Еліміздің бас шаһары – Нұр-Сұлтан қаласындағы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов баспасөз конференциясын өткізді. Онда шаһар басшысы қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша 11 айда атқарылған жұмыстарды баяндап, мегаполисті дамыту бағытындағы жоспарларымен бөлісті.

DSC 3349

ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУДА ӨРЛЕУ БАР

Ерлан Қуанышұлының айтуынша, 2019 жылдың 11 айында өнеркәсіп өнімі - 16,4 пайызға, ауыл шаруашылығы өнімі - 5,5 пайыз, пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі - 15,3 пайыз, бөлшек сауда көлемі - 7,1 пайызға артқан.

– Шымкент – республикалық қала статусын алған соң қаланың іскерлік белсенділігі өсіп, халықтың санымен ғана емес, экономикалық қуатымен де қарқынды дамып келеді. Қала экономикасының орнықты дамуында өнеркәсіп саласының маңызы зор. Салада биыл 26 млрд теңгеге 7 жоба жүзеге асырылып, 389 жаңа жұмыс орны ашылды. Кәсіпкерлік санмен ғана емес, жаңа технологиямен жабдықталған сапалы өніммен де толығуда. Мәселен, «Рахат Шымкент» ЖШС-і Оңтүстік Кореялық компаниясының қаржысы есебінен құны 1,8 млрд теңгеге мармелад өндіру желісін іске қосты, – деді қала басшысы.

Шымкенттің экономикасына тартылған инвестиция туралы мәлімдеген Ерлан Қуанышұлы қалада жұмыс істейтін 2 индустриялық аймақтың жері 100% игерілгенін атап өтті. Яғни, аталған аймақтарда бүгінде құны 42 млрд теңгеге 67 жоба іске қосылып, 4 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған. Нәтижесінде мемлекеттік бюджетке 16 млрд теңге көлемінде салық түскен. Сонымен қатар, қала бойынша шетелдік инвесторлардың қатысуымен 2,5 млрд АҚШ долларын құрайтын 15 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.

– Қалаға инвестиция тарту мақсатында Сингапур, Түркия, Қытай, БАӘ, Ресей, Корея және Өзбекстанның әлеуетті инвесторларымен кездесулер өткізілді. Нәтижесінде өзбек инвесторларының қатысуымен ағымдағы жылдың 5-желтоқсанында қаламызда бірнеше жылдан бері тоқтап тұрған «Альянс» ЖШС (бұрынғы «Ютекс» АҚ) жіп иіру фабрикасы іске қосылды.

Осы жылдың соңына дейін 60 тонна, ал келесі жылы 6 мың тонна мақта-талшығы өнімдерін шығаруға мүмкіндік береді. Екінші кезеңде бұрынғы «Меланж» АҚ-ы іске қосылады. Нәтижесінде жоғары сапалы тоқыма өнімдері Түркия, Қытай, Оңтүстік Корея, Италия, Ресей елдеріне экспортқа шығарылады. Бұл өз кезегінде елімізде өңделетін мақта көлемін 2 есеге арттырады, – деп атап өтті Е.Айтаханов.

ИНВЕСТОРЛАРДЫҢ ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҒЫ АРТУДА

Баспасөз мәслихатында Шымкентте келер жылы аумағы 306 гектарды құрайтын үшінші жаңа «Жұлдыз» индустриялық аймағы мен ауылшаруашылық өнімдерін терең өңдейтін аумағы 136 гектар болатын «Агроиндустриалды аймақ» құрылатыны мәлім болды.

Шымкент қаласында жаңа оқу жылынан бастап жан басына қаржыландыру жүйесі енгізілді. Бұл жаңа мектеп құрылыстарын салуға инвесторларды тартуға мүмкіндік берді. Биылдың өзінде 5 мың орындық 11 жекеменшік мектеп ашылса, бюджет есебінен, 5 700 орынға арналған 9 мектеп құрылысы жүргізіліп, 5 білім ошағы пайдалануға берілді. Нәтижесінде, үш ауысымды 4 мектептің мәселесі шешілді. Ал алдағы үш жылда жан басына қаржыландыру жүйесі арқылы 10 мектеп құрылысы жеке инвесторлармен бірлесе жүргізілмек.

Шымкентте ағымдағы жылы 14 га жерге жылыжай іске қосылған. Шаһар басшысының айтуынша, ағымдағы жылы қаладағы жылыжайлардың жалпы көлемі 183,5 га құраған. Сондай-ақ, 145 га жерге қарқынды бау егіліп, жалпы көлемі 708 га жеткен.

– Ауылшаруашылығы кәсіпкерлерін қолдау мақсатында 2,9 млрд теңгеге субсидиялар берілді. Бұл бағытта ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдейтін «Агроиндустриалды аймақ» ашу жұмыстары басталды. Аумағы 136 га құрайды. Аталған аймақта құны 109 млрд теңгені құрайтын 20 жоба жүзеге асырылып, 1 мыңнан астам тұрақты жұмыс орындарын ашу көзделіп отыр. Маусымдық кезде 3 мың жұмыс орны ашылады деп күтілуде, - деді Ерлан Айтаханов.

