Сая ҚАСЫМБЕК, белгілі драматург, жазушы: ТЕАТР – жанкештілердің өнері

Среда, 24 Май 2023 05:29 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 7265 раз

– Сая ханым, «Ізгілік бастауы – даналық. Даналық қайнары – ұстаздар өнегесі» деген бұрынғылардан жеткен сөз бар. Біз де бүгінгі әңгімеміздің әлқисасын сізді тәрбиелеп, өсірген адамдар мен ұстаздар жайынан бастасақ...
– Кез келген істе баланың ұстазы ең бірінші әкесі мен шешесі. Бала тәрбиені әуелі ата мен анадан алады. Қазіргі таңда «баланы былай тәрбиелеу керек», «бүйтіп тәрбиелеу керек» деп жататындарға таң қаламын. Бала ата-анаға қарап өзі тәрбиеленеді. Ата-ана сол баланы тәрбиелеуге лайықты күнделікті қаракет ету керек. Мысалы, қыздар анасының тамақ пісіретініне, дастархан жасайтынына қарап болашақ әйел, ана болуға дайындалады. Көз арқылы тәлім алады. Ал ұл бала әкесінің қаншалықты мал тауып, үйге, әйелге, балаға қандай қамқорлық жасап жүргеніне қарап тәлім алады. Балаға азаннан кешке дейін лекция оқығаннан гөрі тәлім арқылы тәрбиелесе, ол оның сүйегіне сіңеді. Сондықтан балапан кезінде баптау керек, ұшқанда көргенін іледі. Менің де алғашқы ұстазым – ата-анам.

73

 

Екінші ұстаз, әрине, мектеп қабырғасы. Мектепте жүргенде оқушы міндетті түрде бір мұғалімге еліктейді. Дүниеде бір мұғалімге еліктемейтін оқушы жоқ. Ұстазына еліктеу арқылы баланың пәнге деген махаббаты ашылады. Созақтағы Сәкен Сейфуллин атындағы мектепте қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретін Тоқтар деген ағайым болды. Ол кісі түсіндіріп жатқан тақырыбына жан-тәнімен беріліп, еніп кететін. Қазір ойлап отырсам, ол кісіде өз пәніне деген махаббат болған. Таң қаласың. Мектеп бітіргеннен кейін студент атандым. Талай лекторларды көрдім. Бірақ Тоқтар ағай секілді түсіндіретін бірде-бір ұстазды көрмедім. Әлі күнге дейін. Сол кісі ата-анамнан кейін әдебиетке деген махаббатымды ашты.
Сосын үшінші ұстазым – Райымбек Сейітметов... Мен өзім ғайыптан тайып өнерге келген адаммын. Шымкенттегі Қазақ химия-технологиялық университетінде «Силикатты материалдардың химик-технологы» мамандығын бітіргем ғой негізі. Тағдыр ғой енді. Алла Тағала бәрін есептеп отырады. Кішкене күнімізде әке-шешеміз айтады ғой бізге: «Әй, біреудің ала жібін аттамаңдар. Құдай көріп қояды» деп. Сосын мен айтамын ол кісілерге: «Ешкім жоқ қой, айналада. Көрмейді ешкім» деп. Сонда маған әке-шешем «Сен ешкім болмаған күнде де, Құдайдың көзін қайтесің? Ол бәрін көріп қояды» дейтін. Міне, көрдіңіз бе? Сол Құдайдың көзі ғой бәрін көріп-біліп, туралап отырған. Менің бойымда әдебиетке деген сүйіспеншіліктің барын білсе керек, ақыры мені жазуға алып келді. Қазақ-түрік университетінде «экология» деген пәннен сабақ беріп жүргенімде, сол оқу орнына Қазақстанның халық әртісі Райымбек Сейітметов келді. Сонда жүріп, өнер факультетін ашты. Ол кісі қасымдағы аудиторияда актер шеберлігінен дәріс оқыды. Сол кісі қалай үйретеді, соның бәріне қарап жүрдім. Үйрендім, ойға тоқыдым. Сөйтіп, мен өнерге келдім.
– Жаңа бір сөзіңізде «өнерге ғайыптан тайып келдім» дедіңіз ғой. Қызық болып тұрғаны сіз бала күніңізде кім болуды армандадыңыз?
