Жаннета ЖАЗЫҚБАЕВА: «ОТБАСЫ ИНСТИТУТЫН НЫҒАЙТУ КӨП ТҮЙТКІЛДІҢ ТҮЙІНІН ШЕШЕДІ» Избранное

Пятница, 07 Апрель 2023 03:37 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 6541 раз

Отбасы — шағын мемлекет. Бір шаңырақтың басындағы мәселе дер кезінде қаралмаса, уақыт өте қордаланып, бүтін бір мемлекеттің түйткіліне айналуы бек мүмкін. Ал, келеңсіздіктердің алдын алу үшін не істемек керек? Әйел мен бала құқығының, отбасы құндылықтарының сақталуы қай деңгейде? Көкейдегі сан сауалдың жауабын Шымкент қаласы әкімнің кеңесшісі, балалардың құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Жаннета ЖАЗЫҚБАЕВА ханымнан сұраған едік.

135

 

«Мемлекеттің өзі тосылып қалды»

— Жаннета Қанайқызы, бүгінде балалар құқығы жайлы әңгіме өрбісе, шымкенттіктер ең әуелі сіздің есіміңізді атайды. Ең алғаш «Балаларды ЖИТС-тен қорғау» қоғамдық қорының негізін қалаған да өзіңіз едіңіз. Білуімізше, бүгінде ол азаматтар ер жетіп, алды балалы болып жатыр...

— Шымкентте осыдан 17 жыл бұрын елді дүр сілкіндірген оқиға орын алды. Салдары 250-дей отбасының шаңырағын шайқалтты. Америка, Африка елдерінде таралыпты деп еститін дерттің біздің елде, оның ішінде Шымкентте анықталуы күтпеген оқиға еді. Зардап шеккен отбасылар ғана емес, бүтін мемлекет қандай әрекет жасарын білмей, тосылып қалды. Ол кезеңде бұл тақырып ашық айтылмаған. Себебі, бұл жайлы алғашқыда ересек, есірткіге тәуелді жандар мен жеңіл жүрістілердің арасында таралған ауру ретінде естуші едік. Ең қиыны, бұл дерт бейкүнә сәбилерден анықталды. Сол жылдардағы облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нағима Жолдасова «дерт жұқтырған балалардың саны күн санап артып жатыр. Біз анық-қанығына жетуіміз керек» деп табандылық танытып, алғашқы баспасөз конференциясы ұйымдастырылды. АИТВ-ның кәмелетке толмаған балалар арасында таралғаны БАҚ өкілдеріне жеткен соң, ары қарай бүкіл республикаға таралып, істің жылжуына сеп болды.
Ең алғаш, дерт облыстық балалар ауруханасының жан сақтау бөлімінде ем алған балалардан анықталды. Бұл оқиға менің отбасымды да бей-жәй қалдырмады. Себебі, 9 жасар ұлымды көлік қағып, сол кезеңде жан сақтау бөліміне түскен еді. Алты айдан соң ұлымды Алматыға шипажайға апарған кезде Шымкенттегі жағдайды естіп, емделген кезең мен жас ерекшелігі сәйкес келуіне байланысты қан талдамасын жасаттық. Өкінішке орай, АИТВ жұқтырғаны расталды.
Бүгінде сол балалардың барлығы ер жетіп үйленіп, бойжеткендеріміз тұрмысқа шықты. Жас болған соң, көңілі жарасқан жанмен бірге болуды шешкенде, кейбір ата-аналар түсінбей, жұбының жағдайын қабылдамай жатты. Біз медициналық тұрғыдан жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, екі жақты ортақ тоқтамға әкеліп отырдық. ЖИТС орталығында есепте тұратын әрбір азамат өзінің дерті жайлы екінші жартысына алдын ала ескертемін деп мойнына жауапкершілік алып, құжатқа қол қояды. Біздің азаматтардың барлығы сол жауапкершіліктен тайған емес.
Кейбір ата-аналар перзенттерінің болашағына алаңдап, артынан ұрпақ қалсын деген ниетпен жастайынан үйлендірген болатын. Бұл да біздің еліміздегі ақпараттың аздығынан қабылданған шешім еді. Бүгінде алғашқылардың бірі болып шаңырақ көтерген жігіттердің 4-5 перзенті бар. Аллаға шүкір, дүниеге келген бүлдіршіндердің дені сау. Тұрақты ем алғандықтан алаңдайтын ештеңе жоқ.
Қазіргі уақытта медицина дамып, балалар антиретровирустық терапияны тұрақты қабылдау арқылы АИТВ-ны ЖИТС сатысына жеткізбей, сақтап қалды. Яғни, иммун жасушаларын зақымдайтын вирусты, жалпақ тілмен айтқанда, дәрімен «ұйықтатып» тастайды. Егер мерзімінде қабылдамаса, иммунитет түсіп, дерт асқынуы мүмкін еді.
Ата-аналар балаларының болашағы үшін бірігіп, қоғамдық ұйым құрды. Енді 3 жылда оқиғаға 20 жыл толады екен. Бірлестіктің жұмысын 5-6 ай ұйымдастырып, іс реттелген соң, өз мамандығыммен жұмыс істесем деп жоспарлағанмын. Алайда, 17 жыл осы қоғамдық ұйыммен біргемін. Себебі, біз ешнәрсеге оңай қол жеткізбедік. Балалардың дәрі-дәрмегін алу, оны уақтылы жеткізіп отыру, балабақша мен мектепке қабылдамау сынды түрлі кедергілермен кездестік. Біздің балалардың диагнозын ести сала өз баласын оқшаулап, қарсылық білдірген ата-аналар да кездесті. Біз оларды да кінәлай алмаймыз. Себебі, мұның барлығы АИТВ мен ЖИТС жайлы ақпараттың ашық айтылмағанының салдарынан еді. Бүгінге дейін АИТВ, ЖИТС-тің 3 жолмен ғана жұғатынын айтып, жазып, түсіндіріп келеміз. Әлі де айта береміз: Ол сақтандырылмаған жыныстық қатынас, тексерілмеген қан және залалсыздандырылмаған медициналық құралдардан, жүкті әйелден балаға өту арқылы тарайды. Ыдыс-аяқ, кітап-дәптерден жұқпайтынын түсінсе де, сақтанып, алыс жүретіндер әлі де бар.
2014 жылы церебральді сал ауруына шалдыққан балаларды оңалту ісін қолға алдым. Сол жылдардағы Шымкент қаласының әкімі Қайрат Молдасейітовке «оңалту орталығына демеушілікпен жөндеу жұмыстарын жүргізіп берсеңіз» деп өтініш білдірдік. Біздің жалдап отырған көне нысанды көрген соң, облыстық балалар ауруханасының жанынан қазіргі оңалту орталығының ғимаратын салып беруге шешім қабылдап, қолдау көрсетті. Ол қоғамдық ұйымның жеке ғимараты болмағандықтан, АИТВ және БЦП дертіне шалдыққан балалармен 2015 жылдан бастап осында жұмыс істеп отырмыз.
Дертке шалдыққан 250 бала екінші толқынының себепкері болмаса екен деген ниетпен 17 жыл бойы жағдайды бақылауда ұстап, олардың дертінің асқынып, ЖИТС-ке айналып кетпеуін қадағалап келеміз.