Қала әкімінің сөзінше, келесі жылы құны 1,5 млрд теңгені құрайтын аумағы 152 га жерге қарқынды алма бағы отырғызылады. Және құны 7 млрд теңгеге 30 га жерге өндірістік жылыжай салынады деп жоспарланып отыр.

«ҚАЙЫРЫМДЫ ҚАЛАДА» ҚАЙЫРЛЫ ІСТЕР КӨБЕЙДІ

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бастамасын іске асыру мақсатында Әл-Фараби бабамыздың «Қайырымды қала тұрғындары» атты атақты еңбегіне сүйене отырып, Шымкент шаһарына қала әкімі «Қайырымды қала» деген балама атау ұсынған болатын. Оны қала тұрғындары ерекше ықыласпен қолдады.

Шымқалада пилоттық режимде «MEYIRIM.KZ» қайырымдылық электронды порталы жұмыс істеуде. Бүгінгі таңда портал арқылы 1246 отбасыға азық-түлік, тұрмыстық қажеттілік заттарымен көмек көрсетілді. Демеушілердің есебінен жалғызбасты және көпбалалы аналарға 45 пәтер берілді. Игі іске «Сити Строй», «КазМедеоГранд», «Атамакен» корпорациясы, «А.Р.Т құрылыс», «Отау строй», «Канфар-Бюлдинг» ЖШС, «Ізгілік», «Василия», «Сайман» қорлары атсалысты.

Сонымен қатар, қалада 244 қайырымдылық іс-шара өткізіліп, 5519 жағдайы төмен отбасыларға азық-түлік, киім-кешек, гигиеналық заттар мен көмір тағы басқа да қаржылай көмектер көрсетілді. Әлеуметтік салада нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы іске асырылуда. Есепті кезеңде 35 мыңға жуық азамат (2018 ж. – 29 341) әлеуметтік қолдау шараларымен қамтылды.

БИЛІК ПЕН БҰҚАРА АРАСЫНДА ТЫҒЫЗ БАЙЛАНЫС ОРНАҒАН

Халықтың үніне құлақ асқан биліктің ұтары көп. Бұл ретте Шымкентте жергілікті билік пен қала тұрғындары арасында жүйелі байланыс бар. Мәселен, қала әкімі Ерлан Айтаханов халықпен кері байланысты күшейту үшін 32 рет жеке қабылдау өткізіп, 354 азаматтың арыз-шағымына жауап берген.

Шаһар басшысының айтуынша, жеке қабылдауда болған азаматтардың көтерген 338 мәселесіне түсіндірме берілген. Сондай-ақ, 16 шағым қанағаттандырылған.

– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының Жолдауында айтылған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру мақсатында «Ашық әкімдік» құрылды. Осы жоба аясында әрі халықпен тығыз байланыс орнату мақсатында орынбасарларым 1 мың 111 азаматты қабылдады. Сонымен қатар, қаладағы аудан әкімдері жеке қабылдауды күнделікті жүргізеді. Мәселен, 11 айда 298 рет жеке қабылдау өткізіліп, 883 азамат жеке қабылдауда болды, - деді қала әкімі.

«ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМГЕ» 100 ЖАҢА КӨЛІК БЕРІЛДІ

 DSC0745

Денсаулық сақтау саласындағы көрсеткіштерге тоқталған Шымкент қаласының әкімі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда салада оңды динамика қалыптасқанын айтып, осы салада жүзеге асырылатын жобаларымен бөлісті. Қала басшысының айтуынша, ана өлім-жітімі 63,6 пайызға, қатерлі ісіктерден 4,6 пайызға, туберкулезден – 6,6 пайызға төмендеген.

– Денсаулық сақтау нысандарын дамытудың 3 жылдық жоспары қабылданды. Осының аясында жедел жердем қызметінің сапасын жақсарту үшін тозығы жеткен автокөлік паркіне мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы 100 жаңа арнайы автокөлік берілді. Ол жерде бірыңғай «Колл-центр» іске қосылып, қызмет сапасы және бригаданың қысқа мерзімде жетуіне ықпал етеді, – деді Е.Айтаханов.
Сонымен қатар, мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 2 ірі жоба іске асырылды.

– Олардың бірі – «Медикер» заманауи медициналық орталығы. Бұл – қаладағы екі мемлекеттік емханалардағы жүктемені 20-30 мың адамға жеңілдетеді. Екіншісі - Қайтпас-1 шағынауданындағы 500 орындық емхана. Ол нысан келер жылдың қаңтар айында пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, жеке инвестор есебінен 1000 орындық көпсалалы аурухананың құрылысы басталады, – деді қала әкімі.

«DISNEYLAND» ҚАЙ ЖЕРДЕ САЛЫНАДЫ?

Шымкент қаласының әкімі «Disneyland» ойын-сауық бағының қай жерде салынатынын айтты.

