ЭКСПО-2017 көрмесі қарсаңында Көкшетау мен Шымкент арасында жаңа әуе қатынасы іске қосылды. Бір бағытқа жол жүру бағасы – 20 мың теңге, канадалық CRJ-2006 ұшағы 50 орынға арналған.
Алғашқы рейспен Оңтүстік Қазақстанға Ақмола облысының әкімі бастаған делегация Шымкент әуежайына табан тіреді. Екі өңірдің басшылығы әріптестікті арттыру жайлы арнайы меморандумға қол қойды.
Делегаттарды күтіп алған облыс әкімі Жансейіт Түймебаев жаңа бағыттың екі облыстың сауда-экономикалық қатынастарының нығаюына, туризм саласының қарқынды дамуына септігін тигізетіндігін атап өтті.
– Еліміздің Оңтүстігі мен Солтүстігін жалғайтын әуе кеңістігінде алтын көпір орнатылып отыр. Енді аптасына 2 рет – жұма, жексенбі күндері «Шымкент-Көкшетау» әуе бағытымен қатынас болады. Еліміздің мақтанышы саналатын Көкшедегі Бурабай демалыс аймағына шетелдіктердің де қызығушылығы жоғары. Бұдан былай Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғындары Бурабайға «Шымкент-Көкшетау» әуе бағытымен баруына үлкен мүмкіндік туды, – деді Жансейіт Қансейітұлы.
Сонымен қатар, облысымыздың Түркістан, Отырар, Сайрам, Қазығұрт, Қасқасу сияқты туристік аймақтарына Ақмола облысынан туристердің әуе бағыты арқылы келуіне мүмкіндік туып отыр. Жалпы, «Шымкент-Көкшетау» әуе бағыты 2 облыстың алдағы уақытта қарыштап дамуына өз септігін тигізбек. Оның дәлелі, көкшетаулық делегация Оңтүстікке іссапары барысында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігімен екіжақты ынтымақтастықты арттыру жөнінде келіссөздерге отырып, меморандумға қол қойылды.
Сапар аясында, сондай-ақ Шымкент пен Көкшетау қалалары арасында байланыс орнату және «Шымкент» ӘКК ҰҚ мен «Есіл» ӘКК ҰҚ арасындағы ынтымақтастықты күшейту туралы, «ENKI»ЖШС мен ОҚО құрылыс басқармасы өзара меморандум түзді. Мәселен «Көкшетау минералды су» АҚ мен Шымкенттік «Азамат» ЖШС өңіраралық кооперация аясында 2 млрд теңгенің өнімін тасымалдау туралы меморандумға қол қойды.
Бұдан соң Ақмола облысынан келген делегация мүшелері Шымкенттегі «Халықтық кеңсе» («Фронт Офис») мен «Оңтүстік» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығын, «Шымкент» ӘКК» АҚ және «Оңтүстік» индустриалды аймағы мен еркін экономикалық аймағы сынды нысандарды аралап, олардың тыныс-тіршілігімен танысты.