«Дәрумен емес, химия»

— Бұған дейінгі сұхбаттарыңызда халықтың АИТВ/ЖИТС анықталған азаматтарға деген көзқарасы жайлы, яғни қоғамның толық қабылдамайтынын айтқан екенсіз. Қазіргі ахуал қалай және тең қоғам қалыптастыру үшін қандай өзгеріс қажет?

— Бізге алғашқыда бұл диагнозды балаға ашып жеткізіп, түсіндіру қиынға соқты. Себебі, оның қабылдап жүрген препараты дәрумен емес, антиретровирустық терапия, яғни химия. Баланың психологиясына да салмақ салмау үшін жас ерекшелігіне қарай, жеке-жеке сөйлесіп, біртіндеп түсіндірдік. Балалардың көзі үйреніссін деп, іс-шараларда ұсынған сыйлықтарымызды, тәттілерді қызыл лентамен безендірдік. АИТВ-мен ауыратын балалармен жұмыс жүргізуге арналған тұрақты бағдарлама түздік. ЮНИСЕФ халықаралық ұйымының қолдауымен 4-5 ата-ана Украинаға барып, мамандармен тәжірибе алмасып қайттық.
Мен әлеуметтік желілерге байланыс үшін координаттарымды ашық қалдырғанмын. Әлеуметтік желіден көріп, жуырда Алматыдан бір жігіт хабарласты. Сақтанбаған жыныстық қатынастан соң, өзінен АИТВ белгілерін байқап, анализ тапсырыпты. Теріс нәтиже көрсетсе де, қауіптеніп, кеңес сұрады. Бұл жағдайда Алматының өзінде де арнайы орталықтар мен мамандар бар екенін айтып, жөн сілтедім. Себебі, бұл басқа бір дерттің белгісі болуы да мүмкін. Бұл оқиға арқылы қазіргі қоғамда әлі де тақырыптың ашық талқыланбайтынын, адамдардың ақпараттанбағанын айтқым келеді. Ең көп таралатын түрі, жоғарыда аталған бірінші себеп. Ал, оны болдырмау үшін мектеп жасындағы балаға студент атанар күн жақындағанда барлық жауапкершілік өзіне артылатынын, сақтанып жүру керек екенін үйрету керек. Қазір 10 жыл бұрынғыдай емес, ақпарат өте қолжетімді. Түрлі сайттар, әлеуметтік желідегі арнайы каналдар, барлығында ақпарат тұр. Тек соны ұғынықты түрде баланың санасына сіңіру керек. Себебі, біреуі ақпаратты видеодан көріп, екіншісі оқып, үшіншісі арнайы талдап бергенде ғана қабылдауы мүмкін. Сондықтан тең қоғам қалыптастырып, келеңсіздіктердің алдын алу үшін елімізге жасөспірімдер мен жастарға жыныстық жолмен таралатын жұқпалы аурулардан сақтану жолын түсіндіріп, ақпараттандыруға арналған арнайы бағдарлама керек. Оны мемлекеттік құрылымдар емес, білікті мамандары бар үкіметтік емес ұйымдар арқылы жүзеге асыруды үйлестірген жөн.
Біздің «Балаларды ЖИТС-тен қорғау» қоғамдық қоры бір жылда қаладағы 20 мектепті ғана қамтып үлгереді. Арнайы қолдау болмаса да, осы күнге дейін ерікті түрде Шымкентте, тіптен облыс төңірегінде осы жұмыстарды атқарып келдік. Ал, ЖИТС орталығының мамандары профилактикалық шаралар жөнінде мектеп оқушылары мен колледж студенттеріне лекция оқып жүр. Бірақ, ол да жеткіліксіз. ЖИТС-тен бөлек те небір аурулар бар. Яғни, мемлекеттік бағдарлама түзіп, оны маманы дайын ҮЕҰ-дар арқылы жедел жүзеге асыруға болады. Себебі, небәрі 20 миллионға жетпейтін халқы бар Қазақстанда сау ұрпақ өсіру үшін бұл бағдарлама тұрақты жұмыс істеуі тиіс.