– Диснейленд бойынша орын белгіленді. Балаларға арналған ойын-сауық бағы Бадам өзенінің жағасында салынады. Жоба құны – 20 млрд теңге. Сингапурдан келген инвесторлармен кездестік. Олар қазір істі бірлесе жүзеге асыратын инвесторларды іздестіріп жатыр. Келесі жылы мәселені толық шешеміз деген ойдамыз, - деді қала әкімі.

ЭЛЕКТР СТАНСАЛАРЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Қалаға жаңадан қосылған 41 елдімекеннің инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын дамыту мақсатында арнайы жұмыс жоспары әзірленіп, тиісті жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде 2020 жылы 8 тасымалмен су ішіп отырған 72 мың, жартылай қамтылған 9 елдімекендегі 38 мыңнан астам халық ауызсумен қамтылады.

Қала әкімінің айтуынша, 3 қосалқы стансаның және 13 елді мекенде электр желісінің құрылысын аяқтау жоспарланған. Бүгінгі таңға қала аумағындағы 35 елді мекенде электр сапасы төмен. Келесі жылы аталған жобаларды іске асыру арқылы 40 мыңға жуық қала тұрғыны сапалы электрмен қамтылады деп күтілуде.

– Газбен қамтуға келетін болсақ, қолданыстағы 2 АРГС-тің қуаттылығы жетіспейді. Қосымша 250,0 мың м3 сағатына құрайтын №3 АГРС салу қажет. Бүгінгі таңда, №3 АГРС құрылысының жұмыстары басталды. Табиғи газ қысымын көтерудің баламалы жолдары қарастырылып, келесі жылы «Сапақ Датқа» ауылынан ұзындығы 13,5 км, қуаттылығы сағатына 25,0 мың м3 құрайтын магистралды газ құбырын салу жоспарлануда. Бұл қаланың 2-3 жылдық қажеттілігін толық жабады, - деді әкім.

Ағымдағы жылы 43 көше күрделі, 39 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, 90 км топырақ жолдарға тас төселді. 2020 жылы шалғайда орналасқан 40 елдімекеннің 80 негізгі көшелерін асфальттау жұмыстарын жүргізіп, қоғамдық көлік жүргізу мәселесі қаралады. Елді мекендердегі 48 көше күрделі, 73 көше орташа жөндеуден өтеді және топырақ жолдарға толығымен тас төселетін болады. Қаланың 7 магистралды көшелерін орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

590 ЖАҢА АВТОБУС САТЫП АЛЫНАДЫ

Брифингте шаһар басшысы мегаполистегі қоғамдық көлік мәселесі қалай шешіліп жатқаны туралы айтты.

– Біздің қалада қоғамдық көлікті күніне 650 мыңға жуық адам пайдаланады. 25 тасымалдаушы мекемеде 1 621 автобус бар. Олардың 60 пайызы ескірген. Жолаушыларға қызмет көрсету сапасын жақсарту үшін биыл 300 жаңа автобус алынды, - деді қала әкімі.

Шаһар басшысы қаланың қоғамдық көлік мәселесін шешу үшін Нұр-Сұлтан қаласының тәжірибесі қолданылатынын, арнайы мамандармен бірлесе жұмыс тобы құрылып, жол картасы бекітілгенін айтып өтті.

– Жоспарға сәйкес, қаланың көлік саласын дамыту схемасы әзірленеді. 2020 жылы 590 жаңа автобус алынады. Одан бөлек, келесі жылы қоғамдық көлік бағыттарын жаңа форматқа көшіру, заманауи диспетчерлік орталық құру, электрондық билеттендіруді енгізу жұмыстары жүргізіледі, - деді қала әкімі.

ЖАСТАРҒА – ЖАҢА БАСПАНА

DSC 3683

Сондай-ақ 2019 жылы қалада 2 847 пәтерлі 53 тұрғын үй пайдалануға берілді. Оның ішінде жұмысшы жастарға - 904, көпбалалары отбасыларға - 450, халықтың әлсіз топтарына - 252 пәтер. Келесі жылы «Тұран» шағынауданында 4 496 пәтерлі 68 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы басталады. Сондай-ақ, «Шымкент» ӘКК арқылы 5 493 пәтерлі 75 тұрғын үй салынады. Оның ішінде 2020 жылы 1 016 пәтерлі 24 тұрғын үй пайдалануға берілмек.

Елбасының 5 әлеуметтік бастамасы аясында осы жылы 350 және 200 орындық екі студенттер жатақханасының құрылысы аяқталып, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетіне пайдалануға берілді. Келесі жылы «Шымкент» ӘКК арқылы 2 500 орындық жатақхана салу жоспарлануда.

Елбасының тапсырмасымен жеке инвесторлардың есебінен Шымкентте жаңа әуежай терминалының құрылысы басталды, 2020 жылы аяқталады. Сонымен қатар, келесі жылы Темір жол вокзалының ғимараты қайта құрудан өтетін болады.

P.S.

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясында қала әкімі Ерлан Айтаханов Шымкенттің бүгіні мен келешегі жөніндегі қадау-қадау мәселелерді осылай жіліктеп берді. Қазақстандағы қуатты қалалардың біріне айналған Шымкенттің экономикалық және әлеуметтік қарқыны мықты. Баспасөз конференциясында журналистер өздерін қызықтырған сауалдар бойынша толыққанды жауап алды.

