Шымкент – таланттарды танытатын орда Избранное

Среда, 15 Февраль 2017 05:27 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 3929 раз

Оңтүстіктегі «Арай» байқауы жылдан жылға тамырын тереңге жайып келеді. Бұл – жас әншінің өнерге қадам басуына үлкен мүмкіндік, болашақ жұлдыздардың бағын ашатын айтулы алаң.

FB IMG 1486824751844

Өнер бәйгесі бүгінге дейін А. Жорабаева, Б. Исаев, В. Ступин, М. Сәдуақасова, Т. Серіков, А. Жүнісбеков сынды талай талантты танытты. Биылғы облыстық опера және балет театрында өткен байқауға 36 үміткер қатысты. 

2017 жыл «Арайдың» нағыз кемелденген кезеңіндей. Өнер бәйгесі таланттардың жарқырай көруінуіне өлшеусіз үлес қосып келеді. Жыл сайын ән додасына осы толқынға бой түзегісі келетін жас әншілер қатысады. 2016 жылы байқауға 293 үміткер қатысуға ниет білдірсе, биыл олардың қатары 500-ден асты. Биылғы байқаудың ерекшелігі де бар. Өнер бәйгесіне үміткерлер тәлімгерлердің қатысуымен іріктеліп алынды. Сөйтіп шешуші сында 24 әнші, 12 іс-жүргізішісі бақ сынады. 

FB IMG 1486825740266

21-ші рет шымылдығын түрген ән додасына нағыз жүйріктерді анықтау қазылар алқасының мүшелеріне оңайға соқпады. 

– Жастармен бірге қобалжыдық. Нағыз талантты табу қиын болды. Үміткерлердің ешқайсысы да осал емес. Бірінен бірі өтеді. Өзіндік үні, әдемі дауысы бар. Шындығында бас жүлдеге де, бірінші орынға лайықты өнерпаздар көп. Ең бастысы, байқауға қатысып, ән айтқанның бәрі бақытты, – дейді қазылар алқасының мүшесі, ҚР мәдениет қайраткері Шахизада Байбатжанова. 

FB IMG 1486825667908

Жобаның жетістігін жеңімпаздарымыз тағы да бір дәлелдеді. Бір қызығы, екі айналымда да жанды дауыста вокалдық топпен ән шырқаған Мағжан Әлтенбаевтың өнеріне көпшілік сүйсінді. Себебі, «Тенор» тобының әншісінің жетістіктері аз емес. Бұған дейін ол 2015 жылғы Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық «Менің Қазақстаным» байқауының бас жүлдесін иеленген болатын. Сондай-ақ халықаралық ән байқауларында да жеңіспен оралып жүр. Ал Бәйдібек ауданынан келген үміткер Асан Садықов та болашағынан үміт күттіретін жас әнші. Ол кәсіби әншілер орындайтын «Мой город» әнін кең диапазонды дауысымен шырқап, көпшілікті тәнті етті. 

– Өнерпаздардан кенде емеспіз. «Арай» байқауының форматы бөлек, деңгейі жоғары. Біздің конкурсқа халықаралық фестиваль, бәйгелердің жеңімпаздары қатысып келеді. Бұл елдің назарын өзіне аударып, іле-шала із-түссіз жоғалатын шара емес. Ән додасында бақ сынаған жастардың болашағы бар деп ойлаймын, – деді облыстық мәдениет басқармасының басшысы Нұрболат Ахметжанов. 

FB IMG 1486825618662

Өңіріміздің аудан-қалаларынан үкілі үмітпен келген қатысушылардың арасында мақтаралдық Балжан Тағантұрдының бағы жанды. Жас әншінің шырқаған әні қазылар алқасынан өз бағасын алды. Сондай-ақ әншілер арасында шымкенттік Арай Серікханның (1 орын), Мағжан Әлтенбаевтың (2 орын), Бәйдібек ауданының үміткері – Асан Садықовтың (3 орын) орындаушылық шеберлігі жоғары бағаланды. Ал іс-шара жүргізушілері бойынша бас жүлде Берік 

Сабырға берілді. Бірінші орынды Шымкент қаласының қатысушысы Нұрсұлтан Дәуренбеков иеленсе, екінші орын белесінен Шымқаланың аруы Таңшолпан Имантаева көрінді. Ал, үшінші орын Сайрам ауданының үміткері Нұрлан Қылышбековке бұйырды. Өзге де қатысушылар арнайы жүлде және номинацияларға ие болды. Байқаудың соңы гала-концертке ұласты. Онда Шахизадамен қатар, Айжан Тәженова, Бейбарыс Серікбаев, Әлден Жақсыбеков сынды әншілер өнер көрсетті.

Последнее изменение Среда, 15 Февраль 2017 08:47
Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.  

Другие материалы в этой категории: « Елі ардақтаған ақын «Бір түп алма ағашы» »