасауда. Қан тамырларында ұсақ тастар жүреді. Уақытында үгіп немесе отамен алып тастамаса трамбоз болып, тамырды бітеп, қан жүрмей соңы ауыр қайғыға апарып жатады. Мүмкін бесінші, мүмкін алтыншы сыныптың оқушысы лапароскоптың көмегімен тамырдағы ұсақ тастарды суырып алып жатыр. Керемет.
Кезінде медицинасы мешеулеу қазақ оба, сүзек, қырқұлақ, қызылша деген аурулардан қынадай қырылды. Соқыршектің емі жоқ еді. Бертінге дейін ота жасағанда қарынды жарқыратып жарып тастап, соқыршекті сылып алатын. Бірде сәтті, бірде сәтсіз. Ал, қазір бесінші, яки алтыншы сыныптың оқушысының қолындағы лапароскоп қарынды жармай-ақ бір тесік жасап соқыршегіңізді ата-бабасымен қосып шыңғыртып суырып алады.
Осы кабинетте виртуальді көзілдіріктің тамашасын өз көзімізбен көрдік. Көзіңде көзілдірік, қолыңда аспап. Алдыңдағы жасанды адам қаңқасының өзіңіз көргіңіз келген бір мүшесін таңдайсыз.
Айнадағыдан айқын көрсетіп, әр талшығына дейін талдап береді.
Бұл жерде дәріс беріп жатқан ұстаздың есім-сойы Мәдина Мәдиева. Мамандығы – биотехнолог.
Айтқанынан ұққанымыз, мұнда медицинамен өмірін байланыстыратын қабілетті балалар көп келеді. Дегенмен, негізгілері медицина мамандарының ұл-қыздары екен.
Ұясында көргені осы. Әке-шешесі де құп көріп, осында әкелген. Бұл бала күні ертең медициналық оқу орнына түскенде мына қондырғының мәнісі қандай, қалай қызметке пайдаланады деп отырмайды. Бәрі түсінікті. Бастауышына басыңды ауыртпай, жоғары өрлей бер. Айтулы маман болудың алғы шартын көрдің, ғылым ізде, ота жасаудың биік сатысына жет.
Бұл бір үйірмедегі біз байқаған жағдай. Осындай әңгімені «Оқушылар сарайындағы» 65 үйірме хақында жеке-жеке айтуға болар еді.
КИП автоматика, мал азығын үйден аттап шықпай-ақ дайындайтын гидропоника, ІТ программалау, физика, математика, КИП және автоматика үйірмелерінде өзіміздің ұл-қыздарымыз кінәгі мамандардай білім алып, үйренгенін практикалық жұмыста сынақтан өткізіп жатыр.
Робот құрастыру, түрлі кәсіпке бағдарлау бұларға түк емес. Әсіресе, 3Dмодельдеу зертханасының мүмкіндігі ғаламат. Ұстаз Кәдірбек Барысхан мұнда көлденең көк аттының келіп, білім алуға болатындығын жоққа шығарды. Балада осы ғылымға қабілеттілік болмаса бәрі бекер екен.
Әлемдегі ең мықты мамандықтардың біріне саналатын осы кәсіпті игергендер мультимедия, анимация, кино саласына тез кірігіп, мықты маман бола алады.
Бұрындары аниматорлар мультфильмдегі адамның бас бұруының өзін ондаған қимылдарды салып беретін болса, 3D модельдеу үшін бұл шемішке шаққанмен бірдей. Тіпті, АҚШ сияқты мықты мемлекеттер мыңдаған құрылысшы салатын нысандарды модельлеулің көмегімен тұрғызуға көше бастапты. Міне, ғылымның, нано-технологияның жемісі.
Оқушылар сарайында қыл қобыз, прима қобыз, фортепиано, домбыра, гитара сияқты үйірмелерін көріп, жас өскіннің өнерлерін тамашаладық. Мұнда олимпиада бағдарламасына кіретін дзюдо, еркін күрес, классикалық күрес үйірмелерінен бөлек қазақ күресі бар. Бокс және шығыс жекпе-жек үйірмелері де болашақ спортшылардың құтты қара шаңырағы. Бізге ұнағаны қабырғасына салынған күш атасы Қажымұқан, таэквондоның шыңына шыққан Мұстафа Өзтүрік, Геннадий Головкин мен Бекзат Саттарханов сияқты даңқты спортшылардың портреттері.
Пресс-тур соңында «Оқушылар сарайының» директоры Егізбаев Данияр Дүйсенбайұлы журналистерге арнайы сұхбат берді. Қаланың тағы бір мықты білім бұлағына айналған мекеменің нақты бағыт, міндеті мен мақсаттарын таразылап берді.