Жыр алыбының есімімен аталатын Жамбыл облысының тұрғындары өңірдің 80 жылдық мерейтойын атап өтті. Мерейтойға еліміздің үшінші мегаполисінен де арнайы делегация құттықтап барды. Шымкенттік делегация құрамында мәслихат депутаттары, зиялы қауым, еңбек ардагерлері және БАҚ өкілдері болды.

DSC 6142

Айтулы датаны жамбылдықтар жаңа форматта өткізуді жөн көріпті. Аста-төк той-думанмен емес, өңірдің 80 жылдығына орай 80-нен астам нысанның ел игілігіне берілуі соның көрінісі. Атап айтқанда, Тараз қаласынан қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері А.Тоқпанов пен танымал ақын К. Әзірбаевтың ескерткіші, сондай-ақ «Әуендер әлемі» мен «Даңқты спортшылар» алаңдары, жаңа Арбат ашылды. Шығыс стилінде салынған Арбат алаңында елімізде алғаш рет алып «Сағат» стеласы бой көтерген. Стеланың биіктігі – 40 метр. Ол шаһардың кез келген бөлігінен көзге шалынады.

Ел игілігіне берілген жаңа нысандардың ішінде шоқтығы биігі, тағлымы бөлек «Тектұрмас» этно-тарихи кешені. Талас өзенінің жағалауында орын тепкен кешенде Қарахан мемлекетін 40 жылдай билеген, Тараз өңірінің өркендеуіне үлес қосқан абыз тұлға Әулиеатаның еңселі ескерткіші алыстан менмұндалайды.

Тұғыртастың биіктігі - 8, ескерткіштің биіктігі - 13 метр. Ол Тараз өңіріндегі ортағасырлық түркі елдерінің тарихынан сыр шертеді. Бұл кешеннің ашылуына 800-ге жуық адам қатысты. Облыс жұртшылығы атынан аймақ басшысы Асқар Мырзахметов, ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Қазақстанның Еңбек ері Асанәлі Әшімов, тарихшы Мәмбет Қойгелдиев гүл шоқтарын қойды. Бұдан соң бабалар рухына құран бағышталып, тағзым етілді.

Түстен кейін Жамбыл облысының 80 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті. Онда Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Ербол Садыр жəне белгілі қаламгер, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Мархабат Байғұт сөз алып, облыстың мерейтойымен барша жамбылдықтарды құттықтады. Е. Садыр Жамбыл жұртшылығына Шымкент қаласының әкімі Eрлан Айтахановтың жүрекжарды лебізін жеткізіп, құттықтау хатын оқып берді.

Мерекелік шара соңында аймақ басшысы А. Мырзахметов қонақтарға алғысын білдірді, бірқатар азаматтарға «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін тапсырып, марапаттады. Олардың қатарында жас ұрпақты тәрбиелеу ісінде үздік жетістіктерге жеткен Шымкенттегі М.Әуезов атындағы ОҚМУ ректоры, академик Дария Қожамжарова да бар.

Шымкентте Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары жаңа жыл мерекесінан бастап 5 қаңтарға дейін күшейтілген режимде жұмыс істейді. Ондағы мақсат – жаңа жылды тойлау кезінде пиротехникалық заттарды қолдану барысында орын алатын жазатайым оқиғалардың алдын алу. Бұл туралы Ақпараттық коммуникациялық орталығында Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Мадияр Жақсыбаев мәлім етті.

брифинг фото

«Отшашудың салдарынан дене жарақатын алған», «Петарда атамын деп қолын күйдірген». Осындай себептермен жаңа жыл қарсаңында ауруханаға түсетіндер қатары көбейеді. Жарылғыш заттардан жапа шегетіндердің басым көпшілігі балалар болатындықтан төтенше жағдайлар департамент мамандары ата-аналардың балаларға отшашудың қаншалықты қауіпті екенін түсіндіріп, тыйым салу қажеттігін ескертеді.

– Жаңа жыл да таяп қалды. Қала аумағында осы мерекені өткізетін 567 орын және Президент шыршасына арналған 1 алаң белгіленген. Оның қатарында ең көбі білім беру нысандары – 504, сондай-ақ 27 денсаулық сақтау мекемесі, 10 мәдени мекемесі бар. Аталған іс-шаралар өтетін орындардың өрт қауіпсіздігін қадағалау жұмыстарын жүргізіп, кезекшіліктер ұйымдастырылуда. Біздің мамандар 5 қаңтарға дейін қалада күшейтілген режимде жұмыс істейді. Жаңа жыл мерекесін қауіпсіз қарсы алайық! - деді М. Жақсыбаев.

10 желтоқсаннан бастап Шымкент қаласының Полиция департаменті мен Төтенше жағдайлар департаменті бірлесіп қала аумағында болуы мүмкін төтенше жағдайлардың алдын алуға бойынша бірлесіп әрекет етуде. Мереке күндері қауіпсіздікті сақтау бойынша 2 кезеңнен тұратын іс-шаралар атқарылмақ. Бірінші кезеңде ірі сауда орталықтарында, базарларда қала тұрғындары арасында үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп, БАҚ-да хабарландыру жасалмақ.

