Тіл – тірегіміз, соғып тұрған жүрегіміз

Пятница, 07 Июнь 2024 08:44 Автор  Опубликовано в Заң Прочитано 366 раз

Тіл – халықпен бірге өсетін асыл қазына. Тіл болмай, ешқандай ғылым ғаламда кең өріс ала алмайды. Тіл өзінің қолданылу аясымен, көркемділігімен ерекшеленеді. Ана тілі – адам жан дүниесінің айнасы. Ана тілі – жүректінің терең сырларын, халық тарихының барлық кезеңдерін, жанның барлық толқындарын ұрпақтан-ұрпаққа сақтап отыратын қазына.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің әр жылы халыққа жолдаған Жолдауында мемлекеттік тілдің елді біріктіретін күшке айналуы тиістігін айтып келеді. «Қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі болып қала береді. Бұл салада айтарлықтай нәтиже бар. Қазақ тілі, шын мәнінде, білім мен ғылымның, мәдениет пен іс жүргізудің тіліне айналуда. Жалпы, мемлекеттік тілді қолдану аясы кеңейіп келеді. Бұл – заңды құбылыс, өмірдің басты үрдісі. Сондықтан, қазақ тілінің өрісі тым шектеліп бара жатыр деуге негіз жоқ. Ата Заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл – қазақ тілі. Жүйелі жұмыстардың арқасында мемлекеттік тілді дамытуда қол жеткізілген табыстар аз емес. Дегенмен мемлекеттік тілдің мәртебесіне қатысты ел ішінде көңіл толмаушылықтардың бар екендігі рас. Тіл өткен тарихпен ғана емес, бүгін мен болашақты байланыстыратын құрал. Меніңше, тілдің тұғыры да, тағдыры да бесіктен, отбасынан басталады. Отбасында ана тілінде сөйлеп өскен бүлдіршіннің тілге деген ықыласы терең, құрметі биік болады», - деді Мемлекет басшысы.

Біздің мемлекеттік тіліміз – қазақ тілі. Қазақ тілін әлемдегі «ең көркем тіл» деп айтуға еш кедергі жоқ. Тіл – қай ұлтта, қай елде болса да қастерлі, құдыретті. Ол әрбір адамға ана сүтімен бірге еніп, қалыптасады. Тіл байлығы – әрбір елдің ұлттық мақтанышы. Ол атадан балаға мирас болып қалып отыратын баға жетпес мұра екендігі белгілі. Тіл – ұлттың жаны, рухы, оның бет-бейнесі, өткені мен бүгіні және болашағы. Ғұлама ғалым А.Байтұрсынұлы: «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деп, тілдің ұлт үшін қандай маңызды екенін бір-ақ ауыз сөзге сыйдырған. Себебі, тіл – халықтың жаны, сәні, тұтастай кескін-келбеті, ұлттық болмысы.

Қоғам қайраткері М.Жұмабаев: «Ұлтқа тілінен қымбат нәрсе болмақ емес, бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, тұрмыс тіршілігі, мінезі айқын көрініп тұрады», - деген. Тіл байлығы - әрбір ұлттың мақтанышы. Әр азамат өзінің ана тілін, көзінің қарашығындай қарап, орынсыз шұбарлануына қарсы тұруымыз керк.

Тіл – ұлттың жан дүниесі. Расында қазақ халқының басында талай қиын нәубет, зұлматтың, қайғылы күндердің болғаны тарихтан белгілі. Сондай ауыр сәттерде, сын сағаттарда атамекен қонысын тастап, босқан халықтың өзімен бірге алып жүрген байлығы – ана сүтімен санасына дарыған ана тілі ғана.

Ана тіліміздің қадірін біліп, өз тілімізде дұрыс сөйлесе білу – әр қазақ баласының бірден бір міндеті. Біздің болашақ жастарымыз тіліміздің абыройын асқақтатып, биікке көтереді деп нық сеніммен айтқым келеді. Тіл тағдыры – ел тағдыры екенін еш уақытта ұмытпайық.

 

Нұрлан СЕРІКҰЛЫ,
Шымкент қаласының Әділет Департаментінің
«Атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі бөлім филиалы»
басшысы, аға сот орындаушысы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.