Жеңгелері мен еркелері бақсынады

Пятница, 07 Июнь 2024 08:03 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 1090 раз

zhengeler

Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасының 10 жылдығына орай Шымкенттегі барлық кітапханалардың қызметкерлері арасында «Жеңгесі мен еркесі» атты байқау өтті.

Байқауға зиялы қауым өкілдері мен оқырмандар, Қазақстан журналистер Одағының мүшесі, ақын Лаура Тастанбек қатысты. Көрермендер қатарында отбасымен бірге тамашалауға, қолдау білдіруге келгендер де болды.

Жиында сөз бастаған Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасының басшысы Анар Жаппарқұлова мемлекеттің берік іргесі отбасы екенін айтып, оны сақтау, дамыту адамзаттың болашағына төнетін қауіптің алдын алу екенін жеткізді.

– Елімізде ең өзекті мәселелердің бірі – отбасы құндылықтары. Мемлекеттік деңгейдегі алқалы жиындарда да дәл осы тақырып назардан түскен емес. Сондықтан отбасыдағы татулықты дәріптей отырып, ұлттық құндылықтарды ұмыт қалдырмауды мақсат етудеміз. Жалпы, жеңге мен қайынсіңлі арасында сыйластық болса, жанұядан жылу кетпейді. Ал соңғы уақытта дәл осы нәзік байланыс суып бара жатқан сияқты. Біздің мақсат – қоғамға ой салу. Сондай ақ, қалалық кітапханаларда қызмет ететін мамандар арасындағы шығармашылық байланысты нығайту, – дейді Анар Жаппарқұлова.

Кітапхана қызметкерлері арасында алғаш рет ұйымдастырылған байқау 4 кезең бойынша өтті. Қатысушылар өздерін жеңге мен қайынсіңлі ретінде таныстырғаннан кейін, өз өнерлерін көрсетті. Оқырмандар тарапынан «Қандай кітап оқуды ұсынасыз?» деген сұраққа жауап та айтылды. Әрбір қатысушы өзара әңгіме ретінде, қазақ оқуы тиіс кітаптарды тізбектеп, мағынасына тоқталды. Соңғы төртінші кезеңде қазылар алқасы дайындаған сұрақтарға жауап беру тапсырылды. Ұмыт болып бара жатқан дәстүрлердің мән-мағынасы, қолданыстан шыққан тұрмыстық заттардың тарихы жөнінде сұрақтар қойылды.

Байқау қорытындысы бойынша «Өнерлі қыз» және «Өнерлі жеңге»   номинациясы Шымкент қаласының орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің қызметкерлері Нұргүл Нұрланқызы мен Мария Көшербекқызына берілді.

«Білімді қыз», «Білімді жеңге» номинациясына Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасының қызметкері Айдынай Тәліп пен Әйгерім Алдабаергенова ие болды.

Шымкент қалалық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханасының қызметкері Ләззәт Мүсілім «Өнегелі қыз», Гүлсара Каттабекова «Өнегелі жеңге» номинациясын жеңіп алды.

Шымкент қалалық жасөспірімдер кітапханасының қызметкері Райхан Аятбекқызы «Көрікті қыз», Ақайша Жұманқызы «Көрікті жеңге» номинациясына ие болды. Қатысушылар арнайы ағыс хаттармен марапатталды.

Отбасы тірегі – ана. Қай саланы алып қарасақ та, әйел адамды көреміз. Сол үшін қыздардың бойындағы асыл қасиеттерді бағалауымыз керек. Өнерге жақын, отбасының ұйытқысы, дана ана, ақылды жар, көрікті жеңге, қылықты қыз деген атқа ие болған арулар бүгінгі байқауда өздерінің жан-жақты екендерін көпке үлгі етті. Ата-бабамыз «Әйел – отбасының шырақшысы» деп бекер айтпаса керек. Өйткені, әйел түзелсе, отбасы дұрыс болады. Ал, өнегелі отбасынан құралатын қоғам да ізгілік пен мейірімділікке тұнып тұрады.

Гүлжауһар БАЖАҚАЙ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.