Екінші кезең бойынша кәсіпкерлермен пиротехникалық заттарды сату және сақтау тәртібіне бақылау жүргізіледі. Сатуға лицензиясы жоқ немесе сақтау тәртібінде заң бұзушылықтары орын алған жағдайда полиция қызметкерлері тарапынан кәсіпкерге айыппұл салуға әкімшілік іс қозғалып, пиротехникалық заттарды тәркілеуге алады.

– Қала тұрғындарына айтарымыз, сақтық шараларына көбірек назар аударыңыздар. Қыс мезгілінде міндетті түрде дауылды ескертулерге көңіл бөлу қажет. Ұзақ жол сапарға шықпас бұрын облыстық және республикалық маңызы бар жолдардың жай-күйі туралы «112» немесе 33-74-84 телефондары арқылы білсеңіздер болады.

Осы орайда сіздерге «Дәрмен» тегін қосымшасын жүктеп алып, пайдалануды ұсынамыз. Себебі бұл қосымшада жолдардың жабылуы мен ашылуы туралы, басқа да төтенше жағдайлар туралы хабарламалар жедел түрде жеткізіледі. Сонымен қатар түрлі төтенше жағдайлар кезінде жасайтын іс-қимылдар туралы пайдалы ақпаратты ала аласыздар, - деді департамент басшысының орынбасары.

1000 дана Құран кітабын сыйға тартты

Пятница, 20 Декабрь 2019 04:04

Шымкент қаласындағы Аqmeshit орталық мешітінің бастамасымен «Оқы! Жаратушы Раббыңның атымен» атты қайырымдылық шарасы өтті.

кітап сыйлык

Шара аясында бас имам орынбасары Ахметжан қажы Керімбек, Кувейт мемлекеті «Дүниежүзілік қайырымдылық» қорының Қазақстандағы өкілдігінің басшысы, доктор Ясир Мухаммад Али мырза сөз сөйлеп, ықылас пейілін білдірді.

Қайырымдылық шарасы аясында қала мешіттері мен медреселерге 1000 дана қасиетті Құран Кәрім тегін үлестірілді.

Аталған шараға қаржылай қолдау білдірген Кувейт мемлекеті «Дүниежүзілік қайырымдылық» қорының Қазақстандағы өкілдігіне мешіт қызметкерлері алғыс айтты.

Шымкент қаласында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне тіркелмеген, статусы анықталмаған әлі де 15 мың адам бар.

Ал, бұл жаңашылдықтың тиімділігін түсінгендер саны 97,4 пайызды құрап отыр, яғни МӘМС бойынша 667 688 азамат қамтылған. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Камалжан Надыровтың қатысуымен өткен баспасөз брифингінде айтылды.

Баспасөз жиынына вице-министрмен қатар Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиев, медицина ғылымының докторы, профессор Құралбай Құрақбаев қатысты.
Вице-министр өз сөзінде ел тұрғындарының денсаулығын жақсарту, яғни міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жайы басты назарда екенін тілге тиек етіп, салаға бөлініп жатқан қаражат 42 млрд-тан 60 млрд теңгеге дейін өскенін атап өтті.

Брифингте белгілі болғандай, қала аумағында орналасқан 18 ірі кәсіпорын базасында емханада бекітілген кестеге сәйкес МӘМС ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Осы орайда жыл басынан бері тіркеуде тұрған, бірақ статусы жоқ 28 мың адам нақтыланып, оның ішінде 13 мың адамның дәрежесі анықталды. Қазір қалған 15 мың азаматты статусына сай қайта тіркеуге алу жұмыстары жалғасуда.

– Алдымызда тұрған басты мақсат – азаматтарға сапалы қызмет көрсету. Дамыған елдердің озық тәжірибесіне сүйеніп жасалған жаңа жүйенің қос тарапқа да тиімді болары сөзсіз. Тұрғындар өзіне ыңғайлы жердегі емханаға тіркеліп, өзі қалаған дәрігердің қабылдауына жазыла алады. Медициналық сақтандыру қоры да кепілдендірілген көмек түрлерін көрсетуге қолайлы жағдай жасаудың жаңа мүмкіндіктерін қарастыруда. Қаламыздың ауруханаларына қосымша жаңа 3-4 компьютерлік томография аппаратын алғалы отырмыз, - деді басқарма басшысы А.Байдувалиев.

Сонымен қатар, Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының мәліметіне сай бекітілген жоспар бойынша қалада 375 кәсіпорын мен 35 базарда және 10 сауда орталығында түсіндірме жұмыстары жүргізілген.