– Қазір ғалымдар да ойлаған ой жүзеге асады деп айтып жатыр ғой. Неге екенін білмеймін бала күнімнен атақты болуды армандадым. Менің «Сая деген атым әлемге әйгілі болады. Қасымбектің қара қызы Саяны барлығы танитын болады» деп ойлайтын едім. Ал «Келешекте қай мамандықты таңдап, жұмыс жасайсың?» дегенде «Мен журналист боламын, атақты адамдардан сұхбат аламын» дейтінмін. Нақты білмеймін, бірақ тағдырымды тек қалам арқылы ғана елестететінмін. Менде ішкі түйсік болды. Бірақ журналист бола алмадым. Алматыға оқуға барамын дегенде шешем жібермеді. Ол кезде журналистиканың оқуы Алматы және Қарағандыда ғана болатын. Сол кездегі біздің шешелеріміздің түсінігі ғой «айдалаға бармайсың, бұзылып кетесің» деп алып қалды. Сонымен Шымкентке келдім. Пединститутқа келсем ылғи қыз. Оны көріп зәрем қалмады. Мен өзі бала күнімнен балдармен алысып-жұлысып, ауылдың бандиты болып өскен қызбын ғой. Ана жердегі ылғи қызды көргенде шошып кеткенмін. Сосын технология институтына кірсем, өзім жақсы көретін ылғи ұлдар екен. Ол кезде орысша білмеймін. Ауылда орыс көрмегенбіз ғой енді. Сол технологтарды дайындайтын оқу орнына келіп, мамандықтар жазылған тақтайшаға қарасам «химик-технолог вяжущих материалов» деп жазып қойыпты. «Вязать» деген тоқу екенін түсінем. Оны көріп «ее, мұнда қыздар оқитын оқу бар екен ғой» дедім. Енді басқа қайда барып түсемін? Ол кезде Шымкентте екі-ақ институт бар. Бірі – пединститут, бірі осы –технологиялық институт. Мәдениет факультетіне ол кезде түсе алмаймын. Ол жерге түсу үшін не домбыра тартуың керек, не ән айтуың керек. Одан мен мақрұммын. Сөйтіп "вяжущиға" түссем цемент, железобетон жасаудың оқуы екен ғой ол. Бірақ оны тауысып шықтым.
– Шынында да қызық екен. Енді шығармашылығыңызға ойыссақ. Алдыңғы сұхбаттарыңыздың бірінде «театр да жанды ағза» депсіз. Бүгінгі театрдың тамыр соғысы қалай?
– Негізі Европа сынды өркениетті елдерде театрдың тізгінін көркемдік жетекші ұстайды. Көркемдік жетекшінің «ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс» болады. Барлығын сол шешеді. Өйткені бүкіл шығармашылыққа жауап беретін – көркемдік жетекші (худрук).
Жалпы әдебиетте театрдың үштағаны бар. Олар: режиссер, актер, драматург. Қазақстанда дәл бүгінде театрдың тізгінін ұстайтын екі адам бар. Өкінішке орай, Қазақстанда «директор» деген ауру бар. Директор креслоға отырса, ол үлкен роль ойнайды. Ол худрукты өзінен кейін деп есептейді. Бірінші мен, худрук менен кейін деп қарайды. Бұл біздің бүкіл еліміздегі ауру. Қазаққа біткен ауру.
Кез келген театр мықты болу үшін, оның көркемдік жетекшісі мықты болуы керек. Және көркемдік жетекшінің қосшысы – директор, соның мықты менеджері болуы тиіс. Көркемдік жетекшінің сахнасына не керек соның бәрін директор тауып беріп отырады. Айтқаны табылып, алдына келіп тұрған кезде көркемдік жетекшінің жұмысы жақсара береді, табысты бола түседі. Сахнаның жұмысы деген өте көп. Оның тігіні, музыка, жарығы тағы басқасы бар. Толып жатқан майда-шүйде жұмыс. Осының бәріне директор жауап береді. Режиссердің аузынан шыққанын істеп, керек еткенін тауып бермейінше сахнаға сән кірмейді. Режиссер тек сахнадағы дүниеге ғана алаңдауы керек. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстандағы театрлардың жағдайы көңіл көншітерліктей емес. Маңдайы жарып, шығып жатқан қойылымдардың сирек болуы да осыдан. Дегенмен театр үшін «қолы көсеу, шашы сыпырғы» болып жұмыс істеп жүрген директорлар да бар. Бірақ басым көпшілігі директордың «ролінде» жүргендер.
