ҚАРЖЫНЫҢ 41,5 ПАЙЫЗЫ ИГЕРІЛДІ
Басқарма басшысының айтуынша, қазіргі таңда бөлінген қаржының 41,5 пайызы (23,6 млрд теңге) игерілді. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында инженерлік-инфрақұрылым тарту бойынша 15 нысанның құрылысы жоспарланған. Тұран шағынауданында – 5, Бозарық шағынауданында – 6, әкімшілік іскерлік орталығы аумағында – 2, Жаңаталап тұрғын алабында – 2 жоба жыл соңына дейін пайдалануға тапсырылады. Қазіргі таңда жеке инвесторлардың жобаларына мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуде.
Сонмыен қатар, шаһарда білім нысандары да көптеп салынуда. Жоспарға сәйкес, биыл 8 мектеп, 1 колледж, 1 оқушылар сарайы және 1 балалар шығармашылық орталығының құрылысы жүргізіледі. Басқарма басшысы жыл соңына дейін 5 мектеп, 1 колледж және 1 балалар шығармашылық орталығы пайдалануға берілетінін мәлімдеді.
Әлеуметтік бағыттар бойынша биыл 13 нысанның (4 спорт, 3 мәдениет, 2 саябақ, 2 өрт сөндіру нысаны, 1 биотермиялық шұңқырдың және 1 денсаулық сақтау нысаны) құрылысы жүргізіледі. Жыл соңына дейін 1 саябақ, 2 спорт, 1 өрт сөндіру нысаны және 1 биотермиялық шұңқырдың құрылысын аяқтау жоспарда.
САПА – БАСТЫ НАЗАРДА
Құрылыс нысандарында сапаға қаншалықты мән беріледі? Бұл – бүгінде өзекті мәселенің бірі. Құрылыстың сапасына қатысты тұрғындардан шағымдар көптеп айтылады. Ал қазіргі уақытта құрылыс компанияларына қойылар талап күшейген. Әбілсейіт Байсейітұлы құрылысты сапалы орындау, мамандардың біліктілігін арттыруда тиісті жұмыстар қолға алынғанын айтады.
Нарықтық экономикада құрылысқа тікелей қатысатын жауапты мекемелер бар. Құрылысқа қатысушы мердігер мекеме, тікелей сапаны бақылайтын, ЖСҚ-ға сәйкестігін қарайтын техникалық қадағалау мекемесі және авторлық қадағалаушылардың мамандары білім-біліктіліктерін үнемі жетілдіріп отыруы тиіс. Бұл – уақыт талабы. Қалалық құрылыс басқармасы жұмыс тапсырушы ретінде құрылыстың жүргізілуін ұйымдастырады.
– Егер жауапты мердігер мекеме жүргізген құрылыстың сапасына қатысты сындар, шағымдар айтылса, біз өз тарапымыздан ақаулықты орнына келтіру бойынша тиісті шешімдер қабылдаймыз. Бізде мердігер мекемелердің жауапкершілігін арттыру бойынша бес жылдық келісімшарт жасалады. Басқа өңірлермен салыстырғанда, кепілдеме мерзімінің ең ұзағы да біздің қалада. Яғни, бес жылда қандай да бір ақаулар пайда болса, мердігер компания оны өзінің есебінен жояды. Егер де мердігер мекеме өзінің жұмысын дұрыс ұйымдастырмаса, сапаны қатамасыз етпесе, бес жылдың ішінде шығынға ұшырайды. Міне, соңғы кездері мердігер компаниялар да осы қағиданы түсінді. Мәселен, Тұран шағынауданындағы көпқабатты үйлерден біршама ақаулар анықталды. Бұл мәселеде тұрғындар тарапынан арнайы штаб құрылды. Ақаулықтар негізінен, есік-терезе, линолеум төсеу, әрлеу, қасбет жұмыстарына қатысты. Қазіргі таңда ақаулардың 85 пайызы толығымен жойылды, – дейді басқарма басшысы.
Тұрғындармен кері байланыс орнату үшін қалалық құрылыс басқармасының арнайы WhatsApp желісі, сенім телефондары ұйымдастырылған. Қандай да бір кемшіліктер болса, тұрғындар басқармаға уәжін айтады. Әрі қарай басқарма өкілдері техникалыық қадағалау мекемесімен бірлесе мердігер мекемені ақаулық актілерін қысқа мерзімде жоюға міндеттейді.
Сол себептен де мердігер компаниялар нысан құрылысын сапалы әрі тиісті мерзімде орындауы қажет. Мерзімінде бітіремін деп сапаны ұмыт қалдыруға болмайды. Сапа – басты талап. Яғни, құрылыс компаниялары, технкикалық қадағалау мекемелері мамандары өздерін үнемі жан-жақты жетілдіріп отыруы уақыт күттірмейтін мәселе.
Басқарма басшысының мәлімдеуінше, 16 техникалық қадағалау мекемесінің аттестациясын қайтару жөнінде қалалық орта сапасы және бақылау басқармасына өтінім жолданған. Жыл басынан бері келісімшартқа сәйкес талаптарды орындамаған мердігер мекемелерге 42 млн теңгеден астам айыппұл салынған. Оның ішінде айыппұлды мерзімінде төлемейтін мердігерлер бар. Оларға заңнамаға сәйкес, сот арқылы тиісті шара көріледі.
ЖЕРГІЛІКТІ ЖҰМЫСШЫЛАРДЫ ҚОЛДАУ КҮШЕЙЕДІ
Құрылысқа жергілікті жұмысшыларды тарту, мамандарды даярлау да маңызды мәселенің бірі. Бұған дейін шетел жұмыс күшіне жүгінген уақыттар болды. Қазіргі таңда құрылысқа негізінен жергілікті жұмысшылар жұмылдырылуда.
Басқарма басшысы бүгінде Үкімет тарапынан бұл бағытта тиісті жұмыстар атқарылуда дейді. Үкіметте жұмысшыларға ЖСҚ-да қаралған жалақыны төлеу жөнінде заңға тиісті өзгерту енгізуқаралуда. Бұл бастама заңнамаға енсе, жергілікті азаматтарға үлкен қолдау болар еді. Құрылыс саласына қызығушылардың қатары да артары сөзсіз.
Жалпы, соңғы жылдары техникалық мамандықтарға сұраныс артып келеді. Жоғары білімді, өз білім-біліктілігін іспен дәлелдей алатын мамандар сұранысқа ие. Сауатты мамандар сапасыздыққа, кемшілікке жол бермейтіні анық. Сондықтан қазіргі нарық талабын мердігер мекемелер де жіті ұғынуы тиіс.