Бар бақытымыздың бастауы, тыныш ұйқы мен уайымсыз күлкі тәуелсіздікпен байланысты екені даусыз. «Мың өліп, мың тірілген» халқымыз осы тәуелсіздік жолында талай қырғынды басынан кешірді, арғы бабамыз Күлтегін жырлағандай, жұртымыз азаттық үшін қаншама рет «қара терін төгіп, қызыл қанын ағызды». Алайда ұлттың асқақ рухын жоғалтып, жойып жіберу мүмкін емес. Оған бір дәлел – 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы. Бүгінде Желтоқсан оқиғасына – 33 жыл, тәуелсіздігімізге – 28 жыл толып отыр. Егемен ел болып, еңсемізді биік ұстап жүруімізге мүмкіндік жасаған Желтоқсан құрбандары мәңгілік жадымызда.

78753440 2287325428040218 3959384291229564928 n

Ресми деректер бойынша Желтоқсан көтерілісіне 30 мыңнан аса қазақ жастары қатысқан. Құқық қорғау органдары барлығы 8515 адамды ұстаған. Алматының түрме мен абақтыларында орын қалмаған соң, 5 мыңнан астам жасты қала сыртына апарып тастаған. 2400 адам қамауға алынып, 1722 адам әр түрлі дене жарақаттарын алды. 99 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Олардың ішінде өр намысты азаматтардың бірі шымкенттік Сәбит Исабеков те бар еді.

...Ол 1986 жылы желтоқсанның ызғарлы күндерінде алаңға шығып, солдаттар ұрып-соққан қазақ қызына араша түсті. Өзі де ауыр соққы алып, ауруханаға жеткізілді. Артынша сот үкімімен 4 жылға сотталып кете барды.

– Желтоқсан оқиғасы қазақтың қай қоғамында да өшпес орын алады деп ойлаймын, – дейді С. Исабеков. – Бұл – ұлттық мүдде арқалаған жастардың еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін көрсетіп, елі үшін жандарын қиюдан да тайынбаған жанкештілігінің айғағы. Әскери борышымды өтеп келгеннен кейін мен оқуға түсу үшін Алматыға барғанмын. Алайда кешігіп қалғандықтан бұл арманым орындалмай, құрылыс саласында еңбек еттім.

Сол кездегі көптеген қазақтың қыз-жігіттері сияқты жатақханада тұрдым. Орыс мектебін бітіріп, ресми тілде жақсы сөйлей алатыным үшін мені жатақханада коменданттың көмекшісі әрі комсомол ұйымының хатшысы етіп сайлаған. 16 желтоқсан күні құрылыста жүргенімізде жұмысшылар арасында «Қонаевты қызметінен босатып, орнына Колбин деген орысты әкеліпті» деген әңгіме тарады. Жатақханаға келгенімде бұл жаңалық жастар арасында қызу талқыланып жатыр екен.

17 желтоқсан күні кешкісін «Орталық комитеттің шешіміне қазақ жастары наразылық білдіріп, алаңға шығыпты, солдаттар қыздарды шашынан сүйрепті, жігіттерді соққыға жығыпты» деген хабар келді. Осыдан кейін жігіттер өзара ақылдаса келе «қол қусырып отыра беруге болмайды. Алаңға біз де барайық, солдаттардың соққысын жеген қыз-жігіттер өзіміздің қарындастарымыз, бауырларымыз емес пе?» деп шештік. Ертеңіне таңертеңгі сағат алтыда бәріміз алаңға қарай бет алдық.

Желтоқсаншы С. Исабековтың айтуынша, алаңға шыққан жастарға еш аяушылық болмаған. Сол алаңға тек ер жігіттер ғана емес, қайсар мінезді, батыл нәзікжандылар да бар еді. Олар қиын кезде бұлыңғыр саясаттың соңында кетпеді, елі, жері үшін соңына дейін күресті дейді ол.

– Тергеу абақтысында жатқан кезде біз «ешкімді ұрғанымыз жоқ, қылмыс істегеніміз жоқ, сондықтан ақталып шығамыз» деген сенімде жүргенбіз. Бірақ ол ақталмады. Соттың маған төрт жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған кезде, аң-таң болдым да қалдым. Сондағы таққан кінәлары Бейбітшілік көшесімен алаңға келе жатып, таяқ жеген қазақ қызына ара түскенім екен. Жендеттен қорғану үшін қолыма таяқ алып, оны ары-бері сілтегенім екен. Бар дәлел - сол бір сәттен түсіріліп алынған сурет.

2336

Осылайша сотталып кете бардық. Алдымен Маңғыстаудағы түрмеде отырдым. Сол жерде жиырма шақты желтоқсаншы болды. Анда-санда бас қосып, өзара әңгіме жасап тұратынбыз. Түрме басшылары «мыналар тағы да бірдеңені ұйымдастырып жүрер» деп қауіптенсе керек, ұзамай әрқайсымызды әр тарапқа бөліп жіберді. Мен Ақтөбе түрмесіне түстім. Сол темір тордың арғы жағында жүріп тапқан ауруларымның зардабынан кейіннен бір бүйрегімді, өкпемнің жартысын алдырдым.

Қапастағы үшінші жылы мерзімім бітпей жатып табан астында бостандыққа шығарылдым. Ештеңе түсіндірген жоқ, не қолыма құжат берген жоқ. «Желтоқсан оқиғасына қатысқандарды түмеден шығару туралы жоғарыдан нұсқау келді» дегеннен басқа ештеме айтпады. Ақтау туралы қаулыны 1991 жылы соттан барып алдым.

