Анар ЖАППАРҚҰЛОВА: Әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапхананың директоры: «КІТАП ОҚУДЫ ТЕХНИКА ДА, ТЕХНОЛОГИЯ ДА АЛМАСТЫРМАЙДЫ» Избранное

Пятница, 26 Январь 2024 05:23 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 3568 раз

Шымкент қаласындағы әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасына биыл 10 жыл толды. Әкімшілік іскерлік орталықтағы еңселі ғимарат заман талабына сай жаңғырып, осы жылдар ішінде сан мыңдаған оқырманды рухани сусындатты. Бір ғана мысал, өткен жылы кітапхана қорынан миллионнан астам кітап оқырман қолына өткен. Ұлттың рухани мекеніне айналған әлемнің екінші ұстазының есіміне ие кітапхананың он жылдағы белесі және жетістігімен мекеме директоры Анар ЖАППАРҚҰЛОВА бөлісті.

kitapxana-2

 

– Анар Абусайылқызы, он жылды артқа тастаған рухани орданың қысқаша тарихы мен жетістіктерін атап өтсеңіз?

– Қaзaқ дaлaсын бapшa әлeмгe тaнытқaн ұлы дaнышпaн әл-Фараби есімінің біздің кітапханаға берілуінің өзі үлкен жетістік әрі жауапкершілігі де зор. Қаламыздағы жаңа шағынауданнан 2013 жылдың аяғында сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов, зиялы қауым өкілдері, кітапханашылар қауымдастығы мен қала тұрғындарының қатысуымен облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының салтанатты ашылу рәсімі өтті. 2014 жылдың қаңтарынан бастап кітапхана қалың оқырман қауымға есігін ашып, қызмет көрсете бастады. Ал мекеме 2013-2017 жылдар аралығында облыс аумағындағы 424 кітапхана желісі үшін ғылыми-әдістемелік орталығы қызметін атқарды. Әр жылдар кітапхана тарихы ерекше оқиғалармен есте қалды. Айталық, 2018 жылы оқырмандардың бір-бірімен тіл табысуы, оқу және шығармашылық байланыстарды ұштастыруда қоғамдық кеңістік ретінде Коворкинг орталығы ашылды. 2020 жыл Әл-Фарабидің туғанына 1150 жыл толуына орай, фарабитанушы ғалымдардың, зиялы қауым өкілдерінің ұсынысымен ҚР Үкіметінің қаулысымен кітапханаға Әл-Фараби есімі берілді. Осыдан кітапхана жаңа атауына сай модернизациядан өткізіліп, қайта жаңғыртылды. Қазіргі таңда кітапхана республикалық маңызы бар Шымкент қаласының – ең ірі ақпараттық мәдени орталығына айналды.

– Расында жаңғыру жұмыстарынан кейін киелі шаңырақтың жаңа тынысы ашылған секілді...

