Атқарылған әрбір іс - халық игілігіне

Пятница, 06 Февраль 2015 04:39 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 3765 раз

 

Шымкент қаласының әкімі Дархан Сатыбалды 2014 жыл
қорытындысы бойынша халық алдында есеп берді

DSC 0804

Шырайлы Шымкент шаһары уақыт өткен сайын жаңа ғимараттармен, көп қабат­ты тұрғын үйлермен толы­ғуда. Жалпы, бүгінде қала шаруашылығының қай саласын алып қарасақ та өрлеу бар, жетістіктер де толағай. Осы аптада қала әкімі Дархан Сатыбалды өткен жылдың қорытындысы бойынша халыққа есеп беріп, қаладағы шешімін тапқан мәселелерді байыппен баяндап берді. Жиынға облыс әкімі Асқар Мырзахметов және мемлекеттік органдардың өкілдері, зиялылар, ардагерлер, мұғалімдер, қала тұрғындары қатысты. Есепті кездесуді қала әкімінің орынбасары Бахадыр Нарымбетов жүргізіп отырды.

Құрылысы қарқынды, халық саны тез өсіп келе жатқан еліміздегі үшінші шаһардың қазіргі тыныс-тіршілігі жөнінде Дархан Сатыбалды мазмұнды баяндама жасап 2014 жылы атқарылған жұмыстарға жеке-жеке тоқталды.
Қала әкімінің айтуынша, өткен жылы Шымкент қаласында өнеркәсіп өнімінің көлемі 262,9 миллиард теңгені құрап, нақты көлем индексі 4,6 пайызға өскен. Атап өтерлігі, бұл көрсеткіш облыс бойынша өнім көлемінің 40,5 пайыз үлесін құрайды. Сондай-ақ, еңбек өнімділігі 2013 жылмен салыстырғанда 2 пайызға өскен.
– 2014 жылы Шымкентте ауқымды жұмыстар атқарылды, – деп атап өтті Дархан Сатыбалды. – Әсіресе, құрылыс саласын ерекше атап өтуге болады. Аймақ басшысы Асқар Исабекұлының тікелей қолдауының арқасында қаламызда көптеген әлеуметтік нысандар мен зәулім ғимараттар пайдалануға берілді. Өткен жылы қала экономикасына 166,7 миллиард теңге көлемінде инвестициялар тартылып, 2013 жылмен салыстырғанда 29,6 пайызға артты. Сонымен қатар, қаламыздағы кәсіпкерлік субъектілерінің саны 17,3 пайызға өсіп, шығарылған өнім мен көрсетілген қызмет көлемі 257,6 миллиард теңгеге жетті. Сәйкесінше, бюджетке кәсіпкерлік саласынан түсетін кірістер 10 776 млн. теңгені құрап, 2013 жылмен салыстырғанда 19,7 пайызға өсті. Ал, қалалық бюджеттің өзіндік кірістері 2013 жылмен салыстырғанда 4,5 млрд. теңгеге немесе 13 пайызға өсті.

DSC 0794Екі жарым сағатқа жалғасқан есеп беру жиынында әкімге тұрғындар тарапынан жол инфрақұрылымын дамыту, тұрғын үй мәселесі және азық-түлік бағасына қатысты бірқатар сауалдар қойылды. Қала әкімі көпшілік көкейіндегі сауалдарға тыңғылықты жауап берді. Ең бастысы, еш­қан­дай сұрақ жауапсыз қалған жоқ. Ал, қосымша қарауды, қаржыландыруды талап ететін ауызша және жазбаша сауалдар бақылауға алынып, алдағы уақытта нақты жауап берілетінін айтты.
– Бас жоспарға сәйкес, Шымкенттің жер аумағы ұлғайып, халық саны өсіп жатыр, – деді қала әкімі өз баяндамасында. – Биыл қаламызда Қаратау ауданы құрылды. 2 кілем зауыты іске қосылды. Былтыр 63 аула жарықтандырылып, жалпы саны 258-ге жетіп отыр. Сондай-ақ, Бадам өзені мен жаңа іскерлік орталықтың маңы абаттандырылуда. Елбасының өзі үшінші қала деп баға берген үлкен мегаполиске инвестиция тарту ықпалы да артып келеді. Шымкентте жасалып жатқан әрбір жұмыс халықтың игілігіне ба­ғыт­талуда.
Жиынға келген әрбір тұрғынның пі­кі­р-ұсынысы қала билігі үшін өте маңызды еке­­нін еске салған Дархан Амангелдіұлы жұрт­шылықты ашық пі­­­кір­лесуге шақырды. Әкіммен тікелей тілдесу өз кезегінде бірқатар өзекті мәсе­ле­нің мән-жайын анықтап, түйі­нін тар­қатып берді.