– Түсінікті. «Тетр – жанкештілердің өнері». Мұны да айтқан өзіңіз. Осы орайда сізден сұрайын дегенім, Сая ханым, театрдың сізге берген рахаты мен азабы қандай?
– Түркістандағы Райымбек Сейітметов атындағы сазды-драма тетрда алғашқы ашылған күннен бастап еңбек еттім. Он жыл өмірімді сол жерге арнадым. Бала-шағамды ұмытып, жұмыс істеген кездерім де болды. Кейіннен «театр режисері» деген мамандық алғанмын. Сол бойынша Түркістандағы театрда жүріп 20-ға жуық спектакль де қойдым. Өйткені мен практика жүзінде тез пістім. 1998 жылдан бастап 2008 жылға дейінгі он жылда шынымен өнер деген қара қазанда қуырылыппын. Түркістан сазды-драма театрында директор болып та қызмет атқардым. Бірақ алдыма секретарь ұстап, салтанат құрып бір күн отырмаппын. «Директор» деген қандай болу керек дегенге, тіпті, бас қатырмаппын. Мен «театрдың отымен кіріп, күлімен шығу керек» деген ұстанымды ұстадым. Осындай қиындықтарына қарамастан театрда айлық аз. Сананы тұрмыс билейді ғой. Сол тіршіліктің соңынан тұрмысты дұрыстаймын деп кетіп қалуым әбден мүмкін де еді. Ал мұндайда ішіңдегі өнерге деген ерекше махббаттың өзін ұстап тұратын жанкештілік керек. Сол жанкештілігім мені театрда ұстап қалды.
Ал енді рахатына келсек. Жақында ғана «Атжалман ғасыр» деген пьесам сахнаға шықты. Сонда «Автор! Автор!» деген қалың көпшіліктің шақыруымен сахнаға шыққан кездегі бақытты сәтті айтып жеткізе алмаймын. Сенің жазған туындыңды режиссер қойып, оны артистер жанын салып ойнап жатқанын көргенде, басқа бір шектікке, басқа бір әлемге өтіп кетесің. Ол енді басқаша бақыт, басқаша сезім! Сол сәт үшін өмір сүруге тұрады.
– XX ғасырдың әйгілі режиссері Джорджо Стрелер «шымылдық жабылған сайын ендігәрі ашылмай қалама деп қорқамын деген» екен. Театр адамы ретінде жауап беріңізші, сіз неден қорқасыз?
– Джорджо Стрелер Италияда даңқты театр «Пикколо-театр»-ды ашқан. Бұл шамамен қырқыншы жылдар. Нағыз соғыстың өрті лаулап тұрған шақ. Соғыс кезінде алмағайып уақытта театрдың ертеңіне шымылдығы ашылмай қалуы мүмкін ғой. Джорджо Стрелер «ертең ашыла ма, жоқ па?» деп соны уайымдайды екен. Себебі, бұл жекеменшік театр болған.
Жалпы, қорқу сезімі жасыңмен бірге өзгеріп отырады екен. Жас кезімде артыма ешқандай із қалдырмай өлуден қорқатынмын. Қазір қорықпаймын. Өйткені, әйтеуір, жақсылы-жаманды Қазақстанның 16 театрының репертуарында пьесаларым жүріп жатыр. Одан қалды тырнақалды «Көкбөрілер» деген тарихи романым жарыққа шықты. Бірнеше томдық кітаптарым бар. Ал өмірдегі ең қорқатыным – сатқындық. Қасыңда жүрген, сенген адамдарыңның сатып кеткені өте қиын. Бұдан сақтану мүмкін емес. Сондықтан жаратушыдан сыйлайтын, жақсы көретін адамдарымның сатқындығынан сақта деп тілеймін.
– Көрерменге ұнамды көптеген пьесаларды үздіксіз жазып жүрген драматургтердің бірісіз. Жалпы драматург ретінде Сізге «шығармашылық тоқырау» деген сөз таныс па?
– Әрине. Жас кезімде айына бірнеше пьеса жазып жүрген кезім болды. Қазір бұрынғыдай жазып жүргенім жоқ. Бұны кризис деп айтуға да келмес. Өйткені қазір ой толғауға көбірек уақыт бөліп жүрмін. Қоғамға не қажет, не қажет болмай жатыр? Соны ойлаймын. Бір қызығы, адам уақыт өте келе маңызды дүниелерге қарай ұмтылады-ау деймін. Мәселен, қазір киносценарий жазуға көштім. Мүмкін осылардың өзі драматруг ретінде мендегі тоқыраудың басталуы болар кім білсін?!
