Шымкенттегі Ж.Тəшенов және Бекет Батыр көшелерінің қиылысында “Семей ядролық сынақ полигонының” құрбандары мен ардагерлеріне арналған ескерткіш тақтаны ашу рәсімі өтті. Жиынға ҰОС ардагерлері, әскери қызметкерлер жəне БАҚ өкілдері қатысты.
Салтанатты іс-шараның ашылуында Шымкент қаласы ішкі саясат жəне дін істері басқармасының бөлім басшысы Ерлан Керімбеков ескерткіштің мегаполис тұрғындары үшін маңызы зор екеніне тоқталды. Бұдан соң “Ядролық соғыс қаупінен Отан қорғаушы-ардагерлері” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Марат Мəмбетов жиналғандарды тарихи ескерткіштің ашылуымен құттықтап, өскелең ұрпақ үшін оның құндылығы жоғары екенін атап өтті.
Айта кетсек, биыл Семей полигонының жабылғанына 28 жыл толып отыр. 1991 жылдың тамыз айында Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Семей ядролық полигоны жабылды. Аталған полигонда 1949-1989 жылдар аралығында 456 ядролық сынақ жүргізілген болатын.
Бүгінгі таңда Шымкент қаласында Семей ядролық сынақ полигонында əскери борышын өтеген мыңнан астам ардагер тұрады.