Тұрғындар сауалы – әкім жауабы


Сұлтан Қасымов,
«Тассай» елді мекенінің тұрғыны:

– Құрметті Дархан Амангелдіұлы! Биыл еліміз үшін мерекелік жыл болғалы тұр. Атап айтқанда, Қазақ хандығының 550 жылдығы, Жеңістің 70 жылдығы бар. Былтыр қаламызда алғаш рет «Мәңгілік полк» шеруі өтіп, жас ұрпақ майданға қатысқан ардагерлердің портреттерін алып, ерекше тағзым еткен еді. Жеңіс күніне биылғы дайындық қалай?
– «Мәңгілік полк» шеруі биыл да жалғасын табады. Бұл орайда арнайы іс-шаралар бекітілген. Бейнефильм түсіру жағы да жоспарда бар. Республика, облыс көлеміндегі мерекелік жиындарға да атсалысамыз. Жалпы, облысымызда бүгінгі таңда 454 Ұлы Отан соғысының ардагері болса, оның ішінде 195-і біздің қаламызда тұрады. Алдағы уақытта соғыс ардагерлерінің әрқайсысына 1 миллион теңге көлемінде сыйақы табысталмақ. Ал, тыл ардагерлеріне 64 мың көлемінде материалдық көмек беріледі.
– Мен Тұтынушылар құқығын қорғау бірлестігінің өкілімін. «Нұрсәт» шағынауданындағы №128 және 129 көпқабатты үйлер 2012 жылы бітіп, пайдалануға берілуі тиіс болатын. Бірақ, әлі күнге дейін осы істің шешімі таппай келе жатыр. Қос тұрғын үйге тұрғындар қашан қоныстанады?
– Әрине, сұрағыңыз орынды. Бұл тұрғын үйдің құрылысын жүргізген мердігер компаниямен талапты орындамағаны үшін келісім-шартты бұздық. Тиісінше қаржыны бюджетке қайтардық. Бұл екі көпқабатты үйге бюджеттен 800 миллионға жуық қаржы бөлінген болатын. Жұмыс орта жолда қалған соң, іске прокуратура араласып, қылмыстық іс қозғалды. Бұл жерде бәрі де заң шеңберінде орын алып отыр. Жұмыстың кешеуілдеу себебі, сот процесі жүріп жатты, оның үстіне мемлекеттік тендер кезінде құрылысы аяқталмаған үйдің жұмыстарын жүргізуге ешқандай компания ықылас танытқан жоқ. Дегенмен, қол қусырып отырған жоқпыз. Осы жұмысқа мердігер компанияны тауып, соған жүктеп, тұрғын үйді биыл наурыз айының соңында тапсырмақ ниеттеміз.

DSC 0825Шәкір Аббасов, «Құрсай» шағынауданының тұрғыны:

– Жақында ауылымызда 900 орындық жаңа мектеп ашылды. Бүкіл ауыл болып қуанып қалдық. Сіздерге зор алғыс айтамыз. Дегенмен, осы ауылдағы ескі мектептің орнына бастауыш мектеп ғимараты немесе емхана салыну жоспарда бар екен. Сұрайын дегенім, нақты қандай нысан бой көтереді?
– Иә, мұнда ескі мектепте 1 гектар жер орын бар. Сіздердің елдімекендеріңізде балабақша да, мектеп те жеткілікті. Сондықтан бұл жерге денсаулық басқармасы мен ауыл әкімдігімен келісімге келіп, емхана салуды жоспарлап отырмыз. Алдағы кезеңде жұмыстың жоспары нақты анықталатын болады.