kitapxana-3

– Иә, сөзіңіздің жаны бар. Жоғарыда кітапхананы қаламызда ең ірі ақпараттық мәдени орталыққа айналды деп текке айтпадым. Жыл сайын бізде кітап қоры, оқырман санының артуымен қатар, зиялы қауым, ел алдында мәдениетіміздің, еліміздің дамуына сүбелі үлес қосып жүрген азаматтардың басын қосатын рухани орда саналады. Басты бағытымыз әрине оқырманға қызмет көрсетуді заман талабына сай жаңартып отыру. Атап айтқанда, мекемеде кітап қоры 2014 жылы – 18110, 2023 жылы – 423 426 дананы құрады. Оның ішінде, мемлекеттік тілде 152 582 дана кітап бар. Оқырман саны 2014 жылы – 18 492, 2023 жылы – 55 102 болды. Келушілер саны 2014 жылы – 220 972 адам болса, 2023 жылы – 307 005 ұлғайды. Кітап берілімі 2014 жылы – 486 087 болса, 2023 жылы – 1 102 002 болды. 2023 жылы қорға келіп түскен жаңа кітаптар саны – 3872, оның ішінде қазақ тіліндегісі 2749 дана. Кітапханада барлығы 80 қызметкер оқырманға қызмет көрсетеді, оның 43-і кітапханашы.
Әл-Фараби кітапханасы ғимаратының ішінің сәулеті де ерекше. Оқырмандарға қызмет көрсететін 7 бөлім, яғни оқу залы, абонемент, өнер әдебиеттері, шет тілі, мерзімді басылымдар, сирек кітаптар, «Ақерке» балалар бөлімдері жасақталған. «Әл-Фараби», «Қайырымды қала», Планетарий, аудио залдар келушілердің назарын бірден аударады.
Мұндағы дамыту бөлімі әдістемелік орталық ретінде кітапханалық қызметті ұйымдастырушы, біріктіруші және жетекшісі болып саналады. Бірыңғай ақпараттық кеңістігін құру, кітапханашылардың жаңа кәсіби ойлау қабілеті мен ақпараттық мәдениетінің деңгейін көтеру де кітапхананы дамыту бөлімінің негізгі қызметі. Заман талабына сай оқырманды кітап оқуға қызықтыру жайы күнделікті талқыланатын мәселе. Сондықтан бұл бағытты жандандыратын кітапхананың саясатын қалыптастыру, кітапхананың мониторингі, аналитикалық және статистикалық қызметінің дамуын болжау, кітапхана қызметкерлеріне әдістемелік және тәжірибелік көмек көрсететін бөлім жұмыс істейді.

– Бұл бөлімге жүктелген міндет ерекше екен. Өйткені, қазір жасырын емес, адамдар кітап оқуды сиретті. Өйткені, екінің бірінің қолында ұялы телефон болғандықтан керекті ақпаратты содан алады. Бұл ретте Шымқаланың оқырмандары қаншалықты белсенді?

– Мен жастар кітап оқымайды деген пікірмен келіспеймін. Шымқаланың жастары кітап оқуға келгенде өте белсенді деп айта аламын. Күнделікті өзім көріп жүргендей кітапхана залдары үнемі оқырмандарға толы болады. Сырт көзбен қарап көрсең де, айталық, MARWIN дүкендер желісінің ішіндегі «Меломан» кітап дүкендеріне кірсең ол жерден де бос орын таппайсың, барлық жерде кітап оқып отырған жастарды көресің және қуанасың. Жалпы адам табиғаты рухани азық іздейді, кемелденуді қалайды. Осыдан 10 жылдай бұрын электронды кітаптарды оқу үрдісі белең алған болса, қазір көпшілік дәстүрлі кітап оқуға көшкен. Өйткені электронды нұсқа кітапты қолмен ұстап, сезініп оқығанға жетпейді. Қалай дегенмен де, дәстүрлі кітап оқудың орны бөлек. Оны кітапты түснұсқадан оқуды ешбір техника да, технология да алмастыра алмайды. Қазіргі жастарда кітап оқу мәдениеті қалыптасып келеді. «Кітап оқу сәнге, трендке айналды» дейді елімізге танымал ақын Ақберен Елгезек.
Ендеше кітапты қолжетімді ету, кітап оқу мәдениетін насихаттаудың заманауи тетіктерін пайдалану – біздің негізгі міндетіміз. Бұл орайда жоғарыда айтып өткен «Бір ел – бір кітап», «Бір қала – бір кітап» «Оқитын ұрпақ – ұлт болашағы» «Әже, ертегі оқып берші», «Ұлдарға ұлағат» және тағы басқа акциялар мен жобаларды жүйелі түрде ұйымдастыру да кітап оқуды жолға қоюға септігін тигізетіні сөзсіз.