Жалпы, драматургты кризиске жетелейтін нәрсе еңбегіңнің бағаланбауы. Сенің пьесаңды театрлар ойыңдағы бағаға сатып алмаса, іздемесе, жас келе-келе «ей, осы қажетсінбей жатса, не керек әуреленіп» деген ой туындайды. Шүкір, менің жылына екі, жоқ дегенде бір пьесамды театрлар алып жатыр.
– Сізбен сұхбатқа дайындық барысында Күлия Айдарбекованы «Бибі Фатимам» деп атап, ол кісінің атына көптеген жылы, жақсы сөздер айтатыныңызды да естіп, білдім. Жалпы, ол кісімен сізді не байланыстырады?
– Күлия Айдарбекованы «Бибі Фатимам» деп қазір де айтамын. Мен Түркістанда театрда басшылықта жүргенде есеп жағынан шикілік шығып, алты жылға сотталғанмын. Оның екі жарым жылын өтедім. Сотталған адамдар неден өту керек соның бәрінен өттім. Содан бостандыққа шыққан кезімде маған жұмыс керек қой. Сол уақыттарда Түркістанда мәдениет бөлімінің басшысы Ұлжан Мұстафаева деген сыйласым болды. Сол кісі Күлия ханымға (ол кезде ОҚО басқармасының басшысы Күлия Айдарбекова болатын) «Сая шықты. Соған жұмысқа тұруына қолдау көрсет» деп хабарласыпты. Сонда ол кісі «келсін» депті. Күлия ханым мені көп күттірмей қабылдады. Екеуміз сөйлесіп, мені қазіргі орталық мұражайға қызметке тұрғызды. Содан кейін де ол кісі мені ұмытып кетпей, қайда жүрсе де қасына ертіп жүрді. Оның үстіне мен еркіндікке шыққан соң да менен адамдардың көбі қорқып, шошып жүрген-ді. Енді, ол адамдарды кінәлауға да болмайды. Түрме деген өзі екі дүниенің ортасы ғой. Не өлінің қатарында, не тірінің қатарында жоқсың. Сондай азаптан, екі дүниенің ортасынан шыққан мені ол кісі бірден қоғамға, өнер айдынына қосып жіберді. Әйелдердің пірі Бибі Фатима ғой. Осыдан кейін ол менің Бибі Фатимам болмағанда кім болады?
–Алдыңғы сұхбаттарыңыздың бірінде «ең жек көретін нәрсем өкінішпен өмір сүру» деген екенсіз. Басыңыздан өткізген осындай оқиғалардан кейін де өткенге деген, өмірге деген ренішіңіз жоқ па?
– Өткенге өкпемен өмір сүруге болмайды. Ешқандай ренішім жоқ. Егер Сая Қасымбек болып өмірге қайтадан келіп, осы тағдырым басыма түсетін болса, осы жолдардан қайта өтер едім. Өткеннен сабақ алу керек. Қазір менің өмірге құштарлығым артса, ол өткендегі қателігімнің арқасы.
– Өзіңіз айтқан қиыны мол «екі дүниенің ортасында» жүрген кезіңізде балаларыңыздың, отбасыңыздың жайы не болды?
