«Ардақтайық, аялайық Ананы» Избранное

Четверг, 09 Март 2023 04:35 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 738 раз

Отбасы құндылығы – баға жетпес байлық. Осы құндылықтың, тәрбиенің бастауы ақ жаулықты анадан, инабатты келіннен бастау алады десек артық айтпағандық болар. Шымкент қаласының ардагерлер кеңесі ұрпақтар сабақтастығын жалғау, оны өскелең ұрпаққа дәріптеу ниетінде әрі 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында «Ардақтайық, аялайық Ананы» атты ақ жаулықты аналар арасында сайыс ұйымдастырды.

309

 

Ұлттық құндылықты насихаттауға бағытталған бәйгенің алғашқы іріктеу кезеңі 26 ақпанда қаладағы 5 ауданда өткен. Қорытынды сайысы «Достық» үйінде ұйымдастырылып, онда ауданда топ жарған ақ жаулықты аналар бақ сынасып, өз өнері мен өнегесін көпшілік алдында паш етті. Осынау салтанатты кеш қала әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асыловтың құттықтау сөзімен басталды.
— Қазақ елі қашанда ақ жаулықты ананы ардақтап, аруды аялаған, асыл жарды бағалап, қарындасқа қамқор болған. Осы дәстүрдің арқасында біздің қыздарымыз ежелден еркін өсіп, ерлермен бірге ел басқару ісіне араласқан. Ана – өмірдің гүлі, тіршіліктің нұры, ізгіліктің жаршысы. Қазіргі қоғамда да әйелдер тек отбасының береке-бірлігінің ұйытқысы болып қана қоймай, мемлекетіміздің дамуына да белсене араласып келеді. Қаламыздың әйелдер қауымына жаңа мүмкіндіктерге жол ашылған. Отбасы институын, көп балалы аналарды, кәсіпкер әйелдерді қолдау және гендерлік теңдікті қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың аса маңызды басым бағыттарының бірі. Өйткені, әйел бақытты болса, әлем нұрға бөленеді, – деді Қуаныш Жұмабекұлы.
Төрт кезеңнен тұратын сайыстың алғашқы таныстыру бөлімінде өзі, отбасы туралы бірі қара сөз, бірі көркем сөз арқылы жеткізсе, бірі әнге арқау етіп, бірі монологпен тебірене айтып берді. Ал, екіншісі салт-дәстүрден сыр шертетін қолөнер бұйымдары мен ұмытылып бара жатқан дәстүрлер, отбасындағы құндылықтар жайында болды. Үшінші кезең «Есті ене – өнегелі келін», соңғы кезеңде үй тапсырмасы, яғни «Ас – адамның арқауы» бөлімінде ұлттың ұмыт бола бастаған тағамдардың дайындау тәсілін баяндап беруі қажет. Әр бөлімге 5-7 минут аралығында уақыт берілген.
Барлық қатысушылар өзінің өмірлік тәжірибесі мен көрген-білгенін, өскелең ұрпаққа қалдырар өсиетін әсем әуен мен зерлі сөз арқылы жеткізді. Бәйгеде сынға түскендердің барлығы талай жылдан бері әртүрлі салада табысты еңбек етіп, бейнеттің зейнетін көріп отырғандар. Ұлы ұяда, қызы қияда, немересінің қызығына бөленіп жүрген аналар. Байқауда сөз алған қалалық ардагерлер кеңесі төрағасы Кенжехан Төлебаев мұндай іс-шаралар жастарға отбасы құндылығы, үлкенді сыйлау, ағайын-туысқа бауырмалды болуды үйрететінін алға тартты.
– «Ардақтайық, аялайық Ананы» байқауын жы сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырып келеміз. Енді босағадан аттаған жас келінді тәрбилеу, отбасына баулу, салт-дәстүр, ырым мен тиымдар секілді ұғымдарды жаңғыртып, отбасы құндылығын дәріптеуді мақсат еттік. Осы сайысты тамашалау үшін студент жастарды көбірек шақырып отырмыз. Өйткені тәрбиелік мәні бар іс-шараны көріп, бойына сіңірсе екен дейміз. Ал, байқауда төрелік ететін қазылар алқасын өзіміздің ардагерлер кеңесі емес, мәдениет, өнер саласының мамандарын жұмылдырдық. Мәселен, мәдениет қайраткері Сәбира Әбдірайымова, айтыскер-ақын Анар Жаппарқұлова, Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің проректоры Баршагүл Исабекова, композитор, ақын Құралай Мұхамедова, оңтүстік өңірінде мәдениет саласын ұзақ жылдар басқарған, мәдениетке еңбегі сіңген Бастарбек Пірімбетовтер бар, - деді ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Жаһандық заманда әлемде ұлттардың өмірлік ұстанымы мен көзқарасы жаңашыл бола бастады. Ұлтымыздың да діңгегі болған салт-дәстүр, ғұрып-әдеттеріміз бірте-бірте кенжелегені жасырын емес. Әсіресе, енді шаңырақ көтерген жас жұбайлардың көп ұзамай ажырасуы жиіледі. «Ардақтайық, аялайық Ананы» байқауына қатысып жатқан аналармен әңгімелесіп, бүгінгі жас буынның тәлімі, босаға аттаған келіндерді тәрбиелеу жөнінде әңгімеге тарттық. Еңбекші ауданынан келген 72 жастағы Сапаркүл Серікбаева апамыз жас келінді еркелете отырып, жаңа шаңыраққа бой үйрету керек дейді. Өйткені бір үйдің үкілеп өсірген еркесіне асханадағы бар жұмысты артып қоя салу әділетсіздік екенін айтады.

