САЛЫҚҚА АДАЛДЫҚ МЕМЛЕКЕТТІ ДАМЫТАДЫ Избранное

Среда, 10 Январь 2024 04:07 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 589 раз

Еліміздің салық саясатындағы өзгерістерді ел тосырқай қабылдады. Жүйедегі өзгерістер жайында алдын-ала айтылғанымен, әлі де түсіндірме жұмысын талап ететін тұсы көп. Бірі «мобильді қосымша арқылы төлем жасайтын болсақ, салық салады» десе, кейбір дүкендер онлайн аударымнан бас тартып, қолма-қол ақшамен төлем жасауды талап етті. Салық жүйесіндегі жұртты толғандырған осы және өзге сұрақтарға Ақпараттық коммуникациялық орталықта өткен баспасөз брифингінде Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Сапарбек Ешанқұлов пен осы ұйымдағы өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Қадіржан Панбаев түсініктеме берді.

audarim

 

Барлық мобильді аударымдар тексерілмейді

– Бүгінде шағын және орта бизнес иелерін алаңдатқан мобильді аударымдарды тексеру нарықтағы «көлеңкелі экономиканың» үлесін төмендетуге бағытталады,- деп атап өтті жауапты өкіл. Оның айтуынша, әсіресе, сауда орындарында, оның ішінде азық-түлік дүкендерінде сатылған тауарлар немесе көрсетілген қызметтің ақысы ретінде төлемді жеке тұлғаның есеп-шотына арналған мобильді аударымдар арқылы қабылдау белең алған. Алайда мұндай аударымдар кассалық аппараттарды, POS-терминалдарды және QR-кодтарды қолданбай жүргізіледі. Тиісінше, түбіртек берілмей, тауардың сапасы тұтынушының көңілінен шықпаған жағдайда 14 күн ішінде кері қайтару мүмкіндігінен айырылады.
–Мемлекет барлық мобильді аударымдарды тексермейді. Тек әртүрлі тұлғалардан үш ай қатарынан 100 немесе одан да көп мобильді аударым алған, яғни кәсіпкерлік қызметтің белгілері байқалған жағдай да ғана жеке шотқа тексеру жүргізіледі. Қазір көп кәсіпкерлер қаржы айналымын толық көрсете бермейтіні жасырын емес. Мұндай бастамалар көлеңкелі бизнестің жолын кесіп, ашықтықты қамтамасыз етеді. Жеке азаматтар бұрынғыша өздерінің жеке мақсаттары үшін, мәселен, туыстары мен достарына, ата-аналары, балаларына және өзге өмірлік жағдайға байланысты мобильді аударымдар қабылдай береді. Бұған қатысты ешқандай шектеу жоқ, – деді Сапарбек Еркінбекұлы.

Тұтынушы құқығын бұзғандар...

Жыл басталғалы кейбір кәсіпкерлер аударымдық төлемдерді қабылдаудан бас тартып, тек қолма-қол қаражатпентөлем жасауды талап ете бастады. Қаланың мемлекеттік кірістер департаментіне де тұтынушылардан шағымдар түсе бастаған. Оған қатысты жаңалықты С.Ешенқұлов былай деп түсіндірді.

audarim-2


–«Төлемдер және төлем жүйелері туралы» Қазақстан Республикасы Заңының нормаларына сәйкес, түрлі төлем тәсілдері қарастырылған. Яғни, төлем банк картасымен, QR арқылы немесе қолма-қол ақшамен (25-бап) жасалады. Төлем үшін тек қолма-қол қаржы талап ету заңға қайшы келеді. Сонымен қатар, тұтынушылардың құқығын бұзады. Кәсіпкерлердің төлем карточкаларын пайдалана отырып, төлемді қабылдаудан бас тартқаны үшін бірінші рет ескерту жасалады. Ал қайталанған жағдайда шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін ӘҚБтК-нің 194-бабына сәйкес 147 680 теңге (40 АЕК) көлемінде айыппұл салынады. Ал, орта кәсіпкерлік нысаны болса, айыппұл 60 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектісіне 100 АЕК, яғни 369 200 теңге көлемінде айыппұл қаралған, – деді ол.
Азаматтардан кәсіпкерлік субъектісі қолма-қол төлем жүргізуді талап еткен жағдайда тұрғылықты жері бойынша әр аудандағы мемлекеттік кірістер органынына жүгіне алады.

Кәсіпкер ретінде тіркелуі керек...