«Отбасын құруды жоспарлау маңызды»

— Өткен жылдың соңында әлеуметтік желі арқылы тараған ауруханадағы бейнежазба мен кәмелетке толмаған қыздың оқиғасы қоғамды дүр сілкіндірді. Балалардың құқығын қорғау жөніндегі уәкіл, Шымкент қаласы әкімінің кеңесшісі ретінде бұл мәселеге қатысты не айтар едіңіз?

— Екі жағдайды естіген сәтте-ақ мәселені зерделедік. Баланы ұрғандағы шапалақтың дыбысы видеоның өзінде анық естіліп тұрды. Мұны көрген кез-келген сырт көз жаны ауырып, бей-жәй қарамасы анық.
Ауруханада түсірілген видеодағы Мадина есімді келіншек — Өзбекстан Республикасының азаматы. Қазақстанға келгеніне 4 жылдай уақыт болған, азаматтық алмаған. Жолдасы да Өзбекстан Республикасының азаматы, Мадинадан бірер жыл ерте келгендіктен ҚР азаматтығын алып үлгерген. Екеуі апалы-сіңлілі немере кісілердің балалары. Несиеге төлейтін қаражаттың жоқтығына байланысты Мадина жолдасымен телефонда түсініспей қалған. Анықталғандай, сол күні жолдасы таксиде жүріп, масаң күйде көлік жүргізгені үшін жүргізуші куәлігінен айырылған. Ал, таксиден табатын ақшасы отбасының негізгі табыс көзі екен. Себебі, Өзбекстан республикасының азаматы болғандықтан, баласына 30 мың теңге көлемінде ғана жәрдемақы алады.

