Еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар қандай? Облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі мен Қаратау ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыруымен өткен «Дұрыс мамандық – жарқын болашақ!» атты форумда жастар осы сауалға жауап іздеді.
Форумға Қаратау ауданы әкімі Ғ.Мәуленқұлов, «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелдерде білім алған мамандар және мектеп оқушылары қатысты.
«Жастар мамандық таңдауда көбіне ата-аналарымен ақылдасып, бір шешімге келіп жатады. Мұндай басқосуда тәжірибелі мамандардың кеңесі артық болмайды» деді форум ұйымдастырушылары. Жастарды болашақ кәсіптерін дұрыс таңдауға бағытталған шарада өңірді дамытуға үлес қосып жүрген азаматтар да еңбек нарығында сұранысы жоғары мамандықтар туралы ақпарат берді.
– Мамандықты дұрыс таңдау – болашақтың алғашқы баспалдағы. «Әйтеуір оқысам болды» деп, өзі қаламаған мамандықты оқу алтын уақытты жоғалтқанмен тең. Сондықтан қоғамда өзіндік орныңды қалыптастырғың келсе, онда алдын ала мақсат қоя білген абзал, – деді кәсіпкер Асхат Нұрлыбаев.
Форумға қатысқан жастар көкейлерінде жүрген түрлі сауалдарға жауап алды. Мұндай іс-шара алдағы уақытта жалғасын табатын болады.