Биыл 57 елдімекен көгілдір отынға қосылады Избранное

Среда, 14 Июнь 2017 06:22 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 5910 раз

Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев жергілікті «Қазақстан-Шымкент» телеарнасының тікелей эфирінде тұрғындардың толғандырған сұрақтарына жауап берді. «Әкім сағаты» хабарында өңір басшысы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша баяндама жасады. 2 сағатқа созылған тікелей эфир барысында тұрғындар тарапынан 600-ден астам сұрақ түсті.

19059972 1325982694184733 9121410058189174491 n

Сауалдардың басым бөлігі негізінен, ауыл шаруашылығы, жұмыспен қамту, кәсіпкерлік, коммуналды шаруашылық, білім, денсаулық сақтау, туризмді дамыту, т.б., маңызды салаларға қатысты болды. 

– Елбасы Жолдауында атап көрсетілгендей, ауыл шаруашылығын экономиканың драйверіне айналдыру жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Бүгінде 50 мың отбасыны біріктірген 468 ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылды. Тасқын судың алдын-алу әрі егістік алқаптарды суландыру мақсатында өзендердің бойынан 16 су қоймасын жүргізу жоспарлануда. Оған 9,3 млрд. теңге қаралып, нәтижесінде 17 мың алқапты суландыру көзделуде. Биыл елді мекендерді газдандыру және електр энергиясымен қамту жөнінде ауқымды жұмыстар атқарылады, – деді өңір басшысы тікелей эфирде. 

Облыста биыл 57 елдімекен көгілдір отынмен қамтылады. Осы мақсатқа облыстық бюджеттен 14,1 млрд теңге жұмсалмақ. Жалпы, өңірдегі 844 елдімекеннің 300-і табиғи газбен қамтамасыз етілген. 

Облыстың елді мекендерін 2017-2020 жылдар аралығында газдандырудың кешенді іс-шара жоспары әзірленген. Жоспарға сәйкес, 2020 жылға қосымша 383 елді мекенді газдандыру көзделіп отыр. 

Жансейіт Қансейітұлы 2021 жылға табиғи газбен қамтылған елді мекендер санын 683-ке немесе 2 млн. 720 мың тұрғынға жеткізу межеленіп отырғанын атап өтті. 

Өңір басшысы тұрғындардың ауыз су мәселесіне қатысты сұрақтарына да жауап берді. Бүгінде аймақта елді мекендердің 73 пайызы ауыз сумен қамтылған. Бұл көрсеткіш бойынша өңір республикада 4-ші орында. Арнайы қабылданған бағдарламаға сай алдағы жылдары 844 елдімекеннің 701-іне ауыз су жеткізіледі. 

Сұхбат барысында жауап беріліп үлгермеген сауалдардың жауабы алдағы уақытта облыс әкімінің ресми сайтында жарияланбақ.