136


Мәселенің түп-төркінін анықтау үшін барлық жағынан анықтама жұмыстарын жүргіздік. Екеуі 2018 жылы отбасын құрып, дүниеге 5 бала келген. Тұңғышы 2019 жылы жасына жетпей асфиксиядан шетінеп қалады. 2021 жылы дүниеге келген егіздердің біреуіне БЦП диагнозы қойылған. Ауруханада сол баламен бірге ем алып жатқан. Ал, 2022 жылы дүниеге келген егіздердің біреуі шетінеп, сыңары қолында аман қалған.
Әлеуметтік жағдай, тұрмыстық жетіспеушілік деп мәселені жылы жаба салғым келмейді. Біздің куә болғанымыз, мәселенің салдары. Себебі отбасын жоспарлау мәселесінің назардан тыс қалғанынан туындап отыр. Біріншіден, жақын туысына үйленген. Екіншіден, дәрігерлер жағдайды ескерткен, бірақ отбасы тәуекелге барып, дүниеге бала әкелген. Үшіншіден, қаржылық сауаттың төмендігі және табыстың аздығы. Төртіншіден, екі сәбиі шетінеп,бір баласы дертке шалдыққаннан кейін де психологиялық тұрғыда көмек алмаған, қолдау да болмаған. Жолдасы жайсыз деп айтуға келмейді. Қаржы тапшылығынан баспанасының құрылысы да толық аяқталмаған. Міне, осы бірнеше проблеманың салдары әлеуметтік желіде тараған оқиғаға әкелді. Алайда, бұл бір отбасының проблемасы емес. Дәл осыған ұқсас жағдай қоғамда өте көп. Сондықтан, ең әуелі, отбасын құруды жоспарлау керек. Екі жас бас қосқан соң, қайда тұрады? Немен күнелтеді? Екінші, баланы дүниеге әкелу жоспарлануы тиіс. Яғни, денсаулығына қатысты кедергілер жоқ па? Бар болса, ол ертең дүниеге келетін бейкүнә баланың тағдырына әсер етпей ме? Әрине, махаббат, сыйластық, екеуара түсіністік керек. Бірақ, жоғарыда айтылған екі себеп бүгінгі қоғамдағы түрлі тұрмыстық, әлеуметтік проблемалардың негізіне айналып отырғанын ұмытпауымыз керек.
Екінші оқиға — Аделяның жағдайы. Баршаға айқын жағдай қыздың үйінен шығып кетіп, бірнеше күннен кейін табылғаны. Біз құқық қорғау органдары істің анық-қанығына жеткенше кедергі келтірмеуіміз керек. Сондықтан мен қыз табылғаннан кейін оның жағдайын білу үшін жолықтым, ары қарай жағдайды анықтау мақсатында құқық қорғау органдарына ресми түрде хат жолдадым. Мұнда анасы кәмелетке толмаған баланы тергеу барысында құқық қорғау органдарының рұқсат алмағанын алға тартып отыр. Ал, құқық қорғау органдары тергеу амалдары кезінде педагог (мектептің психологы) қатыстырылғанын және анасын қатыстырмау жайлы қыздың талабы болғанын айтты. Әлі де іс қозғала ма, қозғалмай ма, ол — медициналық сот сараптамасына, өзге дәлелдерге қарап барып қабылданатын шешім. Бұл менің Аделяның ісіне араласпаймын дегенім емес. Керісінше, бірінші заң аясында құқық қорғау органдарының тергеу амалдарына кедергі келтірмей, іс барысын бақылап, қорытындысын күтеміз. Ары қарай бала құқығы бұзылатындай жағдай туындаса, біздің де араласуымызға тура келеді. Қазір іс прокуратураның тікелей бақылауында. Медициналық сот сараптамасының қорытындысы да әлі айтылған жоқ. Ал, әлеуметтік желідегі жазбада мен ешбір сөзді өз атымнан айтып, алдын ала шешім шығармадым. Яғни, қызбен арадағы әңгімеден кейін «қыздың айтуынша жағдай былай» деп баяндадым.
Дәл қазір Аделядан өзге кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылыққа қатысты тағы екі іс біздің бақылауымызда. Олардың ешбірі соңына жеткен жоқ.
Жуырда тағы 6 баланы кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына апарып, анасынан уақытша айыруға тура келген. Балаларды анасынан айырмау үшін демеушілер алдын үй әперген екен. Бірақ, әлі толығымен әйелдің атына заңдастырылмаған. Өкініштісі, сол баспананың мамандар барғандағы жағдайын сөзбен жеткізу мүмкін емес.

Мәселенің себебі неде?