– Сөзіңізде кітапхана қоры жарты миллионға жуықтағанын атап өттіңіз. Қор жыл сайын қандай кітаптармен толығады? Ол тізімді қандай критерийлерге сүйеніп дайындайсыздар? Электронды кітаптардың оқылу жағы қалай?

kitapxana-1

– Қазіргі оқырмандар көркем әдеби, тарихи шығармаларды, мотивациялық кітаптарды көп сұрайды. Сала бойынша да сұранысқа ие кітаптар бар. Шетел әдебиетін де сұрайтын оқырмандар жетерлік. Жалпы біз оқырмандардың сұранысын қанағаттандыру бойынша да жұмыс істейміз. Сондықтан кітапхана қорын әртүрлі саладағы кітаптармен толықтырып тұрамыз. 2023 жылы кітапхананың электронды қоры – 6731 дана, оның ішінде сандық түрдегі – 722 дана, ал 63 кітап QR кодқа өтті.
Соңғы жылдары жақсы үрдіс қалыптасты. Қала тұрғындары, ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері өздері хабарласып, үйлерінде тұрған кітаптарын бізге әкеліп тапсырып жатыр. Кітапхана қоры осылай сыйға берілген кітаптар арқылы да толықтырылып отырады.

– Оқырмандарды биылғы мерейтойда қандай жобалармен қуантасыздар?

«10 жылдыққа – 10 жоба» әзірледік. Жобалар жаңа және жаңғырған жобалар деп бөлінеді. Жаңа жобаларда «Кітап. Таным. Тұлға», «Фараби оқулары», «Желідегі жобалар», «Кітапхана керуені» деген іс-шаралар бар,халықаралық және республикалық конференциялар ұйымдастырылады. Жаңғырған жобалар аясындағы «Өлкенің өнер майталмандары», «Фарабитану: ФарабКвест», «ФарабТІМЕ», «Отбасында оқу дәстүрін жалғастыру», «Кедергісіз кітап» әлеуметтік бағдарламасы, «Бір қала – бір кітап» қалалық акциясы, «Өлкенің өнер майталмандары» іс-шаралар ерекше форматта өтеді.

– Өткен жылы кітапханашылардың кәсіби мерекесі бекітілді. Бұл кітапханашылар қауымына қандай серпін берді?

– Иә, ҚР Үкіметінің 2022 жылғы 18 қазандағы №833 қаулысымен «24 қазан – кітапханашылар күні» болып бекітілді. Бүгінде рухани өміріміздің өзегі іспеттес ғылымды көпшілік оқырманға, ертеңгі ел тізгінін ұстар жас жеткіншек ұрпаққа насихаттауда, рухани мәдени байлығымызды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуші кітапхана болса, сол байлықты өз оқырманына таныстырып, табыстырушы өзіндік тұлға, ол – кітапханашы. Кітапхана қызметкерлерінің еңбегіне құрмет көрсету мақсатында кітапханашылардың төл мерекесіннің болғаны орынды. Әріптестерім Гүлмира Алпысбаева, Асылзат Арыстанова ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін алғанын мақтанышпен айтқым келеді. Бұл да кітапханашылардың мерейін өсіреді, жұмысқа деген құлшынысын арттырады. Мемлекет басшысы кітапхана туралы мәселе көтеріп, кітапханашылардың жалақысын көбейтіп жатыр. Кітапханашылардың жалақысына 20-30 пайыз қосылып жатыр. Тек кітапханашылардың ғана емес, барлық мәдениет саласы қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын көтеретін бағдарламалар қабылданса дейміз.

kitapxana

– Қазіргі таңда әр салада маман тапшылығы жайында көп айтылады? Бұл мәселе Сіздерде қалай?

– Бүгінде кітапханаға жастарды тарту үлкен мәселе болып отыр. Кітапханаға жастар мүлдем келгісі келмейді деп айта алмаймын, дегенмен маман тапшылығы бар. Мәселен, республикамыздың өзінде кітапханашы мамандығын дайындайтын ЖОО жоқтың қасы деп айтуға болады. Кітапханашы мамандығын біздің Шымкент қаласында М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде және бұрынғы Сырдария университеті қазіргі Ж.Тәшенов атындағы университет дайындайды екен. Бұл мамандыққа грант өте аз бөлінетінін байқаймыз. Сондықтан да алдағы уақытта кітапханаға жастарды тартамыз десек, онда осы мамандыққа мемлекеттік гранттарды көбірек бөлуіміз қажет.