– Менің орнымда басқа біреу болса «мені Құдай азапқа салды дер». Бірақ мен «Құдай мені жақсы көреді» деймін. Бәлкім, мен тәкәппар болған шығармын. Бәлкім, мен аяғымның астын көрмеген шығармын. Бәлкім, мен жақсы мен жаманды айырмаған шығармын. Бәлкім, аяр, айлакерге сенген шығармын, көзім көрмеген шығар. Соның бәрінен Алла мені тазартты ғой. Мені үлкен сынаққа салды. Адамдарды айыруды, бар мен жоқтың, аш пен тоқтың парқын білуді маған жақсылап, көзіме көк шыбын үймелетіп тұрып үйретті. Бұл мені бірінші жақсы көргені ма?! Жақсы көргені. Ал екінші жақсы көргені, нақ сол кезде екі бірдей ұлымның біреуі студент, біреуі оқуын жаңа бітірген еді. Екеуі де жас бола тұра жаманға жоламады. Екеуі екі жақта тұрды. Екеуі бір-біріне әке, бір-біріне шеше болды. Өздері ақша тауып, квартирада тұрып, біріне-бірі қамқор болды. Екеуі де адал, таза болды. Міне, осы екеуін Алла маған сақтап берді. Бұл маған деген Алланың махаббатының екінші дәлелі. Үшінші, мені қолдаған, мені іздеген, маған қолғабыс жасаған, менің аяққа тұрып кетуіме жәрдем берген бауырларым болды. Міне, осылардың барлығы мені Құдайдың шын құлым деп жақсы көретінінің дәлелі. Кейде ашуымның бәрін Құдайға айтып аламын. Артынанан «Е, жәнім, сен маған ренжіме. Сен мені өзің жараттың ғой. Сенен басқа кімге айтамын мен? Сенен басқа менің өкпемді, ашуымды кім тыңдайды?» деп айналып-толғанып, кофемді ішіп отырамын.
– Құдаймен бұлайша сырласатыныңыз шынында да қызық екен. Айтқандай, сіздің сыр бүкпей әңгімелесетін және бір сырласыңыз бар еді ғой. Сол жайында да айтсаңыз. Жалпы, қара пешіңіздің қазіргі халі қалай?
– Өткенде күн қайта суып кетті ғой. Сол кездерде кешке қарай жаурай бастадым да «қой, қара пешіме от жағып, жылынайын» деп қызметінен босатып қойған қара пешімді қайта жаққанмын. Қара пешіме от салып, жағып едім гу ете қалды. Мен өзім отқа, аққан суға қарағанды жақсы көремін. Миым демалады. Жанып, лапылдап жатқан отқа қарап отырып, «Қара пешім. Сенің жанбағаныңа біраз болып еді. Әй, сен отты сағынып қапсың ғой а? Лапылдап кеттің. Мені жылыт. Мен романымды жазуым керек. Оны жақсы жазуым үшін мен жып-жылы болуым керек» дедім. Мен онымен сөйлескен сайын жеңілдеп қаламын, рахаттанамын. Ол мен сөйлеген сайын түсінеді. Шынымен, пеш түсінеді. Мен сөйлеген сайын ол одан бетер гуілдеп жанады.
–Қара пешіңіз жайындағы жазбаларыңызды көпшіліктің асыға күтетінін және сүйсініп оқитынан білеміз. Тіпті «қара пеш әдеби кейіпкерге айналу керек» деген пікірлердің де айтылғанынан хабардармыз. Шынында да, Сая ханым, қара пешіңіз әдеби кейіпкерге айнала ма?
– Биылға дейін қалай күн суыды, солай күнде қара пешімді жазатынмын. Бірақ биыл екі-үш-ақ рет жаздым. Сосын жазбай қойдым. Негізі жазбаймын деп шештім. Өйткені белгілі киногер Сатыбалды Нарымбетов ағам қара пешімді жазып жүргенде күнде менің фейсбук парақшамдағы жазбамды күтіп отырады екен. Күнде қара пешті жазсам сол кісі міндетті түрде пікір жазатын. Екеуміз ағалы-қарындастай сөйлесіп, араласып тұрдық. Сол кезде ол кісі «сен ойдан ештеңе құрамай-ақ та ғой. Қанша жылдан бері жазып келе жатқаныңды маған өңдеп берші. Мен кино түсірейін. Пешіңді персонажға айналдырайын. Сенің жазбаларыңнан анамды көремін. Мен анамды сағынып жүрмін. Бәлкім бұдан кейін кино түсірем бе, түсірмеймін бе? Қазір осы қара пешіңді түсіруге мүмкіндігім бар. Маған қара пешің жайында жазғандарыңды өңдеп, киноға лайықтап бер» деп қанша рет айтты. Пендеміз ғой. Ана пьесаны жазып жүресің, мына пьесаны жазып жүресің. Соңында «қойшы» деп қол сілтеп, кейін жазам, әні-міні деп жүргенде ағам «кетті» де қалды. Ағама осыны жазып бергенімде ол кісі рахаттанар еді-ау деп ойлаймын. Өкініш қалып қойды менде. Содан кейін қара пешті жазу ағаға деген сатқындық сияқты көрініп кетті. Бірақ кім біледі?! Ертеңгі күн жұмбақ қой. Бәлкім, алдағы уақытта сол Сатыбалды ағамның әруағына арнап жазып та қалармын.
