Жеңіс күні – ұлтымыздың жадында мәңгі сақталады

Пятница, 13 Май 2016 09:58 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 4224 раз

 Биыл Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 71 жыл толып отыр. Бұл ұлы жеңіс ұлтымыздың жадында мәңгі сақталады. Өйткені қан майданда жаумен алысқан соғысқа қатысушылар ерлігі ешқашан ұмтылмақ емес. Батыс шекарада алғашқы соққыны күтіп алған сарбаздар ішінде біздің де отандастарымыздың болғанын мақтанышпен айтуға болады. Олардың қаншамасы жауды жеңу үшін бар күшін аямай, жеңіс күнін жақындату жолында қаза болды. Соғыстың соңғы күндерінде де Қазақстаннан шыққан жауынгерлер алдыңғы шепте болған. Рейхстагқа ту тіккен Рахымжан Қошқарбаев атамыздың есімі дүние жүзіне белгілі десем қателеспеспін.  

Соғыстың шарпыған жалынын тоқтату жолында көптеген азаматтар қаза болды. Бірақ олардың қол жеткізген жеңісін бүгінгі ұрпақ бағалауда. Уақыт керуені алға жылжыған сайын Отан үшін от кешіп, елдің тыныштығы үшін жанын салған батырларымыздың қатары сиреп, ардагер қарттарымыз азайып барады. Соғыс кезінде 96 (кейбір деректер бойынша - 100) қандасымыз Кеңес Одағының Батыры атанған.  Күн шуақты Оңтүстіктен қанды майданға аттанған 132475 азаматтың 65 мыңға жуығы елге қайтып оралған.

Сұрапыл соғысқа қатысып, елге аман-есен оралған, бірақ бүгінде ортамызда жоқ Арыс ауданының Байырқұм ауылында 1921 жылдың 12 сәуірінде дүниеге келген Ахмет Тәженов ақсақал Ресейдің Қиыр Шығыс өлкесінде әскери борышын өтейді. Майданға аттанып, Мәскеу түбіндегі қалалар мен Украинаны жаудан азат етуге қатысқан. Тіпті, Кеңес-жапон соғысына араласып, Манчужурьяны азат етуге де атсалысқан.               

Майдан даласына кіші лейтенант шенінде кіріп, елге майор болып оралған ол «Отан соғысы» ордені мен қырықшақты медалін төсіне қадаған. Ссоғыстан кейін Алматыдағы заң институтын бітіріп, 1951 жылдан бастап сот жүйесінде қызмеи еикен. Дәлірек айтсақ, Павлодар облысының Галкин аудандық сотында судья, үш жылдан кейін Суркин аудандық сотында аға судья, Баянауыл аудандық сотының төрағасы, Железинский аудандық сотының судьясы қызметтерін абыроймен атқарған.

Шымкент облыстық сотында 1974 жылы консультант болып жұмыс істеп, екі жылдай Қызылқұм аудандық сотының судьясы ретінде заң талаптарының орындалуын қамтамасыз еткен. Бөген аудандық сотының төрағасы қызметін 1976-1987 жылдары атқарса, ал үш жылдай сол аудандағы заң консультатциясында адвокат болған.

Сот саласында Ахмет ақсақал өте жауапкершілікпен еңбек етіп, қаншама жас судьялар мен мамандарды тәрбиеледі. Отанының азаттығы мен елінің өсіп-өркендеуіне өз үлесін қосып, азаматтық парызын өтеген Ахмет Тәженовтың есімі ел есінде ұмтылмастай сақталып, жүрегімізде мәңгі сақталады. 

Серікбай ТӨЛЕПБЕРГЕНОВ, 
ОҚО кәмелетке толмағандар істері жөніндегі
мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы    
        

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.