Брифинг барысында спикер такси жүргізушілеріне де тоқталды. Ең алдымен, жеке тасымалдаушылар кәсіпкер ретінде тіркелуі керек. Мұны «e-Salyq Business», «Egov Mobile» және кейбір екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары («Halyq bank», «Kaspi bank», «BankCenterCredit») арқылы жасауға болады. Бұл ретте қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдау үшін онлайн режимінде кәсіпкерлік банк шотын ашуға болады, сол жерге көрсетілген қызметтер үшін төлемдер түседі. Ол үшін сізге тек смартфон қажет. Кассалық аппараттар мен POS-терминалдарды алып жүрудің қажеті жоқ.
–Қазіргі таңда салықтық міндеттемелерді адал орындау әлдеқайда тиімді. Бүгінде бизнес жүргізуге және оны дамытуға қолайлы жағдай жасалған. Салық режимдерінің тәртібі қызмет түріне байланысты жеңілдетілген күйде 1-4 пайызды ғана құрайды. Жеңілдетілген салық декларациясы үшін ҚР Қаржы министрлігі тарапынан қаулы қабылданған. Қаулыда 2022 жылы жеңілдетілген салық декларациясы 190 қызмет түріне қаралған болса, былтыр жыл соңына дейін 345 қызмет түріне кеңейді. Ал, салық мөлшерін 2 пайызға төмендету қалалық мәслихаттың құзырына кіреді. Ол үшін «Атамекен» ҰКП жергілікті мәслихатқа ұсыныс жолдауы тиіс. Салықтың 1 пайыздық мөлшерін арнайы патентті жүргізетін кәсіпкерлер қолданады, – деді С.Ешанқұлов.

19 мыңнан астам кәсіпкер салық есебін тапсырмаған

Шымкент – кәсіпкері көп қала. Ресми дерекке сәйкес, қалалық мемлекеттік кірістер департаментіне 114 мың кәсіпкерлік субъектісі тіркелген болса, бүгінде оның 109 291-і жеңілдетілген декларация негізінде салық төлейді екен. 2023 жылдың алғашқы жарты жылдығындағы салық айналымына жүргізілген зерделеу жұмысы нәтижесінде кәсіпкерлік субъектілерінің 47 пайызы, яғни 50 901 кәсіпкер өзінің қаржы айналымын көрсеткен. Ал, оның 36 пайызын құрайтын 39 223 салық төлеуші қаржылық жағдайын мүлде көрсетпесе, 18 пайызы, яғни, 19 167 кәсіпкер салық есебін тапсырмаған.
Кәсіпкерлер мобильді аударымдарды түрлі қулықтар арқылы жүзеге асырып отырғаны жасырын емес. Мәселен, жеке кәсіпкер ретінде тіркелгенімен, басқа адамның, жұбайы, ұл-қызы секілді туыстарының жеке есеп-шотына аударым қабылдауда. Осы жылдан басталған мемлекеттік тексеру мұндай «көлеңкедегі» айналымды анықтап, бақылауға алады. Бұл ретте мобильді аударымдарды тексеру адал салық төлеушілерге әсер етпейді.
–Өткен жылдың 6 айдағы есебі бойынша қаржы айналым көлемін баяндаған кәсіпкерлердің 4 пайызы (1988 салық төлеуші) небәрі 100 мың теңгеге дейінгі қаржыны көрсеткен. Сонымен қоса, салық төлеуші кәсіпкерлердің 29 пайызы (14 568) 1 млн теңгеге дейінгі қаржыны көрсетсе, 23 474 салық төлеуші (46 пайызы) 5 млн теңгеге дейін, 3 843 кәсіпкер (8 пайызы) 10 млн теңгеге дейін және 7 028 салық төлеуші (14 пайызы) 10 млн теңгеден жоғары қаржы айналымы жайында мәлімет берген. Десе де, мобильді аударым арқылы төлем қабылдап отырған кәсіпкерлердің қаржы айналымы одан да көп екені белгілі. Мемлекет елдегі кәсіпкерлікті дамыту үшін көптеген жеңілдіктер мен жағдай жасады. Енді кәсіпкерлер де мемлекеттен табысын жасырмай, тиісті салықты төлеп отыруы тиіс. «Салық төлеу – ардың ісі, адалдықтың белгісі», – деп сөзін түйіндеді Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Сапарбек Ешанқұлов.
Соңғы жылдары банктердің мобильді қосымшаларын қолдану аясы кеңейді. Кәсіпкерлер қосымшаны тауар сату және көрсетілген қызмет ақысын алу үшін төлемдерді қабылдау мақсатында көбірек пайдаланады.
Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының мәліметтеріне сәйкес, елімізде 2023 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша қолма-қол ақшасыз төлемнің үлесі 86%-ға дейін өсті. Бұл 2022 жылы 82 пайызды құраған. Ал, Kursiv Research әлеуметтік зерделеу орталығының хабарлауынша, 6 жастан асқан балалар да аударымдық төлемдерді белсенді пайдаланған. Яғни, ата-аналардың 41,4 пайызы балаларына карта рәсімдеген.