– Сіз жазған іргелі туындылардың дені тарихи тақырыпта екен. Тарихи шығармаларды жазу барысында тарихшылармен келіспеушіліктер орын алмай ма? Сіз жазып жатқан дүниелердің тарихи негізі бар ғой?
– Тарихшылар, негізі, қызғаншақ болады екен. Алғашқы кезде оларға ренжитінмін. Ал қазір дұрыстығына көз жеткіздім. Өйткені, адам өзінің сүйікті ісіне махаббат және қызғанышпен қарамаса, ол іс ары қарай алға баспайды екен. Тарихи тақырыптарымды кемі бір-екі, ұзағы он жылға дейін зерттеймін. Мысалы сақ тақырыбын, сақ дәуірін зерттегеніме 20 жыл болып қалды. Осыдан үш-жыл бұрын маған режиссер Батырхан Дәуренбеков «Алтын тарақты қыз» деген киносценарийге тапсырыс берді. Онда біздің ұлттық зергерлік бұйымдардың шығу тарихы көрсетіледі. Сақтар әлемде жоқ әшекейлерді жасады ғой. Соған мен киносценарий жаздым. Кейін ол кісі «Алтын тарақты қызды» кинороманға айналдырыңызшы деп өтініш айтты». Қазір сол кино романды жазу үстіндемін.
– Сіз балаларға арналған ертегілердің де авторысыз. Ертегі жазуды қашаннан бастап қолға алдыңыз? Ертегі жазу қаншалықты қиын?
– Ертеде жасы жетіп, отырып қалуға айналған тілінде мүкісі бар байдың қызы «өлгенімнің күнінен байға тиіп байамын» деген екен. Сол сияқты Түркістан театры ашылғаннан кейін «план беру» деген мәселе басталды. Планды кім береді? Әрине, кішкентай көрермен береді. Ол көрерменге не керек? Ертегі керек. Сонымен сол жерде ертегі жазуды бастадым.
Түркістандағы театрда Пернекүл Нәлтаева деген бас жетекшім болды. Бір күні сол кісі «Сәке, Жаңа жыл келе жатыр. Жаңа жылға бір ертегі тауып қойыңыз. Мектептердің барлығы жаңа жылдық ертегі бар ма?» деп сұрап жатыр деді. Сөйтсем, қазақта ешкім жаңа жылдық ертегі жазбаған. Негізі қазақтың драматургтері ертегі жазуға жоқ, құлықсыз. Себебі, ол орыстардың жаңа жылы. Не керек, ары іздеймін, бері іздеймін жаңа жылға ертегі жоқ. Амалым таусылып отырғанда завхоз келді. Қарасам «мына көйлекті қайсы спектаклге жазып, тіркеймін енді. Қалды ғой мына көйлектің бәрі» деп шыр-пыр болып тұр. Алдында ғана болған спектакльдегі «жын-шайтандарға» арналып алқам-салқам қара киім тігілген еді. Қойылымның ол бөлігі қысқартылып, киім пайдаланылмай қалып қойды. Сол киімдер менің алғашқы ертегімнің жазылуына себеп болды. Ол қазақ тілінде жазылған ертегіге пайдасы тиді. Дегенмен де ертегі жазу қиын екен. Өзім пьесаны жазып біткеннен кейінгі аптаны ұнатпаймын. Себебі қызыңды ұзатқандай күй кешесің. Қимайсың. Өйткені күні-түні ойлап кейіпкерлеріңмен етене болып қаласың. Біткеннен кейін сені солардың бәрі тастап кеткендей болып, жалғызсырайды екенсің. Сондай сезімде жүресің.
– Сіздің буын және сізден алдыңғы буындағы драматургтер әдебиетке, өнерге мол үлес қосты. Ал қазіргі драматургтер жайында не айтасыз. Жалпы, бүгінгі драматургтерге көңіліңіз тола ма?
– Әрине, толады. Қазіргі жастар мықты. Олар қазіргі еуропалық ағымды зерттеп жатыр. Соның тамырын басып, ондағы өзгешеліктердің бәрін байқап отыр. Европада қазір неше түрлі форматтар пайда болып, өнерге еніп кетті. Бүгінгі жастар соның бәрін бақылап, зерттеп отыр.

–Риясыз сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан Тұрсынбай ЕШІМОВ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.