Гүлбибі, қала тұрғыны:

– Мектептердің күрделі жөндеу жұмыстарына ата-аналардан ақша жинау мәселесіне не дейсіз?
– Жалпы қаламызда бүгінде 128 мектеп бар. Соның 33-і жаңа мектеп. Оның 72-сі күрделі жөндеуден өткізілген. Жыл сайынғы ағымдағы күрделі жөндеуге жергілікті бюджеттен 200 миллион теңге көлемінде қаражат бөлінеді. Сондықтан, мектептерде ата-аналардан ақша жинау деген мәселе туындаған емес. Егер, осындай факті орын алса, бізге жедел хабарлаңыз. Біз бұл мәселені аяқсыз қалдырмай, зерттеу жүргіземіз. Бұл орайда, мектеп директорларын сайлау туралы мәселе де айтылып жүр. Егер, ата-аналар қолдаса, септігін тигізеді деп ойлаймын.

Ләззат Қожагелдиева, «Ұлағат» шағынауданының тұрғыны:

– Біз тұратын аудандағы маңызды көшелерде атау бар, бірақ көп іргелес көшелерде үй нөмірлері жоқ. Жедел жәрдем шақырғанда қиын. Осы мәселені шешіп берсеңіздер.
– Қаламызда қазір 320 көше атаусыз қалып отыр. Ономастикалық орталықтың шешімі бойынша көше атауларына 2016 жылға дейін мораторий қойылды. Дегенмен, сіз айтқан көшелерге реттік нөмір беруге болады. Мұны жергілікті әкімдік тарапынан жақын арада шешеміз.

Шымкентте 4 индустриалдық орталық ашылады

Қала әкімі тұрғындар сауалына жауап берген соң, сөз тізгінін облыс әкімі Асқар Мырзахметов алып, Шымкенттегі жоспарланған жұмыстардың орындалу барысына тоқталды. Өткен жылы қала инфрақұрылымын жақсарту бойынша шаһардағы жұмыстардың нәтижелі болғандығын тілге тиек еткен аймақ басшысы баяндама барысында қала әкімінің жұмысына оң бағасын берді.
– Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Шымкентті еліміздегі үшінші қала деп бағалады. Осы бағытта қалада жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл жөнінде бүгін қала әкімінің баяндамасында толық айтылды. Ерекше атап өтерлік жайт, бүгінгі таңда Шымкент қаласы әуежайының маңында сауда-логистикалық орталықтың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Бұл қаланы бірден-бір азық-түлікпен қамтамасыз етуге бағытталып отыр. Жалпы, облысымызда өнім жеткілікті түрде шығарылады. Бірақ, сол өнімдерді тұтынушыларға уақытында өткізіп, оларға делдалдарсыз жеткізу маңызды. Сауда-логистикалық орталықтың тиімділігі, азық-түлік бағасының өсіп кетпеуін қадағалау, оны болдырмау. Жоспарға сәйкес, бұған 1,5 миллиард теңге бөлінді. Аталмыш орталық облыстағы барлық аудандармен тікелей байланыста болады. Биыл бұл жұмыстардың нәтижесін көре бастаймыз, – деді Асқар Мырзахметов.
Аймақ басшысының мәлімдеуінше, Шымкентте алдағы уақытта жаңадан 4 индустриалдық орталық ашу көзделіп отыр. Бұл орайда аталған жоба негізінде арнайы жер телімі бөлінген. Сондай-ақ, жиында Асқар Исабекұлы Шымкент қаласының инфрақұрылымын дамытуға қатысты өз пікірін білдіріп, шаһардың тазалығы мен көркін сақтауда жүйелі жұмыстың бар екенін айтты.
– Қала бұрынғыға қарағанда әлдеқайда тазарған. Бірақ, әлі де мәселелер бар. Әсіресе, қала ішіндегі қоқыс жәшіктері мен контейнерлердің санын көбейткен жөн. Әрине, бірден ештеңе шешілмейді. Қаланың келбетін одан әрі сақтау, тазалыққа жіті мән беру жағы бәріміз үшін өте маңызды болуы керек. Жалпы, Шымкентте қай салада болмасын, көңілге қонымды көрсеткіштер байқалады. Мәселен, қазір қалада жол сапасы жақсарып келе жатыр. Бұл бағытта бюджеттен қомақты қаражат қарастырылуда. Бір ғана жол инфрақұрылымын дамытуға биыл 6,5 миллиард теңге бөлініп отыр, – деді облыс әкімі.
Сонымен қатар, жиында аймақ басшысы есепті кезеңдегі қала әкімінің жұмысын оң бағалаумен қатар, әлі де атқарылуға тиісті жұмыстарды алға қойып, бірқатар тапсырмалар жүктеді.
– Шымкентте өткен жылы көп шаруа тындырылды. Десек те, бүгінгі есеп беру кездесуінде құрылысы аяқталмаған екі үйдің мәселесіне қатысты сұрақ қойған азамат қала әкімнің жұмысына көңілі толмайтындығын айтып жатыр. Қаланың мәселесі екі үймен шешілмейді. Мүмкін, сіздің жаныңызға батқан шығар, бірақ әділ болу керек. Қалада атқарылып жатқан жұмыстар бар ғой. Сондықтан, екі үйге бола төмен баға беру артық сияқты. Ең алдымен, халықты ауызсумен, жарықпен, газбен қамтамасыз ету, оның сапасын арттыру – Елбасы Жолдауындағы маңызды тапсырманың бірі. Осы бағытта мемлекет қаржысын елдің игілігіне тиімділікпен жұмсап, жұмыстың нәтижесін арттыруымыз керек, – деді облыс әкімі қорытынды сөзінде.