Декларациялаудың ІІІ кезеңі басталды

Салық және әлеуметтік төлемдер автоматты түрде есептелетін және төленетін «e-Salyq Business» мобильді қосымшасы арқылы салық салу режимін таңдауға болады. 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары декларация тапсыруы тиіс. Сондықтан кәсіпкерлік қызметтен алынған кірістерді дұрыс көрсету өте маңызды.
Биыл жалпыға бірдей декларациялаудың ІІІ кезеңі басталды. Декларациялаудың бұл түрі «көлеңкелі экономика» мен сыбайлас жемқорлықпен күресу үшін жеке тұлғалардың табысы мен мүлкін тиімді бақылау болып табылады. Бұған дейін декларациялаудың І-ІІ кезеңдері жүзеге асырылды. Бұл жайында Шымкент қаласының мемлекеттік кірістер департаментінің өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Қадыржан Панбаев тарқатып айтты.

audarim-1


–Шымкент қаласында 114 707 кәсіпкер мен олардың жұбайы бар. Заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылар және олардың жұбайлары – 29 262. Жалпыға бірдей декларациялау «әрекетсіз» мәртебесі бар, атап айтқанда бизнесі тоқтап тұрған нысан иелері мен олардың жұбайына да қатысты. Қазір қалада сондай мәртебеде 10 715 тұлға бар. Оның 3 923-і –жеке кәсіпкер, 6 792-сі – заңды тұлға. Сонымен қатар, декларацияны тапсыруға міндетті емес тұлғалар да бар. Олар Азаматтық кодекстің нормаларына сәйкес, компанияның өзге қаладағы филиалдары мен өкілдіктер заңды тұлға болып табылмайтындықтан оларға декларация тапсыру міндеттелмейді. Жеке практикамен айналысатын адвокаттар мен нотариустер де ұсынбайды, – деді
Қадыржан Әбдіхалықұлы.
Декларацияны тапсырушылар осы жылдың 15 қыркүйегінен кешіктірмей тұрғылықты жері бойынша есеп ұсынады. Активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны электронды түрде салық төлеушінің кабинеті (cabinet.salyq.kz) немесе e-Salyq Azamat, eGov mobile, Halyk мобильді қосымшалары арқылы жүзеге асырылады.
–Бұл ретте ҚР уәкілетті органдарында тіркелген жылжымайтын мүлік пен көлік құралдары туралы мәліметті декларацияда көрсетудің қажеті жоқ. Өйткені, бұл мәліметтер мемлекеттік кіріс органдарында бар, – деп Қ.Панбаев сөзін әрмен қарай жалғастырды. – №250.00 «Активтер мен міндеттемелер туралы» декларацияда ел ішіндегі және шет елдегі жылжымайтын мүлік, көлік құралдары, шет елде құрылған компаниялардың жарғылық капиталына қатысу үлесін, шетел банкіндегі барлық салым бойынша 1000 АЕК-тен (3 450 000 теңге) асатын ақшаны көрсетуі керек. Сондай-ақ, тұрғын үй құрылысындағы үлестік, бағалы қағаздар, цифрлық активтерді, инвестициялық алтынды, зияткерлік меншік пен авторлық құқық нысанын, 10 000 АЕК-ке дейін (34 500 000 теңге), оның ішінде банктегі қолма-қол ақшаны, жеке тұлғаның нотариалды куәландырылған қарыз шарттарын да көрсету міндетті. Қалауы бойынша құны 1000 АЕК-ден асатын кез-келген мүлікті, бағалы заттарды, антиквариатты, биологиялық активтерді (асыл тұқымды жылқы, ит, құстар және сол секілді экзотикалық жануарлар) көрсетуге болады. Бірақ мұндай мүлікті 2023 жылдың 31 желтоқсанға дейін бағалау қажет, – деді ол.
2024 жылы 250.00-нысанды ұсынғаннан кейін, 2025 жылдан бастап бұл тұлғалар жыл сайын кірістер мен мүлік туралы декларацияны (270.00-нысанда) ұсынуы тиіс. Яғни, бірер мүлік сатып алған жағдайда декларацияда оған қаржы қайдан келгенін де нақтылайды. Мұндай жағдай бұрынғыша «ұзын арқан, кең тұсау», «есепсіз қаржы» деген ұғымдарды жойып, халықтың салық төлеуін, тапқан әр тиынына дейін мемлекетке есеп беруін, барынша адал ақша табуын қамтамасыз етпек. Декларацияны уақытылы ұсынбағаны үшін алғашында ескерту қарастырылған, ал бір жыл ішінде заң бұзушылық қайталанса, 15 АЕК мөлшерінде айыппұл салынатынын да естен шығармау керек.