Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкіл имамы Б.Бейсенбаев және имам орынбасарлары Шымкент қаласының әкімі Е.Айтахановтың қабылдауында болды. Кездесу барысында алдағы «Құрбан айт» мерекесіне орай бірқатар мәселелер жөнінде әңгіме қозғалды.
Қала басшысы дін саласындағы бүгінгі өзекті мәселелердің бірі – дәстүрлі дініміздің қазақы дәстүрімізге сай болуы керектігін тілге тиек етті.
– Жастар арасында дәстүрлі дінімізді насихаттауда ел ішіндегі белсенді, беделді қариялармен жиі басқосулар өткізу қажет. Үлкенді сыйлаған ел емеспіз бе, үлкендер насихат айтса, жастар да мойын бұрары сөзсіз, – деді Ерлан Қуанышұлы.
Қала басшысы діни салада туындаған өзекті мәселелерге қажетті қолдау білдіретіндігін жеткізді.
Кездесу соңында Б. Бейсенбаев қала әкіміне Отырар ауданында республика деңгейінде дін саласында ұйымдастырған іс-шарасы үшін ҚМДБ-ның төрағасы, бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлының «Алғыс хатын» табыс етті.