Кейіпкеріміз сұхбат барысында Желтоқсан көтерілісінің Тәуелсіздігімізге жол бастаған айтулы күн екенін әрі бұл тарих тасасында қалып қоймауы үшін, әр қазақтың жүрегіне тоқылса, сонда ол лайықты бағасын алатынын айтады.

– Желтоқсан қазақ ұлттығының, патриоттығының өлшеусіз бір көрінісі болып мәңгілікке қала береді. Дегенмен, қазір арада 30 жыл өткеннен кейін де «мен - желтоқсаншымын» деп шығып жүргендер бар. Тіпті алаңда сол кезде қазақ жастарын сабағандар қазір желтоқсаншы болып жатыр.

Желтоқсан ақиқатын жүйелі түрде айту керек секілді. Бұғып үндемей қалу тарихқа қиянат жасаумен тең. Әрине, қатты айтам деп асырып, ұлттық намысты орынсыз қайрау да қажет емес. Күнделікті күйбең тірлікті баяндаудан аспайтын арзанқол киноларды көбейткенше, тікелей Желтоқсан ерлігі мен қасіретін боямасыз бейнелейтін кинотуындылар болуы керек, – дейді желтоқсаншы.

Бізбен әңгімесінде Сәбит Исабеков Шымкентте желтоқсаншылар жиі бас қосып тұратынын айтады. Ауылда өзінің кішігірім шаруашылығы бар екенін, соған бас-көз болатынын да жеткізді.

– Қазір Шымкентте 10-ға жуық желтоқсаншы бар. Олардың арасында Мұратбек Шекербеков, сондай-ақ Ғалимат Шомаева, Зейдеш Жадыраева сынды қыздарымыз бар. Бертінде Желтоқсан көтерілісіне қатысты бірнеше қоғамдық ұйым құрғанын естіп жүрміз. Дегенмен, «Желтоқсан» қоғамдық бірлестігі 1990 жылы әлі Кеңес одағы тарамаған кезде құрылған. Осы ұйым көп шаруаларды тындырды. Аштық жариялап жүріп, сотталған жігіттерді ақтатып, түрмеден шығарып алуға қол жеткізді.

Осы шаралардың басы-қасында Мұхтар Шахановпен бірге өзім де жүрдім. 2006 жылы «Желтоқсан» республикалық халықтық отаншылдық қозғалысы құрылған. Желтоқсан көтерілісі кезінде жазықсыз сотталған қыз-жігіттердің барлығы дерлік осы екі ұйымға мүшеміз. Қалған ұйымдарды біле бермеймін, олармен байланысым жоқ. Рас, Шымкентте Желтоқсан көтерілісін дәріптейтін біраз іс-шаралар өтіп тұрады. Ескерткіш ашылды, кітаптар шығарылды. Дөңгелек үстел, кездесулер ұйымдастырылады.

Оған алғысымыз шексіз. Менің айтар ұсынысым, желтоқсаншыларға құқықтық мәртебе беріліп, әлеуметтік жеңілдіктер жасалса деймін. Бұл ұсынысымды ұлтым деген әр қазақ қолдайды деген сенімдемін, - дейді Желтоқсан оқиғасына қатысқан ардагер.

Желтоқсан оқиғасының басты жеңісі һәм жемісі – Тәуелсіздік. Сондықтан ол өз мән-маңызын жоймайды. Ал желтоқсаншылар – сол майданның маңдайы жарқыраған сарбаздары. Айтпағымыз, Желтоқсан дарытқан ірі ұлттық мінезді қазіргі жастардың бойынан көру үшін орта мектептер мен ЖОО-да патриоттық тәрбиені нақты осы тарихи оқиғамен ұштастыра берген абзал. Бұл – әр ұстаздың ұлттық борышы болуы тиіс. Сонда бүгінгі буын да зор күшке айналады, тәуелсіз Қазақ елінің көркеюіне көмектесе алады.

Шымкенттегі Ж.Тəшенов және Бекет Батыр көшелерінің қиылысында “Семей ядролық сынақ полигонының” құрбандары мен ардагерлеріне арналған ескерткіш тақтаны ашу рәсімі өтті. Жиынға ҰОС ардагерлері, әскери қызметкерлер жəне БАҚ өкілдері қатысты.

семей ардагер фото

Салтанатты іс-шараның ашылуында Шымкент қаласы ішкі саясат жəне дін істері басқармасының бөлім басшысы Ерлан Керімбеков ескерткіштің мегаполис тұрғындары үшін маңызы зор екеніне тоқталды. Бұдан соң “Ядролық соғыс қаупінен Отан қорғаушы-ардагерлері” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Марат Мəмбетов жиналғандарды тарихи ескерткіштің ашылуымен құттықтап, өскелең ұрпақ үшін оның құндылығы жоғары екенін атап өтті.