Мәселен, бүгінгі таңда, оқушылар сарайында 6 бағыт бойынша 65 үйірмеге бала қатысады. Атап айтқанда:
1. Көркем-эстетика бағыты – қыш өнері, қол өнері, ағаш өңдеу, бейнелеу;
2. Музыкалық бағыты: вокал, фортепьяно, қыл қобыз, прима қобыз, жетіген, гитара, домбыра, баян, скрипка, саксафон, флейта, гитара, барабан, драма, қуыршақ театры;
3. Гуманитарлық бағыт бойынша – журналистика, шешендік өнер, дебат, ағылшын тілі, қазақ тілін үйрету, кітап оқуға баулу, поэзия және проза, жас ақын; орыс тілін үйрету;
4. Ғылыми-техникалық бағыт – экология, КИП автоматика, гидропоника, 3Д модельдеу, ІТ программалау, физика, химия, биотехнология, бағдарламалау, КИП және автоматика;
5. Психологиялық бағыт – логопед, дефектолог, сенсорлық кабинет;
6. Спорт және сауықтыру – еркін күрес, греко - рим, дзюдо, қазақша күрес, үстел теннисі, шахмат, тоғызқұмалақ, кикбоксинг, бокс, каратэ, таеквандо, фитнес, бассейн; фитнес.
№2 Оқушылар сарайына құжаттар қабылдау және оқуға қабылдау Mindal24.kz электронды порталы арқылы жүзеге асырылады екен.
Оқушылар сарайының ғимаратында 232 оқу кабинеті бар. Соның ішінде биотехнология, бағдарламалау, 3D модельдеу, практикалық физика, практикалық химия мен робототехника кабинеттері, экология, гидропоника, КИП және автоматика, ағаш өңдеу, қыш өнері, сәндік-қолданбалы кабинеті, фотовидео монтаждау, бейнелеу, драма, музыкалық кабинеттер, сенсорлық, лингвистика және ағылшын тілі кабинеттері, медиа-залы қарастырылған. Барлық кабинеттер оқушыларға арналған тақта, парта, орындық, әдістемелік құралдар мен әдебиеттерді сақтауға арналған шкафтар мен мұғалімге арналған үстел, моноблокпен жабдықталған.
Kітапхана жұмыс істейді. Ол интернетке шығатын компьютермен жабдықталған.
Оқушылар сарайының материалдық-техникалық ресурсында компьютер – 32, ноутбук – 73 дана. Барлығы: 105 дана. Интерактивті тақта 10 шт, ЛЭД экран 1 шт.
Мұнда кездейсоқ мұғалім алынбайды. Конкурс шарттарынан өтіп, білімі мен біліктілігі таразыланады. Кезінде Нұрсәт шағынауданында аз қамтамасыз етілген отбасыларға арнайы үйлер соғылған еді. Мұнда үйірмелер тегін болғандықтан, әсіресе сол отбасылардың балаларына жақсы болған екен. Конкурс, жарыстарға да демеушілер және мұғалімдердің өз қалауы бойынша қаржысымен апарылады. Қаладағы бірден-бір тегін бассейн осында. «Оқушылар сарайында» сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі балалар үшін көп мүмкіндіктерге жол ашылған. Сабақ алады, жаттықтырушылардың көмегімен бассеинге шомылады.
– Біз ғылыми бағытта жаңаша жұмыс жасауға үлкен мән береміз, –дейді Данияр Дүйсенбайұлы. – Шымкентте аналогі жоқ арнайы технология, қондырғыларымыз бар. Бірталай колледж, жоғары оқу орындарымен меморандум түздік. Бір-бірімізбен тәжірибе алмасып, біріміздің жоғымызды екіншіміз түгендейміз. Бұл екі жаққа да тиімді.
Тобықтай түйін
Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханов «Мал бақ, егін ек, әдіс қыл, амал қыл, шебер бол, мерген бол, еңбекке, білімге жалын. Еңбекке, білімге жалынғаннан еуропалықтар міне 500 жыл болады, жұт, аштық жоқ. Жаңбыр жоқ болды, егін шықпады, қар қалың болды, мұз жауды деп, ел боспайды, мал бақса, егін салса, тізгіні өзінде. «Құдай» демейді, егінде, малда құдайдың жұмысы жоқ, егінді алам, малды жұтқа топалаңға, қасқырға бермеймін деп, біліміне жалынып Еуропалық еңбек қылады. Түзу мылтықты мергендей, қыран бүркітті аңшыдай қанжығасы қанданады, аузы майланады...» десе, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов «Жастардың оқу-тәрбие жұмысы түзелмей жұрт ісі түзелмейді». «Оқуды керек қыла бастағаны-жұртқа ес кіре бастағаны». «Жақсы мұғалім мектепке жан кіргізеді, басқа кемшілігі болса, мұғалімнің жақсылығы жабады, біліндірмейді. Мұғалім нашар болса, сайлы мектепте отырып сабақ бере алмайды» деді.
Алаш ардақтарынан артып не айта аласыз. Өзіміз де бала болдық, мектеп көрдік, ұстаз тәлімін алдық. Расы керек, мұндай технологияны түсімізде де көрмейтін едік. Мемлекет Басшысына рахмет. Болашағымыз балалар үшін барлық мүмкіндікті жасап жатыр. Оқымасаң, үйренбесең өзіңе серт.
Оқушылар сарайынан көңіліміз толып, қазақ жастарының болашағына сеніп, марқайып қайттық.
Б. БАЙДУЛЛАҰЛЫ