Сіз не дейсіз?

 

medellhanovӨмірзақ Мелдеханов,  «Нұр Отан» партиясы
Шымкент қалалық
филиалының төрағасы, облыстық мәслихат
депутаты:

– Шымкентте көптеген жақсылықтардың болып жатқаны белгілі. Атқарылып жатқан жұмыстарды тек көргісі келмеген адам ғана айтуы мүмкін. Қалаға келген қонақтарға ұялмай, көрсете алатын нысандарымыз бар. Оның өзі үлкен мәртебе. Сырттан келген адам бірден байқайды. Нендей өзгерістер болып жатқанын. Сыннан нәтиже шығарып жатқан облыс, қала әкімдеріне рахмет айтамын. Өйткені, кейде батырып, кейде асыра айтамыз. Соның бәріне шыдап, шама-шарқынша жұмыс істеп жатыр.

 

434 b007099ecec5f013f2d67875122b71e4Рәшкүл Оспаналиева, облыстық мәслихат
депутаты:

– Қалада атқарылып жатқан жұмыстар жетерлік. Барлық салада да өзгеріс бар. Өзім де қала шаруашылығымен жіті таныспын. Қолымнан келгенше, өзім де үлес қосып жүрмін.  Әсіресе, өзіме жақын кәсіпкерлік саласының дамуы қарқынды. Индустриалдық аймақта кәсіпорындардың саны артқан. Бәсеке бар жерде өсу, даму болатыны да мәлім. Әрбірінің өнімі бүгінде халыққа ең қажетті бұйымдар. Десе де, мұнымен тоқтап қалуға болмайды. Тұрғындардың айтқан жол, аузы су, жер мәселесі уақыт сәтімен шешілуі тиіс. Қала әкімінің жұмысына жақсы баға беремін.

 
Исмат Тұрсынқұлов,
Облыстық мәслихаттың депутаты:

 – Айта берсек, жақсы тірліктер ауданда да, қалада да жеткілікті. Дегенмен, менің мынадай ұсынысым бар. Әлемдегі ірі мегаполистерді жан-жағындағы елді мекендер азық-түлікпен қамтамасыз етіп тұрады. Бізде де осындай даму қолға алынса екен. Яғни, қала аумағына енгізілген елді мекендердің  ауылшаруашылығы саласына мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, жеңілдетілген несие берілсе. Жаңа технологиялар ендіру жағы жетілдірілсе деймін.

 

Последнее изменение Понедельник, 09 Февраль 2015 03:55
Сәбит ТАСТАНБЕК

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің "Журналистика" мамандығын (2004-2008) тәмамдаған. Алматы қаласында Отан алдындағы әскери борышын (2008-2009) өтеген. Республикалық «Sport», «Қазақ спорты» газеттерінде және Шымкент қаласы әкімдігінің ресми сайтында тілші болып еңбек еткен. 2013 жылдан бастап «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі, 2016 жылдың ақпан айынан 2018 жылдың ақпан айына дейін Бас редактордың орынбасары болып істеген.