Айта кетсек, биыл Семей полигонының жабылғанына 28 жыл толып отыр. 1991 жылдың тамыз айында Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Семей ядролық полигоны жабылды. Аталған полигонда 1949-1989 жылдар аралығында 456 ядролық сынақ жүргізілген болатын.

Бүгінгі таңда Шымкент қаласында Семей ядролық сынақ полигонында əскери борышын өтеген мыңнан астам ардагер тұрады.

Эстафета Бресттен – Шымкентке

Среда, 11 Декабрь 2019 03:55

Күні кеше Беларусь Республикасының Брест қаласынан сүйінші хабар жетті. «Брест – ТМД елдерінің 2019 жылғы мəдени астанасы» іс-шарасының қорытынды жабылу салтанаты өтіп, онда Брест қаласынан 2020 жылғы ТМД-ның мәдени астанасы эстафетасы Шымкентке ресми түрде табыс етілді.

IMG-20191210-WA0003

Брест академиялық драма театрында өткен салтанатты шарада мәдени астана эстафетасын Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қайрат Нұртай және қалалық ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы Жанар Бектаева бастаған топ қабылдап алды. Осылайша еліміздің үшінші мегаполисі 2020 жылы Шымкент қаласы ТМД елдерінің мәдени астанасы болып белгіленеді.

Бүгінде жыл көлемінде атқарылатын ауқымды 15 халықаралық, республикалық дәрежедегі іс-шаралардың бағдарламасы дайындалған. Сонымен қатар, «Шымкент мәдени астана» жылы ТМД елдері мен ЮНЕСКО көлемінде аталып өтіледі.

Достық пен өзара ынтымақтастықты өрістеткен жиында ТМД Мемлекетаралық гуманитарлық ынтымақтастық қорының (МГЫҚ) отырысы өтті. Онда Брест қаласында Достастықтың мәдени астанасы ретінде атқарылған жұмыстары сараланып, оның қорытындысы талқыланды. БАҚ өкілдері үшін арнайы баспасөз жиындары ұйымдастырылып, қонақтар «Брест қорғаны» мемориалдық кешеніне барып, Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды.

Бұдан соң кешкісін Брест академиялық драма театрында «Брест – ТМД елдерінің 2019 жылғы мəдени астанасының» қорытынды жабылу салтанаты өтті. Мерекелік концертке ТМД елдерінің үздік өнерпаздары қатысты. Ал халықаралық «Достастық дебюттері» премиясының лауреаттары қонақ ретінде шақырылды. Салтанатты шара Брест қалалық атқарушы комитеті төрағасының делегаттарды арнайы қабылдауымен аяқталды.

IMG-20191210-WA0017

«Достастықтың мәдени астаналары» мемлекетаралық бағдарламасы 2012 жылы қабылданған. Бастама жыл сайын белсенді ұйымдастырылып, жалғасып келеді. Қашанда ата-бабаларымыздың асыл мұрасын насихаттап, ұлттық құндылықтарды дәріптеу ілтипатымен көш басында жүретін Шымкент бұл жолы да ерекшеленіп, үздік атанды.

Мұндай мәртебе ШымшаҺарға бекер берілген жоқ. Соңғы 3 жылдың ішінде қала аумағы 117 мың гектарға кеңейіп, жаңа аудандар қосылды. Экономикасы өсті. Сондай-ақ, миллионды қалада мәдени шараларды өткізетін жаңа нысандар бой көтерді. Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов ғұлама Әл-Фарабидің «Қайырымды қаланың тұрғындары» атты белгілі философиялық еңбегіне сүйене отырып, Шымкент қаласына «Қайырымды қала» деген балама атау ұсынғаны белгілі.

Шаһар басшысының бұл игі бастамасы өз кезегінде мәдени астананың мерейін асырып, қаламыздың жаңа келбетін айшықтауға үлкен септігін тигізетіні даусыз. Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда ТМД-ның мәдени астанасы мәртебесін 2012 жылы Астана қаласы, 2014 жылы Алматы қаласы иеленген болатын.

Осынау жылнамаға сәйкес қазір Шымшаһарда түрлі құрылыс қарқын алған. Көне қаланың қыр-сырын тереңінен танытатын Ескі қалашықтағы Цитадельде бүгінде жұмыс қызу жүргізілуде. Мұнда аспан астындағы мұражай, 500 орындық амфитеатр ашылмақ. Туристердің қызығушылығын атттыратын орындар болады деген сенім мол. Бұдан бөлек, мәдени іс-шаралар да көптеп өткізілмек. Сан ғасырлық тарихы бар Шымшаһардың мерейлі мерекесін жыл бойы жоғары деңгейде өткізуге шымкенттіктер қызу дайындық үстінде.

Қайырымды қаланың мейірімді тұрғындары 2200 жылдық тарихы бар шырайлы Шымкенттің бұл жетістігін көне қаланың жаңа шежіресіне жазылатын жағымды жаңалық деп қабылдауда. Үшінші мегаполистің беделін биіктеткен бұл мәртебелі шараны абыроймен, жауапкершілікпен атқару баршамызға сын мен үлкен міндет болғалы тұр.

Страница 1 из 22