– Оқырмандар заманға сай әдебиеттерді іздеп оқиды. Көбіне қандай жанрдағы кітаптарды оқи бастады? Мүлдем сұраныс жоқ, беті ашылмаған, парақталмаған күйі қалып кететін кітаптар бар ма?

–Әлем елдері адамзат дамуындағы кітаптың мән-маңызын әлдеқашан мойындаған. Қазір технологиялар дамыған заманда кітап оқу мәдениеті әлі де өзектілігін жойған жоқ. Керісінше ой-сананы өсіретін, интеллектуалдық тұлға қалыптастыратын, жаманнан жирендіріп, жақсыға үйрететін кітапқа деген сұраныс барған сайын өсіп барады. Бұған кітапхананың оқу залдарында кітапқа үңілген, әртүрлі бағытта кітаптар іздеген оқырмандарымыз дәлел. Қазіргі оқырмандардың кітапқа деген талғамы жоғары. М.Әуезовтың «Абай жолы», Б.Момышұлының «Ұшқан ұя», Ж.Аймауытовтың «Ақбілек», Ғ.Мүсіреповтің «Ұлпан», М.Дулатовтың «Бақытсыз Жамал», Б.Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожа» романдарына сұраныс бұрын да, қазір де жоғары. Сонымен қатар, Ильяс Есенберлин, Оралхан Бөкейдің, Әзілхан Нұршайықовтың шығармаларына да сұраныс жоғары. Мұқағали Мақатаев, Фариза Оңғарсынова, Қадыр Мырза-әлі, Мұхтар Шаханов – қазіргі оқырмандардың ең көп оқитын ақыны десем қателеспеймін. Жергілікті жазушылардан Момбек Әбдәкімнің «Сүлеймен қарақшы», «Қараман қарақшы» романдарын, Мархабат Байғұттың шығармаларын қолдан-қолға тигізбей оқиды. Ал қазіргі заманға сай кәсіпкерлік, бизнес туралы, танымдық, психологиялық әдебиеттерден Санжар Керімбайдың, Қайрат Жолдыбайұлының, Аманжол Рысмендиевтің кітаптары сұранысқа ие. Кеңес Үкіметі кезіндегі саяси мән-мағынасы тұрғысынан өзектілігі жоғалған еңбектер де жоқ емес. Осы кітаптар арнайы іздеген тарихшылар болмаса, көп оқыла бермейді.

– Жазушылар, мамандар, ғалымдар жалпы қалам ұстаған жазарман қауым қазіргі жаңарған Қазақстанға қандай дүниелер жазып ұсынса, зерттесе екен дейсіз? Ұсынып жүрген, көңіліңіз толатын әдебиеттер, ғылыми еңбектер бар ма?

– Отбасылық және ұлттық құндылықтарды дәріптейтін шығармалар жазылса деймін. Қазіргі қоғамға осындай құндылықтар жетіспейді деп ойлаймын. Мәселен, тәлім-тәрбие мен үлгі-өнегеге толы З.Ахметованың «Шуақты күндер», Б.Момышұлының «Ұшқан ұя» сияқты шығармалары жалғасын тапса деген ниетім бар.

– Кітапхана сөресіндегі ең көне және ең көп оқылған кітаптар қандай?

– Ең көп оқылатын кітаптар – М.Әуезовтің «Абай жолы», Ә.Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар», И.Есенберлиннің «Көшпенділер» романдары. Кітапханада 2015 жылдан бері сирек кітаптар бөлімі жұмыс істейді. Кітап қоры – 5200 дана. Ең көне кітап ағылшын жазушысы Вальтер Скоттың 1824 жылы автордың көзі тірі кезінде жарық көрген «Red Gauntlet» кітабы. Биыл бұл кітаптың жарық көргеніне – 200 жыл.

–Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Жансая СЫДЫҚБАЙ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.