2022 жылы баланың жайлы өмір сүру индексі деген халықаралық термин пайда болды. Осы индекске сәйкес, Шымкент қаласы Қазақстан бойынша 7-орында тұр. Қызығы, көршілес Қызылорда 1-орында. Мұнда халық санына да мән беру керек деп есептеймін. Әйтпесе, көрші Қызылордамен біздің қаланың әлеуметтік ахуалы шамалас. Омбудсмен болмай тұрып, өткен жылы сол кездегі қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Жұмабекұлының алдына бардым. «Бізде неге мүмкіндігі шектеулі балалар туылып жатыр?» деген мәселе төңірегінде сөйлестік. Әсіресе, олардың арасында туа бітті жүйке жүйесінің ауруына шалдыққандар өте көп. Даун, аутизм, БЦП, т.с.с. Бұл ата-анасының денсаулығына қатысты ма, әлде босану кезінде орын алып жатқан жағдай ма? Анасы зиянды әдеттерге үйір ме? Қоғамдағы дәл осы түйткілді тақырып аясында кеңейтілген ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырғым келген. Алайда, қаржы тапшылығына байланысты Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының базасында тәжірибелік мамандар — психолог, психиатр, невролог, репродуктолог-дәрігерлердің басын қосып, әсер етуші факторды анықтауға тырыстық. Яғни, ғалымдар ғылыми зерттеулеріне сүйенді, тәжірибелік дәрігерлер күнделікті кездесіп отырған мәселені баяндады. Конференциядағы талқылау нәтижесінде мамандармен бірлесіп, арнайы өңірлік бағдарлама құрсақ дегенбіз. Алайда, бірінші бағыт осылай аяқсыз қалды. Ал, екінші бағыт бойынша қалалық денсаулық сақтау басқармасы мен білім басқармасының психологтарымен бірлесіп, балалардың қажеттіліктерін анықтау мақсатында сауалнама дайындадық. Сауалнама жас ерекшеліктеріне қарай 5-7 сынып және 8-11 сынып оқушыларына екі түрлі нұсқада әзірленді. Оған анонимді түрде 31 мыңға жуық оқушы қатысты.
Балалардың 45 пайызы мамандық таңдауда қиналатынын айтқан. Яғни, бұл жасөспірімдерге белгілі бір салаға бейімделіп, жанына жақын мамандықты таңдау үшін көмек керек екенін көрсетеді. Бізде мамандыққа бағыт беретін мамандардың тапшы, мүлдем жоқ екенін мойындау керек. Мәселен, қай уақытта да қажет саналатын дәрігер мен мұғалімді айтпағанда, цифрландыру салдарынан көптеген кәсіптік мамандықтарда адам күшінің қажеттілігі азайып келе жатыр. Міне, бұл – көзге көрінбегенімен, ертең баланың болашағына, жұмыссыз қалып кетуіне көп әсер ететін фактор. Яғни, бізге қажетті кәсіптерді болжап, балаларды соған бағыттайтын арнайы мамандар қажет. Ал, «қиын жағдайда кімге жүгінесің?» деген сауалға 2 пайызы психологқа, 12 пайызы әкесіне, 75 пайызы анасына жүгінетінін айтқан. Егер мән беріп қарар болсақ, психологқа 2 пайыз ғана сену бұл маман тапшылығы мен олардың тәжірибесінің төмендігіне бағытталған сын дер едім. Әкесіне арқа сүйейтіндер де азайған. Анасына көп сенім білдіру жақсы шығар. Алайда, бұл да отбасындағы әке рөлінің төмендегенін көрсетеді.
«Өзіңіздің қандай қасиеттеріңізді дамытқыңыз келеді?» деген сауалға бірінші орында «түйткілді мәселені шешу», екінші орында «көшбасшылық қабілетімді дамыту», үшінші «өзімді бағалауды үйрену» деген таңдау жасаған. Мұнда түйткілді мәселені шешу деген жауап тұрмыстық зорлық-зомбылықтың көбейіп отырғанына айқын дәлел. Көшбасшылыққа ұмтылу – жақсы таңдау делік.
Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, психологтар жеңіл жүріске түсетін қыздардың басым бөлігі әке мейірімін сезінбегендердің арасынан шығатынын айтады. Қазақта ықылым заманнан қызды қырық үйден тыйып, бабаларымыз қызды тәрбиелесек, ұлтты тәрбиелейтінімізді айтып кеткен. Себебі, ол — дүниеге ұрпақ әкеліп, оған тәрбие беретін жан, яғни ұрпақ сабақтастығын жалғастырушы.

«Психологтардың жұмысы пысықталса...»

— Біз көбіне болары болып, бояуы сіңген кезде салдарымен ғана күресеміз. Бұл жағдайлардың алдын алу үшін әлеуметтік сауалнамалар жүргізіліп, себебі анықталып жатыр екен. Қазіргі таңда Шымкентте бала құқығына қатысты қандай құқықбұзушылықтар жиі кездеседі?