308


–Денсаулығыма байланысты екі перзент сүйдім. Қазір ұлым ұяда, қызым қияда, өзім 5 немеренің қызығын көріп отырмын. Замандастарымнан «келінімді қызымдай көремін» деген сөзін жиі естимін. Айтарым, келін ешқашан қызыңдай, өзің туған анасындай бола алмасың анық. Десе де, жаныңа жақын құрбыңдай болады екен. Өзім қатал енелердің қатарында емеспін. Қарым-қатынаста, үй тірлігінде қателескен жерінде жөн сілтеп, ақыл айтып отырамын. Әр адамның мінезі әр қилы болғандай мінезді келіндер де баршылық. Туа біткен мінезді сіз бен біз айғаймен, күштеп өзгерте алмаймыз. Еркелетіп, жылы сөзбен баулысаңыз ол да сіздің әулетіңіздің шамшырағы болып шыға келеді. Ал тым жуас, тірлікке де баяу қимылдайтын келіндер үйренгенше енелер тірлікті бірлесе атқару керек. Келін – ененің айнасы. Ас үйде ене тірлікті қалай жасайды, уақыт өте келе келінде соны қайталайтын болады, - дейді Сапаркүл апа.
Ал Назира апамыз (Тілеуова) өзінің қатал, әрі адуынды ене екенін айтады. Кейіпкеріміз 5 қыз, 3 ұлдан өрбіген 34 немеренің қызығын көріп, 6 шөберенің қолынан май жалап отырған асыл әже. 25 жылға жуық өзі де қарашаңырақта ененің қызметінде болған Назира апа келіндерін мақтаулы іс атқарса, алақанына салып, аялайтынын, қажет болған жағдайда «сығып» алатынын айтады.
–Бүгінгі байқауға Абай ауданы Қызылжар елді мекенінен келіп отырмыз. Бұған дейін аудандық байқауда бесік салу мен қазақтың ырым-тыйымдарын, «Есті ене – көреген келін» тақырыбында сахналық көрініс ұсындық. Осындай байқаулар арқылы жастарға ақылымызды айтып, өнегеміз бен өмірлік тәжірибемізді насихаттап отырмыз. Өзімді жуас енелер қатарындамын деп айта алмаймын. Үш келінімді бөле-жармай, бірдей еркелетемін, ұрсып та аламын. Мұндай әрекетіме келіндерім ренжіген емес, «Сіздей ене болғым келеді» дейді. Ал, күнде келіндерімен жанжалдасып жүретін замандастарыма айтарым – бір күн жанжал болған үйде, қырық күн береке кетеді. Сондықтан, жаңа түскен келінді дұрыс тәрбиелей білу керек. Ол да біреудің аялап өсірген перзенті. Қазіргі жастар өте ақылды. Жөн сілтесең, айтқанға көнеді, - дейді Назира апа.
Ене мен келіннің жарасым табуы, келін кішілігін, ізгілігін танытып, енесінің қабағынан танып отырса нұр үстіне нұр. Осы екі аяулы жанның бір-бірінің көңілінен шығуы отбасында өте үлкен рөл ойнайды. Өйткені осы екі асылдың сөзінен нәр алып, осы екі адамның тәрбиесін алған ұрпақ, сол шаңырақтың айнасы, сол үйдің үмітін ақтайтыны белгілі. Сондықтан да әрқашан аналарды ардақтайық, аялайық.