— Ұрлық. Осы сауалды құқық қорғау саласының мамандарына қойған едім. Мәселен, Абай ауданы бойынша кәмелетке толмаған балалар арасында қанша құқықбұзушылық әрекеті тіркелгенін сұрадым. Аталмыш ауданда 22 мектеп бар. Бір жылда онда 14 қылмыстық іс тіркелген. 14 іс 8 баланың қатысуымен орын алып, оның ішінде 6 бала ұрлығын қайталаған. Өкініштісі, барлығы ұрлыққа қатысты. Ұялы телефон, велосипед ұрлығы. Бұл әлеуметтік теңсіздікті байқатады.
Екіншісі, синтетикалық есірткі қолдану мәселесі. Отбасындағы, достарымен арадағы туындаған мәселелерді ұмытуға тырысып, 1-2 рет қолданған соң тәуелді болып қалғандар жасөспірімдер анықталып отыр.
Бұл 6 айдың ішінде менің зерделеп, көз жеткізгенім. Осы мәселелер бойынша қала әкімінің қабылдауына кіріп, алдын-алу және күресу шараларын ұсынбақпын.
Ең әуелі, мектептерде тәжірибелі психологтардың санын және олардың жұмыс сапасын арттыру қажет. Өз ісінің мықты мамандары жетерлік. Бірақ, басым бөлігі жеке орталықтарға кетіп қалған немесе жеке кабинет ашып алған. Ал, мектептердегі мамандар мүмкін айлығы аз, мүмкін біліктілігі төмен, мүмкін тәжірибесі жоқ болғаны үшін өз ісіне салғырт қарайды. Мен сондықтан балалар психологиясына ерекше мән бергім келіп отыр. Мектепте мінез-құлқы, жүріс-тұрысынан өзгеріс байқаған жетекші психологқа өтініш білдірсе, ал маман оқушымен сөйлесіп, сурет салдырып, қажетті сұрақтарды қойып, оның өзгеруіне әкелген себептерді анықтап отыруы керек. Балалардың психологқа жүгінуі мен сенуі әлгі 2 пайыздан жоғарылаған кезде, мынандай келеңсіздіктер азаятыны анық.
Екіншіден, профориентологтар, яғни балаға мамандық таңдауға бағдар беретін кәсіби мамандар қажет. Ал, бұл жағдай бізде қалай шешіліп жүр? Баланың өзі қалаған мамандығына оқуға түсуі өте сирек. Ата-анасы «осы мамандықты игерсең, жаман болмайсың» немесе «әкеңнің оқығанын оқы, өзі үйретеді, нансыз қалмайсың» дейді. Тіптен, «Пәленше мына мамандықты оқып, сұмдық табысқа кенелді, соны оқы» дейтіндер де бар. Яғни, ол мамандық ертең керек пе, баланың ол кәсіпті игеруге ынта-жігері бар ма, қабілеті жете ме? Бұл сұрақтарға ешкім басын қатырғысы да келмейді.
Егер де ата-ана баласымен сөйлесіп, көңіл бөліп, оның ойын тыңдап, қажет дегеніне мән берсе, келеңсіздіктер болмас еді. Тіпті, жасөспірімдердің өтпелі кезеңде ата-анасынан білгісі келетін дүниесі көп. Алайда, қазіргі ата-аналарға бала сұрақ қоя бастаса, кейбірі жекіріп, бетін қайтарып тастайды. Салдарынан қыздар аналарымен ашық сөйлесе алмайды. Яғни, аналар мектебін қалыптастырып, ата-ана болудың басты қағидаларын насихаттайтын жобалар ұйымдастырылуы керек.
Бүгінде ерте жүктілік мәселесі де қоғамдағы өзекті тақырыпқа айналып отыр. 15-19 жас аралығындағы жасөспірімдер арасындағы туу коэффициенті жайлы ресми деректерге сүйенсек. Шымкент қаласында 2018 жылы мың әйелге шаққанда ерте туғандардың үлесі 24,34 пайызды құраса, 2022 жылы – 28 пайызға жеткен. Бұл біздің тазалықтан, ұлттық құндылықтардан алшақтап, тәрбиенің құлдырап кеткенін көрсетеді. Ертең ойнап жүріп от басса, тағы да ата-анасына айтпай, интернеттен көмек сұрап, әркімнің айтуымен ем жасап, денсаулығын ары қарай құртпасына кім кепіл? Ал, ондай қыз ертең қандай әйел-ана болады? Одан дені сау ұрпақ дүниеге келе ме? Мұның бәрі күрделі, күрмеуі қиын және кейінге қалдыруға болмайтын мәселелер.

«...Салдары бейкүнә балаға тиіп отыр»

— Шымкент қаласы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі өңірлік комиссияның мүшесі ретінде отбасы институтын нығайту, отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселесін көтеріп жүрсіздер. Шымкент қаласында нақты қандай қадам жасалып жатыр?

— Бұл комиссияның өңірдегі хатшысы Айгүл Сәрсеева ханым. Комиссия ұлттық бағдарлама аясында жұмыс істеп келеді. Бұл комиссияның құрамында салаға қатысы бар бірқатар жергілікті атқарушы органдар мен мемлекеттік қызметкерлер бар. Білім, денсаулық басқармалары, ішкі істер департаменті мамандарын тыңдаймыз. Біз тек олардың жұмысына ойымызды айтып, пікір білдіреміз. Алайда, бұл комиссияның жұмысы әлі де ширатуды қажет етеді.
Жуырда Аружан Саиннан хабарлама келді. Онда кәмелетке толмаған баланы әкесі ұрып, Шымкент қалалық балалар ауруханасына түскені айтылған. Ауруханаға жедел жетіп, баланың анасымен сөйлестім. Әйел – 3 топ мүгедегі. Анасы қант диабетімен ауырғандықтан екі баласының да денсаулығына әсері тиген, яғни балалары онкогемотология бойынша диспандерлік есепте тіркеуде. Әкесі жұмыстан шығып қалғанына ашуланып, балалардың шуына шыдамай, қол көтерген. Салдарынан баланың мұрнынан қан тоқтамаған соң, жедел жәрдем шақыруға тура келген. Кейіннен анықталғандай, күйеуі арагідік әйеліне де қол көтеріп тұрады екен. Біз неге отбасы институтын нығайту керек дейміз? Ата-ана баласын үйлендіреді, той істейді. Ары қарай ол отбасының тағдыры ешкімді ойландырмайды. Отбасын құруды және дүниеге бала әкелуді жоспарлау, денсаулыққа қарауды қолға алып, қаржылық сауаттылықты арттырып, әлеуметтік өзге де мәселелерді шешпейінше, барлығының салдары бейкүнә балаға тиіп отыр. Құқығы тапталған да, денсаулығынан айырылған да бала.

— Жыл соңында өңірлік комиссия Тараз қаласындағы арнайы мектепке ауыстырылатын балалардың ісімен айналысты. Балалардың құқығын қорғау мақсатында отырыс жабық есік форматында өткізілді. Дегенмен, кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдердің тура жолдан ауытқып кетуіне әсер еткен қандай фактор? Арнайы мектепте оқыған балалардың шамамен қанша пайызы қайта қатарына қосылып кетеді?

— Бірінші жағдайда баладан кішкентай кезінде неврологиялық ауру анықталған. Анасы алғашқыда 1 жыл емдеткен, кейін өзге екі қызы дүниеге келген. Ары қарай баланың денсаулығына ешкім мән бермеген. Оған отбасында әкесінің алкогольдік ішімдікке үйір болуы, ажырасып кетуі сынды бірнеше себептер қосылған. Салдарынан арада 10-12 жыл уақыт өткенде баланың дерті асқынған. Ол диагнозбен бірнеше жыл қадағалап, емделгенде жазылып та кетер еді. Ата-анасының назарынан тыс қалған соң бала ызақор болып, бауырларына күш қолдануды әдетке айналдырған.
Екінші жағдайда, қыз бала қолын тіліп, өміріне қауіп төндірген.
Екі жағдайда да отбасындағы тәрбие, ата-ананың балаға мейірімін бере алмауы, жасөспірімдерді осындай күйге жеткізіп отыр. Бала алғашқы көмекті ата-анадан сұраған, эмоциясымен көрсеткен. Ата-ана балаға назар аудармай қойған соң, бала көмекті басқа ортадан іздеуге көшкен.
Біз жүргізген сауалнамада балалар «түйткілді мәселені шешу» дегенді өте көп жазған. Яғни, бұл балалардың отбасында тұрмыстық кикілжің, ұрыс-керіс өте көп болуы мүмкін. Сондықтан олар бірінші осы мәселені шешкісі келеді. Қазір отбасы институтын нығайту керек десек, бұрын ондайсыз-ақ келеңсіздіктер болмаған ғой деген де пікір айтылады. Мәселен, біздің буын ата-анамызға қарап бой түзедік. Еркелетіп те, есеп алып та үлгеретін. Киноға бару үшін кемі 3-4 күн үйді тазалап, кірді жуып, тірлікті тындырып болған соң ғана сұранушы едік. Онда да жіберуі екіталай. Ағаларымыздың қадағалауы ол бөлек тақырып болатын. Иә, екі дәуірдің ұрпағын салыстыруға келмес. Бірақ, ата-аналарымыз балаға талап қоя білді. Отбасы құндылықтары қатаң сақталды. Ата-анамыз баланың алдында екеуара мәселені талқылап, ұрыспайтын. Дастархан басында жол көрсетіп, жөн сілтейтін. Ал, қазіргі балаларға ондай талап қоя алмайсыз. Дегенмен, балаға назар аударып, табиғатына қарай әрекет жасап, байланыс орнату өте маңызды. Себебі, баланы материалдық тұрғыдан толық қамтамасыз еттім, міндетім сол десеңіз, қателесесіз. Ол бала рухани тығырыққа тірелуі мүмкін.
Ал, арнайы орталықта тәрбиеленген баланың өз қатарына қосылуына келсек, 100 пайыз өзгереді деп айта алмаймын. Орталық тәртібін, білімін, емін тиісті бір шеңберде қадағалайды. Бірақ, отбасы тарапынан да балаға деген жылулық, мейірім және ата-ананың ықпалы болуы тиіс. «Тәрбие басы — тал бесік» деген сөздің төркіні де бала тәрбиесінің бастауы отбасы екенін көрсетеді емес пе?! Ал, үйінде анасы билеп-төстеп отырған бала ешқашан әкесін мойындамайды. Айналып келіп, тағы да отбасы институтын нығайту мәселесіне тірелдік.

«Проблеманы ашық жеткізсек»

— «ҚР Әйелдер күші Альянсы» қауымдастығында да белсендісіз. Әйелдердің қоғамдағы белсенділігі жайлы баяндап берсеңіз. Қауымдастық қоғамға қандай өзгеріс әкеліп отыр?

— Бұл ұйым 1995 жылы «Іскер әйелдер қауымдастығы» болып құрылған. Алайда, қауымдастықтың құрамына бизнес, ҮЕҰ, қоғам белсенділері және басқа да түрлі саладағы әйелдер кірді. 2019 жылы «Іскер әйелдер қауымдастығы» кәсіпкерлік бағытын қолға алып, оның тармағы ретінде қоғамдағы әлеуметтік проблемаларды шешу үшін «Әйелдер күші Альянсын» құру қажеттілігі туындады. Бүгінде Альянсқа еліміздің барлық өңірінен 150-ден астам ҮЕҰ мүше. Бұл құрылым әйелдермен балалардың құқығын сақтау, саясаттағы, экономикадағы және қоғамдағы әйелдердің белсенділігін арттыру мәселелерін қолға алды.
Ал, Оңтүстік өңірінде Әділет департаментіне тіркелген 500-ден астам ҮЕҰ бар. Соның 50-ге жуығы ғана белсенді. Оның басым бөлігі осал топтармен жұмыс істейтін, әйелдердің құқығын қорғау мәселесіне қатысты, ардагерлер ұйымдары, яғни бір мақсатпен құрылған ұйымдар. Ал, өзгелерінің саны ғана бар. Бұл да жұмыс сапасына әсер етіп отыр.
Бүгінде елімізде енді-енді әйелдердің шешім қабылдау орындарына тарту, яғни, депутат, мемлекеттік қызметтерде шамамен 30 пайыздай қамту қолға алынып жатыр. Себебі, қазір қоғамдағы әлеуметтік мәселелердің басым көпшілігі әйелдердің араласуын қажет етіп тұр. Сондықтан «Әйелдер күші Альянсы» атқарылуы керек жұмыстардың жол картасын түзді. Біз осы бағдарламаға сәйкес әрекет етеміз. Жол картасы әйелдер құқығының сақталуын қамтамасыз ету, олардың экономикалық мүмкіндіктерін арттыру, әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың кез-келген түріне қарсы күрес ұйымдастыру, осал топтағы әйелдердің әлеуметтік мәселелерін шешу, әйелдер мен балалардың денсаулығын сақтау және нығайту, әйелдердің шешім қабылдау деңгейін көтеру, оларды жаңа технологияны меңгеруге баулу, еліміздегі отбасы мәртебесін арттыру сынды ауқымды бағыттарды қамтып отыр.
Бүгін елемей, көз жұмып отырған кішкене проблемалар ертең бармағымызды тістеп отыратын жағдайға жеткізуі мүмкін. Жуырда өткен сайлауда Шымкент қалалық мәслихатына кандидат ретінде бағымды сынап көрдім. Сайлауалды бағдарламамда бүгінгі қоғамдағы өзекті мәселелердің шешу жолын ұсындым. Біріншіден, «Отан – отбасынан басталады» қағидасын ұстана отырып, салауатты отбасын құруды жоспарлау бағдарламасын жүзеге асыруда нақты жұмыстар істеуге дайынмын. Екіншіден, әлеуметтік жағдайы төмен отбасындағы ерлі-зайыптылар жиі психологиялық күйзеліске ұшырауда. Осы ретте олардың қаржылық сауаттылығын арттырудың жолдарын қарастырып, үйретуді қолға алсақ. Үшіншіден, ерекше балалардың саны жылдан-жылға артып отыр. Оларды қоғамға бейімдеу, сауықтыру үшін әлемдік тәжірибенің озық тұстарын енгізу мақсатында инклюзия саласын дамытып, тиімді және қысқа мерзімде нәтижеге жету үшін жүйелі жұмыстарды қолға алсақ деймін. Төртіншіден, жастар мен әйелдерді тұрақты жұмыспен қамтудың нақты жолдарын ұсынамын. Елімізде толық емес отбасы көп. Сондай-ақ, баланы жалғыз тәрбиелеп отырған аналарға жұмыспен қамтудың икемді түрлерін ұсынып, үйде жұмыс істеу үшін жағдай жасауды қарастырар едім. Бесіншіден, әйелдер мен балаларға қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесіне тоқталғым келеді. Соңғы екі жылда Мемлекет кепілдік беретін заң көмегін алған халық үлесі екі есеге артқан, оның ішінде кәмелетке толмағандар саны 2018 жылы небәрі 55 болса, 2022 жылы заңгерлік көмекке жүгінген балалар 9 мыңға жуықтаған. Заң көмегі әйелдерге, балаларға қатысты зорлық-зомбылық фактілерінің азаюына себепші болды. Мысалы, Шымкентте 2018 жылы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 30 мыңнан астам жағдай тіркелген. Ал, 2022 жылы – 4881 факт қарастырылған. Десек те, әлі де тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайы түбегейлі жойылған жоқ. Өткен жылы жапа шеккендердің 171-і – жетім балалар. Сотталған әйелдер саны да азаймай отыр.
Әрине, депутат ретінде сайланбасам да, елімнің жанашыр азаматы ретінде сайлауалды бағдарламамда көтерілген мәселелердің жүзеге асып, түйткілдің шешілуіне бар күш-жігерімді арнаймын. Ал, депутат болған ханымдар осы әлеуметтік мәселелер бойынша депутаттық сауал жолдап, мемлекеттік қызметтегі қыз-келіншектер оның жүзеге асырылуына өз үлестерін қосса, қоғамға проблеманы ашық жеткізсе деген тілегім бар.

— Сұхбатыңызға рақмет.